«ЕЛДІ ЕРЕУІЛГЕ ШАҚЫРҒАНЫМА АЙЫПТЫ ЕМЕСПІН…»
05.08.2016
3626
0

Қарқара 100 жыл (0)4Мұрағат деректеріне көз жіберсек, 1868 жылы Жетісу облысын басқару туралы Ере­же қабылданады. Осы ереже не­гізінде Же­тісу облысында 5 уез құрылады. Облыс­та құрылған 68 болыстықта 104 659 отбасы қарады (ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 29041-іс. 1-5 пп.). Жәмеңке Мәмбетұлына қа­тысты мұра­ғат қорларында сақталған деректерде сол кездегі Верный уезіне қарасты Сегіз Сары болыстығында өмір сүр­гендігі көрсетіледі. 1868 жылы 16 қаң­тардағы мәліметтерге қарағанда, Сегіз Сары болыстығы 5 ауылдан тұрған, онда 1232 түтін болды. Дәл осы 1868 жылдан 30 жас­тағы Жәмеңке осылайша ел билеу ісі­не араласа бастайды.

Жәмеңке Мәмбетов төрт сайлау болыс бо­­лып, тұңғыш баласы Жолдасбайды 1901–1903 жылдары бір сайлау болыстыққа сай­­латып, патшадан күміс медал алып бер­ген. Одан кейін інісі Шойбекті 1892–1894, 1907–1909 жылдары екі сайлау, ағасы Әтей­­бектің баласы Сәлімді 1913–1915, 1916–1918 жылдары қатарынан екі сайлау бо­­­лыстыққа сайланған. Жәмеңке өзі жә­не ұрпақтары 27 жыл болыстық тізгінін қол­дан шығармағанын мұрағат деректері ай­ғақтайды.

Жәмеңкенің ұйымдастырушылық да­­рыны 1916 жылы Ұлт-азаттық қозғалыс тұ­­­сында айқын байқалады. Патша үкі­ме­тінің 1916 жылы 25 маусымдағы жар­лы­ғы­на орай туындаған жағдайға бай­ла­ныс­­­ты Нарынқол-Шарын өңіріндегі Ал­­бан руының беделді ел басшылары «Қа­­бан Қарағай» жайлауындағы Ұзақ ба­тырдың ауылында бас қосып, кеңес құра­ды. Ұзақ батыр ата салтына орай жиынға әдейі арнап, ту боз бие шалады. Жәмеңке то­ғыз құнан қой сояды. Жаркент уезінің Нарынқол-Шарын 4 бөлімше сотының ерулігіне байланысты қылмысты іс қозғау ту­ралы 1916 жылғы 26 тамыздағы 1820 қау­­лысында: «Мәжілісте Иванов болы­сы­­ның беделді адамы Жәмеңке Мәмбетов бірінші болып сөз алып, адам бермейік де­ген үгітті ортаға салды… Егерде оған қа­ра­майтын болса қарулы қарсылық көр­сету керек деді. Оны қостап, өздерінің де адам бермейтінін, қарулы қарсылық жа­сай­тынын өзгелерге сендіре – Иванов бо­­лысынан Шойбек Мәмбетов, сол бо­лыс­тан Байқұлақ Ұлдарбеков, Айт болы­сы­нан – Тұрлықожа Жансеркин, сол бо­­­лыстан Бекдайр Сұлтанқұлов, Алжан бо­­лысынан – Диқамбай Жампейісов, Байын­­қол болысынан – Қазыбек Шорма­нов, Әділбек болысынан – Жампейіс Отын­шин, Құрман Әділбеков, Кеген бо­лы­­сынан – Әбдіқайым Байсүгіров, Қоңыр­бөрік болысынан – Жаңабай Құ­дай­бергенов, Қожмамбет болысынан – Айт­бай Дәркембаев сөз сөйледі. Кеңеске Байын­қол болысынан Құдиярбек Шо­тама­нов, Иванов болысынан Меркебай Тай­телов, Жалмамбет Қарашев, Құрман болысынан Тұңғатар Саурықов, Құныпия Тұң­ғатаров, Сыбанқұл Арғынов, Кеген бо­лысынан Біләл Разақов, Жайшыбек Бек­тенев, Торыайғыр болысынан Бектен Бұрыш­баев, Айт болысынан Жаңғараш Жаң­абаев, Алжан болысынан Нүке Ыс­тыбаев, Кеген болысынан Әбдіқалық Бай­сүгіров, Иванов болысынан Сақал Мұра­талин, Байынқол болысынан Сабан­шы Жантасов, Кеген болысынан Қисыбай Дәркембаев, Әбділда Сұраншин, Құрман болысынан Кәрібоз Қаңтаров, Хасен То­пиев, Әділбек болысынан Сары Жар­гек­баев, Құрман болысынан Сұлтанәлі Не­ке­лов, Иванов болысынан Дуанбек Ал­­банбаев, Мерке болысынан Дони Сү­гір­беков қатысты» деп көрсеткен (ҚР ОММ. 109-қ., 1-т., 35-іс. 50-52 пп.).

Осы мәжілістен кейін халық бұқарасы пат­ша үкіметінің билік орындарына ба­ғыну­­дан бас тартты. 11 шілде күні Қарқара жәр­меңкесінде жиналған халықтың алдында Жәмеңке Нарынқол-Шарын бө­лім­шесінің бастығы Подворковке қазақ хал­қы ресми түрде патша жарлығын орын­да­май­тынын мәлімдеді. Жәмеңкеге Ұзақ Сау­рық­ұлы, Жаңабай Құдай­бер­ген­ұлы, т.б. Ұлт-азаттық қозғалысы ұйымдас­тыру­шы­лар қолдау көрсетті. 22 шілде кү­ні бөлімше бас­тығы Подворков Жәмең­ке мен Ұзақты 10 күннен кейін 11 шілдедегі жиынға қа­тысып, белсенділік көрсеткен бір топ адам­ды тұтқынға алып, Қарақол түр­месіне айдатады. Түрмеге түскеннен кейін, Пр­­жевальс­кі уезінің бастығы, пол­ковник Ива­нов олардан патша жарлығын орындауды талап етеді. Жәмеңке бастаған қозға­лыс жетекшілері бұл шарттан бас тар­та­ды.

1916 жылы 5 тамыз күні Қылмыстық іс­тер ережесінің 403-бабына сәйкес айыпкер Жәмеңке Мәмбетовті жауапқа тар­ту кезіндегі Пржевальскі уезі 3-ші учас­кесінің аймақтық судьясына берген жауабы мынадай: Жәмеңке Мәмбетов, жа­сы 78-де. Жетісу облысы, Жаркент уезі, Ива­нов болысының бірінші ауылының қа­зағы. Діні мұсылман. Отбасылы, 5 бала­сы бар. Айналысатын кәсібі мал шаруа­шы­лығы. Бұрын сотталмаған.

«Мен өзімді 1916 жылы 10 шілдеде Жар­кент уезіне қарасты Қабан-Қарағайда Ұзақ Саурықовтың ауылында өткен көп адам жиналған баталасу кезінде Патша Ағзамның 1916 жылғы 25 маусымдағы қор­ғаныс құрылыстарын, армия тылын­дағы әс­кери байланыс жүйелерін салу үшін қара жұмысқа адам алу туралы Жар­лы­­ғына қарсы шыққаныма, Патша ағзам­ның жарлығының орындалуына жол бермеу үшін қарсы ереуілге шақыр­ғаныма айыптымын деп есепте­меймін. Сол жылдың 11 шілдесінде револьвермен, қамшымен қаруланған мыңға тарта адам Қарқараға жиналып, сол уездің Нарын­қол-Шарын учаскесінің бастығы Под­варковқа: «Адам бермейміз. Кімде-кім келіссе өлтіреміз» де­ген кезде солардың ішінде едім. Под­вар­ковтың Әмірші Иемнің жарлығын орын­дау жөніндегі нұсқауына: «Сөз қыс­қа, адам бермейміз» деп айғайлап, Қар­қара­дағы Иванов, Кеген, Байынқол және Құрман болысының кеңселеріне қарай ағылды. Аталған болыстардың хатшылары – Гудзелевенконы, Головатенковты, Дос­товаловты, Комаровты және Гриба­новс­­кийді күшпен қорқытып, олар жа­са­ған шақырылуға тиісті адамдардың тізі­мін тартып алып, жойып жіберді. Оның үсті­не Жоғары Мәртебелінің жарлығын орын­дамаңдар, адам бермеңдер деп алғаш ой салған Ұзақ Саурықовтың сөзін қызу қуат­тап, қол­да­дым. Яғни Қылмыстық Іс­тер Ере­жесінің 13, 263 және 266 баптары бойын­ша қаралатын қылмысты жасадым.

Ал ақтайтын айғақ ретінде айтар бір ауыз сөзім: ешқандай қарулы ереуілге қа­тысқаным жоқ. Ештеңе де білмеймін. Жауа­бымды маған оқыды және аударды. Жауап­ты аударған Айтбаев» (Сонда 146-147 п.п.). Судьяға берген жауабында Жә­мең­ке өзін айыптымын деп санамаған. Тер­геу 5 тамыз күні жүргізілген. Тергеуде ал­дап та, арбап та, қинап та, қорқытып та әр ­түрлі тәсіл қолданғанымен ешбір нә­ти­же шығара алмаған соң, не істеу керек­ті­гін сұрап Верныйға хабарласады. Ол жақ­­тан мынадай нұсқау келеді: «Жә­мең­кені ашық жазаласаң бүкіл Албан түгел­дей көтеріліске ашық шығып кетуі мүмкін, сон­дықтан оған жасырын у беріп өлтіру ке­рек. Бір-екі күннен кейін түрмені бұзып қаш­ты деген сөз таратып, сол жерде тү­гел­дей ату керек». Бұйрық айтқандай орын­далады. 6 тамызда Жәмеңкеге у бері­ле­ді. 7 тамызда Пржевальскі түрмесінің бас­­тығы Хромых, Верный өлкелік соты прокурорының атына №735 жеделхатын жолдайды. Аталған жеделхатта: «Сіздің құ­зырыңызға Пржевальскі түрмесінде жатқан Жаркент уезіне қарасты Иванов болысының қазағы Жәмеңке Мәмбетов­тың бүгін абақтыда өлгенін хабарлаймын. Ол 1916 жылы 5 тамызда Пржевальскі уе­зінің 3-ші бөлімшесі сотының шешімі бойын­ша және Жаркент уезінің 4-ші бө­лімшесінің сотының ұсынуымен Қыл­мыс­тық Істер Ережесінің 268 және 266 ба­бымен айыпталып, түрмеге қамалған бо­латын. Дәрігер Левин мырза: Мәм­бе­тов­тің жүрегі алжыған кәрілігі мен жұ­лын жүйесінің тозуына байланысты тоқ­­тап қалған деп шешті» (Сонда, 237-п.). Ал Әбубәкір Сұлтанбековтің естелігінде: «Судьяның тергеуінен кейін бізді қайтып алты солдат айдап, абақтыға жапты. Артынан іле-шала «мына дәріні Жәмеңкенің ауруынан емденуге судья жіберді», – деп бір орыс құмырамен дәрі әкелді. Мен: «Жә­ке, ішпеңіз, бұл у», – дедім. Ұзақ батыр: «Әзір бізге қастық қылмайды, домбытып жүр ғой», – деді. Жәмеңке де жанына батып отырған ауруға әлгі дәріні бі­раздан соң ішкісі келді де, ішті. Ішті де дөң­бек­шіп, талаурап барып, екіндіде Жә­меңке өліп кетті. Жәмеңкені өзіміз конвоймен жүріп, мұсылман қауымына апа­­рып қой­дық», – деп айтады (Жан­сүгір­ов І. Жетісу (1730-1916). – Алматы, Ценные бумаги, 2001. 72-б.). Өлер алдында бір-екі күн бұ­рын Жәмеңке түс көріп, серіктеріне былай деген екен: «Мен түс көрдім, бәріміз на­мазға тұрыппыз, алда­рыңда мен жеке имам, артымда сендер қатар тұрсыңдар, жеке бір адам тұр». Ес­тіген серіктерінің бірі түсті былай жоры­ған екен: «Бұл жақсы түс, алдымен сіз, соңынан біз түгел босанады екенбіз, бір адам жеке қалуы мүм­кін». Жәмеңке тұ­рып: «Олай емес, түсті дұрыс жори алма­дыңдар, алдымен мені жеке, артымнан қалғандарыңды өлтіреді, бір адам тірі қалады», – деген екен…

Қазіргі Райымбек ауданындағы Қақ­пақ ауылындағы орта мектеп Жәмеңке есі­мімен аталады. Біз Жәмеңке Мәмбет­ұлы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қоғамдық саяси қыз­метін және 1916 жылғы Ұлт-азаттық кө­терілістегі жетекшілік ролін мұрағат қор­ларында сақталған деректер негізінде көр­сетуге тырыстық.

Рашид ОРАЗОВ,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
 ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір