Жаңа Қазақстан тілді түзетуден басталсын!
Бүгінгі аумалы-төкпелі аласапыран заманда қазақ үшін Айдай анық, Күндей жарық бір мәселе бар. Ол – Тіл мәселесі – ұлт мәселесі, ал ұлт мәселесі – ел мәселесі.
Жаңа Қазақстан құру барысында ең өзекті мәселе – мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту. Өйткені, қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асса да мемлекеттік тіл әлі де болса өз биігіне толық көтеріліп, қуатты идеологиялық қаруға айналды дей алмаймыз. Сондықтан әлі де болса сәптемесі көп бұл шаруаны жүзеге асыруда баспасөздің, әсіресе, телевизияның алар орны ерекше. Әсіресе телевизия дейтін себебіміз, ғалымдар мен психологтардың айтуынша теледидар арқылы берілетін хабарлар мен көрсетілімдердегі әр сөйлем, әр сөз саптау адам миына тікелей әсер етіп, тез дариды екен. Бұл орайда қазіргі қазақ баспасөзі мен телеарналарындағы тілді дұрыс пайдалану, әсіресе оның кемшілікті тұстарын айтып, атап көрсетіп отыру – ұлттық тіл тағдырына бейжай қарамайтын баршамыздың киелі парызымыз десек артық болмас. Бүгінгі әңгімеміз де сол туралы болмақ.
Абзалы адамның мәдениеттілік, парасаттылық деңгейі оның әрбір сөйлеген сөзінен де ап-анық көрініп тұрады дейді білетіндер. Сол рас екен. Әйтпесе, көзі ашық адам табиғат анамызды қазақ тележурналистеріне ұқсап «Жабайы табиғат» деп орысша «Дикая природадан» сол күйінде тәржімалай салмайды. Соны «жабайы» дегеннен гөрі «тұмса табиғат», «тылсым табиғат», «жұмбағы мол жаратылыс» деп немесе қазақтың қазыналы тілінен басқа да талай атауларды табуға болар еді ғой. Одан әрі «Алматы» телеарнасының әнебір кезде ана тілімізді қалай титықтатуға кіріскенін тыңдаңыз: «Жабайы табиғатта олардың 25000-ы қалды», «Мешін уақытының 25%-ын сергек қозғалыста өткізеді, «Олардың тағамының 70 пайызын жемістер құрайды», «Оның ұрғашыларының шағылысу мүмкіндігін жоққа шығаруы мүмкін». Бұл сөлекет сөйлемдер қазақ тележурналистерінің бір ғана көрсетілімде 10-15 минутта айтып «үлгергендері». Біз де тек осы 3-4-ін ғана түртіп алуға «үлгердік». Егер нағыз надан болмаса, сол тележурналист жоғарыдағы «сергек қозғалыста» дегенді «еш тынымсыз өткізеді», «тыным көрмейді», «дедектейді де жүреді» деп, «жемістер құрайды» демей, «қорегінің 70 пайызы жеміс-жидек екен», «ұрғашыларының шағылысу мүмкіндігін жоққа шығару» дегеннің орнына «ұрғашыларының буаз болуына кедергі келтіруі», «ұрғашыларының қысыр қалуы мүмкін», «қашпай қалуына себеп болуы мүмкін» дер еді ғой. Амал не, бүгінде телеарналар осындай ауру сөздерді дені сау тыңдарманның миына сіңіріп, қазақты туған тілін былапаттаушы сақау ұлтқа айналдыруда. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Өйткені, сынықтан өзгенің бәрі жұғады демекші, қазір кейбір жазарман журналистеріміз, яғни, газетте жұмыс істейтіндердің өзі теледидардағы «танытуда», «ой бөлісті» пәленбай пайызын «құрайды» пәленбай теңге «құрайды» деген сияқты аурушаң аударма сөздерді жиі қолданатын болды. Әдетте теледидар, радио арқылы берілетін сөздер, дыбыстар көрермен мен тыңдарманның миына тікелей әсер ететінін, олар оны өздері байқамайтынын психологтар дәлелдеп те, ескертіп те келеді. Әйтпесе, тәп-тәуір мақалалар жазып, көзге түсіп келе жатқан бір газет тілшісі «Русское радио – Қазақстанның» мақсаты да – Ресей әншілерінің жаңалығымен бөлісу» деп жазбас еді ғой. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын мейлі «жаңалық бөліседі» дегенін қай заманда, қай ұлттан естігеніңіз бар? Енді бір газет тілшісінің «Тұрғын үй» бағдарламасы әрі қарай жалғасын таба бере ме?» деген сауалы ше? Бағдарлама жалғасын іздейтін жанды зат емес, бағдарлама хатқа түскен жазу ғана. Әнебір жылдары баспасөзден де, теледидардан да қақсап-қақылдап жүріп орысша «ожидаетсядан» тәржімалана салған «деп күтілуде» деген дімкәс сөзді қойдыруға өз басым қатты ден қойып, қайта-қайта үлкенді-кішілі мақала жазғаным бар. Енді «ой бөлісті», «пікір бөлісті», «жалғасын табуда, тапты», «қызығушылық танытты» (проявил интерестің сөзбе-сөз аудармасы) деген сияқты орыстардың «аузынан түсіп қалған баласынан» айнымайтын сөздер шықты. Оны да қазақшаға әкеп қойыртпақтатып жүргендер теледидардағы басы ауырмастар. Иә, «ойдан келген ойық құлақ, қырдан келген қиық құлақ» дегендей қазір тележурналистикада ғана емес баспасөзде де шала сауаттылар журналист болып жүр! Сөйлемді, «белгілі болғандай», «атап көрсетілгендей» деп орысша как «стало известно» мен «как было отмеченодан сол күйінде тәржімалап бастайтын да солар. Олар қолданып жүрген «Оқу орындары саңырауқұлақтай қаптап кетті» деген де орысшадан ойланбай алына салынған сөз. Өйткені, саңырауқұлақ тек орманды жерде, әрі жаңбырдан соң қаптап кетеді. Ал біз орыстікіндей мүлгіген орманы жоқ, көпшілігін шөл және шөлейт аймақтар алып жатқан қазақ жерінде саңырауқұлақтың орнына шегірткедей, құмырсқадай қаптаған десек орыстан айрылып қаламыз ба? «Білім беруге жұмсалатын шығыстар (?) өткен жылы жалпы ішкі өнімнің 6,5 пайызын құраса…» деген ше? Қазақта «шығыстар» деген сөз бар ма өзі? Кіріс пен бірге шығыс деген де ара-тұра қолданылып жүр. Оны да шығыстар деп жаңалық ашпай-ақ «шығын», «жұмсалған қаржы» десе жетіп жатыр. Осы сөйлемді өзін қазақпын деп есептейтін, сәл де болса ойланып сөйлеу қабілеті бар пенде «6,5 пайызын құраса» деп (орысша «составил») өзін де, өзгені де қинамай-ақ «1991 жылы жалпы өнімнің 6,5 пайызы білім беруге жұмсалады» дер еді-ау…
Білесіз бе, бұның бәрін неге келтіріп отырмыз? Телеарналардағы қазақ тілінің кісі шошырлық бұл сырқаттары енді жазба-журналистерге, яки баспасөзге де жұғып, ауыз сала бастағанын көріп отырмыз.
Қазір тіл қадірін білмейтін, кейбір қазақтар «былтырғы жылы», «биылғы жылы» дегенді «тауып» алды. «Былтырға» да, «биылға» да жыл дегенді қосып айту нағыз ойланбай сөйлейтін адамның қылуасы емес пе?! Былтырыңыз – былтыр, яғни өткен жыл, бала емес шаға емес әп-әйдік адамның оған жыл сөзін қосуының түкке қажеті жоқ. Ал «биыл» дегеніңіз – «бұ йыл», яғни «бұ жыл», «бұл жыл», «осы жыл», оған тағы бір «жылды» қосып биылғы жыл деуі тіпті, ерсі.
Айта берсең, бүгінгі телеарна журналистерінің бұл былдырмақтарының ұлттық болмысымызға келтірер залалы өлшеусіз көп. Олардың бұл қылықтарын өз ұлтын, оның тілін, сөйлеу мәнерін құрметтемеу және бүлдіргі әрекет деп қарауға да әбден болатын сияқты.
Осы күні кейбіреулер мәдениетті болып көрінемін деп бала туды, қатын деген сөздерді айтуға ұялып «Бала босанып, демалысқа шыққан ана» дегенін де естідік. Қазақ тілінде «балалы болды», «бала туды» деген бар, бірақ «бала босанды» дегенді не надандық, не тілімізді бүлдіру үшін пайдалану демеске лаж жоқ.
Әнебір кезде бір тележурналист «Ақтөбе ферро-қорыту зауыты» деді. Бұл «Актюбинский завод ферросплавов»-тың қазақша тәржімаланған түрі. Орта мектеп бітірген адам феррум дегеніміз – Менделеев кестесінде темір екенін білуге міндетті. Ендеше, бұл жерде темір құрамында әртүрлі қоспалар бар ма жоқ па, оған қарамай-ақ темір қорыту зауыты деуі керек-ті.
Ілгері кеттік: «Биылғы жыл «Қазақфильм» үшін қанжығасы майланған жыл болды». Қазақ «қанжығасы майланды» дегенді аңнан олжалы оралған аңшыға, Арал жағында «жылым майлап қалыпты» деп ауға, аудың үлкені жылымға балық өте көп түскенін айтады. Ал «Қазақфильм?». Рас, мұндағылар анада «Көшпенділер» деген
фильм түсіреміз деп миллиондап қаражат шашып шетелдік ойынпаздардың (актердің) қанжығасын майлап, әмиянын ақшаға толтырып жіберді. Олар кейбір қыз-қырқындарымыздың да рахатын көрді деп жүргендер бар. Жекелеген басшылар олжаның астында қалғаны да рас. Бірақ қалай десеңіз де «қанжығасы майланды» сөзі бұл жерде «Қазақфильмге» он қайнатсаң да сорпасы қосылмайды. Әрі қарай: «Қарақалпақстанда жасы 128-ге келген ғаламшарымыздың ең қарт тұрғыны тұрады» дегенді оқып, біздің Жер ғаламшары Абай мен Жамбылға да іні болуға жарарлықтай екен дерсің. «Бүгін белгілі болғанындай бұл ойынға ол қатыспайды», «Қазақстан халқының саны 14 млн 953 адамды құрайды» дегендегі құрып кеткір «белгілі болғанындай», «… адамды құрайды» деген орысша «киіммен» келген сөздерден құтылудың орнына, бүгінгі телеарналар бұл өнерді өршітіп барады. Олардың бас продюсерінен бастап ұсақ-түйек басшыларына шейін айтылған сын-ескертпеге жауап бермейді. Өйткені, мемлекеттік тілге топалаң жасаушыларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа Қазақстанда әзірше болмай тұр.
Кешегі «Алашорданың» азулы арысының бірі Халел Досмұхамедов тіл ғылымына көп еңбек сіңірген біртуар азамат болған. Ол «қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген еңбегінде: «Біз қазақтар өз тілімізде сөйлеп тұрғанда одан өзіміз ләззат алып, рахаттанып тұруымыз керек. «Ауыздан кірген тамақ сіңу үшін һәм денеге «өзімдік» болу үшін ол дене заңымен өзгеруі керек. Дене заңымен өзгермеген тамақ, дене заңына көнбеген тамақ сіңбейді. Денеге зиян береді. Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзіндік» болу үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді. Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ыңғайлап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер-дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалпымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар орасан зиян келтіреді.
Жат сөздерді өзгертпей жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп» депті.
Өз басым «Шыңғыс хан» фильмінің қытайлық бауырлар тәржімалаған алғашқы нұсқасын көргенде дәл осындай күй кештім. Ал осы фильмнің «Хабар» арнасынан шыққан аудармасы (ауд.Қ.Ысқақов) оған қарағанда тым жылтырлау, тым әсірелеу және тым әдебилеу, яғни табиғилықтан алшақтау екені ап-анық көрініп тұр.
Иә, адам, әсіресе журналист, жазушы адам жақсы, түсінікті, мәдениетті сөйлей білуі үшін әуелі оның ойы жақсы, түсінікті, мәдениетті болуы керек. Ал ойы мәдениетті адам ана тілінің саф күйін сақтап сөйлегені ләзім. Демек, өз тілінде таза, жақсы, мәдениетті, бай тілде сөйлей алмайтын адамдардың жандүниесінде, ойында, пиғылында мәдениет болмайды. Сондықтан ана тілімізді әр тілдің аударма былғанышына айналдырмай, ұрпақтан ұрпаққа саф, пәк, көркем күйінде жеткізіп отыруды басты парызымыздың бірі деп білейік. Бұл – ең әуелі қазақша телеарналар мен қазақша баспасөз өкілдерінің бас парызы.
Мырзан Шалқари
ПІКІРЛЕР1