УАҚЫТ ЖӘНЕ БІЗ
12.08.2016
1961
0

Уақыт біздің күнделікті тіршілігімізбен байланысты кәдуілгі құбылыс болып көрінгенімен (күнтізбе мен сағат біздің өміріміздің әдеттегі белгілері болып кетті), уақыттың табиғатын философиялық тұрғыда түсіндіру шешімі табылмаған сұрақтардың тұтастай шоғырын тудырады, кейде күрмеліп қалған парадокстарға әкеледі. «Уақыт деген не?» сұрағы бүгінгі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр, өйткені уақыт, біріншіден, аса маңызды философиялық категория – болмыс пен танымның ең маңызды байланыстары мен қатынастарын бейнелейтін мейлінше іргелі әрі жалпы ұғым болып табылады. «Бәрінен де уақыт дана, – дейді грек ойшылы Фалес, – өйткені ол барлығын уақыт өте келе айқындайды». «Уақыт бәріне сыншы», «уақыт бәрін емдейді», – дейді халық даналығы.

 


IMG_2095Бақытжан САТЕРШИНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институты
Дінтану бөлімінің меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы, доцент

 

Уақытқа деген қызығушылық адамзат тарихындағы сындарлы сәттерде, дамудың белгілі бір кезеңінің аяқталған тұсын­да күрт күшейе түседі, ал біздің өмір сүріп отырған кезеңіміз, сөз жоқ, осындай заманға жатады. Қазіргі кезде дәстүр мен жаңа­­шылдықтың арақатынасы ушығу үстінде. Дәстүрді ұстану мен болашаққа бағдар мәселелері көкейтесті күйде тұр, адам­заттың назары өткен шаққа да, болашаққа да бірдей түсуі се­бепті де уақытқа деген қызығушылық  туындайды. Оның үс­тіне, уа­қыт өткен сайын ақпараттың ағымы тасқындап, оқи­­ға­лардың «тығыздығы» бізді «асықтыра» түседі, уақыт деген­нің нені білдіретінін еріксіз еске алуға мәжбүр боласың. Ақырында, адамдардың уақытқа деген қатынасы қашанда ерекше діни-эмоционалды реңкте болады, адам қашанда өзінің жер бетіндегі өмірінің «пәнилігін», жалғандығын, өткіншілігін сезінеді.

Уақыт философиясындағы келесі бір мәселе уақыттың мо­дустарымен байланысты болып келеді. Уақыт өткен шаққа, осы шаққа және болашаққа бөлінеді, өткен шақ өтіп кетсе, болашақ әлі келген жоқ. Өткен шақ өтіп кеткенімен, онда болған нақты нәрселер тарихи санамызда жаңғырып, осы шаққа еніп кетеді. Біздің өміріміздің барлық өткен тарихы, адамзаттың барлық өт­кен тарихы біздің қазіргімізде өмір сүреді. Осы шақтың сә­тін­де «өткен шақтың да, болашақтың да әсерінен» азат бола алмаймыз (Н.Бердяев), өткенге сағына қарасақ, келешекке үрке қараймыз. Осындайда «орыс адамы еске алғанды ұнатады, бі­рақ осы өмірді жақсы көрмейді» деген А.П.Чеховтың сен­тенция­сы еске түседі. Өткен «алтын заманға» деген носта­ль­гия­лық сағыныш сарынының қазақ халқында да кездесетінін айту керек.

Уақыт пен заман философиясы қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында қомақты орын алады. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан», – дейді дана халқымыз. Адамның жас мөл­шері мен мүшелге байланысты түсініктері, уақыт мез­гіл­деріне қатысты ұғымдары өз алдына бір төбе. Жалпы, уақыт ұғы­мының астарынан уақыттың табиғи-биологиялық, физи­калық-натуралистік, философиялық-экзистенциалдық, әлеу­меттік-мәдени және т.б. қырларын аңғаруға болады.

Биологиялық және планетарлық-ғарыштық уақытпен са­лыстырғанда әлеуметтік уақыт бірқалыпты тегіс өтпейді. Соң­ғы жүзжылдықтардағы ғылыми-техникалық, ақпараттық-сандық төңкеріс әлеуметтік кеңістікті «сығып» тығыздап тас­­тады және қоғамдық-экономикалық үдерістердің дамуына жарылыстық сипат беріп, уақыттың жүрісіне шектен тыс шапшаңдық қосты. Жербесік «кішірейіп» кетті және біртұтас адамзат үшін «тарлық» қыла бастады, ал планетаның бір ше­тінен екінші шетіне өту (Айға және басқа да ғарыштық денелерге ұшудың уақыты мен жылдамдығын айтпағанда) енді сағаттармен ғана өлшене бастады, бұл алдыңғы ғасырларда адам­ның миына кіріп-шықпайтын құбылыстар еді.

Бүгінгі күні «тарихтың ақыры» туралы идеялар мен эсха­тологиялық көңіл-күйлер ғылыми-фантастикалық шығар­ма­ларда үнемі бой көрсетіп отыратын әдеби жанрға айналды. «Эсхатологиялық феномен» біздің заманымыздың айрықша бір белгісі болып отыр. Қазіргі экологиялық ахуал,қоршаған ортаны адамдардың одан ары ластауы мен өзімшіл тұтыну­шылығы, сондай-ақ, адамның жаттануы мен тамырдан ажырап жалғызсырауы салдары сенімсіздік келешекті тұманды етіп көр­сетеді. Осыған жауап ретінде бүгінгі күні дін – рухани қа­жет­тілік ретінде көзге түсіп отыр.

ПІКІР ҚОСУ