МАХАМБЕТ МҰРАСЫ: ЖАТҚА ОҚУДАН ТАРИХИ ТАНЫМҒА ДЕЙІН
Атырауда өткен IV республикалық «Махамбет оқулары» жас ұрпақтың әдебиетке, тарихқа және ұлттық өнерге қызығушылығын тағы бір мәрте айқындады.
Махамбеттің жырын жатқа айту бір басқа, оның сөзінің салмағын сезіну бір басқа. Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ақын шығармаларының жаңа ұрпақпен қайта қауышуының мәні осында. Бір кезде ел тағдыры таразыға түскен тарихи кезеңнің үні болған өлеңдер бүгінде мектеп оқушыларының аузында жаңғырып, суретке, күйге, ғылыми ізденіске арқау болып отыр.

22–23 қазан күндері Атырау қаласында өткен IV республикалық «Махамбет оқулары» байқауы осы сабақтастықтың бір көрінісіне айналды. Еліміздің әр өңірінен келген 98 оқушы бес бағыт бойынша бақ сынап, ақын мұрасын әр қырынан танытуға ұмтылды. Байқаудың ерекшелігі де осында: Махамбет шығармашылығы тек мәнерлеп оқумен шектелмейді. Оның жырлары қылқалам арқылы бейнеленеді, күйлері орындалады, тарихи тұлғасы ғылыми тұрғыдан зерттеледі, ал жас ақындар оның рухани әлемімен өз шығармашылығы арқылы үндесуге талпынады. Бұл – әдеби мұраны насихаттаудың біршама кеңейген үлгісі.
Биыл төртінші мәрте республикалық деңгейде ұйымдастырылған байқау Абай атындағы оқушылар орталығы базасында өтті. Оған еліміз бойынша жалпы білім беретін мектептердің 8–11-сынып оқушылары қатысты. Байқау бағдарламасы бес бағыттан тұрды. «Ел құтқарар ер едім…» аталымында оқушылар Махамбет шығармаларын жатқа оқыса, «Шашақты найза, шалқар күй» бағытында ақынның күйшілік мұрасы насихатталды. «Нарында» аталымы бейнелеу өнеріне арналды. «Тартынбай сөйлер асылмын…» бағытында жас ақындар өз шығармаларын ұсынды. Ал «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңмен өткен ер» аталымында тарихи-әдеби зерттеу жұмыстары қорғалды. Бес бағыттың әрқайсысы Махамбет тұлғасының әртүрлі қырын тануға мүмкіндік береді.
Мәселен, ақын шығармасын мәнерлеп оқитын оқушы оның сөздік қуатын, интонациялық ерекшелігін, ой екпінін түсінуге ұмтылады. Күй орындаушы Махамбет болмысының музыкалық табиғатына бойлайды. Сурет салатын бала поэтикалық бейнені көркем образға айналдыруға тырысады. Ал зерттеу жұмысын қорғаған оқушы тарихи дерекке жүгініп, ақын өмір сүрген дәуірдің күрделі шындығын тануға қадам жасайды. Осы тұрғыдан алғанда, байқаудың мазмұны мектеп оқушыларының қабілетін сынаумен ғана шектелмей, әдебиет, музыка, бейнелеу өнері және тарихты бір арнаға тоғыстырады. Жас ақындарға өлең жазу үшін 40 минут берілсе, зерттеу жұмыстарын қорғауға жеті минут қарастырылған.
Бұл талаптар қатысушылардың алдын ала дайындығымен қатар, шығармашылық шапшаңдығы мен өз ойын жүйелі жеткізе білу қабілетін де бағалауға мүмкіндік береді.
Махамбет өлеңдері қазақ әдебиетіндегі ең қуатты поэтикалық құбылыстардың бірі екені даусыз. Бірақ оның шығармаларын жас ұрпаққа танытуда бір маңызды мәселе бар. Біз көбіне ақын жырларын жатқа оқуға басымдық береміз де, сол өлеңдерді дүниеге әкелген тарихи жағдайды, ақынның дүниетанымын, оның күрделі адамдық болмысын тереңірек түсіндіруге жеткілікті көңіл бөле бермейміз. Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай», «Мен, мен едім, мен едім», «Қызғыш құс» сияқты шығармаларын бір ғана сарынға сыйғызу қиын. Олардың бірінде күрескерлік жігер басым болса, екіншісінде адамның өз болмысын тануы, үшіншісінде жалғыздық пен қайғының терең психологиялық иірімдері көрінеді. Махамбеттің поэтикалық әлемі тек ұраннан тұрмайды. Онда күрес те, күдік те, сағыныш та, сертке адалдық та, тарихи жеңілістің қасіреті де бар. Сондықтан жас оқырманға Махамбетті таныту дегеніміз оның өмірбаянын баяндап, бірнеше өлеңін жаттатумен шектелмеуі тиіс.
Мәселен, оқушы «Қызғыш құсты» оқығанда оны жай ғана табиғат көрінісі деп қабылдамай, ақынның өз тағдырымен астасқан астарлы бейнені аңғаруы маңызды. Ал «Мен, мен едім, мен едім» өлеңіндегі қайталанатын «мен» сөзінің астарында жеке адамның ғана емес, тарихи күреске қатысқан тұлғаның өзіндік санасы жатқанын түсінуі қажет. Міне, әдебиетті терең тану осындай сұрақтардан басталады.
Осы ретте республикалық «Махамбет оқуларының» тарихи-әдеби зерттеу бағытын ерекше атап өтуге болады. Бұл аталым оқушыларды дайын мәтінді қайталаудан гөрі, деректерді салыстыруға, әдеби шығарманы тарихи оқиғалармен байланыстыруға, өзіндік тұжырым жасауға жетелейді.
Махамбет тұлғасының тағы бір айрықша қыры – оның күйшілік өнері. Қазақ мәдениетінде ақындық пен күйшілік бір адамның бойында тоғысқан мысалдар аз емес. Дегенмен Махамбеттің музыкалық мұрасы оның поэзиясымен айрықша үндеседі. «Жұмыр қылыш», «Қайран Нарын», «Өкініш» тәрізді күйлерінен ақын өмір сүрген дәуірдің мазасыз тынысын, еркіндік аңсаған адамның ішкі толғанысын сезінуге болады. Өлеңдегі сөз бен күйдегі дыбыс – екі бөлек көркемдік жүйе. Алайда екеуінің де түп-төркінінде бір адамның дүниетанымы жатыр.
Байқаудың «Шашақты найза, шалқар күй» бағыты осы мұраны жаңғыртуға арналған. Қатысушыларға Махамбеттің бес күйін орындау тапсырылған. Бұл бағытта Алматы облысынан келген, Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектептің 9-сынып оқушысы Әлихан Атығай І дәрежелі диплом иеленді. Екінші орынға Павлодар облысының өкілі Нұрсәуле Еркінбайқызы мен Жетісу облысынан келген Нұрсұлтан Қанатбек ие болды. Үшінші орын алғандар қатарында Атырау облысы Мақат ауданының оқушысы Әділет Естаев бар. Бұдан Махамбет күйлерінің туған өңірімен ғана шектелмей, Қазақстанның әр аймағындағы жас орындаушылар репертуарына енгенін байқаймыз.
Әрине, күйді техникалық тұрғыдан сауатты орындау – бір мәселе, оның тарихи және көркемдік табиғатын түсіну – екінші мәселе. Сондықтан мұндай байқауларда орындаушылық шеберлікпен қатар, шығарманың шығу тарихы мен музыкалық ерекшеліктеріне назар аудару да маңызды.
Махамбет шығармаларының бейнелеу өнерімен байланысы да назар аударарлық. Ақын поэзиясында суреткерлік қуат мол. Оның жырларындағы тұлпар, қыран, найза, қылыш, Нарын даласы сияқты образдар белгілі бір тарихи кезеңнің көркемдік белгілеріне айналған. «Нарында» аталымына қатысқан оқушылар ақын шығармаларын иллюстрациялық суреттер арқылы танытты. Бұл бағытта Атырау қаласындағы №16 Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Милана Серік І орын иеленді. Оның жетекшісі – Алтынғаным Габдрахманова. Милана республикалық телеарнаға берген пікірінде байқауға ұзақ дайындалғанын, еңбегінің ақталғанына қуанышты екенін жеткізді. Ал Солтүстік Қазақстан облысынан келген Маргарита Ситникова мен Түркістан облысының өкілі Айсана Аманбекова екінші орынға ие болды.
Бейнелеу өнері арқылы әдебиетті танытудың өзіндік артықшылығы бар. Өлеңді оқыған адам ондағы оқиғаны, кеңістікті, кейіпкерді ойша елестетеді. Ал сурет салатын оқушы сол елесті нақты композицияға айналдыруға тиіс. Ол үшін шығарманың мазмұнын білу аздық етеді. Ақын қолданған теңеулердің, символдардың, көркемдік детальдардың мәнін түсіну қажет. Мұндай шығармашылық жұмыс әдеби мәтінмен өз бетінше жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді.
«Тартынбай сөйлер асылмын…» бағытының ерекшелігі – қатысушылардың өз шығармашылық қабілетін көрсетуі. Бұл аталымда облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 11-сынып оқушысы Еркебұлан Жаумитов І орын алды. Екінші орынға Абай облысынан келген Бақтияр Нұрланұлы мен Қызылорда облысының оқушысы Ұлжан Тұрлыбай ие болды. Жас ақындарға арналған бағыттың болуы – байқаудың маңызды ерекшеліктерінің бірі. Өйткені әдеби мұраны насихаттау тек өткен дәуір шығармаларын меңгеру емес, сол дәстүрдің бүгінгі шығармашылық ізденіспен жалғасуына жағдай жасау деген сөз. Әрине, Махамбеттің ақындық болмысы қайталанбайды. Оның өлеңдері белгілі бір тарихи жағдайдан, күрделі қоғамдық қайшылықтардан туды. Сондықтан бүгінгі жас ақыннан Махамбеттің поэтикалық интонациясын қайталауды талап ету орынсыз болар еді. Керісінше, жас таланттың өз дәуірінің мәселелерін өзіндік тілмен жеткізуіне мүмкіндік берген дұрыс.
Ал тарихи-әдеби зерттеу бағыты оқушылардың ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыруға бағытталған. Бұл аталымда Алматы облысы, М.Мақатаев атындағы №13 орта мектептің 11-сынып оқушысы Мейіржан Құттымұрат І орын иеленді. Екінші орын Батыс Қазақстан облысынан келген Айзере Сайлау мен Маңғыстау облысының оқушысы Бақдәулет Қартбаевқа берілді. Оқушы жасындағы зерттеушілер үшін Махамбет тақырыбының мүмкіндігі мол. Ақын өмір сүрген дәуір, Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс, Бөкей ордасының қоғамдық жағдайы, сол кезеңдегі әлеуметтік қатынастар, тарихи деректер мен әдеби мәтіннің арақатынасы – бәрі де зерттеуді қажет ететін мәселелер. Ең бастысы, жас зерттеуші тарихи тұлғаны дайын бағалаулар арқылы емес, нақты дерек пен көркем шығарманы салыстыра отырып тануға үйренеді.
Байқаудың Атырауда ұйымдастырылуының да өзіндік мәні бар. Бұл өлке – Исатай мен Махамбет бастаған тарихи қозғалыстың ізі қалған аймақ. Нарын құмы, Жайық бойы, Бөкей ордасының тарихы ақын шығармаларында кездесетін географиялық атаулар ғана емес, тұтас бір дәуірдің куәгерлері. Сондықтан республиканың әр өңірінен келген оқушылар үшін Атырауға сапар шегу әдеби байқауға қатысумен ғана шектелмейді. Байқау бағдарламасына тарихи орындармен танысу да енгізілді. Атап айтқанда, қатысушылар «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығына барып, көне қаланың тарихымен танысты. Сарайшық – қазақ даласының ортағасырлық тарихындағы маңызды орталықтардың бірі. Оның Алтын Орда, Ноғай Ордасы және Қазақ хандығы дәуірлерімен байланысы белгілі. Бір қарағанда, Сарайшық тарихы мен Махамбет өмір сүрген кезеңнің арасы бірнеше ғасыр. Бірақ екеуін байланыстыратын ортақ арна – осы өңірдің тарихи жады. Әдебиет пен тарихты осылай сабақтастыра оқыту жас ұрпақтың туған жер туралы түсінігін кеңейтеді. Мектеп оқушысы үшін тарихи орынға барудың мәні экскурсиялық бағдарламамен шектелмеуі тиіс. Ол кітаптан оқыған оқиғалардың нақты географиялық кеңістікте өткенін сезінуге, тарихи уақыт пен бүгінгі өмірдің байланысын ұғынуға мүмкіндік береді.
IV республикалық «Махамбет оқуларының» қорытындысында бес бағыт бойынша үздіктер марапатталды. Махамбет шығармаларын жатқа оқу аталымында Атырау облыстық №2 «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Арыстан Саламатов жеңімпаз атанды. «Нарында» бағытында Милана Серік, күй орындаушылар арасында Әлихан Атығай, жас ақындар арасында Еркебұлан Жаумитов, тарихи-әдеби зерттеу аталымында Мейіржан Құттымұрат бірінші орынға ие болды. Жеңімпаздарға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Бірінші орын иегерлеріне Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің білім беру гранттары берілді. Байқаудың республикалық деңгейге көтерілуі де назар аударарлық. Бұған дейін аудандық және облыстық кезеңдер арқылы ұйымдастырылып келген «Махамбет оқулары» 2023 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты өткізіліп келеді. Бұл – бір өңірдің әдеби бастамасының ел көлеміндегі шығармашылық алаңға айналғанының көрінісі.
Әдеби байқаулардың нәтижесін тек жеңімпаздар санымен өлшеу жеткіліксіз. Бір оқушы Махамбет жырларын жатқа оқиды. Екіншісі ақын күйлерін меңгереді. Үшіншісі тарихи зерттеу жүргізеді. Төртіншісі оның өлеңіндегі бейнелерді суретке түсіреді. Осылардың әрқайсысы ұлттық әдеби мұрамен өзінше байланыс орнатады. Мұндай байланыстың ұзаққа созылуы маңызды. Байқауға дайындық кезінде оқылған кітап, үйренген күй, зерттелген тарихи дерек жарыс аяқталғаннан кейін де оқушының танымында сақталса, әдеби іс-шараның шынайы нәтижесі сол болмақ. Махамбет мұрасын насихаттаудың бүгінгі міндеті – жас ұрпаққа өткен тарихты құр мадақтау емес, сол тарихты түсінудің жолын көрсету. Өйткені Махамбет – тек тарихи тұлға емес, қазақ әдебиетіндегі азаматтық поэзияның аса биік үлгісін қалыптастырған суреткер. Оның шығармаларындағы еркіндік, ар-намыс, сертке беріктік, ел тағдырына жауапкершілік мәселелері бүгінгі оқырман үшін де ойлануға тұрарлық. Алайда бұл ұғымдарды дайын ұран күйінде ұсынудан гөрі, әдеби шығарманың өз табиғаты арқылы танытқан әлдеқайда нәтижелі.
Жас оқырман Махамбеттің неліктен күрескенін, нені аңсағанын, неден түңілгенін, қандай қайшылықтарды бастан кешіргенін түсінгенде ғана оның поэзиясын тереңірек қабылдайды. Атырауда өткен IV республикалық «Махамбет оқулары» осы бағыттағы маңызды мәдени-ағартушылық бастамалардың бірі болды. Ал оның болашақтағы құндылығы байқаудың қаншалықты салтанатты өткенінен емес, жас ұрпақтың Махамбет мұрасын қаншалықты терең танып, оны өз рухани дүниесінің бір бөлігіне айналдыра алғанынан көрінбек.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА