Жақсы дос еді…
26.08.2025
320
6

Бүгінде Алматы жыл сайын, бәлкім, күн сайын өзгеріп жатқан болар. Бірақ оны қала жұртшылығы аса қат­ты сезіне қоймайды. Кейде тіпті сол өзгерістерге мән беріп, зерделеп қарауға да уақыт таба алмайды.

– Мына көшеде бұрын тек жер үйлер ғана болушы еді, ә, – дейді Бақытжан.
Оған бәрі де қызық. Себебі ол – менің курстас досым, көрнекті ақын Бақытжан Абызов. Қызылордадан кеше ғана келген.
– Машина да тым көп екен.
– Иә, баяғы кемелденген социализмнің көшелеріне бүгінгі бәсекешіл капитализмнің машиналары сыймай жатыр ғой, – деймін мен көшедегі қаптаған көлік қозғалысын жақтырмай, – таңертеңгі, кешкі кептелістерді көрсең, төбе шашың тік тұрады.
– Тыныштау бір кафеге кіріп, шай ішсек қайтеді, а? – деді.
– Иә-ә… Бірақ сен шаймен ғана шектелмейсің ғой.
Бахаң езу тартып, жымиды.
– Оны енді, өзің білесің. Біз – мейманбыз…
Тап осы сәт­те кафенің үлкен залынан аулаға қарай өтетін ергенек секілді ағаш есік сырғып ашылды да, ақ ұлпадай үлбіреген әдемі көйлек киген ұзын бойлы, сымбат­ты, ақ құба келіншек бері қарай қадам басып келе жат­ты.
Екеуміз де жалт қарадық. «О-о, бизнес-леди!» деген бір ой лезде жүгіріп өт­ті санамызда.
– О-оу, біздің жігіт­тер мұнда қайдан жүр, – деп күліп жіберді.
Бахаң екеуміз аң-таңбыз. Апыр-ай, біз кімді көріп отырмыз?! «Мы… мынау, университет­те бес жыл бірге оқыған курстасымыз, кә… кәдімгі… иә, иә, өзіміздің Гүлнар Өмірзақова ғой! Қалай-қалай өзгерген, ей?!.»
Гүлнар да біздің көңіліміздегі сол бір жылы лепті әп-сәт­те сезе қойғандай:
– Ал, қане достар, осы кез­десуімізді атап өтпейміз бе, – деп күліп жіберді. Сөйт­ті де, даяшы қыздарға қарап:
– Ең тазасын әкеліңдер, – деді бұйыра сөйлеп.
Үлкен залдың бір бұрышындағы барға қарай жүгіре жөнелген даяшы қыз көзді ашып-жұмғанша-ақ алдымызға «Бахус» зауытынан шыққан мөп-мөлдір шөлмекті әкеліп қойды.
Өздеріңіз жақсы білетін «қырық градустың» бір ерекше қасиеті – үндеместің тілін шығарып, қорқақты – батыр, сараңды – жомарт қылып жібереді емес пе!
– Алдымен, мынаны бір тартып жіберейік, – деп Бахаң рюмкасын жоғары көтерді.
Біздің қолымыздағы рюмкалар оның сөзін қуана-қуана қоштағандай сыңғыр ете қалды.
– Бірде, – деді Гүлнар өткен шақтағы бір оқиғаны көз алдына қайта әкелгендей сәл кідіріп, – Біріккен Араб Әмірліктерінен ұшып келе жатқан инвесторды күтіп алу үшін әуежайға бардық. Шынында да, сол күні шетелдік миллионердің көзіне сендер айт­қандай, бизнес-леди болып көрінуге тырыстық. Соңғы үлгідегі жаңа киімдерімізді киіп, сұлулық салонына бірнеше сағат уақытымызды арнадық.
Енді, міне, қолымызға гүл алып, жүрегіміз лүпілдеп құрмет­ті қонақты күтіп тұрмыз. Әрине, бәріміздің ойымызда: «Бизнесімді ептеп демеп жіберсе, жолымыз ашылар еді-ау» деген бір тәт­ті үміт бар.
Иә, сөйтіп, ұшақтың қонғанын, жолаушылардың құжат тексеретін пунктен өтіп, қол жүктерін алып жатқанын ап-анық біліп, естіп тұрмыз. Әне-міне дегенше, олардың алдыңғы қатары көрінді.
Үстінде көп киілгендіктен жаға-жеңі қырқыла бастаған көнетоз сұр плащы бар, қолына арзанқолдау ескі сөмке ұстаған қарт кісі жан-жағына алаңдап қарап, тұсымыздан өте берді. Біз оған, тіпті көз тоқтатып қараған да жоқпыз.
Бес минут­тан соң, әлгі кешігіп келген күтіп алушылар қалта телефонымызға қоңырау шалып: «Оу, сіздер қайда жүрсіздер? Біз мына кісіні такси күтіп тұрған жерінен көріп қалып, машинамызға отырғызып жатырмыз», – дейді.
Сөйтсе-е-ек, әлгі көнетоз сұр плащ киген қарт – біз күтіп жүрген миллионер-инвестор екен.
Біз Гүлнарға әлі де таңдана қарап отырмыз. Өткен ғасырдың бір белесінде қимай-қимай қол бұлғап, қоштасып қалған қызықты да думанды студент­тік шақтағы сымбат­ты қыз бүгінде мүлде басқа, мүлде жұмбақ жан секілді.
Біз білетін Гүлнар бір кез­дері сабаққа да, білімге де, атаққа да, даңққа да самарқау қарап, өзін-өзі оқшау ұстайтын студент сияқты еді.
Енді, міне, көптен күткен заманы жаңа туып, сан түрлі жаңалығымен қызықтырып, терең иіріміне тартып әкетіпті.
– Жарайды, жігіт­тер, – деді ол түскі үзіліс уақыты аяқталып, сағат тілі тұп-тура екіні көрсеткен кез­де, орнынан жеңіл ғана көтеріліп, – сендер баяғы-ы-ы студент­тік шақтың ең қызықты сәт­терін еске алып, егіз қозыдай жарасып отырыңдар бүгін. Өкінішке қарай, менің өте бір маңызды кез­десуім бар еді. Соған кешігіп қалмайын, ал сендер асықпаңдар, жарай ма. Бәрі де менің есебімнен! Тағы да қосымша тапсырыс берсеңдер, мархабат, қыздар менің атыма жазып қояды.
Ол қолын сәл жоғары көтерді де, саусақтарын қимылдатып, қоштасу белгісін жасағандай кафеден шығып кете барды.
– Қандай жақсы дос! – деді Бақытжан шын көңілімен риза болып.

Нұрғали ОРАЗ

ПІКІРЛЕР6
Аноним 26.08.2025 | 21:18

ештеңе түсібедім. әйтеуір бірдеңе жаза қояйыншы деген бе мыңқылдап

Аноним 27.08.2025 | 14:16

Нұреке, достар! Поштадан жаңа ғана келіп, «Қазақ Әдебиеті» газетін ашып қалсам, «Жақсы дос еді…» деген эссе-естелік көзіме оттай басылды. Авторы Нұрғали Ораз деген классик жазушы екен. Ішінде Бақытжан деген көрнекті ақынның бірнеше рет рөмкені көтеріп тамақтың астына тастап жібергені, қызу да кеңжайлау көңілі кеңінен баяндалыпты. Енді бүкіл Қазақстан Бахаңды қазіргі заманның Омар Хаяймы деп ойлап қалады-ау деп те уайымдап қоямын. Ойласа, ойлай берсін. Ол да танымалдықтың бір белгісі ғой. Енді аяулы Гүлнар Өмірзақова досымыздың болмысы, сұлулығы, еркелігі, мәрттігі ғажап суреттелген. Мемлекеттік сыйлық алған, атақ-дәрежеге малынған көп пенденің қасында біздің Гүлнардың образы биік болмысымен шыңға шырқап тұр . Бұл эссе кәдімгі прозамен жазылған аса шабытты лирикалық өлеңдей сағыныш сазымен, фотоға түсіргендей шынайылығымен баурап алған сұлу дүние болып шығыпты. Нұреке, құттықтаймын! Гүлнар досымызға күллі курстың атынан ғажап ескерткіш орнатыпсың. Ризамыз!

Аноним 27.08.2025 | 14:18

Жүрек жылытатын шынайы көрініс. Кәдімгідей сіздермен бірге отырғандай сезіндік.
Гүлнәр бауырымыздың рухы ырза болғай!

Аноним 27.08.2025 | 14:20

Нұреке, жазған эссең жан тербетер, Жәйт екен көркем тілмен әңгіме етер. Аруды аққу етіп әспеттепсің, Рухын Гүлнар достың мәңгі етер. Шынымен жан еді ғой мақтауға лайық, Жазыпсың мерей тасқан шақтарды лайық.Жандардың ұмытылмас жақсылығы, Жаралып періште боп, өткен ғайып.

Аноним 27.08.2025 | 14:21

Керемет жазылған, жарайсың Нуреке! Тура Өмірзақова Гулнармен кездескендей болдым, жаратқан панасына алсын! Шынында да жақсы дос еді

Ғалымның да өлеңі сәтті шығыпты.

Аноним 31.08.2025 | 17:51

Сонымен Гүлнәр әңгімесі аяғы не болды, әлгі инвестор миллионер шалға тұрмысқа шықты ма, түкке түсінбедік

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір