ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ МЕКТЕП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ
03.08.2026
31
0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында және қоғамдық бастамаларында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы оқырман ұлт қалыптастыру, жастардың білімге құштарлығын арттыру және зияткер ұрпақ тәрбиелеу – ел болашағының маңызды кепілі екенін атап көрсетуде. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы ұйымдастырған «Табиғат аясында кітап оқу» атты республикалық семинар еліміздегі кітапхана ісін дамыту бағытындағы маңызды іс-шаралардың біріне айналды.

Қазіргі қоғамдағы технологиялық өзгерістер, ақпараттық кеңістіктің кеңеюі және цифрлық ресурстардың қарқынды дамуы кітапханалардың қызметіне де жаңа талаптар қойып отыр. Бұрын кітапхана тек кітап сақтайтын орын ретінде қабылданса, бүгінде ол білім беру, тәрбиелеу, мәдени құндылықтарды дәріптеу және оқырманды жан-жақты дамыту орталығына айналып келеді. Осындай жағдайда кітап оқуға қызығушылықты арттырудың жаңа әдістерін іздеу, оқырманмен жұмыстың тиімді үлгілерін енгізу және кітапханалардың қоғамдағы рөлін күшейту ерекше өзектілікке ие.
Осы мақсатта ұйымдастырылған республикалық семинарға еліміздің барлық өңірлерінен облыстық, қалалық және аудандық әдістемелік орталықтардың мамандары, мектеп кітапханашылары мен білім беру ұйым­дарының өкілдері қатысты. Жалпы саны 150-ге жуық маманның басын қосқан бұл ауқымды іс-шара тәжірибе алмасудың, жаңа идеялар ұсынудың және кәсіби байланысты нығайтудың тиімді алаңына айналды.
Жиынның басты ерекшелігі – кітап оқу мәдениетін насихаттауды дәстүрлі форматтан шығарып, табиғатпен ұштастыру идеясының жүзеге асырылуы болды. Іс-шараның екінші күні қатысушылар Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болып, табиғат аясында кітап оқуды ұйым­дастырудың тәжірибелік үлгілерімен танысты. Табиғаттың әсем көрінісі, таза ауа мен тыныш орта адамның кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оқыған ақпаратты терең қабылдауына ықпал ететіні белгілі.
Семинар барысында қатысушылар кітап оқуға ынталандырудың заманауи әдістерін, оқырман тартудың жаңа жолдарын және кітапханалық іс-шараларды ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін талқылады. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру мәселесі кеңінен сөз болды. Қазіргі таңда балалардың бос уақытын көбіне әлеуметтік желілер мен цифрлық контент алып отырғандықтан, кітап оқуға деген ынтаны қалыптастыру кітапханашылар мен педагогтердің ортақ міндетіне айналып отыр.
Іс-шараның жалғасы Кеген ауданының Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы мектеп-лицейінде өтті. Қатысушылар білім ордасының материалдық-техникалық базасымен, оқу-тәрбие жүйесімен және кітапхана қызметімен танысты. Мектеп ұжымы қонақтарға ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәдени бағдарламасын ұсынып, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Бұл өз кезегінде кітап оқу мәдениетінің ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды қалыптастырудағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Республиканың әр өңірінен келген қатысушылар пленарлық отырыс барысында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған өз тәжірибелерімен бөлісті. Баяндамаларда кітапты жаратылыстану пәндерімен кіріктіре оқытудың тиімді әдістері, оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арт­тыруға негіз болған табысты жобалар мен бастамалар кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар мектеп кітапханаларының жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері, кітапханалық қызметті цифрландырудың өзекті бағыттары және заманауи басқару тетіктері талқыланды. Пленарлық кезеңде отандық баспалардың жаңа басылымдары мен білім беру ресурстары таныстырылып, оқу процесі мен кітапхана жұмысында қолдануға болатын цифрлық платформалардың мүмкіндіктері көрсетілді. Ұсынылған тәжірибелер мен инновациялық шешімдер қатысушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, кітап оқу мәдениетін дамытудың жаңа бағыттарын айқындауға ықпал етті.
Бүгінде білім беру саласында жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданыла бастады. Бұл үрдіс кітапхана жұмысына да жаңа мүмкіндіктер әкелуде. Жасанды интеллект құралдары кітапханашының күнделікті жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқырманмен жұмыстың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, қазіргі таңда қолданылып жүрген жасанды интеллект платформалары кітапханалық іс-шаралардың сценарийлерін құрастыруға, әдеби кештердің бағдарламаларын әзірлеуге, викториналар мен интеллектуалдық ойындардың тапсырмаларын дайындауға көмектеседі. Бұрын бірнеше күн уақыт алатын жұмыстарды қазіргі технологиялар санаулы минуттар ішінде орындауға мүмкіндік береді.
Кітапханада өткізілетін тақырыптық көрмелерді де цифрлық форматта ұйымдастыруға болады. QR-кодтар арқылы оқырмандар қосымша материалдармен танысып, интерактивті тапсырмалар орындай алады. Бұл балалардың қызығушылығын арттырып, кітаппен жұмысты ойын элементтерімен толықтыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллекттің тағы бір маңызды бағыты – әдеби шығармаларды талдау. Қазіргі платформалар көлемді шығармалардың қысқаша мазмұнын ұсынуға, кейіпкерлердің мінездемесін жасауға, шығарманың негізгі идеясын анықтауға және мәтін бойын­ша сұрақтар әзірлеуге көмектеседі. Мұндай мүмкіндіктер оқушылардың әдеби шығармаларды терең түсінуіне жағдай жасайды.
Әсіресе виртуалды диалог технологияларының тәрбиелік әлеуеті жоғары. Жасанды интеллект негізіндегі жүйелер арқылы оқушылар әдеби кейіпкерлермен немесе тарихи тұлғалармен шартты түрде сұхбат құрып, олардың көзқарастарын тереңірек түсіне алады. Мұндай тәсілдер оқушылардың сыни ойлауын дамытып, шығарманы оқуға деген ынтасын күшейтеді.
Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында Storybook, NotebookLM, Gemini сияқты платформалар белсенді қолданылып келеді. Бұл ресурстар мұғалімдер мен кітапханашыларға білім беру мазмұнын жаңаша ұсынуға мүмкіндік береді. Мәселен, Storybook платформасы оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуда ерекше рөл атқарады. Оның көмегімен балалар өз ертегілерін, әңгімелерін және авторлық кітаптарын жасай алады.
Мұндай жобалар оқушыларды да­йын ақпаратты тұтынушыдан шығармашылық өнім жасаушы тұлға деңгейіне көтереді. Өз шығармасын жазу барысында бала ой қорытады, қиялын дамытады, сауатты жазуға үйренеді және кітапқа деген қызығушылығы артады. Сондықтан мектеп кітапханалары жанынан «Жас жазушылар клубын», «Цифрлық авторлар шеберханасын» немесе шығармашылық студияларды ұйымдастыру бүгінгі күннің тиімді тәжірибелерінің бірі бола алады.
Республикалық семинар барысында осы мәселелердің барлығы кеңінен талқыланып, қатысушылар жаңа идеялармен толықты. Мұндай кәсіби кездесулер мектеп кітапханалары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ортақ мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, «Табиғат аясында кітап оқу» республикалық семинары кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Табиғат пен кітапты үндестіру, дәстүрлі кітапхана қызметін заманауи технологиялармен ұштастыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – бүгінгі мектеп кітапханаларының даму бағытын айқындайтын негізгі факторлар.
Біз кітапхананы тек кітап сақталатын орын ретінде емес, оқырманды тәрбиелейтін, шығармашылықты дамытатын, цифрлық сауаттылықты қалыптастыратын және өмір бойы білім алуға жетелейтін заманауи білім орталығы ретінде дамытуымыз қажет. Сонда ғана Президент жүктеген міндеттерді сапалы орындап, кітап оқитын, ойлайтын және білімді ұлт қалыптастыру жолында нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз.

Әлия САЙДЕМБАЕВА,
ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір