«Күнделік» платформасының «Алтын белгісі» табысталды
03.08.2026
23
0

Шымкент қаласы соңғы жылдары цифрлық білім беру жүйесін дамытуда және заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізуде республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. «Күнделік» ЖШС жетекшілері өткен аптада электронды журнал мен күнделікті жүргізуде республика бойынша ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Шымкент қаласы Білім басқармасына ерекше жетістікті айғақтайтын «Алтын белгі» марапатын табыстады.

Бұл жоғары марапат Kundelik.kz платформасын жауапкершілікпен әрі сапалы толтырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге байланысты беріліп отыр. Атқарылған ауқымды жұмыстар білім беру ұйымдары мен педагогтердің, ата-аналар мен ізденімпаз оқушылардың бірлескен жемісті еңбегінің айқын көрінісі болып саналады.
Нәтижеге сай шымкенттік оқушылар «Күнделік» ЖШС мен Halyk Bank бірлесіп жүзеге асырған «Үздік бағаларға – бонустар» бағдарламасы аясында демеушілердің арнайы қорынан жалпы көлемі 48,8 миллион теңге сыйақыны жеңіп алды. Бұл балаларды білімге ынталандырудың соны үлгісі десек қателеспейміз.
2025 – 2026 оқу жылының қорытындысы бойынша мегаполисте 488 өрен үздік шығып, әрқайсысы 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай бонусқа ие болды. Ауқымды жобаға шаһардағы 198 мектептің шәкірттері қатысып, жоғары үлгерімдерін көрсеткен болатын.
Жүлдегерлердің ең көп бөлігі 8 сыныптар арасында (95 оқушы) тіркелген. Одан кейінгі орындарда 9 сыныптар (82 оқушы), 7 сыныптар (77 оқушы) және 11 сынып (66 оқушы) оқушылары білім алуға деген қажыр-қайраттарын байқатқан. Жоғарғы сынып оқушыларының цифрлық жүйемен жұмыс істеу белсенділігін көрсететін бұл көрсеткіштер жеткіншектердің біліммен қатар санды технологияны да меңгеріп келе жатқанын айғақтайды.
Білім ұяларының арасында А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия, №23 мектеп-лицей, Ұлықбек атындағы №3 орта мектебі және М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназия оқушылары оқ бойы озып тұр.
Осылайша шымкенттік жеткіншектер биыл тек білім сапасын көрсетіп қана қоймай, өздерінің үздік бағаларын қомақты табысқа айналдырып отыр. Бұл жетістік аймақтағы өзге де оқушыларға үлкен серпін берері сөзсіз. Демеуші компаниялардың өрендерді қолдауға бағытталған бұл жобасы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір