Ақынбаба ҮСЕНҰЛЫ. АҚАН МЕН БІРЖАН САЛДАЙ САЙРАП ЕДІМ!..
31.08.2026
58
0

Ақынбаба Үсенұлы 1940 жылы Моңғолия, Бай-Өлке аймағы, Бұлғын елді мекенінде дүниеге келген. 1993 жылы өзі өмір бойы аңсаған атажұрты Қазақстанға қоныс аударып, 1997 жылы Жетісу жерінде өмірден өткен. 1958 жылы Бай-Өлке аймақтық орта мектепті үздік тамамдап, сол жылы 18 жасынан бастап еңбек жолын аталған мектепте ұстаздықтан бастайды. Артына ұлттық мазмұнға толы мол рухани мұра, еңбектер қалдырған Ақаң Моңғолия астанасы Ұланбатырда Пушкин атындағы мемлекеттік Университетте Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын оқып, бүкіл ғұмырын ұстаздық жолға арнады. Шетелдегі қазақ Диаспорасының қайраткері, Моңғолия оқу ағарту ісінің үздігі, Моңғолия халық өнерпаздарының Республикалық байқауының алтын медаль иегері, екі дүркін дипломанты, Моңғолия Аудармашылар одағының, Моңғолия Журналистер одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Қоғам қайраткері, ақын, аудармашы, әнші, публицист, сатирик, жазушы Ақынбаба Үсенұлы ғұмыр бойы қазақ ұлтының мүддесі жолында жанкештілікпен күресіп қана қоймай, қазақ әдебиетін, қазақ руханиятын, қазақ өнерін аса жоғары қадірлеп өтті. Сонау Моңғолияда өмір сүре жүріп, 30 жыл бойы «Қазақ әдебиеті» газетіне тұрақты түрде жазылып, әрбір парағын жібермей оқыған тұрақты оқырманы болған екен. Ақынбаба әкенің аманатын арқалап, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, насихат­тап жүрген белгілі ақын, әнші Ақсұңқар Ақынбабақызы редакциямызға әке мұрағатынан бір топ өлең-жырларын әкеліп, ұсынған еді.

                ЛИРИКА
Түн ортасы ауғанда,
Төпелеп нөсер жауған ба?
Өлең қыздың аулына
Есіл дертім ауған ба?

Ой араққа мас болып,
Дөңбекшимін төсекте.
Көкірек көзге жас толып,
Қор болған тұлпар есекке.

Аспанда бұлттар күркіреп,
Нөсер құяр ойы бар.
Кеудемді бір дерт жүр тіреп,
Соқса дауыл айығар.
                                              1969 жыл

***
Әр нәрсе ойымды торлайды,
Белгісіз нәрсені қармайды,
Қаншама ойларға батсам да,
Көңілім еш неге толмайды.

Айнала суық жел кеулеген,
Ұшқан шаң, ызыңды үн кернеген.
Домбыра секілді күйі жоқ,
Үрейге батамын мен неден?
                                                            1959 жыл
***
Шынымды жасырман,
Жасқанып бас ұрман.

Үндемей жүре алман,
Күпініп тасынбан.

Мен мылқау емеспін,
Қайралған егеспін.

От мені жанайды, қайрайды,
Кеудемде кек бұрқап қайнайды.

Кетілген көңілім өткір боп жетілер,
Мен емес, еңкеймес өрлігім өкірер!

Ал, олар, менен тым айбарлы сес көріп,
Сескенер, селкілдер, өкінер!
                                                                 1970 жыл
***
Биіктікті ұғынарға,
Тау болған соң шыңы бар да,
Кілең шаттық бүйырар ма?
Жан болған соң мұңы бар да.
Соның бәрін ұғынарға,
Қолда бардың құны бар ма?

Құласам да, биігіңнен құлайын,
Жыласам да, күйігіңнен жылайын.
Берсең өлі уайым,
Бықпырт етіп қуайын,
Қажымайтын қайраттан,
Ұмыт қалдырма, Құдайым!

***
Тек өзіңсің ойымда да, қиялда,
Жас жүрегім дірілдейді қинала.
Құйды жаңбыр көк аспанды жылатып,
Сен жайлы жыр ақ қағазға құярда…

Күй-дүние, күйтті көңіл үйлессе,
Бір бақытқа кетер едім ілесе,
Мен бағыңды аша алам ба, білмеймін,
Сен бағымды ашар едің мың есе.
                                                          1970 жыл
***
Сен қайыңсың бұратылған бақшадағы,
Бұлғынның иірімінің ақ шабағы,
Танырсың көп ішінен ғашық болған,
Жүрегі жырға толы жақсы ағаны.

Мен де бір жасыл орман, жасын жанмын,
Лаулаған, жалын атқан жасымдамын.
Сенде егер сезімді ұғар жүрек болса,
Мәңгілік мен де сенің қасыңдамын.
                                                         1971 жыл

                                      БҰЛҒЫН ЕРКЕМ

                                                 (Әні бар)

Сағым құшып Бұлғын тау мұнарланған,
Сымбатыңды көрген жан құмарланған.
Қасқа шыңдар орманнан қамқа киіп,
Бұлт сәлдесі басында тұманданған.
Бұлғын еркем,
Алтын өлкем.

Бұлғын –Алтай жерің бай кең сөгілген,
Қойнауыңнан мал өріп, дән төгілген.
Күміс күлкі, күмбір күй домбырада,
Аспанынан асқақтап ән төгілген.
Бұлғын еркем,
Алтын өлкем.

Масатыдай құлпырған салқын жайлау,
Бір ғанибет балғын шақ, еркін ойнау.
Ауыл басы сәйгүлік ат жаратып,
Желі сайын тулатып құлын байлау.
Жасыл Бұлғын,
Асыл құрбым.

Бірде самал әлдилеп, бірде жауын,
Баурайыңда сыңсиды бақша-бауың.
Келіншекше керілсе, кербез өзен,
Алыптарша сұлайды ақша тауың.
Жасыл өлкем,
Асыл еркем.

Талай іштім шаһардың құдық суын,
Аңсап жүрдім Бұлғынның тұнық суын.
Алқа асынған арудай мың бұрала,
Пай-пай, шіркін, жаз көрсең бұлықсуын.
Жасыл Бұлғын,
Асыл құрбым.

Қойның толған қара орман, бауырың жасаң,
Күміс толқын, Сөңкіл көл жайқын жайсаң.
Өткел бермес тасыса тентек Күрті,
Көк мұхиттан бұлт емген бір лайсаң.
Жасыл өлке,
Асыл еркем.

Күміс күні төбеде күліп тұрар,
Алтын айы аспанда жүзіп тұрар.
Иықтаса шіренген ақбас шыңдар,
Көк аспанды көтере сүзіп тұрар.
Жасыл Бұлғын,
Асыл құрбым.
                                                  1978 жыл
* * *
Менен қашатындар,
Қоғам дәулетін шашатындар,
Қазынаға түсетіндер,
Ымыраласып ішетіндер,
Бірін-бірі сүйрейтіндер,
Әділетті сүймейтіндер,
Рухани баю орнына,
Өсекті үрлейтіндер,
«Өтірік күл!» – дейтіндер,
«Көп итше үр!» – дейтіндер.
Даттасын, дұшпан даттасын,
Бір Құдай өзі жақтасын,
Жолым да таза, қолым да,
Әйтеуір менің ақ басым!
                                              1986 жыл

                                 ОРТАҢДА БҰЛБҰЛЫҢ БОП САЙРАП ЕДІМ!
Бір әнді айт деген соң айта салдым,
«Қайта айт!» деп қалаған соң қайта салдым.
Жақсы әнді жаны сүймей өңі қашқан,
Салғыртты менменсіген жайпай салдым.

Көп көрдім қызығыңды, сайран елім,
Ортаңда бұлбұлың боп сайрап едім.
Қазақ пен ұраңқайдың арасында
Ақан мен Біржан салдай жайнап едім.

Ән асырып Алтайдан орындайын,
Қобдадай таудан аққан арындайын.
Еліме бұл әуезім ұнар болса,
Шырқайтын осы тойда әнім дайын.

Ән салайын үзілтіп шумақ-шумақ,
Оңай емес ой жиып, өнер қумақ.
Мақтанды деп, халайық, сөге көрме,
Кезігер аса сирек әнші тумақ.

Бір әнді айт деген соң айта салдым,
«Қайта айт!» деп қалаған соң қайта салдым.
Жақсы әнді жаны сүймей өңі қашқан,
Салғыртты менменсіген жайпай салдым.
                                                                                         1989 жыл

                           ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУДЫҢ ТОЙЫНДА
                                       (Әні бар)
Ассалаумағалейкум, ұлы жиын,
Үлкен тойда ән салу қилы, қиын,
Құдіреті осы емес пе Қожекеңнің,
Тамылжып тұр емес пе күнің бүгін.

Көкорай көк шалғынды басып келдім,
Қобда өзендей көңілім тасып келдім,
Әдейілеп шақыру бергеннен соң,
Осы әніммен шашуын шашып келдім.

Қоңыр қаз, аққу-қаз қайда?
Аққу қонар саз майда.
Еліме бақыт, құт қонсын!
Биылғы жаздай жаз қайда?

Бір батыры Керейдің Қожаберген,
Қилы заман артта қап тоза берген.
Екі ғасыр өтсе де содан бері,
Басқалардан шоқтығы оза келген.

Қобда өзен ақ жалқын боп тасып жатыр,
Арнасынан, сыя алмай, асып жатыр,
Елін жаудан қорғаған батырлардың
Алтай-Қобда жерінде басы жатыр.

Қоңыр қаз, аққу-қаз қайда?
Аққу қонар саз майда.
Еліме бақыт, құт қонсын!
Биылғы жаздай жаз қайда?
                                               1993 жыл, 23 шілде

                             ҚҰЛАҒАН ЗАҢҒАР
Шекара деген –
күштілердің айласымен
бекіп қалған бір сызық!
Ішінде де, сыртында шекараның
жүр бұзық,
Әшкерелене бастады,
Құпия болған халыққа
Брежнев пен Цэдэнбалдық мың «қызық…»

Нар бәйтерек ол да бір күн
күші бітіп құлайды,
Оның орнын бір белгісіз күні туып құрайды.
Төменгіні теңгермейтін асқақ өскен
Сол заңғар,
Енді ешкімге керексіз боп
Қарсы алдыңда сұлайды.

Сол бір заңғар
Жауыннан да, дауылдан да ықпайтын,
Дүйім халық бас иіп,
Көңілін ылғи жықпайтын,
Қайран заңғар тақтан құлар бақ қайтып,
Оралар ма енді оған ұжымақ пен
Тақ қайтып?..
                                                    1991 жыл

                         ШУМАҚТАР
Нағыз ақын мен емеспін,
Сынама, ел!
Нағыз ақын – мына мені
Туған жер!
Туған жердің жүрегіндей тым жақын,
Ұлын сүйе білген халық – шын ақын!

***
Талай судың дәмінен
Татып көрдім өз басым.
Артық көрдім бәрінен
Туған жердің көз жасын.
***
Биігінде адалдықтың бірге өстім,
Сауық-сайран гүлі болдым, жыр кештім.
Ессіздердің естілігін білсем де,
Естілердің есерлігін білмеппін.
***
Жетелеткен пенделікке арыңды,
Бір адалды арашалап алудан.
Бір арамды әшкерелеп салудан,
Артық көрген шын мықтыны шалуды.
***
Бірі бөсіп,
Бірі көсіп…
Бірі кесіп,
Бірі жесіп…
Бірі бөртіп,
Бірі кертіп…
Бірі түртіп,
Бірі шертіп…

                              АТАЖҰРТҚА КӨШЕРДЕ
Қолда барда қадірі жоқ,
Алтын сақа секілдімін.
Таяқталып жазығым жоқ,
Көп ұрынып, кетілдім мың.

Жүрегімді өртеп кей күн,
Мен кімдерге өштенемін?
Сұлулыққа селт етпейтін,
Кесапаттан сескенемін.

Құлынымнан тұсау салып,
Бәйгелерге қоспадыңдар.
Шындықты айтып тұрсам-дағы,
Қиянатты қоштадыңдар!

Сталин мен Цэдэнбалдық,
«Қол, аяқтар» талатқан мың.
Қалғып жатқан елді оятып,
Шырқап салған «Қанатталдым!».

Талабы зор, жаны таза,
Торда ұстаған балаң едім.
Жолы қиын, қаны таза,
Қош, аман бол, қайран елім!
                                                            1993 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір