АКАДЕМИК АКМАТАЛИЕВ

Абдылдажанмен танысқанымызға қырық жылдай уақыт өтіпті. Мен білетін Абекем – жан-тәнімен заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов шығармашылығын зерттеп, насихаттауға бар ғұмырын арнаған жан. Ол өзі аса қарапайым, кішіпейіл, ғалымдардың ішіндегі ақыны, ақындардың ішіндегі ғалымы. Оның жырдан жаралған жүрегі «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – деген данышпан Абай сөзін еске түсіреді. Қашан көрсең, күлімдеп тұратын ерекше мейірбан, аузын ашса, жүрегі көрінетін, құшағы кең, жанарынан жылы шуақ пен нұр төгілген Азамат. Қайда барса да айыр қалпағын тастамайтын Абдылдажан қолды-аяққа тұрмай, бірде Түркияда, бірде Қазақстанда, енді бірде Италия мен Грекияда, Оңтүстік Корея мен Швецияда, тағы бірде Франция мен АҚШ-та, Қытай мен Жапонияда, Грузия мен Әзірбайжанда, Ресей мен Өзбекстанда іссапарда жүреді. Жүрген жерінде әлемде теңдесі жоқ «Манас» эпосы мен Айтматов эпопеясын тілге тиек етіп, жаһан-дүниеге таныстыра жүреді. Бұл оның өмірінің негізгі мәні мен мағынасы десек те болады.
Мен тұңғыш рет Қырғыз еліне сонау Кеңестік кезеңде, нақтырақ айтсам, 1987 жылы бардым. ҚазМУ-дың журналистика факультетінің жас оқытушысы кезім. Бішкектегі (ол кезде Фрунзе) Қырғыз Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне бір топ студентті бастап апардық. Менен басқа Айтқазы Байдәулетов пен Нұрлан Үсенов деген мүғалімдер бар. Қырғыз жағынан Абдығаны Дәрменбекұлы Халилов тосып алды. Қырғыз журналистік білім беру жүйесінің ақсақалы, профессор Тоқтосун Мамбетсариевтің көзі тірі кез еді. Университетте бас қосып, екі елдің студенттері өнерлерін көрсетіп, Қырғыздың бас қаласын аралап, «Ала-Арча» демалыс саяжайына барып, мәз-мейрам болғанбыз. Айтматов есімі бүкіл Кеңестер Одағында аспандап тұрған кездер. Сонда бізге Шыңғыс ағаның жаңадан шыққан «Плаха» кітабының (мұқабасы жасыл түсті былғарымен қапталған) бір-бір данасын автордың қолтаңбасымен алудың сәті түскен. Алғаш рет сол сапарда, университет қабырғасында Абдылдажанмен танысқан едім. Сол тұстың өзінде Абекең – «Роль творчества Ч.Айтматова в развитии взаимосвязей и взаимообогощения современных литератур Киргизии и Казахстана»: Автореферат на соискание канд. фил. наук. (10.01.03. – Фрунзе. – 1982. – 23 с.) деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап алған Айтматовтанушы чоң ғалым.
Ол алғашқы зерттеулерімен-ақ Айтматовтануға тыңнан түрен салды. Шыңғыс Айтматов шығармаларының қазақ әдебиетімен байланысына айрықша көңіл бөлді. Әсіресе сол кездің өзінде Шыңғыс ағаның «Ақ кемесі» мен Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасын салыстырмалы түрде талдап, екі автордың айтар идеясының ұқсастықтары мен айырмашылықтарына мән бере талдады. «Ақ кемедегі» мүйізді Бұғы-Ана мен «Аңыздың ақыры» романындағы мұнараның тұрғызылуы туралы аңыздарды салғастыра келе, жеке тұлғалардың халықтың тарихи жадымен тығыз байланыста болатын дала өркениетінің «геопоэтикасын» аша білді. Сондай-ақ Айтматов шығармасындағы ар мен тазалықтың, рух беріктігі мен Жаратқанға бір табан жақын биіктіктің символы ТАУ бейнесі мен Кекілбаев шығармасындағы кеңдік пен дархандықтың, шексіздіктің, енді бір сәт уақыт пен кеңістіктің тоғысқан тұсының символы ДАЛА бейнесін ұштастыра саралайды. Екі шығармаға да өзек болатын «мәңгүрттік» жайында кесек ойларды қозғайды. Болашақты «мәңгүрттіктен» сақтаудың жолын іздестірген жан дауасын іздейді.
Бұдан басқа Айтматов пен Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза шығармашылықтарына бойлап, тың тұжырымдар жасайды. Қалтай Мұхаметжанов, Зейнолла Қабдоловтармен Шыңғыс Айтматовтың шығармагерлік байланыстары мен жеке достықтары туралы сөз қозғайды.
Академик Акматалиев қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын өз ғылыми ізденістеріне өзек етумен бірге, өз өмірінде екі ел арасындағы алтын көпір іспеттес дәнекерлік рөлін атқарғанының талай мәрте куәгері болдық. Ол қазақтың маңдайалды ғалымдары Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасовтардың мерейтойларына үнемі келіп қатысып, Халықаралық конференцияларда баяндама жасап, баспасөзде көптеген мақала жазды. «Заки агай – кыргыз окумуштуулардын мектеби», «Зейнулла ага ар дайым көз алдымда», «Турсунбек ага – биз үчүн өрнөк» сияқты мақалалары сөзіміздің дәлелі бола алады.
«Ч.Валихановдун «Көкөтөйдүн ашын» жазыпалуусунун дүйнөлүк тарыхый мааниси»;
«М.Ауэзов адабият залкары – достуктун данакери» (Казак жазуучусунун туулган күнүнүн 90 жылдыгына карата);
«М.О.Ауэзов и киргизская советская литература»;
«М.Ауэзов менен Ч.Айтматовдун чыгармаларында бөрү образынын сүрөттөлүшү»;
«Сүйүнбай – замандын ойчул акыны»;
«Кызыл алмадан» басталган тааныстык;
«Новая находка (о найденном рукописе М.Ауэзова «Серый волк»)»;
«Казак-кыргыз бир тууган, алга карай умтулган»;
«Переводил ли Айтматов «Манас»?! Или познокомил ли эпос «Манас» Айтматова с Ауэзовым?!»;
«Түрк дүйнөсүнүн улуу акыны – Жамбыл Жабаев»;
«Мухтар Ауэзов жана Чыңгыз Айтматов»;
«Кан менен тер» кыргыз тилинде»;
«Кыргыз-казак драмасы «Фудзияма»;
«Кыргыз жана казак акындарынын өлөңдериндеги заман бейнеси…»
Бұл келтіріліп отырған ғылыми мақалалардың тақырыбының өзі академик Акматалиевтің қазақ әдебиетін қаншалықты терең білетіндігіне дәлел бола алады. Ал оның қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы еңбектері жүзден асатынын айтсақ, бұл – бір ғана қырғыз ғалымының екі ел әдеби байланысына сіңірген зор еңбегінің айғағы.
Сонымен, Абдылдажан дос-ағаммен бірде Алматыда, Астанада, Түркістанда, бірде Бішкекте, сәті түскенде шет елдерде де кездесіп жүрдік. Өткен жазда ғана Мөңке би Тілеуұлының туғанына 350 жыл толуына орай ұйымдастырылған Халықаралық конференцияда, Ақтөбеде тоқайластық.
Академиктер Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішевтер Бішкекте жиі болатын. Ол кісілерді Қырғыз елінің Әдебиет институтының директоры Абдылдажан Акматалиев докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғататын Кеңестің мүшесі етіп қойған. Олар бірде Кеңес мүшесі, бірде ғылыми жетекші, енді бірде оппонент болып талай-талай қырғыз әдебиеттанушы ғалымдарының жолын ашты. Туысқан қырғыз елінде тұтас мектептерін қалыптастырып кетті. Қырғызстан Ғылым Академиясының академигі Әбдіқадыр Садықов біздің диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Зейнолла ағамыздың өте жақын досы болатын. Мен 2004 жылы докторлық диссертациямды қорғағанда, Әбдіқадыр ағамыз қолдап дауыс берген еді. Сол аға буынның достығын қырғыз жағынан іліп әкетіп жалғастырған осы Абдылдажан екенін айтқым келеді. Біздің Жанғара Дәдебаев, Зейнол Бисенғали, Қансейіт Әбдезұлы, Құлбек Ергөбек, Кенжехан Матыжанов, Тынысбек Қоңыратбаев, Шамшадин Керім, Бауыржан Омаров, Амантай Шәріп сияқты профессорларымызды өзі басқаратын диссертациялық Кеңестің жұмысына бірнеше мәрте шақырып, ғылыми-әдеби қатынастың өркендеуіне зор үлес қосты. Мен де бірнеше рет Кеңес мүшесі, оппонент ретінде барып қайттым.
Абекеңнің іні-достарының бірі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров өзінің бір жазбасында:
«Айылға да кеп тұрар,
Ауылға да бет бұрар.
Ала-Тоо мен Алатау,
«Абдылдажан!» деп тұрар!
Асқақ ойы азат тым,
Алғырлығы ғажап тым.
Азаматы Қырғыздың,
Адал Досы Қазақтың!»
Жап-жас кезінен бастап қырғыз-қазақ әдеби байланыстарын зерттеп келеді. Алатаудың бергі бетінен қаншама айнымас дос тапты. Алдымен алыптармен араласты. Кейінірек ағалардың алақанына көшті. Қазір біздің буынымызбен байланысы берік. Алматыға алғаш ат басын тірегенде жұқалтаң аспирант еді. Бүгінде айбарлы академик атанды. Қырғыз Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті болды. Осы күндері Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтын басқарады. Айтматовтанушы Абдылдажан Ақматалиев – қырғыз ішіндегі қазақ, қазақ ішіндегі қырғыз», –деп ағынан жарылыпты. Бұл – енді шындық.
Академиктің қазақ-қырғыз әдеби байланысын дамытуға сіңірген еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол Қазақстан Президентінің Жарлығымен жоғары дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Құрметті профессоры атанды. Қазақстан Жазушылар одағының шетелдік санаулы мүшелерінің бірі. Биыл 15 қаңтарда мерейлі жетпіс жасқа толуы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абдылдажан Амантұрұлына Құттықтау жеделхатын жолдады. Онда былай делінген:
«…Қазақ елі өзіңізді көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері ретінде ерекше құрметтейді.
Сіз саналы ғұмырыңызды ғылымға арнап, әдебиеттану саласын өркендетуге зор еңбек сіңірдіңіз. Әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы туралы іргелі ғылыми жұмыстар жазып, халқыңыздың рухани кемелденуіне мол үлес қостыңыз. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атандыңыз.
Қазақ пен қырғыздың әдеби байланыстарын терең зерделеп, екі елдің достығын бекемдеуге белсене атсалысып келесіз. Екі елдің бауырластығын нығайту жолындағы ерен еңбегіңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Алдағы уақытта да ғылым-білім саласының көкжиегін кеңейте береді деп сенемін.
Әрдайым мерейіңіз үстем, абыройыңыз асқақ болсын!
Сізге мықты денсаулық, толағай табыс, шығармашылық шабыт тілеймін!
Ізні ниетпен: Қасым-Жомарт Тоқаев»
Сонымен қатар, Абдылдажан Амантұрұлы Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қол қойған Құрмет Грамотасымен марапатталды.
2006 жылы, осыдан тура 20 жыл бұрын Түркияда Шыңғыс Айтматовқа арналған Түркі дүниесі ақындарының фестивалі өтетін болып, соған шақыру алдым. Қазақстаннан Мұхтар Шаханов аға екеуіміз баратын болдық. Алдымен Стамбулға ұшақпен жетіп, одан Тұрғұт Озал туған Малатия шаһарына ұштық. Сол жерден бізді автокөлікпен күтіп алып, фестиваль өтетін Елазығ қаласына алып барды. Бельгиядан бұл шараға 78 жастағы Шыңғыс ағаның өзі де келіпті. Сол сапарда Абдылдажанмен кездестік. Қырғызстаннан манасшы Орқош Мамбеталиев, ақын Фатима Абдалова бар екен делегация құрамында. Түрік қардаштар Шықаңа ерекше құрмет көрсетті. Қаланың ең бір көрікті жерінен Шыңғыс Айтматов атындағы саяжай ашты. Біздің қазақ-қырғыз делегациясын Түрік телеарнасы тікелей эфирге шақырып, ол хабарды жергілікті ғалым Ахмет Бурак жүргізді. Сонда мен Абдылдажан ағамның өлең жазатынын тұңғыш білдім. Ол қырғыз тіліндегі лирикалық өлеңдерін эфирден оқыды. Абекең бірнеше жыр кітабының авторы. Жырларынан оның ашық-жарқын бейнесі менмұндалап тұрады.
Ақынның:
«Өңім қара, бойым пәс-кішкене,
Ойымда жоқ, жаман қылу кісіге.
Ақ ниеттен, Шындық тұрар жарқырап,
Байқап көрсең, жан дүниемнің ішіне.
Ойларым да тал-тоғайдай керілген –
Қызыл-жасыл алуан гүлдер себілген.
Қиялдарым Алатаудан биіктеп,
Ұшып жүрген ақша бұлтты тіреген.
Бітпейтіндей істер қалса, шашамын,
Үлкен емес басқан ізім, қадамым.
Жамандықты ұмытып қап әрдайым,
Жақсылықты жасап келген адаммын», –
деп жырлаған «Автопортрет» деген өлеңін оқысаңыз, соған көзіңіз әбден жетеді.
Тағы бір жүректі жарып шыққан өлеңінде:
«Елің де бар Айтматовты сыйлаған,
Ақындарың жырға қосып жырлаған.
Ғасырлардан Манас рухы сынбаған,
Эпос болып миллион жолға сыймаған.
Қырғыз жерін, Қырғыз елін қорғаған,
Ар-намыс бар – көкіректі шыңдаған.
О, Мекенім, алыс жүрсем, сағынған,
Ата-анадай бір өзіңе жағынғам.
Дүниеде сендей көрікті табылмас,
Алатауды, Ыстықкөлді тұмар қылып тағынған», –
деп толғанған академик Акматалиев Манас бабасының әруағына сыйынып, Айтматов жұлдызын Темірқазық етіп алып, Алатауға арқа сүйеп, Ыстықкөлді тұмар етіп тағып, өмір толқындарында еркін жүзіп келеді. Ақ жүрек жанның асау толқындарды бағындырған Ақ Кемесі әлі талай алыс жағалауларға жете бергей!
Бауыржан ЖАҚЫП,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Ғылым Академиясының
академигі