ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ ЖАҢА ДӘУІРДЕГІ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
30 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, елдің даму бағыты жөнінде тапсырмалары мен ұсыныстарын айтты.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов пен саясаткер Әміржан Қосан газетіміздегі дәстүрлі диалогында кейінгі өзгерістер мен алда тұрған тарихи кезеңдегі әдебиеттің рөлі туралы ой қозғады.


Ұлттық Құрылтай мен Халық Кеңесі ел мүддесіне қызмет етеді
Әміржан ҚОСАН: Мәке, сонымен Сенат та, Мәжіліс те, Ұлттық құрылтай да тарады. Өзіңіз Ұлттық құрылтай мүшесі болдыңыз. Оның атқарған жұмысына қандай баға берер едіңіз? Енді қоғам мен билік арасындағы диалогтың маңызды алаңы ретінде Халық кеңесі құрылады. Ресми Парламент – Құрылтай бар кезде, мемлекеттік басқару жүйесіндегі оның орны қандай болмақ деп ойлайсыз?
Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Ұлттық құрылтайдың құрамында болған адам ретінде айтарым – бұл алаң өз кезегінде қоғамдағы көптеген маңызды мәселенің ашық талқылануына, азаматтық oй-пікірдің мемлекет деңгейінде естілуіне қызмет етті. Ұлттық құндылықтар, тарихи жады, мәдениет, білім, тіл, әлеуметтік саясат сияқты ел болашағына қатысты күрделі тақырыптар көтеріліп, олардың бірқатары нақты мемлекеттік шешімдерге де негіз болды. Сондықтан Ұлттық құрылтай өз миссиясын орындады деп есептеймін.
Әрине, кез келген кеңесші-консультативтік органның тиімділігі оның мәртебесіне емес, көтерілген ұсыныстардың өміршеңдігіне және олардың жүзеге асу деңгейіне байланысты. Осы тұрғыдан Ұлттық құрылтай қоғамдық пікірді мемлекеттік саясатпен ұштастыратын маңызды институтқа айнала алды. Басқасын айтпағанның өзінде Ұлттық құрылтайдың «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру идеясын көтеруі керемет емес пе?!
Енді Халық кеңесіне келсек, ең басты мәселе – жаңа құрылымның бұрынғы институттарды қайталамауы. Сондықтан Халық кеңесінің ерекшелігі оның жұмыс істеу тәсілінде болуы тиіс. Менің ойымша, Халық кеңесі қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының үнін жеткізетін, өңірлердегі нақты мәселелерді орталыққа жүйелі түрде ұсынатын, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы тұрақты кері байланысты қамтамасыз ететін пәрменді алаң болса ғана өзінің өміршеңдігін дәлелдейді. Сонымен қатар, Халық кеңесі мәдениеттің барлық саласын қолдап, оған қозғау сала отырып ұлттық бірегей тәрбиені қалыптастыруы қажет. Егер ол тек кезекті жиын өткізетін құрылымға айналса, қоғам күткен нәтижені бере алмайды. Әсіресе мәдениет, әдебиет, ғылым, білім, жастар тәрбиесі, ұлттық болмыс пен рухани қауіпсіздік мәселелерінде зиялы қауымның пікіріне жүйелі түрде сүйенетін тетік қалыптастыру өте маңызды. Себебі қоғамның рухани дамуы – экономикалық көрсеткіштердің алдында тұратын стратегиялық мәселе.
Айтпақшы, өзің де Мәжілістің Қоғамдық кеңесінің мүшесі едің ғой…
Әміржан ҚОСАН: Иә, алайда Конституция қабылданған соң, ол құрылым да таратылды… Байқап отырсақ, Халық кеңесінің форматы мен өкілеттіктері Ұлттық құрылтайдан өзгеше, анағұрлым жоғары. Ендігі жерде оның құрамына шынымен де елшіл, мемлекетшіл, білімді де білікті азаматтар жиналса, нұр үстіне нұр болар еді. Билік ескі әдетіне салмай, сындарлы сын, орынды ұсыныс айтқан белсенді азаматтарды жау көрмей, керісінше, өз қатарына қосып, жаңа, әділетті Қазақстан құру ісіне тартса деген ой бар. Жаңа Парламент – Құрылтайда айтылмаған өткір ойлар мен ұсыныстар Халық кеңесінен табылып, еліміздің өркениетті дамуына өз үлесін қоссын деп тілейік.
Киберкеңістікте кітаптар қалай күн көреді?
Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Президент өз сөзінде рухани цифрландыру мәселесіне үлкен мән берді. Бүгінде әдебиеттің тағдыры тек кітап басып шығарумен ғана өлшенбейтінін байқаған боларсың?! Әлем цифрлық дәуірге қадам басқан сайын ұлттық әдебиеттің де жаңа кеңістікке бейімделуі – уақыт талабы. Сондықтан қазақ әдебиетінің ең таңдаулы туындыларын жүйелі түрде цифрландыру – мәдени саясаттың басым бағыттарының біріне айналуы тиіс. Бұл мақсатта елімізде жүйелі жұмыс жолға қойылуда. Бір ғана «Тіл-Қазына» орталығы қазақ тілінің жасанды интеллект дәуірінде дамуы және жаһандық технологиялық бәсекедегі орны үшін жұмыс істеуде. Қазақ тілі ақпараттық жүйелерде, тілдік корпустарда, жасанды интеллектіге бейімделген платформаларда өз әлеуетін танытып, технология мен инновация тілі екенін айқындай түсуі үшін «Тіл-Қазына» орталығының мемлекеттік тіл саясатының цифрлық экожүйесін қалыптастырушы мекеме ретіндегі атқарар рөлі маңызды болып отыр.
Қазақ әдебиетінің алтын қорына енген классикалық және заманауи шығармалар бірыңғай цифрлық кітапханаға топтастырылып, оқырманға әлемнің кез келген нүктесінен қолжетімді болуы қажет. Бұл – ең алдымен ұлттық рухани мұраны сақтаудың, кейінгі ұрпаққа аманат етудің және халықаралық деңгейде насихаттаудың тиімді жолы. Мұндай платформа тек кітаптарды жинақтайтын электронды қор ғана емес, әдебиетті зерттеу, оқу, аудару және әлемге таныстыру қызметін қатар атқаратын интеллектуалдық ортаға айналғаны жөн.
Сонымен бірге қазақ оқырманы әлем әдебиетінің ең үздік үлгілеріне сапалы аударма арқылы еркін қол жеткізуі керек. Әсіресе Нобель, Гонкур, Букер, Сервантес, Пулитцер секілді т.б. беделді халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаттары жазған шығармаларды қазақ тіліне жүйелі түрде аударып, оларды қағаз және электронды форматта қатар ұсынатын мемлекеттік бағдарлама қажет деп санаймын.
Бұл жұмыс бір реттік науқан емес, тұрақты жүйеге айналуы керек. Әлемдік әдеби процестегі ең маңызды шығармаларды іріктеу, кәсіби аудармашыларды даярлау, сапалы редакциялау, авторлық құқық мәселесін шешу және шығармаларды цифрлық платформаға орналастыру – бір орталықтан үйлестірілетін кешенді жоба болғаны дұрыс. Біз бұл бағытта бірқатар ұсыныс даярлағанбыз. Соның бірі – «Жас аудармашылар пулын даярлау» жобасы.
Шетелдік әдеби жауһарларды қазақ тіліне аударып қана қоймай, бұған қоса, қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын да әлемнің негізгі тілдеріне аударып, халықаралық цифрлық платформаларға шығару маңызды. Біз әлем әдебиетін қазақша сөйлетумен қатар, қазақ әдебиетін де әлемге сөйлете білуіміз қажет. Мұны Президентіміз арнайы баяндамасында да айтып өтті.
Қазақ әдебиетін әлем тілдерінде сөйлетудің мемлекеттік бағдарламасын жасау кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе, БҰҰ-ның 6 тіліне қазақ әдебиетін аудару жолында аудармашылар тобын дайындап, жеке орталық ретінде құруымыз керек.
Әміржан ҚОСАН: Иә, цифрландыру, меніңше, мәселенің тек қана техникалық, технологиялық жағы емес. Бұл үдерістің артында цифрландыруды сапалы контентпен, көркем дүниелермен толықтыру мәселесі тұр. Және де бұл, бұрын-соңды боп көрмеген ғаламдық та ғажайып мүмкіндік ұлттық әдебиеттердің шекарасын кеңейтіп, олардың арасындағы жанды байланысты одан сайын тереңдете түсетіні сөзсіз. Оның өзі әдебиеттердің өзара бәсекесін дамыта түседі, мәселен, өзінің іздеген дүниесін бір ұлттың өкілі басқа ұлттың әдебиетінен табуы мүмкін. Әлемдік әдебиеттің құрамдас бөлігі ретінде қазақ әдебиеті бұл шығармашылық һәм интеллектуалдық додаға дайын болуы тиіс.
Жасанды интеллект: мүмкіндіктер мен қатерлер
Әміржан ҚОСАН: Сіз айтып отырған цифрландыру мәселесінің бір ерекше тұсы бар. Ол әлемді, сананы, керек десеңіз, жүректерді, сезімді, эмоцияны жаулап алып жатқан жасанды интеллект (ЖИ). ЖИ-дің супермүмкіндіктеріне қарап отырып, ертеңгі күні адамның өзі соның құлы болып қалмай ма деп қорқасың. ЖИ шығармашылықпен айналысып кетті емес пе? Адам-жазушы мен ЖИ-жазушыны ертеңгі күні ажырата алмай қалмаймыз ба, Мәке?
Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Олай болып кетеді деп ойламаймын. Жасанды интеллект – шығармашылыққа қауіп төндіретін құбылыс емес, оны дұрыс пайдалана білсек, әдебиеттің жаңа мүмкіндіктерін ашатын маңызды құрал. Сондықтан бұл үдерістен сырт қалмай, оны ұлттық әдебиеттің дамуына қызмет ететін бағытқа бұруымыз қажет.
ЖИ-дің қарқынды дамуы әдеби ортаға жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа жауапкершілік те жүктеп отыр. ЖИ ақпаратты өңдеуге, мәтінді талдауға, аударма жасауға, архивтерді жүйелеуге көмектесе алатындығын көріп отырмыз. Бірақ ол қаламгердің ұшқыр ойын, көркем қиялын, өмірлік тәжірибесін, ең бастысы, автордың оқырманға айтар идеясын алмастыра алмайды. Әдебиеттің басты құндылығы – адамның жан дүниесінен туған шынайы ой мен сезім, идея. Ал тек бұған дейін бар ақпараттар мен өзге де ресурстардан қалыпталған ЖИ-де ой мен сезім, идея атаулы атымен жоқ екені бесенеден белгілі.
Кейінгі уақытта әлемде ЖИ жазған шығармалардың көбеюі авторлық құқыққа қатысты жаңа мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Болашақта көркем шығарманың авторы кім деген сұрақ бұрынғыдан да өзекті болмақ. Сондықтан бұл мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеп, нақты әдістемелік ұстанымдар қалыптастыруымыз қажет.
Осыған байланысты Жазушылар одағы арнайы ғылыми-зерттеу жұмысын қолға алды. Қазіргі таңда әдебиеттанушылар мен мамандардан құралған жұмыс тобы «Көркем әдебиет, әдеби сын-зерттеу және көркем аударма саласында жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану: мүмкіндіктер мен қатерлер» атты әдістемелік жинақты әзірлеуде. Бұл еңбек ЖИ-ді шығармашылық үдерісте тиімді әрі жауапкершілікпен қолданудың қағидаларын айқындауға арналған алғашқы жүйелі бастамалардың бірі болмақ.
Біздің ұстанымымыз айқын: технология әдебиетке қызмет етуі керек, әдебиет технологияға тәуелді болмауы тиіс. Жасанды интеллект – көмекші құрал, ал шығармашылықтың иесі – адам.
Мұнай капиталынан – адами капиталға
Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ғылыми инфрақұрылымды жақсартып, жас ғалымдарға мол мүмкіндіктер беруге зор ықпал етуде. Жалпы, алдымызда ғылым деңгейін, оның тиімділігін барынша көтеруге қатысты маңызды мақсат тұр» деген сөзі әдебиеттану ғылымын жаңа деңгейге көтерудің де айқын бағдары деп білемін.Астана қаласында жаңадан ашылған Орталық Азиядағы алғашқы халықаралық жасанды интеллект орталығы соның дәлелі.
Қазақ әдебиетінің өркендеуі көркем шығармашылықпен ғана емес, оны ғылыми тұрғыдан зерделейтін әдебиеттану ғылымының және әдеби сынның әлеуетімен де тығыз байланысты. Сондықтан әдебиеттануды ғылым ретінде жаңғырту – ұлттық руханият алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Меніңше, Әдебиет және өнеринститутының ғылыми әлеуетін күшейтіп, Қазақстан Жазушылар одағы мен ғылыми қауымдастықтың, соның ішінде Ұлттық ғылым академиясының өзара байланысына тың серпін беру қажет.
Әсіресе, әдебиеттану саласындағы жас ғалымдарды қолдауға ерекше назар аударған жөн. Арнайы ғылыми гранттар, әдебиеттану бағытындағы зерттеулерге арналған мақсатты бағдарламалар мен арнайы сыйлықтар тағайындау – жас зерттеушілерге үлкен қолдау болар еді.
Әміржан ҚОСАН: Адами капиталға билік тарапынан мән берілуі әбден дұрыс деп санаймын. Сонымен бірге бұл проблеманы тым тұрпайы түсінетіндер де бар. Меніңше, адами капиталдың саны ғана емес, сапасы туралы да айтуымыз керек. «Адам нені жесе, содан тұрады» деген сөз бар емес пе? Адам нені оқыса, оның рухани әлеуеті, капиталы да содан тұрады. Өкінішке қарай, бүгінде сапалы, эстетикалық бағасы жоғары туындылардан гөрі, «чтиво», арзанқол кітапсымақтар қаптап кетті. Міне, дәл солар оқырманның талғамын қалыптастырып жатыр. Меніңше, классикалық әдебиет пен қазір шығып жатқан лайықты көркем шығармалардың (Құдайға шүкір, ондай кітаптар жазылуда) бір миссиясы сол – күнделікті хайп пен әдеби халтура қыспағынан адамдарды құтқару, сөйтіп, адами капиталдың сапасын арттыру.
Мереке Құлкенов: Әміржан, сен айтып отырған «чтиво», арзанқол кітапсымақтармен жалғыз біз ғана күресіп жатқан жоқпыз. Бұл қазіргі бүкіләлемдік үрдіс қой.
Әміржан Қосан: Иә, солайы солай. Алайда біз ұлт ретінде жаһанданудың жақсы жағынан үйреніп, жаман жағынан жиренуіміз керек сияқты. Иә, аспаннан түскен төрт кітапта жазылған барша адамзатқа ортақ, бәрі мойындаған, гуманист жазушылар көркем тілмен жеткізген моральдық, адами және қоғамдық құндылықтар бар, ол үдерістен, ол талаптардан біз бас тарта алмаймыз. Әйтпесе, әмбебап «жалпыадамзаттық құндылықтар» деген атпен (оған кім қарсы шыға алады?!) ұлттық санамызға салт-дәстүрімізге мүлдем жат құндылықсымақтар еніп кетпей ме? Еніп те жатыр емес пе?!
Сол себепті өз басым көркем, сапалы, гуманистік сипаты бар әдебиетті сол моральдық азғындаудан құтқара алатын бірден-бір антидот деп білемін. Қазіргі қазақ жазушыларының, әсіресе, жастардың, шығармаларында ұлттық негізден бастау алған, сонымен қатар, барша ұлтқа ұғынықты ғаламдық проблемаларға деген ұмтылыс бар екендігі қуантады. Осы игі тенденциядан айрылмайық.
Руханият – қоғамның жаны
Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Экономика – қоғамның материалдық тірегі болса, руханият – оның жаны. Сондықтан барлық экономикалық реформалардың түпкі мақсаты адамның өмір сүру сапасын арттырумен қатар, оның рухани құлдырауына жол бермеу.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Жалпы, мемлекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді», – деп атап өткен болатын. Бұл – мемлекет ұстанып отырған мәдени саясаттың негізгі қағидаты. Расында, кейінгі жылдары мәдениет, әдебиет, өнер, тарихи мұраны сақтау бағытында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен уақыт өзгерген сайын руханиятты қолдаудың да жаңа тетіктері қажет. Бұл тұрғыдан алғанда Президентіміздің адами капиталға қатты назар аударуы бәрімізді қуантады.
Бүгінде экономикалық және қаржылық шешімдердің бәрі қоғамның рухани өміріне ықпал етеді. Сондықтан кез келген реформа мәдениет пен әдебиеттің, білім мен тәрбиенің дамуына кері әсерін тигізбеуі тиіс. Ондай сорақылықты біз 90-жылдардың ортасында көргенбіз! Керісінше, заман талабына сай жаңа институттар мен заманауи мәдени кеңістіктер қалыптастыру арқылы рухани саланы нығайта түсуіміз қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Мемлекет басшысымен кездесуде жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру туралы бастама көтеруі өте орынды деп есептеймін. Бұл – қоғам сұранысынан туындаған маңызды ұсыныс.
Қазақстан Жазушылар одағы да осы бағыттағы нақты ұсыныстарын білдіріп келеді. Біз Алматы қаласының әкімдігіне «Алматы – руханият орталығы» атты ірі жобаны ұсындық. Алматы – қазақ әдебиеті мен өнерінің, ғылымы мен зиялы қауымының алтын бесігі. Ұлттық мәдениеттің ірі ошақтары, шығармашылық ұйымдар, театрлар, кітапханалар мен музейлер осы қалада шоғырланған. Сондықтан Алматыға қаламгерлердің, ғалымдардың, өнер қайраткерлерінің, жастардың басын қосатын, әдеби кездесулер мен талқылаулар, кітап тұсаукесерлері, шығармашылық зертханалар мен мәдени жобалар тұрақты өтетін ірі рухани орталық ауадай қажет.
Бұдан бөлек, Қазақстан Жазушылар одағының тарихи ғимаратынан «Абайтану» орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Оның алғышарттары жасалып та қойды. «Абайтану орталығы» Абай шығармаларын терең ғылыми зерттеу және абайтану саласын дамыту; жазушылар, ғалымдар, жас зерттеушілер мен студенттерге арналған ғылыми-практикалық конференциялар, дәрістер мен семинарлар өткізу; Абай мұрасын заманауи форматта (цифрлық архив, аудио-видео жобалар, көрмелер) насихаттау; жастар арасында әдеби-танымдық жобалар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастыру; халықаралық ынтымақтастық аясында Абай мұрасын шет елдерде таныту және өзге де бағыттарда жұмыс жүргізуді көздеп отыр.
Қазіргі кезеңде руханиятқа салынған инвестиция – мемлекеттің ең ұзақ мерзімді әрі ең тиімді инвестициясы. Себебі экономика – байлық қалыптастырса, руханият – ұлттың рухани болмысын қалыптастырады. Ал болмысы берік ел ғана тұрақты дамып, жаһандану дәуірінде өзінің ұлттық келбетін сақтай алады.
Әміржан ҚОСАН: Сіз айтып отырған мәселенің бір «бюрократиялық» тұсы да бар. Айтылып отырған жобаларды жүзеге асыру тек Жазушылар одағының ғана емес, ең алдымен, мемлекеттік органдардың тікелей міндеті. Алайда (және оны ашық айтуымыз керек), әкімдіктердегі идеологияға жауапты әкім орынбасарларының құқықтық, керек десеңіз, протоколдық мәртебесі қандай? Неліктен экономика немесе қаржыға, өнеркәсіпке жауапты орынбасарлар алда тұрады да, рухани салаға жауапты орынбасарлар екінші қатарда қалып қояды? Осы тұрғыдан алғанда Мәдениет және ақпарат министріне вице-премьер мәртебесі берілуі әбден дұрыс болды. Ендігі жерде жергілікті басқару органдарында да профильді орынбасарлардың мәртебесін көтеру керек деп санаймын.
Әдеби дипломатияның әлемі мен әдебі
Әміржан ҚОСАН: Сөз басында қазақ әдебиетін шетелге таныту туралы айттыңыз. Әрине, ол оңай шаруа емес, зор күш-қайрат, қыруар қаржыны қажет ететін іс. Соңғы кезде өзіңіз басқарып отырған Жазушылар одағы әдебиеттер ынтымақтастығының ұлттық провайдеріне айналғандай. Көптеген жоба жүзеге асуда. Шетелге шығып жатырсыздар, шетелден атақты жазушыларды елімізде қабылдадыңыздар дегендей…
Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Иә, Әміржан, қазіргі әлемде руханият тек ел ішіндегі мәдени саясатпен шектелмейді. Ол халықаралық байланыстардың, халықтар арасындағы өзара түсіністіктің маңызды құралына айналып отыр. Сондықтан шығармашылық ұйымдардың қызметін мәдени шаралар ұйымдастырумен ғана емес, халықаралық әдеби байланыстарды нығайтатын, Қазақстанның рухани әлеуетін әлемге танытатын шығармашылық дипломатияның бір бағыты ретінде қарастыруымыз қажет.
Өзің айтып отырғандай, Қазақстан Жазушылар одағы кейінгі жылдары әдеби дипломатияға айрықша көңіл бөліп келеді. Әлемдік әдебиет өкілдерімен байланыс орнату, халықаралық форумдар өткізу, аударма жобаларын жүзеге асыру – мұның бәрі қазақ әдебиетінің жаһандық кеңістіктегі орнын нығайтуға бағытталған жұмыстар.
Мәселен, Оңтүстік Кореяда бір ғана бағдарлама емес, корей әдебиетін әлемге жүйелі түрде танытатын тұтас мемлекеттік саясат қалыптасқан. Негізгі мақсаты – корей әдебиетін әлемдік әдеби айналымға енгізу. Осы саясаттың нәтижесінде Ким Ён Ха, Хван Сок Ён, Чон Мён Кван сияқты авторлардың еңбектері әлемнің көптеген тіліне аударылып, халықаралық сыйлықтарға ұсыныла бастады. 2025 жылғы Нобель сыйлығын алған Хан Ган да – осы тұтас мемлекеттік саясаттың жемісі.
Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, көрнекті қытай жазушысы Мо Янның Қазақстанға келуі. Еліміздің әдеби өміріндегі тарихи оқиға болды. Өйткені әлемдік әдебиеттің ең беделді өкілдерінің бірінің Қазақстанға арнайы келіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырып отырған жоба барысында жас қаламгерлермен жүздесуі үлкен оқиға деп білемін.
Әсіресе Мо Янның Қазақстанда тұңғыш рет ашық әдеби дәріс оқуы ерекше маңызға ие. Оның дәрісі тек шығармашылық кездесу ғана емес, әдебиет туралы ой алмасудың, жазушылық тәжірибе мен көркемдік ізденістер туралы пікір алмасу алаңына айнала білді.
Меніңше, мұндай кездесулер бір реттік мәдени оқиға болып қалмауы тиіс. Қазақстан әлемдік әдебиеттің ірі тұлғаларын тұрақты шақырып, халықаралық әдеби форумдардың, жазушылар кездесулерінің және шығармашылық зертханалардың орталығына айналуға ұмтылуы керек. Сол сияқты қазақтың көрнекті қаламгерлерін де әлемнің әдеби алаңдарына шығарып, олардың шығармаларын кеңінен таныстыру – шығармашылық дипломатияның маңызды бағыты. Әсіресе, әлемдік кітап көрмелерінде жыл сайын бір қазақ жазушысын таныстыру арқылы біз көп нәрсеге қол жеткізер едік. Бірақ, бұл да түптеп келгенде науқаншылдыққа айналып кетпеуі керек.
қаламға адалдық керек
Әміржан ҚОСАН: Мәке, елімізде Құрылтай сайлауы басталғалы жатыр, Партиялар өз съездерін өткізуде, өз тізімдеріне әртүрлі сала өкілдерін, танымал адамдарды қосуда. Осыған орай соңғы сұрақ: жазушылар депутат болуы керек пе?
Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Жазушылар да – елдің толыққанды азаматы. Сондықтан олардың да депутат болып сайлануға, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуға конституциялық құқығы бар.
Бүгінде ел ішінде абыройы бар, мемлекетшіл ұстанымымен танылған, қоғамдық мәселелерге үн қосып жүрген қайраткер қаламгерлер аз емес. Егер саяси партиялар сондай азаматтарға сенім артып, өз қатарынан көргісі келсе, оған табиғи құбылыс ретінде қараған жөн. Халықтың қолдауына ие болып жатса, олар неге депутат болмасқа?! Неге Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов секілді әдебиет пен саясатты тең ұстамасқа?
Ең бастысы, қай қызметте жүрсе де, жазушы өзінің басты миссиясын ұмытпауы керек. Ол – ұлттың сөзін сөйлеу, қоғамның рухани келбетін таныту, қаламына адал болу. Сондықтан депутат болған жазушылардың да қолынан қаламы түспесе екен деп тілеймін. Өйткені әдебиет пен қоғамдық қызмет бірін-бірі толықтырғанда ғана ұлтқа шынайы пайдасын тигізеді ғой деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, қазақ жазушылары өз туындысымен мемлекетіміздің жанашыры болып, өмірдің бар болмысын суреттеп, еліміздің өркениетті дамуының қозғаушысы болуы керек. Жазушылар одағының әрбір мүшесі осы сенімнің үдесінен шығады деп ойлаймын.