ҚАРАСАЙДЫҢ «ҚУАНЫШ» КҮЙІ
Академик Ахмет Жұбанов «Қазақстанның өзге аймақтары күйлерінен ерекшелігі басым – Маңғыстау күйлері» деп бағалап кеткен болатын.
Маңғыстау өңірінің әндері мен күйлерінің, әуен-сарындарында – Маңғыстау елінің тағдыры да, аяулы арманы мен өмірлік мұраты да, ел мен жерді қорғап ешкімге бас имеген ерлік рухы да айқын көрінеді. Бұл ерекшелік қазақтың дәстүрлі өнеріне зор ықпал жасаған. Дегенмен, ел басына туған алмағайып замандарда көп күйлердің тарихы көмескіленіп, халық арасына жетпей қалды. Сондай шығарманың бірі – бір кездері халық күйі «Қарасай» атанып кеткен Қарасайдың «Қуаныш» күйінің тағдыры. Қазір бізде Қарасайдың «Қуаныш», «Жорық күйі» атты күйлері, бірнеше «жыр-күйі», сондай-ақ, «Қарасай-Қази» жырының өзі жырлаған нұсқасы мен өлерінде айтқан толғауы бар. Аталмыш екі күйді тыңдағанда, бір адамның төлтума-қолтаңбасы екені айқын көзге ұрады.
Ең алдымен күйді сөз етпес бұрын, осы Қарасай күйші туралы тоқтала кетсек. Бұл жерде «күйші Қарасай деген кім?» деген сұрақ келеді. Қарасай – Маңғыстау мекенінде туып, Қарақалпақ жерінде дүние салған әйгілі ақын-жырау, әнші-күйші сазгер. Қарасайдың толық аты-жөні «Қарасай Қалыұлы». Ол Кіші жүздің ханы Әбілхайыр ханның тұсында қол астында қырық сарбазбен қол бастап, Ақтабан шұбырынды шайқасында ерлік көрсеткен Адайдан шыққан батыр Шоғы Мұңалұлының ұрпағы. Яғни Адайдың Мұңал-Шоғы аталығынан тарайды. Шоғыдан (Қырықмылтық) Жолай – Бодан – Кенжебай – Қайырбек (Қотырбас) – Шолан – Қалы – Қарасай болып бұтақтанады.
Жалпы, Қарасай туралы айтатын болсақ, таусылмайтын әңгіме көп. А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Қарасай Қалыұлы туралы мынадай шағын мәлімет бар.
«Әкімгерей Қостановтың тұсында Адай руынан шыққан Қарасай деген жыршы болды. Ол Самда 1866 жылы туған. Көне Үргеніш, Бұхара, Түркменді тегіс аралаған. Түркменнің ханы Жөнәйттің алдында жырлап, сыйлық алған. Қарасайдың әкесі Қалының өнері болмаған. Қарасай бойы аласа, тапал кісі болыпты. Ол соны әман өлеңіне қосады екен.
«Менің атым Қарасай,
Мен Қалының баласы-ай.
Жас басымнан сөз бағып,
Бойға болдым аласа-ай.
Адай еді руым,
Қанша жүйрік болса да,
Келген жоқ жанның шамасы-ай», – деп бастайды екен. Қарасай 1930 жылы қайтыс болды. Одан да көптеген әуен, жыр, ән қалды. Термеге жақын келетін сазы болды, әр жыршының өзінің жақсы көретін сазы болды. Мысалы, «Әкімгерей сазы», «Қарасай сазы», «Бітеген сазы», «Науаш сазы», «Пұсырман сазы», «Барлыбай сазы», «Тоғыс сазы», «Сабыр сазы» дегендердің әрқайсысының өзіне тән мелодиялық, ырғақтық, екпіндік ерекшеліктері бар». Қарасайдың саздарынан бізде үлгілері нотаға түсірулі», – деп Қарасайға қайыра соғып, бұрынғы пікірін тірілте түседі.
Ал «Маңғыстау» энциклопедиясында: «Қалыұлы Қарасай (1860, Жем-Сағыз өңірі – 1930, Шыршалы қорымында жерленген) – ақын, жырау, жыршы, күйші, композитор» деген (мұнда туған жеріне қатысты қателік кеткен – С.Н.) дерек бар. Кейінгі ізденістердің нәтижесінде, Қарасай 1860 жылы Маңғыстаудың Ұлы қырындағы Ырғызбай-Қарасай атты жерде дүниеге келгені айқындалды.
Енді Қарасайдың «Қуаныш» күйінің халық күйі «Қарасай» боп өзгергені жөнінде сөз қозғайтын болсақ, мұны айтқанда, бұл негізінен бала кезімізден бері құлағымызға әбден сіңген күй. Салмақты, сабырлы, шадыман екпінде ойналатын өте керемет сұлу шығарма. Нағашы атам Садық Мәжікұлы деген кісі орта момын шаруа адамы болса да, аңыз, тарих-шежірелерге бай азамат болатын. Қолы тисе керегеде тұрған домбыраны шертіп қоятыны бар. Мен сол нағашы атамнан жиі естідім. Кейін «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан берілетін «Жеті саз» бағдарламасынан күйші Қаршыға Ахмедияров ағамыздың алғашқы шәкірттерінің бірі Атыраулық өнерпаз Мұрат Каримуллиннің орындауында беретін. Бірақ Мұрат Каримуллин халық күйі «Қарасай» деп және жылдамдықты асырып екпіндетіп орындайтын. Қазір де бұл күй көптеген күйшілердің репертуарынан елеулі орын алуда, бірақ сұрай келгенде осы күйді репертуарына қосқан сол өнерпаздар «күйді кім жеткізді» деген сұраққа дәлелді жауап айта алмады.
Негізі бұл күйді біздің дәуірімізге жеткізген күйші Қамбар Ерқожаұлы Медетов. Академик Ахмет Жұбанов «Өскен өнер» еңбегінде Қамбар туралы мынадай сырларды шертеді.
«Қамбар бойы ортадан жоғарырақ, қарасұр, мұрынды, қабағы қалың, көзі қысық та емес, аса бадырайып та тұрған жоқ, саусақтары жуан, бірақ салалы, кішкене қара мұртты өзіне жарасып тұрған кісі еді. Ол домбыра тартқанда біржолата беріліп, бар ықыласымен кірісетін. Қолы күшті, қаққанда домбыраның «жанын шығарады», бірақ қақпақты тарсылдатпайды. Ал сол қолы тіпті жүйрік. «Қарасайдың қуанышы» деген күйді тартқанда, паралельді терциямен көз ілеспей жүретін. Қаншама топтан озған домбырашылар болса да, ұлт-аспаптар оркестрге отыз төртінші жылы жиналғандардың бірде-бірі Қамбардың аппликатурасын (саусақ басу тәртібін) ала алған жоқ (87-бет).
Қамбар ұлт-аспаптар оркестрінде (қазіргі Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халықтық ұлт-аспаптар оркестрі) біраз жыл қызмет істеді. Концерттерде жеке домбыра да тартып жүрді. Өзінің репертуарындағы «Қарасайдың қуанышы» (кейін «Қарасай» атанып кеткен), «Арынғазы», «Қостайбек», «Боғданың» варианттары тағы басқа күйлерін жеке домбырашыларға, оркестрге үйретті.
1935-36 жылдарда ол филармонияның администраторы, одан кейін директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Бірақ өзінің музыканттық жұмысын еш уақытта да қалдырған жоқ (92-бет).
Қамбар қайда жүрсе де сүйікті кәсібі – музыканы тастамайды. Әсіресе, жиырмасыншы жылдары ол үшін үлкен музыкалық тәжірибе алудың кезеңдері болады. Қамбар белгілі әнші, асқан жыршы Әкімгерей Қостановпен танысады. Ол Адай Қарасай жыршы, Шүрен Ізтілеу жыршы, Қабақ Пұсырман жырау, Естек Сабыр жыраулармен таныс болады. Бұл жыршылардың бәрі бірдей тек қисса-дастан жаттап айтушылар ғана емес, көпшілігі әсем әнші, суырыпсалма ақын да болатын. Міне, осы бір өнердің синтездік түрін бір бастарында ұстаған адамдар Қамбарға үлкен рухани ұстаздар болды. Жоғарыда айтылғандай, Қамбар тек қана күйші ғана емес, сонымен қатар ол сегіз қырлы, өнердің көп жақтарын қамтыған адам болатын: ол домбырашы, әнші, ақын, орындаушы» (90-бет).
Иә, расында да осы деректен кейін ешқандай шүбә мен күмән келтіре алмайсың. Өйткені, Қамбар Қарасайды көрген болса, Қарасай Қамбарға ұстаздық еткен болса, Ахаң Қамбардан Қарасай туралы жазып алған болса, осы деректен кейін ешқандай санасудың қажеті жоқ.
Енді берігіректен сөз қозғайтын болсақ, бұл туралы бұрын Құрманғазы атындағы халықтық академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде еңбек етіп кеткен алдыңғы буын ағаларымыз «Халық күйі «Қарасай» – халық күйі емес, Қарасайдың «Қуаныш» күйі» деп те айтып жүретін. Өйткені, Кеңестік дәуірде көбінесе кей жерлерде арасында халық аузынан «Қарасайдың күйі» деп шыққан соң ба, атақты дирижер Шамғон Қажығалиев Қарасайдың «Қуаныш» күйін, {халық күйі «Қарасай»} деп өзгерткен.
Ал батыс аймақтағы тыңдарман Қарасайдың «Қуаныш» күйін, оны {халық күйі «Қарасай, Қази»} деп атайды. Олар «ноғайлық заманнан жеткен күй» деп есептейді. Бұл сөз де қате. Өйткені, «Қарасай, Қази» эпостық жыр-дастан. Ал егер дәл солай «Қарасай, Қази» деген атпен күй табылса, онда ол мифологиялық-циклды күй болар еді. Яғни Мұндай күйлер «Ақсақ құлан – Жошы хан» секілді бірнеше бөлімнен, сан түрлі нұсқалардан тұратын шығарма болар еді. Жаңа жоғарыда айтып өткендей Қарасай бабамыз бұл «Қарасай, Қази» дастанын таңды-таңға ұрып жырлаған. Сол Қарасай бабамыздың жырлаған «Қарасай, Қази» дастанының нұсқасы қолымызда бар.
Жалпы Қашаған атамыз:
«Тіріде жанға тыным жоқ,
Қызыл тілде буын жоқ.
Айта берсең, аяғы –
Таусылмайтын сөз болар» – демекші, соның ішінде біз ұлы біртуар тұлға Қарасай Қалыұлы туралы айта берсек, шегі жоқ әңгіме көп. Қазіргі таңда Қарасай жырау бабамыздан қалған жәдігерлері Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени өлкетану мұражайының көрмесінде тұр. Ал Қарасайдың ұрпақтары Қарақалпақстан елінде тұрады.
Бұл мақаланы жазудағы мақсатым – дәстүрлі музыка өнеріміздің дұрыс мен бұрысын талдап, талқылап, сұмдығы мен шындығын зерттеп, зерделеп, өңін өңдеп, өндіріп, өшкенді жағып, жоғалғанды тауып, шаңға батқанды қағып халық қазынасына ұсыну. Күйдің өз атауы халыққа жетсе екен…
Марат НУРЕТДИНОВ,
дәстүрлі өнер зерттеуші.
Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы.