Нұрдос КӘРІМ. ӨЛЕҢНІҢ ӨЛКЕСІНДЕ ҚАМШЫМ ҚАЛҒАН
03.08.2026
29
0

Боз жаңбыр

Лас тірліктен қорғап алшы, боз жаңбыр,
Түндігімнен сорғалашы, боз жаңбыр.
Керегеме бақыт болып байланып,
Жүрегіме орнап алшы, боз жаңбыр.

Жүрегімнің сонда кірін шаясың,
Пана қылам көңілімнің саясын.
Боз жаңбырдан мен жүрейін тазарып,
Ақ боран мен аяз қайдан аясын?!

Маған жаттық танытады желің де,
Дауыл күймен қозғалады шерім де.
Боз жаңбырдың тамшысына мөп-мөлдір,
Көз жасымның ұқсауы да тегін бе?!

Қайғы-мұңға көптеу жүрміз қажалып,
Тағдырың да тасбауырлау сазарып.
Боз жаңбыр, кел, баяу жауып, жуындыр,
Мына әлемде жаным қалсын тазарып.

Ақ арымды келмейді саудалағым
Ар былғаған атақ пен бақ та жалған,
Сый көрсетіп, біреулер мақтап алған.
Неменеге қызығам өліп-өшіп,
Байдан байлық, патшадан тақ та қалған.

Аты озып, әйелі ұл тапқанда,
Қуанатын үлгі етіп ұрпақтарға.
Бүгінгілер шаттанып, қуанады,
Мына менен тарыдай мін тапқанға.

Тұтқиылдан шабуылдар, тосын тұстан,
Басыңа сор болғанда досың – дұшпан.
Есеп білмей кетіп ек мектепте де,
Өмір-есеп тұрса да қосылғыштан.

Дегендер мені аттан аударамын,
Мейлі маған кезенсін жау жарағын.
Қамалымды бұзсаң да көңіл деген,
Ақ арымды келмейді саудалағым.

Көңіл күй
Жігерім құм боп, кей кезде жылап та алғам,
Құлан уақытты қуам деп құмартпа, қарғам.
Қайталанбас сәттерім қаншама менің,
Қайтып келмес күндерім тым артта қалған.

Көрікті менің күндерім көктемде қалған,
Көңілім қалап, қайырылып көк белге барғам.
Ақ жаңбыр күткен алаңсыз аңғалдығым-ай,
Талықсып кеттім бұршағын төккенде жалған.

Жаныма жайлы шуақ күн жазымда қалған,
Оны да айту демессің ләзім бе, қарғам.
Жылылық емес, жаныма құр үміт беріп,
Сағыныш болған сәттердің сазын да салғам.

Керемет менің күндерім күзімде қалған,
Ол да бір шырын секілді жүзімнен алған.
Үр жаңа күнге жүргенде үмітті артып,
Күрең күзде кенеттен үзілген арман.

Қардай аппақ күндерім қысымда қалған,
Қардай көңілім ерісе, қысылма, қарғам.
Ақ мамығымды қайтейін аямай таптап,
Аязы қарып арқамнан, қысымға алған.

Жылдарым жылжып, жылыстап жырақтаған күн,
Жақсы күндерім, басымда тұрақтамадың.
Өткен күнімді есіме салмашы, қарғам,
Көңілім босап, тағы да жылап қаламын.

Күнім тоналды

Тұрақ – мыс қала,
Жұмақ – түс қана.
Сөздер – ұстара,
Көздер – күстана.

Жақсы жүдеді,
Нәпсі үдеді.
Жаман күледі,
Арам іреді.

Күнім тоналды,
Түнім омалды.
Тілім тұншықты,
Үнім жоғалды.

Шындық көмілді,
Сұмдық семірді.
Ақыл кеміді,
Батыр жеңілді.

Дертің ұлғайды,
Басым бұл қайғы.
Ашың ұрлайды,
Ласың былғайды.

Бағым байланды,
Қаным қайнаулы.
Қармап қайғы алды,
Бармақ шайналды.

Аядым
Табанына таптатқан қардай арын,
Жетесізге жұп болған жарды аядым.
Ұл қолдамай, салатын байбаламын,
Келіннен құқай көрген шалды аядым.

Желінбей, лақтырылған асты аядым,
Өрімдей ажал құшқан жасты аядым.
Тар жолда тайқып кеткен досты аядым,
Қауқарсыз қамығатын қасты аядым.

Қуларға шашылатын мәртті аядым,
Саудаға арын сатқан сартты аядым.
Қарттардың үйінде ғұмыр кешіп,
Қайғысы бала болған қартты аядым.

Түнеріп, жауа алмаған бұлтты аядым,
Ұлы ерлік жасай алмас жұртты аядым.
Әңгүдікке айналып, тілін білмей,
Мәңгілікке жойылған ұлтты аядым.

Елім деп еміренбес езді аядым,
Дүниеге тоймайтын көзді аядым.
Адамдар шалыс басар өз аяғын,
Жамандарға қор болған сөзді аядым.

Желбіремей жығылған Туды аядым,
Мөлдіремей лайланған суды аядым.
Жүзін ноқта жасырған сұлу қыз бен
Қызыл отқа оранған нуды аядым.

Айта берсем, талайды аядым көп,
Тірлік қылдық тағдырдың таяғын жеп.
Айтарым сол, қалайық адам болып,
Мынау бес күн жалғанда баяны жоқ.

***
Қуанамыз төбеміз көкке жетіп,
Жұбанамыз өмірді өткел етіп.
Өктем етіп мінезді, өкінеміз,
Өкпелетпес жандарды өкпелетіп.

Осы біздер қызықпыз қызбаланған,
Күніміз көп құлазып, құзда қалған.
Жанбай бағы жүрсе де жұбатамыз,
Маңдайдағы тағдыр деп сызбаланған.

Жүдеу жерде жанымыз жабығады,
Тілеулі ерге ел неге жауығады.
Бұлбұлдарды жатырмыз тұншықтырып,
Біреулерге артық боп тауық әні.

Басымызға қонақтар бақты ұшырып,
Шашымызға қап-қара ақ түсіріп.
Өмір өтіп барады осылайша,
Кейде тәтті, кейде ащы шақты ұсынып.

***
Құл болатын мен емеспін қорекке,
Өзімшіл де, жанға бала өрөкпе.
Жақтау үшін біреулерді жамандап,
Мақтау үшін төмендету керек пе?!

Адамдарды көріп жүрміз сан қилы,
Ақын деген араққұмар жан дейді.
Қауыз ашқан өлеңіңе қарамай,
Ауызыңды ішкен неге аңдиды?!

Алаш үні кеудесінде жаңғырып,
Мұң астында жүрсін мейлі мәңгілік.
Ғашық болып келген олар өмірге,
Ғашық болып кетуі де заңдылық.

Кезім де көп құр сүлдемді сүйреткен,
Сезім де көп көңілімді күйлі еткен.
Өнер мені өнегеге жетелеп,
Өлең мені адалдыққа үйреткен.

Өлең, өлең – жұтқан ауам, тынысым,
Көрем енді, көрмегенді жыр үшін.
Адамдардың үлгі етемін дұрысын,
Жамандардың сөзін қайтем, құрысын.

Әлиханның монологы

«Хан баласында қазақтың
хақысы бар еді, тірі болсам,
қазаққа қызмет қылмай
қоймаймын»
Әлихан Бөкейхан

Қайран қазақ, қайтейін, тағдырың мұң,
Онсыз да сан сүріндің, сан жығылдың.
Басты міндет – басыңнан бақ тайдырмау,
Әбден бізді қажытқан қанды қырғын.

Тіл құрыса, көш қалай шайқалмайды,
Қайырсыздар қапталдап, қайқаңдайды.
Ұлт мүддесі ұмытылған жерде жұртым,
Құт тұрады деп ешкім айталмайды.

Ойдан арыл жеріңді сатпақ әрі,
Алдымен ажыратпай ақ-қараны,
Әйтпесе, бабалардың сақтағаны,
Басқаның табанында тапталады.

Ойымның ойып айтар салмағы көп,
Өзге ұлт жалмауыздай жалмады кеп.
Қолтыққа тұншықтырған Алашымды,
Ажыратып ала алсам арманым жоқ.

Ортамызға біреулер от көсейді,
Қайтеміз қысқан мына тоқ Ресейді.
Көк бөрінің емшегін емген елім,
Шошқаға ертең телініп кетпесе игі.

Басыңа сыйласам-ау азаттықты,
Қайтадан қайтарар ем қазақтықты.
Алашқа бір қазаннан дәм татырып,
Күндерді туғызар ек, ғажап тіпті.

Қоңыр

«Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде
қоңырайып отырамын үстелге»…
Жұмекен

Қоңыр атқа тақым қағып жүргенде,
Қоңыр мұң да жоқ еді ғой бір менде.
Қоңыр желге маңдай тосқан қоңыр ұл,
Қоңыр тірлік кешетінін білген бе?!

Қоңыр тақта сахнаға саналып,
Қоңыр үнді ұстаз айтқан даналық.
Қоңыр портфель қонымсыздау болатын,
Қоңыр үйге қайтпағанда баға алып.

Қоңыр өткел куәгер ғой біз өткен,
Қоңыр күзде қоштасқанбыз ізетпен.
Қоңыр шашты сол сұлуды көрем деп,
Қоңыр шарбақ босағасын күзеткем.

Қоңыр киік күндер шіркін, ағылып,
Қоңыр түсті орамалын жамылып.
Қоңыр төбе асқаныма алаңдар,
Қоңыр шешем жүр ме екен, сағынып?!

Қоңыр елім, күн туса да үр жаңа-ай,
Қарап қоям сол бір қоңыр мұржаңа-ай.
Қоңыр тауға шыққым келіп тұрады,
Қойтас құмар қоңыр дара құлжадай.

Қоңыр қобыз тасытады қанымды,
Қоңыр анау домбырада сарынды.
Қоңыр әуен жеткен кезде үздігіп,
Қоңыр күй кеп тербетеді жанымды.

Бұл қоңырға теліп қойған мені кім,
Қоңыр дәптер, қоңыр қалам серігім.
Отырғанда қоңыр өлең жазып мен,
Қоңыр бұлтпен теңеседі көңілім.

Қоңыр жұртым, сен де бір күн қаларсың,
Қоңыр сағат тықылдаған хабаршым.
Қоңыр қаздай кеудемнен жан ұшқанда,
Қоңыр дала, қойныңа аларсың.

***
Үміт дейтін өшпейтін сәулеге еріп,
Күдік дейтін ойменен әуреленіп.
Мас күніңнің барлығы байыпсыздау,
Жастығыңның қалғандай дәурені өліп.

Әсем жанды дұрыс қой әсемдету,
Бәсең жанды оғаштау, бәсеңдету.
Жат қылыққа көбейді жаны құштар,
Жақсылықты жетпей тұр әсерлі ету.

Дүбір емес, дүмшелеу дүрбелең көп,
Күбір, елес қысады іргеден кеп.
Дос еместі пайда үшін құшаққа алып,
Қошеметші, білсе де білмеген боп.

Қосылды айғайыңа байбаламың,
Осыны көрген кезде қайғы аламын,
Ысқырығы жер жарған, қайран жұртым,
Бес-ақ ешкі болса да айдағаның.

Қамшы

Қазағымның дәстүрлі салтын ұғып,
Жаныма үндес қойғанмын қамшыны іліп.
Қамшыдай бұрау салған бұл өмірде,
Қара сөзді келемін қамшы қылып.

Иманға қамшы басқан тағдыр желі,
Адамды пенделікке жәбірледі.
Хауа Ана арқасына тиген қамшы,
Бар анаға тимесе қадірлі еді.

Бақсылардың қолында жүрген қамшы,
Жақсылардың жонына тиген қамшы.
Қамшыгердің айналған қаруына,
Шешім болып тасталған биден қамшы.

Көрген сайын қамшыны төрімдегі,
Ойым менің осылай бөлінеді.
Жылқы мінез қазаққа қамшы атауы,
Ажырамас бөлшектей көрінеді.

Өмірдің өрімі мол тұстары бұл,
Қамшыдан кете алмадым тысқары бір.
Жаратушым маңдайға жазып қойған,
Қайтейін, қамшы сапты қысқа ғұмыр.

Көп болды қаламым да іркілгелі,
Өлең жазбай кеттің дейді жұртым мені.
Өлеңнің өлкесінде қамшым қалған,
Бір айналып соғармын бір күндері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір