Мемлекет басшысы құттықтап, министрлер құрмет білдірді
22.01.2024
76
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толуына орай Алматы қаласындағы «Достық» үйінде салтанатты шара өтті.

Басылымның мерейтойына арналған шараның шымылдығы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзімен ашылды. Министр ғасырға жуық тарихы бар басылымды мерейтойымен құттықтай келе, көпшілікке Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, әдеби апталықтың Бас редакторы Дәурен Қуатқа Мемлекет басшысының арнайы сыйлығы ретінде автокөлік кілтін табыстады.
Сонымен қатар салтанатты жиын барысында тәуелсіз еліміздің өркендеуі мен дамуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан абыройлы қызметі үшін «Еңбек ардагері» медалімен ілгеріде газетте қызмет еткен зейнеткер журналистер – Исраил Сапарбай, Әмірхан Меңдеке, Қайырбек Асанов, Жұмабай Шаштайұлы, Әлия Бөпежанова, ­Еркін Жаппасұлы, Гүлжамал Теміреева марапатталды. Сондай-ақ «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін газет тілшісі Мөлдір Райымбек иеленсе, министрдің Алғыс хатымен газетте суретші-дизайнер болып қызмет еткен зейнеткер Төлеген Ильяшев, «Қазақ газеттері» серіктестігі Бас директорының кеңесшісі Жүсіпбек Қорғасбек, «Рамазан Групп» компаниясы басшысының кеңесшісі Думан ­Рамазан, «Қазақ әдебиеті» газетінде 24 жыл корректор болып еңбек еткен Кенжехан Нүсіпова, республикалық қоғамдық және діни-танымдық «Дүрбі» газетінің беттеуші-дизайнері Елубек Базарбеков және «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкерлері Данияр Қабаев пен Марат Тұрсынов марапатталды.
Айтулы жиын балалар басылымдарының бүгінгі жай-күйін саралаған «Қазақстан балалары – шығармашыл интеллигенция» атты дөңгелек үстелге ұласты. Ерекше сипатта ұйымдастырылған бұл басқосуда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бірлесе отырып, балалар басылымдарының бас редакторларымен және мектеп мұғалімдерімен, кітапхана қызметкерлерімен кездесті. «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Дәурен Қуат, «Ақжелкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармахан, «Балбұлақ» журналының бас редакторы ­Мағира­­ ­Қожахметова, «Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы Қымбат Әбділдәқызы, «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Ольга Рыбкина, республикалық «Ақылдым» журналының бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы қатысқан алқалы жиында балаларға арналған контенттер ғана емес, басылымдардың таралу барысы мен тираж санын арттыру үрдістері қозғалды. Дөңгелек үстел қорытындысында қос министрлік тілге тиек болған, көпті ойландырған мәселелерді өзара ортақтасып шешуге уағдаласты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір