БЕКЗАТ БОЛМЫС ИЕСІ
Адамзат баласының барлығы бірдей болғанымен, халық арасында ерен еңбегімен ерекшеленіп, білім-білігімен дараланып, жұлдызы ерекше жанып, кейінгі жастарға үлгі болып жүрген тұлғалар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – еліміздің біртуар азаматы, білім, ғылым, руханият салаларының дамуына ерекше еңбек сіңіріп жүрген менің дос-бауырым, өнегелі ұстаз-ғалым Жұмағұлов Болат Сағидоллаұлы.

Бөкең – қазақтың талай ұлы тұлғаларын дүниеге әкелген айдынды Атырау өлкесіндегі қасиетті Қызылқоға өңірінің түлегі. Табанды ізденістерінің арқасында ғылыми бағытта елеулі жетістіктерге жетіп, терең білімді тарихшы ретінде биік белестерді бағындырып келе жатыр.
Мен білетін Бөкең – Алланың көтерген биігінен төмендемейтін, кең дүниені тарылтпайтын кеңпейіл азамат. Жаны таза, жүрегі ақ, дос-бауыр мен ағайынға құшағы ашық, ағаларына адал, інілеріне қамқор, жаратылысы бөлек тұлғалы жан.
Алыстағы Атыраудан Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын қатардағы мұражай қызметкерінен бастап, жоғары мектеп саласында мол табыстарға жетті.
Екеуміздің достығымыз қызығы мол студенттік шақтан бастау алды. Сонау 80-жылдардан жақын араласып, бозбала шақтағы таныстығымыз уақыт өте келе әріптестіктен достыққа, достықтан бауырлық, отбасылық жылы қарым-қатынасқа ұласып кетті.
Әр адам өміріндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейтіні анық. Себебі адамның өмірде жүрген жолы, салған ізі өзінің қоршаған ортасына көп байланысты, яғни ойы мен санасы бір, көзқарасы мен пікірі ортақ жандар ғана бір-бірімен дос болуға бейім келеді. «Дос – көңілдің күмбезі» дейді халық. Шынында да, өмірдің кез келген сәтінде адамға сүйеніш, демеу болатын, жанын түсініп, қолдау көрсетіп жүретін айнымас, адал дос керек. Қуанып, жабыққанда досыңа арқа сүйеп, ешкімге айтпаған сырыңды досыңа айтасың. Бұл ретте Бөкең – Алланың өзі табыстырған шынайы да етжақын сырласымның бірі.
Менің осы жасқа дейін шыққан шыңым, алған қамалым, жеткен дәрежем, отбасын құрып, ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйген өмірлік жолымда жанымдағы достарымның алатын орны бір бөлек. Талай белестерден өтіп, қандай жетістіктерге жетсем де Бөкеңдей достарымның қолдауын үнемі сезініп келемін. Осындай нағыз достар барлық кезде тілекшім болып, достықтың туын жықпай көтеріп келеді. Сол үшін де мен әрқашан өзімнің адал достарымды мақтан тұтамын. Өмірде өзіңді іздейтін, өзің іздейтін жан досыңның болғаны қандай жақсы!
Ел танитын, өзіміз араласқан көпшілікке жол көрсете алатын ағалық жасқа жеткенше біз өмірдің ащы-тұщысын да бірге таттық, осылайша бір-бірімізге тірек бола білдік, ысылдық, өзіміз аңсаған биіктерге бірге қол жеткіздік.
Болат Сағидоллаұлы бүгінгі күні өзі білім алған, ғалым болып қалыптасқан қара шаңырақ үшін абыройлы істер атқарып, тамыры текті ата-бабамыздан дарыған адами жақсы қасиеттерімен халыққа қалтқысыз қызмет атқарып келе жатыр. Оның еңбектері тарих ғылымын насихаттауға, ұлтымыздың өткенiн танып, салт-санасын қалыптастыруға, еліміздің рухани жаңғыруына, тарихымыздың түгенделуіне айрықша үлес қосуда.
Отандық педагогикалық білім мен ғылымның қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Тарих және құқық институтын талай жыл басқарып, үлкен ғылыми жобаларды іске асырып, білімді шәкірттерімен өзіндік ғылыми мектеп құрып, тәжірибелі ұстаз-ғалым, болмысы бекзат, пейілі кең, білікті басшы ретінде зиялы қауым арасында орны дараланып тұрады. Әлі де осы жоғары оқу орнында профессор болып жемісті жұмыс жасап жүр.
Бөкеңнің ғылымдағы қолтаңбасы да ерекше. Кеңес өкіметінің аграрлық саясаты мен Қазақстанның батыс өңіріндегі шаруалардың қарсыласу қозғалыстары тарихын, Батыс Қазақстандағы қала халқының әлеуметтік-экономикалық және демографиялық даму мәселелерін зерттеумен кеңінен айналысып, көптеген ғылыми мақалалар мен жинақтар шығарды. Кейін Батыс Қазақстанның әскери тарихы және Атырау өңірінің өткенін қамтитын бірнеше томдық академиялық үлкен жобаларға атсалысып, туған өлкесінің тарихын жандандыруда көрегендік танытып, бар білімі мен тәжірибесін еліне арнап келеді.
Тарих ғылымында атқарып жүрген ауқымды еңбектері ғылыми ортада мойындалып, өз бағасын алып, әр жылдары құрметті атақтар мен марапаттарға лайық деп танылды. Соның бір айғағы, еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі ғылыми еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары, сондай-ақ қоғамдық жұмыстардағы жоғары жетістіктері үшін ол «Құрмет» орденімен марапатталды.
Болат Сағидоллаұлы қандай жоғары лауазымды қызметтер атқарса да, білікті басшы болып, ғалым ретінде түрлі атақ-марапаттарға қол жеткізсе де ұстаздықтан еш жалыққан емес. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген бар, шынында да өзінің табандылығымен, ізденімпаздығымен биік белестерді бағындырып, ұлағатты ұстаз деген атақты алып шығу, білім жолындағы ұрпаққа жақсы тәрбие мен білім беру – үлкен ерлік. Ұстаздықты жанына серік еткен Бөкеңнің бойындағы зерделі қасиеттері мен жемісті еңбегі ағайын-туысқа ғана емес, әрдайым өзімен қанаттас жүрген әріптестері мен тілектес дос-жарандары, шәкірттері үшін зор мақтаныш. Өз басым Болаттай жайсаң азаматпен әріптес-дос болғаныма дән ризамын.
Адами, достық қарым-қатынастарды көңіл пернесі мен жүрек қылы арқылы сезіне білетін Болаттай бекзат азаматты мансап та, атақ-даңқ та өзгерткен жоқ. Есесіне ол өмір жолының әр баспалдағын аттаған сайын парасат биігіне көтеріліп, ұлтына шексіз берілген азамат ретінде, ғылымда табысты, өз ортасында қашан да абыройлы болып жүр.
Бөкеңнің әрбір нәтижелі ісіне, әрбір жетістігіне әріптес, досы ретінде шын қуанып жүремін. Ешқашан кеуде керіп мақтанбайтын, жүрегі таза, кішіпейіл, қарапайым адам ретінде өзін өзгелермен тең ұстай білетін қасиеттері – айнала жұртқа үлгі-өнеге.
Ұлт даналығын бойына сіңіріп өскен Бөкең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, мыңдаған шәкірттерін, өзінің ұл-қыздары мен немерелерін қазақы таныммен өсіріп, жетілдіріп, ел қатарына қосып келеді. Ата салты мен жолын жетік білетін, тарихшы ретінде айналадағы шәкірттеріне шынайы жүрекпен, мейіріммен қарайтынын өз басым жоғары бағалаймын. Сондықтан Болат Сағидоллаұлы сынды тұлғалы ұстаздың өмірдегі басты ұстанымы – адамгершілік.
Адамға тән осындай асыл қасиеттерді жоғары қоятын Бөкеңмен қызығы мен шыжығы мол студенттік кезден, мен, Махмұд Қасымбеков, Жанкелді Қалқаманов, Қалыбек Қобыландин, Ғани Қарасаев – бәріміз бірге жүрдік. Сірә, бізді табыстырған бүкіл қазақтың тамыры саналатын ауылда туып-өскеніміз болар. Ал Бөкең екеуміздің осындай жақын болуымызға атаның бауырында тәрбиеленгеніміз әсер етті. Менің Исабай әкем Болатты балам деп ерекше жақсы көрді. Әр келген сайын батасын беріп, достығымызға ырза болып, ақсақалдық-қариялық шын тілегін айтып отыратын. Бөкең де Исекеңді айрықша қадір тұтты.
Қазір Бөкеңнің өзі де абыройлы ел ағасы ретінде қадірлі орталарда төрден орын алып, кейінгі буынға ақ батасын беріп, жастарға ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, сый-құрметке бөленіп жүр. Сонысымен замандастары, туған-туыстары, әріптестері, шәкірттері сыйлайтын еліміздің еңселі азаматы атанды.
Өзін үнемі сергек ұстайтын ол жұмыстан қолы қалт етсе, отбасымен, ағайындарымен, достарымен бірге табиғат аясына шығып, аңшылық-саятшылық құрып, серуендегенді жаны жақсы көреді. Бөкеңнің өмірлік жан серігі, отбасының аяулы анасы Алиша – қасиетті Аспантау өңірінің тумасы, Хан тәңірі етегіндегі Нарынқолдың қызы. Екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан алтындай немерелер сүйіп, қадірлі ата-әже болып отыр.
Қашанда достыққа – берік, жақсыға – серік болып жүрген дос-бауырым Болат Сағидоллаұлын адам өміріндегі мерейлі белесті бағындыруымен ізгі ниет, шынайы ықыласпен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына бақ-береке тілеймін!
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ аграрлық ғылым академиясының президенті,
Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі,
әл-Фараби атындағы мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты