ҚАЗАҚТА НЕШЕ ҚОБЫЛАНДЫ БОЛҒАН?
24.09.2026
181
0

1-2 қазан күндері Ақтөбе қаласында «Қобыланды» жырына арналған конференция өткізу жоспарлануда. Ауқымды шара қарсаңында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбайдың «Қобыланды батыр» жырлары мен әр кезеңдегі батырлар образына, жыр кейіпкерлерінің қай ғасырларда өмір сүргеніне дәйекті түрде талдау жасаған мақаласын ұсынып отырмыз.

«Қобыланды батыр» – өзінің бай тарихи-этнографиялық мәліметтерімен ерекшеленетін, қазақ эпикалық дәстүрінің іргелі ескерткіші. Әр кезеңде зерттеушілер бұл жырды зерделеуге келгенде екі түрлі қарама-қарсы тұғырнаманы – тарихилық пен поэтика принциптерін басшылыққа алды.
Жырдың тарихи негізіне қатысты мәселені алғашқылардың бірі болып Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев,
М.Әуезов қозғаса, кейіннен бұл бағытты Ә.Қоңыратбаев, Б.Уахатов, О.Нұрмағамбетова сияқты ғалымдар тереңдете түсті. Әлихан Бөкейханов өзінің 1915 жылы жарық көрген талдауында жырдағы оқиғалардың шынайы астарына баса назар аударып, тарихи мектептің дәйекті жақтаушысы ретінде көрінді. Қазақ шежірелеріне сүйенген М.Тынышпаев та Қобыландының XV ғасырда өмір сүрген нақты тарихи тұлға екенін дәлелдеген.
Алайда бұдан кейінгі кеңестік кезеңде зерттеушілердің назары ескерткіштің тек көркемдік ерекшеліктеріне аударылды. Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин және басқа да бірқатар ғалымдардың еңбектерінде «Қобыланды — нақты прототипі жоқ, таза қиялдан туған жиынтық бейне» деген пікір үстемдік алды. Сондай-ақ идеологиялық қысымның салдарынан Қобыланды батырдың «халық жауы» деп жарияланған нәубетті кезеңі де тарихтан белгілі.
Кеңестік эпостану ғылымындағы солақай саясаттың айқын көрінісі партияның «Едіге» жырына байланысты шығарған қаулысы еді. Бұл шешім фольклордағы тарихи мектепті идеологиялық тұрғыдан талқандап, батырлық жырларды «феодалдық-байлық дәуірдің сарқыншағы» деп жариялады. Осылайша, тарихилық принципіне тұсау салынып, кеңестік фольклортануда батырлар жырын тек қана қиял-ғажайып дүние ретінде қарастыру үрдісі алдыңғы шепке шықты.
Қазақ зиялылары да бұл идеологиялық қысымнан тыс қала алмай, қаһармандық жырларды тек көркемдік тұрғыдан ғана зерттеуге көшті. Ал тарихи мектеп концепциясын қорғап, оны өз еңбектерінде қолданған ғалымдар аяусыз қуғындалды: олар жұмыстан қуылып, Алматыдан шет аймақтарға жер аударылды. Осындай қыспақтың салдарынан 50-жылдардың ортасына қарай фольклордың тарихи негізі туралы үстірт түсініктер ғылымда біржола бекіп қалды. Көптеген әдебиетші ғалымдар эпикалық батырларды — түрлі кезең жауынгерлерінің жиынтық қасиетін бойына сіңірген, таза көркем қиялдан туған бейне ретінде тануға мәжбүр болды.
Дегенмен, зиялы қауым мұндай біржақты пікірмен үнсіз келісе салған жоқ. Соның нәтижесінде 1955 жылдан бастап Орталық Азия республикаларында үлкен серпіліс басталды. Ташкентте «Алпамыс», Душанбеде «Көрұғлы», Фрунзеде «Манас», ал Алматыда «Қобыланды» жырының халықтығы мәселесіне арналған ауқымды конференциялар тізбегі өтті. Бұл алқалы жиындар бұған дейін «феодалдық қоғамның сарқыншағы» деп шеттетілген батырлық жырлардың бағын ашып, оларды толық ақтап алуға мүмкіндік берді.
Содан бергі уақытта фольклортану ғылымы үлкен әдістемелік мектеп қалыптастырды. Бірақ бүгінгі ғылыми ортада «Қобыланды батыр» жырын тек көркемдік құрылымы тұрғысынан қарастыратын структуралистік тәсілдің салқыны әлі де жоқ емес. Бұл ағымның өкілдері «жырда нақты уақыт пен хронологиялық байланыс сақталмайды, сондықтан эпикалық сюжет арқылы шынайы тарихты қайта тірілту мүмкін емес» деген уәж айтады.
Белгілі ғалымдар В.Я.Пропп пен Б.Н.Путиловтың іргелі еңбектеріне сүйенетін бұл тұжырымдама кезінде тарихи әдіске басты оппонент ретінде шыққан еді. Эпостың тек көркемдік қыры мен типологиялық ұқсастықтарын ғана алға тартатын бағыттың кейбір зерттеушілері қазіргі уақытта да фольклорды тарихи тұрғыдан тексерудің келешегіне үлкен күмәнмен қарайды.
Дәл осы тұста мұрағат деректері арқылы фольклордың тарихилығын тексеру және контаминация (сюжеттердің бір-біріне кірігуі) құбылысын зерделеу мәселесі алдыңғы шепке шығады. Тек көркемдік әдіске ғана табан тіреп, тарихи және құжаттық айғақтарды көре тұра елемей тастау ешқандай қисынға келмейді. Жырда айтылатын географиялық жер-су аттары мен оқиғалардың шынайылығы басқа тарихи дереккөздермен де толық расталады. Айталық, 1906 жылы штабс-капитан В.П.Карлсон Торғай губернаторына жазған мәлімдемесінде Қобда өзенінің бойында Қобыланды батырдың мазары тұрғанын ресми тіркеген. Кейін бұл деректі белгілі зерттеуші И.А.Кастанье де қайта тексеріп, батырдың дәл осы Жиренқопада жерленгенін нақтылады. Мұның өзі эпоста кездесетін жер-су аттарының өмірде болғанын дәлелдейтін айғақ болды.
Фольклордың тарихилығына көз жұма қарап, оны таза ойдан шығарылған дүние деу 40–50-жылдардағы солақай саясаттың қалдығы. Бүгінгі ғылым үшін бұл — ескірген көзқарас. «Қобыланды батыр» жырын ендігі жерде әдебиет, тарих және этногенетика ғылымдарының тоғысында зерттеген жөн. Жырдың көркемдік сипаты мен жанрлық ерекшеліктерінің артында қыпшақ тайпаларының бірігу үдерісі мен ұлы дала тарихының талай құпиясын шертетін құнды деректер жатыр. Біздің мақсатымыз — осы асыл мұраны аршып алып, бүгінгі ғылыми айналымға қоса білу.
Қазіргі уақытта батырлар жырын зерттеуге кезінде оның тарихи құндылығына күмәнмен қараған тарихшылар да белсене араласа бастады. Көп жыл бойы фольклортанушылар арасында дау тудырып келген хронологиялық сәйкессіздіктерді қазіргі ғылым контаминация құбылысы арқылы түсіндіруге тырысуда. Айталық, тарихшы Ж.Сәбитов Ақтөбе өңіріндегі халықтық шежірелерге сүйене отырып, тарихта екі бөлек Қобыланды болғанын айтады: бірі — қарақыпшақ Қобыланды Тоқтарбайұлы (XV ғ.), екіншісі — қыпшақ руынан шыққан Қобыланды Қыдырбайұлы (XVI ғ. басы).
Ғалым жырдың Кіші және Орта жүз рулары арасында таралу аймағын негізге ала отырып, эпостың нұсқаларына жан-жақты талдау жасаған. Соның нәтижесінде, «халық жадында XIV – XVI ғасырлардағы (Тоқтамыс хан мен Ноғай Ордасы заманындағы) қыпшақ тайпасынан шыққан екі батырдың тағдыры мен ерлігі уақыт өте келе бір бейнеге айналып кеткен» деген болжам жасайды.
Дегенмен, бұл соны көзқарас эпостың неліктен Орта және Кіші жүз руларының арасында кең таралғанын толық ашып көрсете алмайды. Себебі жыр кейіпкерінің белгілі бір рудан шыққаны бір бөлек те, бір ортада туған жырдың екінші бір ортада қабылданып, сіңісіп кетуі мүлде басқа әңгіме. Егер Қобыландының тегі қарақыпшақ (Орта жүз) болса, эпикалық дәстүр оны неге Кіші жүзбен байланыстырады? Этникалық негіздегі бұл құбылыстың сыры әлі де ашыла түсуі керек.
Бүгінгі таңда біз арқау етіп отырған негізгі қағида — ғасырлар бойы жалғасып келген ауызша жырлау дәстүрі есімдері үндес бірнеше тұлғаның өмір жолын біртұтас эпикалық бейнеге біріктірді деген пайым. Мұндай көзқарас жырдың тарихи негізін жоққа шығармай-ақ, оның уақыттық (хронологиялық) көпқатпарлығы мен кең географиясын нақты түсіндіріп бере алады.
Қазіргі эпостануда Қобыландының бірнеше прототипі болған деген болжам қызу талқыланып, бұл пікірді қолдайтын ғалымдар қатары өсіп келеді. Бірақ мұндай күрделі кірігуді негіздеу үшін терең тарихи-генеалогиялық зерт­теу қажет. Біздің «Қобыланды батыр» жырына жасаған талдауымыз, оның құрылымында Ж.Сәбитов айтқандай екі емес, үш бірдей негізгі тарихи өзек бар екенін көрсетіп отыр.
Батыр тұлғасында бірнеше тарихи кейіпкердің тоғысуын түсіндіру үшін фольклортанудағы «тарихи контаминация» және «көп прототиптілік» ұғымдарына сүйенеміз. Тарихи контаминация — жыршылардың жадында әртүрлі шынайы адамдардың өмірбаяны мен ерліктерінің өзара қабаттасып, ақыр соңында біртұтас жиынтық бейнеге айналуы. Ал көп прототиптілік — әр кезеңде өмір сүрген бірнеше нақты тарихи тұлғаның негізінде біртұтас көркем кейіпкерді жасап шығару механизмі болып саналады.
Қобыландының бірінші, яғни көне (архаикалық) прототипі (XI–XIII ғғ.) ертедегі қыпшақ тайпалық одақтарына барып тіреледі. Жырда бұл кезең батырдың аңызға айналған ерліктері мен алыс сапарлары арқылы сипатталады. Ал сол замандағы қыпшақ сарбаздарының жорықтары араб, парсы және көне орыс шежірелерінде үзік-үзік деректер түрінде жеткен. Ғалымдар бұған дәлел ретінде әйгілі «Игорь полкі туралы жырда» аты аталатын қыпшақ ханы Көбекті (XII ғ.) мысалға келтіреді. Қаптаған қыпшақ елін басқарған ол орыс князьдарымен үлкен соғыстар жүргізген. Уақыт өте келе бұл есім далалық ауыз әдебиетінде дыбыстық өзгерістерге ұшырап, мынадай тізбекпен дамыған: Көбек — Көбік — Қоблан — Қобыланды.
Ал екінші прототип — Қобыланды Тоқтарбайұлы (XV ғ.) — Алтын Орда күйреп, Қазақ хандығының іргесі қаланып жатқан алмағайып заманда өмір сүрген нақты тарихи тұлға. Көне жазбалар мен шежірелерге қарасақ, ол Әбілқайыр ханның тұсында Көшпелі өзбек ұлысында үлкен саяси салмағы бар қолбасшы болған. Жырдағы батырдың оңтүстікке, қызылбастарға (парсыларға) қарсы соғыстары — осы кезеңнің көрінісі. Ең бастысы, Қобыланды мен арғын Ақжол бидің арасындағы жанжал Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайырдан ірге ажыратып, бөліне көшуіне себеп болды. Бұл оқиға қазақ мемлекетінің құрылуына жол ашқан ең үлкен тарихи бетбұрыс екені мәлім.
Үшінші тұлға — Қобыланды Қыдырбайұлы (XV–XVI ғғ.) — қыпшақ руының өкілі. Оның өмір сүрген уақыты Алтын Орда ыдырап, Дешті Қыпшақтың орталық және батыс өңірлерінде Ноғай Ордасы мен Сібір хандығы құрылып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келеді. Бұл жыр нұсқасының басты ерекшелігі — оның Кіші жүз ортасында жырлануында. Батырдың өмір жолы Кіші жүз фольклоры мен ноғай дастандарында жергілікті оқиғалармен тығыз байланысады. Сюжеттің негізгі өзегі — Жайық бойында ноғайдың әйгілі билеушісі Алшағырмен болған аяусыз әскери текетірес.
Осылайша, үш тарихи тұлғаның тегін саралай келе, Қобыланды бейнесінің ғасырлар бойғы даму жолын анық көреміз: моңғолға дейінгі қыпшақ (половец) — қарақыпшақ — қыпшақ.
Ауызша эпикалық дәстүрдің өз заңдылықтары бар. Жыршылардың жады тарихты қатаң уақыт тізбегімен сақтамайды. Олар әр замандағы оқиғаларды есімі ұқсас немесе тегі бір ең танымал тұлғаның төңірегіне жинақтайды. XV ғасырдағы Қобыланды есімі ұлы даладағы ерліктің бас символына айналғанда, өзге аттас батырлардың басынан өткен дербес хикаялар да осы есімге келіп табиғи түрде кіріккен.
Көп уақыт бойы фольклортану ғылымында кейіпкерлердің этникалық тегіне аса мән берілмеді. Алайда жыр мәтініндегі сюжеттер араласып кетсе де, ру-тайпалық атаулар (этнонимдер) өз тұрақтылығын жоғалтпаған. Деректер Қобыланды Тоқтарбайұлының да, Қобыланды Қыдырбайұлының да қыпшақ екенін бұлтартпай дәлелдейді. Ал жырдың Кіші жүз ішінде айтылатын нұсқасы кейінірек, жергілікті жыршылық мектептің ықпалымен қалыптасқан және қазақ даласындағы негізгі эпикалық айналымға толық сіңе қоймаған. Мұны эпикалық үдерістің ішкі мәтіндік трансформациясы деп таныған дұрыс.
Кезінде «Қобыланды батыр» жырының 29 варианты мен екі үлкен нұсқасын ғалым О.Нұрмағамбетова терең зерделеген еді. Жыр халық арасына кең тарап, классикалық деңгейге көтерілгендіктен, оны жырлаған жыраулар мен жыршылар қазақ сахарасының түкпір-түкпірінен (Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда өңірлерінен) шығып отырды. Бұл нұсқалардың көлемі мен мазмұнында өзіндік өзгешеліктер де бар. Әдетте, халық жадында сан рет өңделіп, эпикалық ағымға түскен дастандардың сюжеті бай, көркемдік тілі аса жоғары болады. Мәселенің негізгі кілті — эпикалық дәстүрдің ерекше табиғатында жатыр. Көптеген ғасырлар бойы тоқтаусыз дамып келе жатқан тірі фольклорлық дүние өз бойына кейінгі заманның оқиғалары мен іздерін сіңіріп, жаңартып отырады. Бұл — фольклор ғылымының басты заңы.
Классикалық қаһармандық эпостарда ешқашан өзгермейтін бір ғана мықты көрсеткіш бар, ол — этнонимдер, яғни кейіпкерлердің рулық атауы. Айталық, «Қобыланды» жырының алғаш пайда болған ортасы мен кейін кең тараған аймағы екі бөлек. Жыр айтушылардың бірде Орта жүз, бірде Кіші жүз ішінен шығуы да сондықтан. Мұның құпиясын рулық шежіремен емес, эпикалық дәстүрдің даму және таралу ерекшелігімен түсіндірген әлдеқайда қисынды. Себебі классикалық эпоста бас кейіпкердің шыққан тегі ешқашан құбылмайды. Жырдың негізгі нұсқасында да, батыс өңірлерде айтылатын екінші нұсқасында да Қобыландының түпкі тегі тек қыпшақ ретінде тұрақты сипатталады.
Эпостағы Қобыланды батырдың бейнесі — өте күрделі әрі көпқабатты құбылыс. Бүгінгі фольклортануда прототип мәселесі баяғы екіжақты қарапайым қалыптан әлдеқашан шығып кеткен. Сюжеттердің өзара кірігуі салдарынан, жырда кем дегенде үш бірдей тарихи тұлғаның тағдыры мен ерлігі бір бейнеге бірігіп тұр. Олардың аражігін тек мұқият тарихи-деректанулық талдау арқылы ғана ажыратуға болады.
Көп прототиптілік теориясы біртұтас көркем кейіпкердің артында бірнеше нақты тарихи тұлғаның жиынтығы тұрғанын дәлелдейді. Бұл ғылыми тетік уақыт пен кеңістік жағынан алшақ жатқан тұлғалардың халық жадында қалайша ортақ бір бейнеге айналғанын түсіндіреді. Мәселені шешу жай ғана есімдердің ұқсастығын табумен бітпейді; ол сюжеттер араласып кетсе де, ру-тайпа атауларының (этнонимдердің) неліктен өзгермей тұрақты қалғанын ашып көрсетуді қажет етеді. Бұл бірігу мен тұтасу үдерістері халықтық ауызша дәстүрдің өзіндік қатаң заңдылықтарына бағынады.
«Қобыланды» — қыпшақ ортасында өте кең таралған есім. Аттас тұлғалар кездескенде, ауызша дәстүрдің көне заман батырының ерліктерін кейінгі, халыққа көбірек танымал батырдың өмірбаянына тели салуы — жиі кездесетін жағдай. Жырды тарихи-мәтіндік тұрғыдан талдағанда, оның бойындағы уақыт қатпарлары анық көрінеді. Көне (архаикалық) қатпарда Қобыланды ерте замандағы көшпелілердің жауларына қарсы шығып, мифтік сипат танытса, кейінгі қатпарда ол Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының іргесін қалаушы белсенді тарихи тұлғаға айналып, XV ғасырдың нақты геосаяси жағдайында әрекет етеді. Көшпелі қоғамда XV ғасырдағы жаңа саяси өзгерістерді заңдастыру, ең алдымен, оларды бағзы замандағы киелі тарихпен байланыстыру арқылы жүзеге асырылып отырды.
Қорыта айтқанда, Қобыланды есімді бірнеше тарихи тұлғаның бір бейнеге бірігуі қарақыпшақ руына өз көшбасшысын символдық тұрғыдан ұлықтауға жол ашты. Алтын Орда заманының батырына көне бабалардың даңқы мен беделін таңу арқылы сол тұстағы жаңа геосаяси өзгерістер халықтың дәстүрлі танымына сіңісті болып орнықты.
Айта кету керек, «Қобыланды батыр» эпосы тек қазақ елінің ғана мұрасы емес. Батырдың есімі мен жырдың түрлі нұсқалары ноғай, башқұрт, татар және қарақалпақ фольклорында да кеңінен кездеседі. Бауырлас ноғай халқында «Қобыланды батыр» дастаны атақты ноғайлы цикліне кіреді. Онда батыр XV–XVI ғасырлардағы дала мырзасы ретінде суреттеледі, ал жыр желісі Ноғай Ордасының ішкі тақ таластарын баяндайды. Башқұрт­тың қыпшақ рулары арасында ежелгі башқұрт-қазақ мәдени байланыстарын айғақтайтын «Қобыланды батыр мен Қазан хан» атты дастан сақталған. Сюжет бойынша қыпшақ еліне Қазан хан бастаған қызылбастар шабуыл жасап, Қобыланды оларды талқандайды. Кейін көрші ханның жылқысын қуып жүріп, өзі тұтқынға түсіп қалады. Батыр тұтқында жүргенде елін Ақса хан шауып алады. Ақыр соңында тұтқыннан қашып шыққан Қобыланды туған жерін жаудан толық тазартады. Сондай-ақ Сібір және Астрахан татарларының ауыз әдебиетінде де ноғай жырларына өте жақын сюжеттер бар. Бұл деректерде де Қазан ханның жорықтарына қатысты оқиғалар алдыңғы шепке шығады.
Бұл қатарда эпостың «Қоблан» деп аталатын қарақалпақ нұсқасына ерекше тоқталу керек. Онда қазақтың «Қобыланды батыр» жырындағы негізгі сюжеттік желі айнымай сақталған: жасы ұлғайған ата-ананың (Тоқтарбай мен Аналықтың) перзентке зар болуы, батырдың ғажайып жағдайда тууы және қанатты тұлпар — Тайбурылды баптау мотивтері түгел бар. Бірақ мұнда ескеретін үлкен айырмашылық та жоқ емес: жырда Қазан ханмен соғыс сахнасы өте анық көрсетілген, ал Әбілқайыр хан мен Ноғай Ордасы туралы мүлде айтылмайды. Бұл факт эпостың Алтын Орда ыдыраған уақыттан әлдеқайда бұрын, көне заманда туғанын және қарақалпақ нұсқасының жырдың ең алғашқы көне (архаикалық) өзегі екенін бұлтартпай айғақтайды.
Бірнеше халыққа ортақ Қобыланды бейнесі жырлар мен шежірелерде бірде тарихи тұлға, бірде аңыз кейіпкері ретінде суреттеледі. Сондықтан оның фольклордағы көрінісі де сан алуан. Татар мен башқұрт халықтарында Қобыланды туралы мұра әлі толық дамымаған шағын аңыз-әңгіме деңгейінде қалса, қазақ пен қарақалпақта көлемді қаһармандық эпосқа айналған, яғни бұл сюжеттің әр халықтың әдебиетіне сіңу деңгейі әрқилы. Кейбір үлгілердің тек үзінділері ғана жеткен, олардың үлкен эпикалық ағымға қалай түскені және оны айтқан жыршылар туралы мәлімет өте аз.
Атақты Мұрын жыраудың нұсқасында Қыдырбайұлы Қобыландының тегі қыпшақтан таратылса да, оның жеке ерліктері бүге-шігесіне дейін баяндала қоймаған. Дегенмен, жергілікті жерлердегі нұсқалардың әртүрлілігіне қарамастан, жалпы түріктік және қазақ фольклортануында «Қобыланды батыр» эпосы өзінің біртұтас, классикалық қалпында бекіп, тарихқа енген.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, көшпелі халықтардың тарихы мен
фольклорында Қобыланды есімді бірнеше тұлға болған. Оларды қыпшақ елінің әр заманда өмір сүрген нақты батырлары деп танумен бірге, халықтық жырлау дәстүрінің де құдіретін ұмытпаған жөн. Уақыт жағынан бір-бірінен тым алшақ жатса да, қаһармандық эпос бұл тұлғаларды бір ғана бас кейіпкерге айналдырып жіберген. Мұндағы тарихи кірігу заңы ғасырлар арасындағы уақыт айырмашылығын жойса, көп прототиптілік тетігі көне мифтік аңыздарды XV ғасырдағы Қазақ хандығының нақты саяси тарихымен шебер ұштастыруға мүмкіндік берді.
Осы уақытқа дейін ғылымда Қобыланды бейнесі тек екі прототиптің төңірегінде ғана түсіндіріліп келді, бұл жырдың тек үстірт даму сипатын ғана көрсететін. Ғалымдар XV ғасырдағы тарихи тұлғаның өз заманындағы саяси өзгерістерді заңды етіп көрсету үшін ежелгі дала батырының даңқын қалай пайдаланғанын әлі де зерттеуде. Сондықтан бұл бейнені бірнеше қабаттан — көне архаикалық негіз бен қыпшақ батырларының нақты тарихи тұлғалары тоғысқан күрделі құбылыс деп білуіміз керек. «Қобыланды батыр» жырының нұсқалары көп, бірақ Марабай нұсқасының жөні бөлек. Тарихта Қобыланды есімді бірнеше адам болса да, қазаққа мәлім Қобыланды батыр — біреу ғана. Өзге батырлар осы бас тұлғаның тасасында қалып, тек жырдың ел арасына кең тарауына негіз болған нұсқалар ретінде ғана қалды.
«Қобыланды» — қазақ фольк­лорының алтын қорынан орын алатын, 29 нұсқасы сақталған классикалық эпос. Соңғы уақытта бұл жыр бауырлас саха және әзербайжан тілдеріне аударылса, ақтөбелік ағайындар оның барлық 29 нұсқасын түгендеп, тұңғыш рет тұтас кітап етіп басып шығарыпты. Мұндай құнды жаңалықтар бағзыдан жеткен халық мұрасына деген ықыласты арттыра түсері анық. Осының бәрі «Қобыланды батыр» жырын тереңірек зерттеп, жас ұрпақтың санасына сіңіруге және батырлық дастанды заман талабына сай насихаттауға үлкен серпін береді деп сенеміз.

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір