Адалдық – адамдықтың белгісі

Жастар – елдің болашағы, қоғамды өзгертетін қозғаушы күш болғандықтан аға буын олардың адалдық пен әділдікті ту етіп, зиянды жат қылықтан ада болғанын қалайды. Сол зиянды әрекеттердің бірі – жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және адамгершілік құндылықтарды насихаттау маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осы мақсатта ОКЖ қарасты №20 кітапхана-бөлімшесінің ұйымдастыруымен ЕТЭК колледжінде «Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыбында диалог алаңы өтті.
Кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы кіріспе сөз сөйлеп, қоғамды жегі құрттай жейтін жемқорлыққа қарсы күрес тек заңмен ғана емес әр адамның азаматтық жауапкершілігімен, мәдениетімен өлшенетінін жеткізді.
Іс-шара барысында студенттер тақырып бойынша 2 топқа бөлініп, өзара пікір алмасып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, әр топ өз көзқарастарын плакат арқылы бейнелеп, шығармашылықтарын көрсетіп, салған иллюстрацияларын қорғады. Пікірталас барысында сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсері, оның алдын алу жолдары және әрбір азаматтың жауапкершілігі жөнінде диспут болды. Жастар өз пікірлерін ашық білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

Іс-шараға ЕТЭК колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Құстайқызы қатысып, студенттермен пікір алмасып, адалдық пен парасаттылық құндылықтарының маңыздылығына тоқталды.
Шара соңында кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы сөз сөйлеп, шараға қатысып отырған студент жастардың сауатты, белсенді екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел болашағы білімді әрі саналы жастардың қолында екенін айтып, олардың қоғамға қосар үлесі зор екеніне сенім білдірді. Іс-шара қорытындысында белсенді қатысқан студенттерге алғыс білдіріліп, кітаптар сыйға тартылды.
М.БӨЛЕК,
журналист
