«Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы іске асады
Өткенде Президенттің қабылдауында болған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәдениет саласында іске асатын жобалар туралы айтты. Павлодар облысы тұрғындарымен кездесу барысында министр жас жазушылар мен ақындар үшін тағайындалатын сыйлық туралы баяндады.
2023 жылдан бастап жас жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Жоғары марапатқа 18-29 жас аралығындағы авторлар ие бола алады.
Сондай-ақ министр жас әдебиетшілерді қолдау бағытында жасалатын жұмыстар туралы айтып берді.
«Біз «Жаңа қазақ әдебиеті» атты жаңа жобаны қолға алдық. Оның аясында дарынды жас авторлардың кітаптары 3 мың данамен басылады. Бұл жұмыс жас ұрпақтың жаңаша ойлау жүйесін дамытуға көмектеседі, олардың шығармашылық көңіл күйі мен жаңа идеяларын қолдайды. Одан бөлек, жалпы жүлде қоры 35 млн теңгені құрайтын «Айбоз» тұңғыш ұлттық әдеби сыйлығына қатысушылар тіркеліп жатыр. Осылайша біз әдебиетімізге жаңа туындылардың қосылуына ықпал етіп, қаламгерлер мен баспагерлерді қолдаудың жаңа тетіктерін қалыптастырамыз», – деді Дәурен Абаев.