БІРЛІК ПЕН ПРОГРЕСС ТІЛІ

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы — Ректоры
2026 жылғы 10 қарашада Астанада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамының мерейтойлық X құрылтайы маңызды кезеңдік оқиға болды. Ол цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі мемлекеттік тілді дамыту стратегиясын айқындап, заманауи технологиялық және мәдени экожүйе құру қажеттілігімен байланысты жаңа тіл саясатына көшуді белгіледі.
Мемлекет басшысы құрылтайдағы тұжырымдамалық баяндамасында осы тарихи стратегияны жүзеге асырудың негізгі қырлары мен нақты міндеттердің кең ауқымын айқындап берді. Жетекші ғылыми-зерттеу университеті ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін ең маңызды міндеттердің бірі ретінде қазақ тілін жасанды интеллектіге кіріктіру, бірыңғай цифрлық платформа құру, емлені тексеруге арналған әмбебап әрі жалпыға қолжетімді цифрлық онлайн-жүйе әзірлеу, жалпы қазақ тіл білімін дамыту мәселелерін шешу міндетінің аталуы ерекше мәнге ие.

Президент тілді үйрену және оқыту әдістемелерінде, ғылыми әдебиетті аударуда ЖИ-ді белсенді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Қазақ тілін оқыту аясын кеңейту, оны белсенді меңгеру қажеттігіне ерекше назар аудара отырып, Тоқаев осы тұрғыда шығармашылық индустрияларды дамыту және пайдалану міндетін қойды, қазақ тілін жастар арасында насихаттау үшін қазақ тіліндегі сұранысқа ие фильмдер, кітаптар, бейнеойындар мен мобильді IT-қосымшалар шығаруға мемлекеттік қолдауды күшейтуді ұсынды. Біздің ойымызша, бұл аса маңызды сәт және осы нақты бағдарды жүзеге асыру мемлекеттік тілдің қолданылу аясын іс жүзінде кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Қазақ тілі, — деп атап өтті Президент, ұлтты біріктіретін және еліміздің өркениеттік көкжиегін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналып келеді… Егер біз озық экономикасы, инновация және жоғары технологиялар саласында жетістіктері бар, әлем мойындаған өркениетті, қуатты мемлекет ретінде орнықсақ, қазақ тілі де жаңа күшке ие болатыны анық. Елдің беделі артқан сайын оның мемлекеттік тілінің де мәртебесі нығая түседі. Бұл – бұлтартпас ақиқат. Бүгінде балабақшалар мен мектептердегі балалардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алып жатыр. Биыл оқушылардың 71 %-ы қазақ тілінде оқытылатын сыныптарға қабылданды. Университеттер мен колледждерде де қазақ бөлімдерінде оқитындардың саны артты. Қазақ тілінің қолданылу аясы барлық салада, соның ішінде шығармашылық индустрияда кеңейіп келеді. Баспа, музыка, кино нарығында қазақ тіліндегі өнім үлесінің айтарлықтай өскені байқалады. Мәселен, өткен жылы басылып шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70%-ы, сондай-ақ биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і қазақ тілінде шықты. Мұның бәрі қоғамымызда қазақ тіліне сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Бұл – өте қуанышты үрдіс. Біз осы бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек».
Лексикографиялық базаны жаңғырту мақсатында құрылтайда қазақ тілінің барлық сөздігін, ең алдымен, орфографиялық сөздікті кешенді түрде жаңарту міндеті қойылды. Бұл тілді заманауи ғылыми және технологиялық болмысқа бейімдеу, қоғамның сауаттылығын арттыру үшін қажет, өйткені сөздердің әр түрлі жазылуы тілдің тазалығы мен дамуына айтарлықтай нұқсан келтіреді. Мемлекет басшысы мемлекеттік деңгейде соңғы рет қырық жылдан астам бұрын, 1983 жылы шыққан орфографиялық сөздік ресми бекітілгенін еске салды. Осыған байланысты Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен кәсіби лингвистерден, ғалымдардан және қоғам өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобын құрып, тілдің терминологиясы мен орфографиялық нормаларын қайта қарау және жаңарту, емле ережелерін жүйелеу және әр түрлі жазылымдарды жою жұмысын 2027 жылдың соңына дейін жүргізуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев тіл білімі ғалымдарын жасанды аудармалардан бас тартуға шақырды, өз пікірінше сәтсіз шыққан калькаларды және халық арасында сіңіспеген ойдан құрастырылған сөздерді сынға алды, сондай-ақ дінге қатысты төл қазақ сөздерінің араб тілінен енген кірме сөздермен ығыстырылуына байланысты күмәні мен алаңдаушылығын білдірді.
Сонымен қатар ол Oxford Qazaq Dictionary жобасына оң баға беріп, қазақ тілін БҰҰ-ның негізгі ресми тілдерімен, сондай-ақ әлемнің басқа да тілдерімен байланыстыратын сапалы екітілді және көптілді сөздіктер әзірлеуді тапсырды. «Қазақша-французша, қазақша-испанша, қазақша-қытайша және қазақша-арабша, сондай-ақ қазақша-немісше, қазақша-итальянша, қазақша-жапонша, қазақша-корейше, қазақша-парсыша сөздіктер әзірлеу қажет, – деп атап өтті Президент. – Қазақша-орысша сөздікті заман талабына сай жаңарту керек. Сөздіктердің электрондық нұсқаларын әзірлеп, оларды үнемі толықтырып отыру қажет». Біздің ойымызша, қазіргі уақытта Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ауқымды жеті томдық қазақша-түрікше сөздік шығаруы маңызды әрі оң үлгі болып табылады.
Мемлекет басшысы негізгі мәселелер мен міндеттердің бірі ретінде мемлекеттік тілдің алауыздық емес, бірлік факторы ретіндегі рөлін нығайтуды атады, оның елдегі басқа тілдерге нұқсан келтірмей, ұлтаралық келісім тілі ретінде дамуы тиіс екенін баса айтты. Ана тілі мәселесі мемлекеттік және саяси маңызға ие, алайда қазақ тілін басқа тілдерге қарсы қоюға болмайды. Қоғамды жіктеуге және қақтығыс тудыруға бағытталған тіл төңірегіндегі кез келген арандатушылық аса қауіпті және «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында қатаң түрде жолы кесіледі. Бұл ретте ең маңызды міндет – тіл саясатын жалпыұлттық құндылықтармен ұштастыру, мемлекеттік тілді құрметтейтін, оны үйреніп, насихаттайтын түрлі этнос өкілдері – азаматтарды қолдау. Біздің пікірімізше, мемлекеттік тілді үйренуді жеңілдету үшін ең жаңа цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін белсенді пайдалана отырып, қазақ сөздері мен сөз тіркестерінің кең базасын қамтитын, айтылуын тыңдау функциясы бар мобильді қосымшалар жасау қажет. Мемлекет пен қоғам тілді меңгергісі келетін барлық этнос азаматтары үшін барынша қолайлы жағдай жасап, озық әдістемелер мен цифрлық оқыту құралдарын енгізуі тиіс. Бұл тұрғыда орыс тілді қазақ жастарының ана тілін меңгеру мәселесі де айтарлықтай өзекті болып отыр, ол біртұтас ұлттық бірегейліктің қалыптасуына кедергі келтіреді.
Ең алдымен, қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер базасын құру міндеті тұр: «Біз қазақ тілінің байлығы туралы жиі айтамыз, – деп атап өтті Қ.Тоқаев. – Біздің әдеби-мәдени мұрамыз да айрықша алуан түрлі. Алайда бұл қазынаның едәуір бөлігі әлі күнге дейін толық көлемде әрі тиісті сапада цифрландырылмаған».
Сондықтан қоймалар мен кітапханаларда сақталған қазақ тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдарды, аудио- және бейнежазбаларды, мұрағат және музей қорларын цифрландыру жұмысын жандандыру қажет.
Халқымыздың баға жетпес мұрасы мен рухани байлығын қағаз түрінде ғана емес, цифрлық форматта да сақтау керек. Бұл болашақ ұрпаққа игілік болады. Сонымен қатар инженерия, медицина, құқық, экономика, жаратылыстану ғылымдары мен ақпараттық технологияларды қазақ тілінде оқып-үйрену үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл ретте сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауға ерекше назар аудару керек».
Қасым-Жомарт Тоқаев қойған аса маңызды міндеттерді шешу мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми-білім беру құрылымдарының айтарлықтай күш-жігерін біріктіруді талап етеді. Бұл жұмыс ішкі және сыртқы сипаттағы объективті мәселелерді шешу қажеттілігімен ұштасады. Сарапшылардың деректері бойынша қазақ тіліндегі ресурстар бүкіл интернет кеңістігінің 0,1%-ынан азын құрайтыны туралы бұған дейін де жазған едім. Соңғы 10-12 жылда сайттардың тек 5,6%-ында ғана қазақ тіліндегі контент бар, ал ақпараттың 12%-ы ағылшын тілінде жарияланады. Интернетпен қамту деңгейі 90%-дан асатын жағдайда мұндай теңгерімсіздік миллиондаған пайдаланушы үшін ана тіліндегі ақпараттың қолжетімділігін айтарлықтай шектейді. Оның үстіне, GPT, LLAMA, Deepseek және Gemini сияқты заманауи жасанды интеллект технологиялары қазақ тілімен толыққанды жұмыс істеуге бейімделмеген, бұл оларды ғылымда, бизнесте және білім беруде қолдануды қиындатады. Заманауи ЖИ-технологиялардың қазақ тілін өңдеуге жеткіліксіз бейімделуі отандық цифрлық контенттің дамуына айтарлықтай кедергі келтіреді. Бұл жағдай цифрлық теңсіздікті тереңдетіп, нәтижесінде шетелдік контенттің агрессивті экспансиясы жағдайында жастардың өз мәдениетінің дәстүрлері мен құндылықтарына бет бұру белсенділігін төмендетеді.
Сондықтан бірқатар маңызды міндетті шешу қажет:
1) Қазақ тілі мен мәдениетін қолдауға арналған ұлттық AI-шешімдерді құру, сондай-ақ жаһандық цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі аударманы автоматтандыру үшін машиналық аударма және сөйлеуді тану жүйелерін әзірлеу; қазақ тілінің қолжетімділігін арттыру және оны күнделікті қолданыста насихаттау мақсатында дауыстық көмекшілерге, чат-боттарға және білім беру платформаларына кіріктіру; жергілікті контент пен ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге ықпал ететін, цифрлық ортадағы мәдени қатысуды күшейтуге көмектесетін мамандандырылған ұсыныс алгоритмдерін жасау.
2) Мәдени мұраны цифрлық мұрағаттау және насихаттау, Қазақстанның бірегей мәдени мұрасын сақтау үшін тарихи құжаттарды, қолжазбаларды, өнер туындыларының аудио-, фото- және бейнежазбаларын қамтитын AI арқылы жасалған цифрлық мұрағаттар ұйымдастыру; кең аудиторияның мәдени-тарихи құндылықтарға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін виртуалды музейлер мен тарихи ескерткіштердің 3D-реконструкцияларын жасау; қазақ тілін, тарихын және этнографиясын оқып-үйренуге бағытталған, жасанды интеллектінің (ЖИ) бейімделгіш технологияларын пайдаланатын интерактивті білім беру қосымшаларын әзірлеу.
3) Ұлттық бірегейлікті сақтау және нығайту мүддесінде ЖИ-контент пен алгоритмдерді реттеу. Әлеуметтік желілер мен цифрлық медиада алгоритмдер арқылы ілгерілетілетін контентті басқарудың жергілікті мәдени контекстіні ескеруге басымдық беретін ұлттық стратегиясын әзірлеу; ұсыныс алгоритмдерінде қазақ мәдени контекстінің қолдау табуын қамтамасыз ету үшін жаһандық цифрлық платформаларға талаптар енгізу; қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған цифрлық контенттің жергілікті өндірушілерін қолдау тетігін құру.
4) Халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық, ұлттық тілдер мен мәдениеттерді сақтауға бағытталған жасанды интеллектіні пайдаланудың жаһандық этикалық стандарттарын әзірлеуге белсенді қатысу; тәжірибе алмасу және жаһандық цифрлық кеңістікте қазақ мәдениетінің позициясын нығайту үшін түркі елдерімен және басқа да шетелдік серіктестермен мәдени мұра және цифрлық дипломатия салаларында бірлескен AI-жобалар құру.
Біздің ойымызша, бұл шараларды жүзеге асыру жалпыұлттық бірегейлікті сақтауға және қалыптастыруға, қазақ тілін белсенді дамытуға ықпал етіп, оларды заманауи цифрлық технологияларға кіріктіруге және елдің тұрақты әлеуметтік-мәдени және экономикалық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру, қазақ тілінде жасанды интеллект жасау, ақпараттық жүйелердегі мемлекеттік тілдің үлесін арттыру және оны оқытудың жаңа әдістерін енгізу мәселелеріне басым назар аударады. Университет ғалымдары осы бағытта белсенді жұмыс істеп, ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. 2024 жылдан бастап ҚазҰУ-да «Қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған үлкен тілдік модель (LLM) құру» мегажобасы іске асырылып келеді. Бұл жоба Назарбаев Университетімен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен және Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Университет ұлттық тіл білімінің заманауи ғылыми-технологиялық негізін дамыту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны жасанды интеллект жүйесіне енгізу бойынша белсенді жұмысын жалғастырады.