ТАНЫЛУ МЕН ТАБЫНУ АРАСЫ…
08.07.2016
1804
0

35-029-350x232Абайдың «Күлімбайға» деген сатиралық өлеңін қайта оқығанда, шыны керек, қайран қалады екенсің. Оның со кездері салған рухани картинасы әлі өзгере қоймағанына көзіңіз жетеді.  

Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді.
Өз еліме айтамын:
«Бергенім жоқ – деп – белімді».
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді.

Басшылық пен саясаттың сан баспалдағын басып, өрлеген сайын, әу бастағы, Құдайдан берілген тазалық кірлеп, өзекке құрт түсетіні несі екен, осы?! Бұның түпті мәнін адам сезімінің тұрақсыздығынан іздеген дұрыс шығар. Халықтың  жаңадан тағайындалған кісіге: «Бұ сабазым не бітірер екен?» деген сенім мен секем арасындағы түсініксіздеу Ойдың шығу тегін де мінездің мінінен іздеген дұрыс секілді. Ал өзінің жылы орнын қиғысы келмейтіндердің жөні тіптен бөлек. Біреудің алғысын алса, келесі күні қарғысқа қалып жататын әдеті. Ауыл айтқыштары әкім-қараларға лақап ат қойып, тұрғындарды күлкіге қарық қылғанын талай көрдік. Бастықтарды жақтырмайды десең жағынып, жағдайын айтатын сәт келсе, мүмкіндігін мүлт жібермейді. Тәжірибесі бар, тісқаққан саясаткерлер зейнетке шығып, буын алмасып, қан алмасып, о қызметке жастар келгенде «оң өзгеріс болса…» екен деген дәме көңіл түкпірінде бас көтеретіні тағы бар. Алайда, үкілеген үмітіміз үдеден шықпай, бәз-баяғы қалпына түскенде, ашық аспан жүзін бұлт торлағандай күй кешесің. Бұрнағының басшылары ақсақалдар батасын алып, батырлар жыры мен «Құранға» ден қойып, дұға тілегенде: деннің саулығын, елдің амандығын, өнердің өрістеуін, бейбітшілік болып, сананың оянуын сұрағанын ел арасындағы аңызбен астасқан әңгімелерден естіп қалатынбыз. Кейін елтұтқалардың есімі «жалпыхалықтық» деген ұғыммен тұтасып, тарихта қалуының бір сыры – Жаратушыға жақындауда жатыр. Ал халық – Алланың бір аты!.. Қазіргі қазақ үшін ең басты дүние – мақсатымызды айқындап, «бізге не қажет?» деген сауалға жауап табу. Сонда ғана алға жылжи аламыз. Ал онсыз теңізбен жекпе-жекке шыққан Хемингуэй Шалының халін бастан өткереміз.

Жерді сатуға байланысты бейбіт митинг 9-нан 21-ші мамырға ауыстырылып еді ғой. Алматы көшесіне 300-ге тарта шеруші шы­ғып, орыс оппозициялық басылымдары: «Отанды сүйсең, қазақтарша сүй…» деп жазып, әбден күлкіге қалғанымыз естеріңізде болар. 12 күн бойы халық жерден Мәді шығып, Көктен Ғайса түсетіндей бір таңғажайып оқиғаны күтті. Иә, Алланың құдіреті шексіз білемін, алайда адам да әрекет жасау керек қой. Екі қазақтың басы қосылғандағы әңгіме: «21-і не болады? Алаңға шыға ма екен?»-нің төңірегінде өрбиді. Шеруге қазақ емес, айдаладағы папуас немесе эскимос шығатындай әсерде болдық. Сонда көкейде: «Аталмыш проблема бізге қатыссыз, кейде тіпті мұхиттың арғы жа­ғын­да­ғы мұңдарлардың көтерілісі емес пе екен?» деген күмән бас көтереді. Сақшылар қолын қайырып алып кетіп бара жатқан бір азаматтың: «Менің елім, менің елім, гүлің болып егілемін…» деп әнұран айтып бара жатқаны тасқа айналған жүрегімізді селт еткізбеді. Бірі әр балконнан сығаласа, енді бірі ағаш далдасына тығылып ұялы телефонына түсіріп әлек. Кейін ол бейнекөріністің ғұмыры ғаламтордан алынып тасталынумен аяқталды. Ұлтқа деген махаббатымыз бен отансүйгіштігіміздің құны – арзан күлкі. Сүрініп, жығылып жатқан қандасыңа қарқылдап, рахаттанып тұрып бір күлесің де, үйді-үйге тарасамыз. Тіршілік – ақша табу, отбасын бағу, жұмыстан айырылып қалмаудың қамы, тырбану, жанығу, сынапша сырғыған мағынасыз күннің өткеніне қуану. Ал 1986 жылы патриоттық әндер айтқан қазақ жастарының үні Ұлы оркестрдей естілген шығар-ау. Ол сары қанденше үре берген Саясат­тың емес, Рух пен ұйқыдағы Жадыны оятқан Әдебиеттің жеңісі екенін бір сәт естен шығарып алғандаймыз. «Адамның басы – Алланың добы» деп өзгенің қақпасына бір, ерінгенде өз қақпаңа екі рет гол соғу (автогол!) ержүрек те ерке қазақтың ғана қолынан келеді. Мақтанышымыз да, жұбанышымыз да сол екен. Геосаяси көршіңе күшіңді көрсеткің келсе, алдымен өзіңді жаншы, тапта, ез, өлтір, қыр, жоқ қыл, күйрет, уат, күл-тозаңға айналдыр. Басқаны қай­дам, әйтеуір бауырымызға келгенде аузымыздан жылы сөз шықсашы?!

Бүгіндері барлық келеңсізді тек кризистен ғана көретін ғадет таптық. Ал «рухани дағдарысқа» душар боп, кітаптан ажырап, жал­пыға бірдей құндылықтан алыстап, жолайрықта тұрған ұлт үшін кінәні дефолт пен девалвацияға ысыра салудан оңай нәрсе жоқ.Ойшылдықтың мысын ойын-сауық басып, құнымыз  арзандап бара жатқанын неге түсінбей жүрміз? Шетел Бізді – Қазақстанды «уысында ақшасы көп бала» түрінде қабылдайды. Бала деген ойсыз, оған тек ойын ғана қымбат. Аз жылдың ішінде-ақ осынау мүсәпір халге түсіппіз. Бірнеше ұлт-аспаптар оркестрі Еуропаны аралап, концерт берсе керек. Сонда Құрманғазы мен Махамбет күйлерін тыңдаған итальяндық бір сыншы: «Браво, брависсимо! Бұндай ғажап әуенді естіген сайын жаным рахат табады. Сол авторлар ту­ралы айтып беріңізші?» деп белді қызметте жүрген бір депутатқа қойса, әлгің жауаптан жалтарыпты. Хакім Абайдың «құр айқай бақырған, құлаққа ән бе екен?» деген өнердегі өлшемін «өшіргішпен» өшіргелі қашан?! Және тенденцияға айналған жеңіл-желпі дүниеге бей-жай қарап отырған басшылық ұстанымына да қарнымыз ашатындай. Бір қызығы – «шоулық мәдениетке» бәрінің бойы үйрене бастағаны байқалады. Бұл кеселді қалай емдейміз?..

Қанжығамызға «Оскар» мен «Нобель» сыйлықтарын  байламасақ та, со турасында алып-қашпа әңгімелер айтумен танымалмыз. Анау «сатқын», анау «жебірейлердің адамы», анауың мүлде «қолшоқпар»… Со қойыртпақтың ішінде Біз ғана сүттен ақ, судан тазамыз. Иә, мойындауымыз керек, саясаттың сұғанақ иттерше тұмсығын сұқпайтын жері кемде-кем. Сан түрлі себеппен бір жылы құлаған жазушы я артист келесі жылы жүлдегер атанып жатады. Себебі, шын тұлпарға тұсау жоқ. Егер белді бәйгелердің статусы мүлде түсіп кетсе, одан алдымен ұйымдастырушылар мен ықпалды топтар зардап шегетіні белгілі. Өйткені, ондай жерге Әлемге әйгілі тұл­ға­лар келмейтін болады. Сондықтан құнының құлдырап, сөзіне ешкім құлақ аспайтын, жалпы «Орталық» деген аттан айырылып қалуды ешкім қаламаса керек-ті. Сыйлықтың даму динамикасы түсіп бара жатса, оны сан қилы әдіс-тәсілмен аспандатып жіберетін ұйымдар бар. «FORBES»-тің жыл сайынғы тізімін толықтыратын бай-бағландардың біршамасы Нобель мен Оскардың маңынан табылған екен. Бұның өзі көп нәрсені аңғартатынын ішіңіз сезген болар-ау. Шынтуайтында, қайбір қаламгер жөнінде жақтырмай сөйлегенімізбен, сыйлыққа дәмелі екенімізді жасырып қайтейік. Мәселен, мексикан кинорежиссері Иньярриту түсірген «Выживший» фильмінде ойнаған Леонардо Ди Каприо «Үздік ер рөлін» жеңіп алғаны Жаһанға тегіс тарап, талайдың талқысына түскен жаңалық болды. Бұған дейін 5 рет түсіп, 5-еуінде де құлаған ол 6-шы рет бағы жанды. Бұл мысал хас талант түбі дегеніне жетпей қоймайдыға сайса, екіншіден, оның ерік-жігер, қайрат-қайсар­лығының арқасы. Дәл сондай бір күш-қуат Біздің бойымызда бар ма екен?! Бір рет тауымыз шағылып, тауанымыз қайтқан соң, ол жаққа екінші қайыра бармауды жөн көретіндейміз. Ермек Тұрсынның «Келіні» Оскар сыйлығына үміткерлердің санатына еніп, жеме-жемге келгенде Отанына орынсыз оралды. Хош! Құдай нәсіп етпей тұр ғой. Ештеңе жоқ, тағы да талпыну керек. Мүмкіндік болса, ел атынан бірнеше кинотуынды қатысса, нәтиже шығар деген ойдамыз. Шы­ғар­магердің киносы жеңімпаз атанса, танылды деген сол. Көрермен ұйымдастырушыдан автордың қай жерден екенін сұраған бойда-ақ: «Қазақстан!» деген жауап алса, лезде Жаһан картасының қай тұсында орныққанын білуге деген құштарлығы оянатынына күмән келтірмеңіз. Басқа «Бақыт құсы» қонақтаса, Сізге айтарым, қобал­жы­маңыз, тек іштей дұға тілеп, Құдайдан кешірім сұраңыз. Жуырда «Қадір түні» мешітке жиылған мұсылман қауым «Жоғарғы санадан» жеке шаруа турасында емес, Отан амандығын, қазақ хал­қының өсіп-өнуін сұраған шығар. Біз де қазақ ой-санасының оянып, мінезінің өзгергенін қалаймыз. Кезінде Сүйінбайдың «әлі сана толған жоқ» деп толғануына да себеп жетерлік деп ұғамыз. «Тарих қайталанады» қағидасы қашан да өзін-өзі ақтаған-ды. Кез кел­ген бір селқостықтың артында тамырын тереңге жіберген Бере­кесіздік бәйтерегін түбімен қотара өте шығатын сел барын ұмыт­па­ғайсыздар, мырзаларым. «Маған табыныңдар!» атты жалған пәлсапамен қашанға дейін өмір сүрмекпіз?! Ұйықтар алдында әжеміз айтатын: «Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде» деп басталатын тәтті ертегі де аяқталатынын естен шығармасақ жөн болар еді. Біреуге азап шектірсең, өзің де азапқа түсесің! Діні қатты Уақыт­тың басқы уағызы – осы.

Бірде  жұмысқа жаңа басшы тағайындалса керек. Ол өз «құрама командасын» сайлап келіпті. Әлгі басшыекем бәрін қырып-жойып жатса, жанында тұрған хатшысы: «Сөйлемеңдер! Тыныш, бізде репрессия жүріп жатыр!» – депті. Бір қалыпты ағып жатқан ағыстың асты буырқанып тұрғанын бәрі біледі.

Соңғы кездері жиілеп кеткен ауыс-түйістің әсерінен аяқсыз қалып жатқан қаншама шаруа бар. Ал шенділер қызмет жағынан көтерілгенін үлкен көрсеткіш көрсе керек. Одан ұлт ұпайы түген­делмеуде. Бір-бірін сотқа сүйрегендер «Көксандықтың» көркін қыздырып, біразға дейін дастархан басындағы әңгіменің өзегіне айналып, кейін әлгілер Үкіметтің «жауапты қызметтен босатылды» деген жанға жайлы үкімімен құтылады. Ал қатты азап тартқан басшыларымыз шетел асып, экзотикалық аралда дем алғанды жөн көреді. Демалысына жұмсалған қаржы-қаражаты бір ауданның бюджетін құрайтынға ұқсайды. Шаптырса – мұнай, жел шығарса – газ, шашса – ақша… Жоғарғы эшалондағы атмосфера күн санап өзгеруде. Бір кездері Қазақ аспанынан қарша бораған қаулы-қарардың қайсысы бойынша жүрерін білмей, әбден сандалбай күй кешкеніміз есімізде. Біреуін екіншісі алмастырып, екіншісі үшінші­сін жоққа шығарып жатқан тұсты тұрақсыздық демей не деуіміз керек екен, енді? Байырғы Афина қаласының қақпасына бедерленген: «Алдымен өзіңді танып ал!» сөзі тұп-тура Бізге айтылғандай. Қазақ мәдениеті мен этнографиясынан гөрі озық ойлы елдердің менталитетін зерттеуге бейімбіз (оның өзі толықтай емес). «Қазақты әлемге таныту» бастамасы қаншалықты шикі көрінсе, соншалықты жасанды. Себебі, барымызды бағалап, құндылықтарымызды қадірлей алмай жатқанда «танылу» туралы айтудың өзі тым артық. Біз өз-өзімізді әлі толық танып болмасақ, өзгені қалай ашамыз? Сонау бір замандардағы Англияда үлкен шенге тағайындаларда Артур патша үміткердің иығына қылыш қойып: «Ұлтыңа қызмет етесің бе? Шыныңды айт!» дейді екен. Сонда өздеріне аса сенімсіз­дері: «Жоқ!» деп жауап бергендер сол сәттен бастап, ел тағдырына қатысты жиындарға қатыса алмайды екен. Өйткені, ақылы таяздау әрі ұлты үшін құрбандыққа бара алмайтын адам ешқашан да пайда алып келмейді, керісінше мемлекетті күйретеді. Ал Бізде қалай?..

Елуді еңсердік, енді Отыздыққа бет алдық. Аз қалды… Тағы бір мықтасақ, таңдаулылардың қатарынан көрінерміз. Көрінгеніңіз не, кейін Ондықты бастаймыз. Себебі, серкеміз! Ауызбен айтудың зияндылығы сонда, кейде не айтқанымызды да ұмытатын секілдіміз. Жадымыз нашар! Өйткені, Алла сыйға тартқан Ұлылардың жасы ұлғайған сайын мидағы жасушалары «қартайып», есте сақтау қабілеті де нашарлай түсетіндей. Айттық – ұмыттық, уәде бердік – түкірдік. «Көп түкірсе – көл» дегенді бәзбіреулер басқаша түсінетін секілді. Біз түкірсек – ұлттың көңіліне түкіреміз. Әр нәрсені бір айтып үйренген ауызға түкіру қиын болып па, түге. Қайта жарысамыз ғой, Біз деген. Кімдікі алысқа ұзаса – сол мықты, сол жеңіскер. Сықақшы Свифт «Гулливеріндегі» лордттардың әпенделі­гін­дей дүние ғой. «Ай, қап!» – дейсің де қоясың. Алаш арыстарының осы сөзі бүгіндері модаға айналды. Өйткені, өкінішіміз көп. «Өткенге өкінбе!» деген ислами пәлсапаға үйреткен бабаларымыз бүгінгі болмысымызды көрсе, жылар ма еді?!

Адам­ның ары аяқасты боп, әділетсіздік ұғымы түбімен жойыл­ған, заң атаулы пластилиндей икемді қоғамда тіршілік кешіп жат­қан қазақ қана бейқам, бейжай және «толерантты». Елдік мүддеміз, Жер шары  жұрты алдындағы саяси «төлқұжатымыз» – өте ұстамды және аса сабырлы қалпымыздан айнымау. «Заң-законның» жеті атасын сонау «Жеті жарғыдан» тартатын Алаш үшін Сөзден асқан құндылық, уәде мен аманаттан асқан жүк жоқтай көрінген. Бүгін одан тек елес қана қалды. Қажет деп тапсақ айналасы бір сағаттың ішінде қабылданған жарлықпен-ақ  адам тағдырын шешу – бұрнағы дағдымыз. Ежелгі Грекия пантеонындағы Күн, Су, Жел, Шаруа­шы­лық, Сұлулық, Соғыс құдайлары Бізде де бар. Экономика құдайы, Ақпар құдайы, Мәдениет құдайы, Ауыл құдайы, Денсаулық құдайы, Энергетика құдайы, т.б. және құдайлардың құдайы!

Өз қолымызбен жасаған удың уыты ұрпақ бойына тарағаны соншалық, «Абайды комсомол» деп танып, надандану мен нойыс­тық­тың шыңына шығып, түнек атты шыңырауға құлағанымыз ұлттық трагедия емей, немене, ағайын?! Жан-жағымызға жасқана қарап, өңгенің пікіріне тәуелді болу (егер ол шетелдік, оның үстіне еуропалық болса тіптен жақсы) әлі де Тәуелсіз емес екендігіміздің нақ дәлелі. Технократия заңымен жүріп, Жаратушыдан алыстаған Батыстың бағасы Біз үшін құнды болып тұр. Саяси ауқымы тұрғысынан кішкентай жеңісті өзіміз зорайтып аламыз да басылым бетіне пафос пен мақтанға толы көлдей-көлдей мақала жазып, сүйінші сұраймыз. Кейіндеу, аптығымыз басылған соң әлгі бір ҰЛЫ жетістіктің арғы тегін қазсаң, езуіңе күлкі жүгіргенімен, сол жақ тұсың  бір  шаншып  өтеді. Сонда қалай? Біз… Оңбай алданғанымызды, мысты алтындай қылып көрсеткеніміз үшін ертеңгі ұрпақ алдында мойындап, ұяттан Жерге кіріп кете жаздайтын халді бастан өткеретінімізді неге ойламаймыз? Орталыққа шоғырланған Бола­шақ­ты болжаушылар бұны қалайша ескермеді екен?.. Негізгі себеп – капитал культін ұлт мүддесінен жоғары қойдық.Байығымыз келеді. Ал майлы жіліктің басын мұжып болғандар майланған ұртын сүртіп, қанар қарнын әзер көтерген бойы әуежайға тартады. Ол аздай, траптан көтерілісімен-ақ Қазақ топырағына түкіргендер де бар. Соны көргендердің мөп-мөлдір жанарынан жас ыршып шыққан-ды. Ұлттық тазалық көздің жасында ғана қалған секілді.

Әр кәлладағы бір қиял – адамды алға сүйрейді. Державаларға еліктеп-солықтау, іс-әрекетін айна-қатесіз қайталауға етіміз үй­рен­гені соншалық, xerox-қа айналдық. Басымыздан бақайшағы­мызға дейін сондай. Өз жанымыздан қосу, не фантазияға ерік беру жағы кемшін. Бақсақ, басшылардың түрлі модельдің атын өзгертіп, елі­мізге алып келіп енгізе салу «шартты рефлекс» деңгейіне өтіп кетіпті. Біреуден көшіру арқылы біреудің көлеңкесіне айналып, абырой-беделіміздің күн санап жоғалып бара жатқанын ұғынсақ қой, шіркін. Біз«ұялмаған бұйырмағаннан жепті» деген ұғымды өз ыңғайымызға бұрмалап, замана ақиқатына айналдырып алыппыз.Қазақ бір-бірін тонап, қанап, өлтіріп жойса, терезеден сығалап, «аш пәледен қаш бәле» деуге бейімбіз. Әр отбасындағы үрей мен ертеңгі күнге сенбеу секілді кері құбылыс – Билікке қол боп тұр. «Жетім-жесір, жоқ-жітік, кедей-кепшікке, тағдыр талқысына түскен жақыныңа жәрдемдес» атты Дала заңын белден бастық. Өйткені, жан аталатын сандықта түзілген өз Заңымыз бар. Оның аты – «араласпа, арам өлесің!». Бұндай тоқтамға қалай және қашан келгенімізді ешкім айта алмақ емес. Керісінше, бар кінәні тобырға ысырып, данышпани қалыпта һәм аса бір мәдениетті түрде әңгімемізді жал­ғас­тыра береміз. Тобырда ақыл жоқ. Ақылы – көптің айқайы. Оны төңкеріске итермелейтін фактор – индивидум қажеті. Бірақ… Сананы оятуға болады ғой. Егер шақалақты туған бойда Табиғат-Анаға тапсырсаңыз, оның эволюциялық  дамуы тоқтайды. Сөйлеу­ден қалып, әдеп пен ұяттан жұрдай болады. Сондықтан Билік өз халқын «тәрбиелеуінде» – Жаратушыдан жеткен жауапкершілік бар. Әлем тауарихын бір парақтап шыққанда байқағанымыз – көтерілістің көбі экономикалық жайттан басталған.  Аз бөлігі ғана Рух тәуелсіздігі үшін құрбандыққа барып, азаттықты аңсап алаңға шыққан-ды. Бір қызығы – соңғылары Ұлы ұлтқа айнала алған. Ал Бізде псевдо-амбиция бар. «Бөрі арықтығын білдірмес, сыртына жүнін қампайтардың» кері. Өз-өзімізді алдау, сол… «Істелініп жатыр, қатырдық, бәрі ғажап, бәрі күштіге» ауыз да, құлақ та үйренген.Әйтеуір, Билік кем-кетігін түгендеу мақсатында қазақтың «тамырын басудан» артыққа бармайды. Ал үлкендер не айтып, не ақыл қосады екен десек, газет бетінде бірін-бірінен кек алып, артын ашудан аспайтынын көріп, шыны керек, жаман болады екенсің. Одан қалса, орын, мансапқа талас жолында, жауының былық-шылығын ел назарына шығарып, қаралап, соттап, қасапшыдай қанжарын жалаңдатуға дағдыланған. Бізге де бәрібір. «Күл болмасаң, бүл бол» ғой. Финалы қызық. «Немен аяқталады екен?» деген ой теледидарға телміртеді. Сөйтсек, саяси спектакльдің ре­жиссері емес режиссерлері актерлерді кастинг арқылы қабылдапты. Басқару формасы әлсіздігінің кесірінен құндылықтардың орны ауысып кетті. Химик – биші, ғарышкер – әнші, етікші – күйші, милиционер – суретші, қаржыгер – мүсінші, математик – артист, палуан – жазушы, агроном – ақын, кенші – тележүргізуші… Бұндай кереметтің арты немен бітерін бір Құдай білсін. Рухани орталықтар өз міндетін атқара  алмауда. Соның кесірінен қазақ  бір-бірімен адам құсап сөйлесе алмайтын дәрежеге жетті. Қайратсыздық пен жігерсіздік жеңудің жолы – өнер мен әдебиетке оралу. Мәдениет атты тұма бұлақтан қанып ішкенде ғана ес жиып, етек жауып, мына хаостағы өз орнымызды табамыз деген ойдамын. Сондықтан уақытты бос жібермеген жөн…

Әлібек БАЙБОЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір