Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ. Берері мол асыл дүние…
28.08.2026
77
0

Қазақстан Республикасының Перзиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділет­ті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын бас көтермей оқыдым. Әрине, ел Президентінің сонау 2009 жылдан бергі, әлемдік деңгейдегі саммит, форумдар мен өз еліміздегі келелі іс-шараларда айтқан ойлы сөздері көптің көкейіндегісін тап басады. 21 тақырып, 330 беттен тұратын кітапта еліміздің өркендеп, әлемнің дамыған елдерінің қатарына еркін қосылуына бағдар беретін, Конституция, Тәуелсіздік, егемендік пен мемлекеттілік, ынтымақ пен бірлік, ғылым және білім, тарих, мәдениет пен руханият және жастар, тағы басқа қадау-қадау тақырыптар қамтылған екен. Қасым-Жомарт Кемелұлының Мемлекет басшысы ретіндегі миссиясы ашық та айқын көрініп тұр.

«Республикалық реферундумға шығарылған халық Конституциясының жобасы – мемлекетіміздің болашағын, даму бағдарын айқындайтын тарихи құжат», – дейді Президентіміз.
Өзім тіл мәселесіне ешқашан бей-жай қараған емеспін. Журналистер одағына өтпей тұрған кезден, ана тіліміздің жанашыры ретінде, тіл мәселесінде, аудан, облыстық «Жерұйық» (кейін «Жетісу» аталған), республикалық «Ана тілі», «Дала мен қала», «Жас Алаш» пен «Егемен Қазақ­стан» газеттерінде проблемалық, көбінесе, реидтік сыни тұрғыдағы материалдарым жиі жарияланып тұрды. Мемлекет басшысының парасатты саясатының, халықтың бірлігінің арқасында қасиетті тіліміз төрден орын алып, биік шыңына шығатынына күмән жоқ. Президенттің: «Қазақ тілі іс жүзінде мемлекеттік тіл болуға тиіс. Бірақ мен бұған біртіндеп, артық әбігерліксіз, асықпай келеміз деп ойлаймын» деген сөзі дәлел бұған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жоғарыда айтқан келелі ой-пікірінің бірте-бірте іс жүзіне асарына өзім кәміл сенемін. Әсіресе Құрылтай, Үкімет мүшелері, Комитет қызметкерлері, әкім-қаралар мен сала басшыларына мемлекеттік тілде сөйлеуге, таза жаза білуге міндеттеу керек. Белгіленген, кесікті уақыт ішінде қазақ тілінде таза сөйлеуді үйрене алмаған маман қызметімен де қош айтысуға мәжбүр болса, осындай қажеттілік көп мәселені шешуге түрткі болар еді.
«Мемлекеттік тілді білу талабы менің бұйрығыммен Сыртқы саясат ведомствосына жұмысқа қабылданатын әрбір қызметкерден талап етіледі» деген Президент тұжырымы өте орынды. «Шетелдік делегацияларды елімізге келгенде, қазақ тілімен қарсы алып, қазақ тілінде шығарып салуымыз қажет» деген Мемлекет басшысы бұл талапты орындау­ды өзі бастап та кетті. Оны айтасыз, осыдан бір жыл бұрын Президентіміз, бүкіл әлемді ауызына қаратып отырған Біріккен Ұлттар Ұйымында баяндамасын қазақ тілінде жасап, «айды аспанға шығарды» емес пе?! Бір бұл ғана емес, осыдан оншақты жыл бұрын, Қазақстан Республикасы атынан БҰҰ-ның Төрағасы қызметін де (әр ел ауыспалы тәртіп бойынша) абыроймен атқарғаны мәлім.
«Қазақ тілін білу – өте құрметті, абыройлы, биік мәртебе», сол сияқты: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» («Тіл» журналы мен «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттеріне берген сұхбаты. 02. 04. 2019 жыл). Міне, құрметті оқырман қауым, Қасым-Жомарт Кемелұлының асыл сөзі, ел боп қолдауымызбен, іс жүзіне асып, тіліміз тиісті мәртебесін аларына сенейік…
«Жастар – біздің болашағымыз» деген қанатты сөзді жиі ауызға аламыз. «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында Президентіміз Жастар тақырыбына да айрықша мән берген.
«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз». «Басты міндет – талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру. Ең бастысы – туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету». «Біз не жасасақ та, бәрін болашақ ұрпақ үшін жасаймыз» дейді Мемлекет басшысы. Қазақта: «Әркім – өзінде барын базарлайды» деген тәмсіл бар. Сондықтан өзім Қазақстан Жазушылар одағының толыққанды мүшесі болғандықтан, біздің әдеби Одақта, ел Президенті айтпақшы, жастар арасында, қандай әдеби-мәдени және рухани қамқорлықтар жасалып жатқанын тілге тиек етейін….
Жақында, интернет беттерінде, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы, қоғам қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов «Әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама керек» атты Үндеу жариялаған еді. Осы тарихи құжаттың қаншалықты маңызды екенін ойлы оқырман жақсы біледі. Жалпы, бұл бастама Мереке Әбдешұлы төрағалық етіп келе жатқан жылдарда жүзеге асқан жобалардың заңды жалғасы деп есептеймін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабай қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың Төртінші отырысында былай деген еді: «Адамға салынған инвестиция – мемлекеттің ең сенімді және дұрыс салымы. Мен «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті деп үнемі айтып келемін. Өйткені білімді, еңбекқор әрі мақсатшыл жастар елімізді мақсатқа жеткізеді».
Осыдан үш жылдай уақыт бұрын Мереке Әбдешұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, әдебиет, кітап оқу мәдениеті, жастарды қаламгерлікке тарту бағытындағы қажетті іс-шаралар мен маңызы зор жобалар турасында Мемлекет басшысына айтып, Президент оны толықтай қабыл алып, оң көзқарас танытқан-ды. Ал 2024 жылы Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетімен стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс бойынша жариялаған конкурстан «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақ­станның әдеби-танымдық панорамасы», «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақ­стандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты үш жобаны ұтып алып, сәтті орындап шыққан болатын. Биыл да сол жобалардың аясында үшінші мәрте өткізіліп отырған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсына жас қаламгерлерден жиырмадан астам, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына алпыстан астам, «ТМД елдері архивтеріндегі Қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасына жиырмадан астам өтінім келіп түсті. Қазіргі таңда, іріктеу кезеңі аяқталып, жоба жеңімпаздары анықталып, іріктеуден өткен қаламгерлер мен зерттеушілер өз жұмыстарына кірісіп кетті.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтің басқаруымен, Төрағаның орынбасары, елімізге белгілі ақын Қасымхан Бегманов, этнограф, ғалым Ахмет Тоқтабай, қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосанов, тағы басқа танымал әдебиетшілер мен ғалымдардың рухани-зерттеу экспедициясы Атырау, Ақтөбе, Ақжайық өңірлерінде болып, таудай шаруа бітіріп қайтты. Бұл экспедиция құрамында айтыскер ақын, «Зейнолла Сәнік» қорының атқарушы директоры Серік Қалиев пен қор құрылтайшысы, кәсіпкер-меценат Қанат Зейноллаұлы сынды танымал тұлғалар да болды. Экспедицияның негізгі мақсаты: жазушы-этнограф Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл толған мерейтойы­на орай, аймақтарда Зекеңнің өмір жолы мен ғылыми еңбектерін кеңнен насихаттаумен қатар, қалың жұртшылыққа қазіргі әдебиет мен мәдениеттің жетістіктерін, қазақтың рухани құндылықтарын барынша жеткізу және жастарымызға үлгі-өнеге көрсету арқылы елсүйгіштікке тәрбиелеу болды. Көптеген жергілікті таланттар анықталып, арнайы шәкіртақылармен марапатталды. Осы бағыттағы ізгі шаралар еліміздің оңтүстік, солтүстік пен шығыс аймақтарында да өтті, әлі де жалғасуда.
Тағы бір қуантқан басты жаңалық – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 23 сәуір – «Ұлттық кітап күні» болып белгіленді. Міне, осы датаға байланысты, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жазушылар одағының қолдауымен тұңғыш рет «Ұлттық кітап» атты байқау жариялап, жүлдегерлер марапатталды.
Елімізде мемлекеттік тілді дамыту, қолданыс аясын кеңейту мақсатында әр аймақтарда «Тіл» оқу-әдістемелік орталықтары құрылып, «Тіл конкурсы» өткізіліп жүргені мәлім. Көркем әдебиет саласындағы «Меценат», әр жанр бойынша «Алтын қалам», мәдениет, этносаралық бірлікті нығайту мақсатында «Айбоз», жас қаламгерлерге арналаған «Дарын» атты конкурстар өткізіліп, президенттік арнаулы әдеби сыйлықтар тапсырылуда. Жоғарыда аталған ізгі істердің басы-қасында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған Басқарма мүшелері мен жазушылар көп еңбек етуде.
Тағы бір ерекше айтар қуанышты жаңалық, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының бастамасымен әр облыста «Әдебиет үйі» ашылып жатыр. Сол сияқты, Жазушылар одағы мүшелеріне стипендия тағайындалуда және Жазушылар одағы мен облыс әкімдерінің келісімі бойынша Одақтың филиалы үшін ғимараттар берілуде.
Қуанышпен айта кетерлік оқиға, «Адамзаттың Абайы» атты атақты халықтың өзі берген, дара, данышпан Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай, аймақтарда ашылып жатқан музейлер мен ұлы ақынның бюстерін орнату және мерекелік кештердің бәріне біздің Жазушылар одағы Басқарма мүшелері мен сол аймақтағы филиалдардың қаламгерлері белсенділікпен атсалысуда.
Жоғарыда аталған игі істер толастамай, облыстарда жалғасын тауып жатыр. Бұл жаңаша, қуанарлық бағыттағы ізгі шаруа­лардың барлығы Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтің біліктілікпен басқаруы, ұйымдастыру қабілетінің жемісі екенін айтқанның әбестігі жоқ.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп қазақ атамыз айтқандай, әсіресе тәуелсіз еліміздің рухани ұйытқысы – Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында да аталмыш Одақ қыруар іс жасады. Бұл тарихи мерекеге түркітілдес елдердің ғана емес, Еуразияның, көрші Ресейдің беделді қаламгерлері де қатысып, той мерейін арттыра түсті. Мәселен, бауырлас Түркия елінің Жазушылар одағының Төрағасы, профессор Муса Қазым Арыжан, Еуразия Жазушылар одағының Төрағасы Уфук Тузман, Әзербайжан Жазушылар одағының Төрағасы Анар Рзаев, КХР Жазушылар одағы Басқармасы мүшесі Акбар Мәжит, сол сияқты қырғыз, өзбек, башқұрт, татар, якутия, чуваш елдері Жазушылар одағының төрағалары қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, үлкен құрмет көрсетті. Халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов пен белгілі ақын Қасымхан Бегмановқа Түркия Жазушылар одағының үлкен марапатын ұсынып, «Алтын қалам» сыйлығын тапсырды. Міне, осы торқалы той арқылы, әлемдегі алыс-жақын елдердің біздің елге ғана емес, Қазақстан Жазушылар одағына деген сый-құрметін анық байқадық.
Сонымен қатар «Қазақстан Жазушылар одағына үміткер» жобасы бойынша, 20 жасқа дейінгі жастарды ынталандыру бағытында байқаулар мен әдеби кештер өткізу дәстүрге айналып келеді. Осы мақсатта Жазушылар одағы халықаралық «Ертөстік» балалар әдеби сыйлығын тағайындады. Талай дарыннның бағын ашқан «Алматының жас жазушысы» жобасы «Қазақстанның жас жазушысы» атауымен өткізілмек. Бұдан бөлек, келер жылдан бастап, түркітілдес елдердің әдеби шығармаларын қазақ тіліне аудару мақсатында «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасын іске қосу көзделуде. Бұл, әрине, түркітілдес елдерді бауырластырып, әдебиетін ғана емес, мәдениеті мен рухани байланысын өрістете түспек.
Мереке Құлкеновтің қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейту мақсатында жүзеге асырып жатқан жұмыстары халықтың көз алдында. Нобель сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі жазушы Моя Яньды елге шақырып, Алматы, Астана қалаларында оқырман қауыммен, ақын-жазушылармен, ұлт зиялыларымен емен-жарқын кездесу ұйымдастырғаны сондай ізгі мақсаттан туған бастама. Сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» атты романын әлемдік деңгейдегі «Нобель» сыйлығына ұсыну мәселесін жан-жақты қарастырғаны да ұлттық әдебиеттің дүниежүзі оқырмадарына еркін жетуін көздеу болып саналады.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов: «Қазақстан Жазушылар одағы «Кітап оқитын ұлт – читающая нация» қоғамдық қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Бұл келісім – Мемлекет басшысының «Кітап оқыту мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру шаралары туралы» Жарлығын іске асыруға бағытталған маңызды қадам. Қазақстан Жазшылар одағы үшін, жазушы мен оқырман арасындағы байланыс орнату – басты міндеттердің бірі. Жасалған меморандум аясында алдағы уақытта, еліміздің барлық өңірінде қаламгерлердің оқырмандармен кездесулері, шығармашылық кештер мен әдеби-ағартушылық жобалар ұйымдастырылатын болады. Кітап – жастардың ғана емес, дүйім ұлттың рухани өзегі. Кітап оқитын қоғам ғана ойлайтын, ізденетін, болашағына жауапкершілікпен қарайтын қоғам бола алады. Осы игі іске баршаңызды бірге атсалысуға шақырамын!» – деген еді бір сөзінде. Мемлекет басшысының реформалары мен руханияттың қара шаңырағы Жазушылар одағының атқарып жатқан жұмыстары халық игілігі үшін қызмет еткен сайын, ұлттың мерейі де үстем болмақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір