МЕНІҢ ФАРИЗАМ
Фаризаның асүйі. Үшеуміз. Ол жарқылдап күле алмады, жәй үнмен: «Естідім, ауылға барғандарыңды, бақытты болыңдар!», – деді көңілсіз. Мен бүгін мүлде басқа Фаризаға жолықтым. Салқын. Қатал. Бөтен. Өзім жатқа білетін атақты «Әйел» монологының» авторы, ақын Фариза бүгін мүлде басқа адам екенін көрдім.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
Сенің от құшағыңда
ардан аттап,
қалдырдым пәктігімді,
Ләззатқа батырған ақ түнімді.
Айырдым мен аяусыз енді кимес
ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі…
…Мен күнәкар емеспін ар алдында
Құдайың да кешеді тап мұнымды.
«Пәк сезім алдында Құдай да кешеді» деп жазған ақын бүгінгі пәк халді неге маған кеше алмайтын болғанына таң қалдым. Мен осы сәттен қыздар достығына күдікпен қарай бастадым… Басыма сан сауал толып, дастарқаннан дәм татпастан отырдым.
Неге Фариза Гурьевтен көшерде Сәтпаев көшесінің бойындағы үйін қалдырған дәрігер досы Сәлима мен Қуаныштың үйлену тойы өтпеуіне себепші болды екен? Неге бірге оқыған, бірге өскен досы Жаңылсын Хамзинаның (бұл күнде Ақтауда тұратын зейнеткер) Айтжаннан ажырасуына себепші болды екен? «Неге, неге?» деген сауалым көбейді. Неге менің қуанышымды бөліспейді? Осы ойлармен арпалысып, өзімді кінәладым. Оны жалғыз қалдырдым-ау деп ойладым. Сонда не істеуім керек еді? Енді біз үшеуміз бірге тұра алмаймыз ғой.
– Ғабдрахим екеуміз некелесуге арыз бердік, қазан айының 30-ы күні бізбен бірге куәгерлікке барасың ғой? – дедім.
Фариза ойланбастан, «Өздерің бара бер!» деп кесіп айтты. Сонымен, досым деген Фаризам маған мүлде қарсы шықты. Осылай аз күнде арамыз суып бара жатты.
Арада тағы үнсіз апта өткен. Алматы күзінің жазға бергісіз шуақты күні «Жұлдызда» жұмыста отырмын. Фариза телефон шалды.
– Бүгін түстен кейін біздің редакцияда Қадыр Мырзалиев пен Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов және Шәмші Қалдаяқовтар келеді. Кездесу өткізейін деп жатырмыз. Сен де кел! Бәрін де менен көбірек танисың ғой сендер, алматылықтар! Мен ауылдан келген адаммын, – деп таусыла сөйледі.
– Жақсы, барам! – дедім.
Бардым. Кездесу өте көңілді өтті. Журналист қауыммен, әр сөзін оңай түсінетін ортамен сөйлесу ондай творчество адамдарына да қызық. Әсіресе, Қадыр Мырзалиев ағамыз қалжың-күлкіге көміп тастады. Шәмші Қалдаяқов – сөзге шешен емес адам. Сөйлемдерін жәй айтады, бірақ қай әннің қалай туғанын есту бір хикаят, бір тарих еді. Ол жылдары Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов жұп жазбай бірге жүріп, дуэт айтатын. Сондай жарасымды, дауыстары да келісті, жас кездері. Кездесу соңы сол әдемі дуэтке ұласты. Соңынан суретке түсуге жиналдық. Редактор Фариза ортаға отырды. Қадыр аға жылжып, Фаризаның жанына маған отыруды ұсынған. Сол сәтте менің Фаризам жұлып алғандай, «Жоқ, қонақтармен суретке тек «Қазақстан пионері» газетінде қызмет істейтіндер ғана түседі! Газетке жариялауға керек», – десін. Мен ұмтыла түсіп, кері шегіндім. Осынша адамның көзінше өзі шақырып алып, өзі «кет!» деп қорлап тұрғандай әсерде қалдым. Жүрегімнен бір салқындық өтті. Шетте отырған жауапты хатшы Әміржан есі шығып, Фаризаға қарап қалған. Аң-таң болып отыр. Қадыр аға амал жоқ, ортаға жылжыды. Мен редакциядан шығып, кете бардым. Кейіннен ол суретті тағы өзі әкеліп берді. «Мынау анадағы кездесуден естелік» деп.
Көрер көзге қарым-қатынасымыз сиреді. Қазақ сөзге әуес қой, шу-шу өсек таратып жатты. Білмейтін «Біреулер екі ақын қыз бір жігітке таласқан» деп соқты, біреулер «Ақұштап Фаризаның туған інісінің басын айналдырып алыпты» деп жорамалдады. Әйтеуір, гу-гу әңгіме жүріп жатты. Ал мен болсам, өзіммен-өзім әлек, жерік екенімді сезіндім. Тұзды қызыл помидор жегім келіп, есім кетіп, ұйқы басып, тіптен жұмыста басым айналатын болды. Ғабдрахимға да керегі осы еді. «Гурьевке көшейік, ата-анама барайық» деп, мазалай бастады. Көнуге тура келді. Бір жұманың ішінде ұшып барып, жұмыс та тауып келді. Облыс элеваторының бас энергетик-инженері деген орынға келіскен. Ол жаңа оқу бітірген жас жігіт үшін үлкен дәреже еді. Жазушылар одағы берген шағын пәтерімнің кілтін қарындасы мен күйеу баламызға қалдыратын болдық. Олар үй жалдап тұратын еді. Маруся мен Қанат (Асаубаевтар) ұлы Бауыржанмен қуана келіп, кілтті алып кетті. Біз төсек-орнымызбен елге көштік, ата-анасы қатты ризашылықпен құшақ жая қарсы алды.
«Жұлдыз» журналының редакторы Шерхан Мұртаза сол айда демалысқа кеткен болатын. Мен Мұқағали Мақа-таевтың орнында и.о. бөлім меңгерушісі болып отырғанмын. (Келесі көктемде жазушы Төлен Әбдіков екеуміз партияға да өткелі жатыр едік). Редактор столының үстіне мынадай арыз қалдырдым: «Ақын болып шаршаған қарындасқа қатын болып кетуге рұқсат беруіңізді өтінемін. Поэзия бөлімінің уақытша меңгерушісі А.Бақтыгереева. 1974 жыл, ноябрь». Ол арызды жұмыстас болған жазушы Софы Сматаев әлі есіне алып, күледі.
Ұрысқан да жоқпыз, таласқан да жоқпыз, осылай бізді тағдырдың жолы екіге айырған еді. Фариза екеуміз тұратын мекенді осылай айырбастадық. Енді мен Атырауға кеттім, ол Алматыда қалды.
Мен үш ұйықтасам түсіме енбеген «Қызыл балық» колхозында 15 жан тұратын үйге келін болып кеттім. Фариза шулы Алматыда жалғыз қалды.
Әрине, Фаризаның бір топ адамнан тұратын ұжымы болды. Күнде жиналысы, жиыны болды, бірақ мұңайған сәтінде көңіл күйін бағып, сырласып, күні-түн қас-қабағына қарайтын, өлең жазардағы дауыл күйін ұғатын, бар сырын кейде жайып салатын мендей жақын адамы болмағаны анық. Ол тек өлеңімен қалды. «Дара күндерінің, нала түндерінің серігі болып өлең қалды» оған.
Фариза сырт көзге жалғыз болған жоқ. Ол көп адаммен араласты. Оның бойында жаңа таныстарды жақын тартып тұратын, бірақ белгілі бір қашық-тықта ұстап та тұратын сиқыр күш, жұмбақ сыры бар еді, ал ол көп адамға мүлде түсініксіз. «Фариза ақынды танимыз» деген мақтаныш сезім билеген таныстары құлай сыйлап, кей мінезіне кешіріммен қарап, оның қылықтарына сырттай қызықтап, мәз болып жүріп жатады. Оны танығанға, бірге бір жерде шәй ішкенге «білеміз» деп мәз болады. Оның бәрі – жәй сөз.
Енді Фаризаның жанына жазушы Мағира Қожахметова жақынырақ келді. Әрине, Мағираның журналистік әлемі, дүниетанымы, өмірді қабылдауы Фаризаға әрі жақын, әрі қызық еді. Оған да кейіннен берген жанашырлық кеңесі – «Қалам мен қазанды ешқашан бірге ұстауға болмайды!» деген қатаң қағида. Бұған дейін журналист Сара Досниязоваға, прозашы Сара Ләтиеваға да осындай кеңес бергені бар-ды. Ал мен болсам, құлақ аспадым, тыңдамай кеттім. Менің бұл қылығым оған біраз ой салды. Сол кезде мынадай жолдарды жазды:
Өмір атты осынау қара жолдың
Қарақұрым бойынан дана көрдім.
Кәрі көрдім,
Жас көрдім елден бұрын
Қасіреттен қайысқан
Сана көрдім.
Сезім кешкім келеді,
түңілмейтін
өкінбейтін.
Келер ме маған ол күн?
…Келеді ана болғым!
Арада айлар өтті. Мен ана болдым! Бесік тербеп, жөргек жуып, өз өмірімді, өз отауымды күйттеп, қолым тигенде ғана қалам ұстадым.
Кеткенін де білмедім неден мазам,
Азайған да кез болды менен наз-ән.
Құлап тұрам, сүрінем, жылап-күлем,
Бесік тербеп отырып өлең жазам, –
деген жолдар сонда туған.
Ал Фариза творчествоның шырқау биігіне көтерілуді мақсат етіп, біржола қаламға бұрылды, өлең, мақала, дастандар төгілді. Ауылға келіп кетеді, бірақ менің ана болғаныма ақ тілек айта алмады.
Зуылдаған үш жылды өткізіп, ата-анадан ризашылық алып, тұңғыш қызымызды жетектеп, екіншісін құрсағымда тыпырлатып Алматыға оралдық. Ғабдрахим өзі оқыған Алматы Энергетика институтына жұмысқа келді, мен «Жазушы» баспасына орналастым. Келер жылы Жамбыл көшесіндегі жазушыларға салынған 40 пәтерлі «алқаштардың Ақ үйіне» екі бөлмеге көштік. Осылай менің творчестволық жолымда үзіліс сәттері болды.
Фаризаны көріп тұрдым. Жәй сөйлесіп, бейтаныстарша кете баратын болдық. Кездескенде ол менің ішіме қарағысы келмейді, мен де оған ішімді көрсеткім келмейді. Ол бәлкім қызығады, әлде қызғанады, ал мен оны, шын мәнінде, аяймын. Өлеңдерін оқығанда телефонмен хабарласамын да, қоямын. Поэзиядағы ауыр жолының сәтті де бақытты болуын тілеймін. Өйткені, «Қазақ қызынан ақын шығатынын дәлелдеу керек!» деген намысымыз ортақ еді ғой. Соны Фариза дәлелдеп шығуға міндетті екенін білем. Жар құшағын көрмеген әйел тағдырын да сезем, бірақ қолымнан еш көмек келмейтін еді. Ол да менің әйел ақын тағдырымды ұғатын шығар, бірақ көмек бере алмайтыны анық. Бұл жолы да көрші қонған Қадыр Мырзалиев ағам бір сәт маған аянышпен қарайтын.
Бай бақытты, балалар да бақытты,
Тек есікте жаутаңдайды жетім жыр, – деп жазған бір арнауында.
Иә, Шерхан Мұртаза жазғандай, «Әркімде бір кем дүние»…
ПІКІРЛЕР1