Мо ЯНЬ. БЕЙЖІҢ КҮЗІ. ТҮСТЕН КЕЙІНГІ МЕН (Эссе)

Бейжіңнің күзі – ең шуақты күз деседі. Алайда маған күзгі Бейжің, керісінше, сүркейлі әрі еңсеңді езетіндей көрінеді. Оның өзіндік себебі де бар. Мен үйден өте сирек шығатын адаммын. Шыққан күннің өзінде онша алысқа ұзап кетпеймін. Әрі кетсе кітап салып жіберу үшін үйдің жанындағы пошта бөлімшесіне немесе азық-түлік алу үшін базарға ғана барамын. Шаруамды бітіргеннен кейін, жын ұрғандай жүйткіген көліктер мен әрлі-берлі ағылған жаяу жүргіншілерден бас сауғалап, бірден үйге жеткенше асығамын. Осы уақытқа дейін мен бір де бір рет көшеде басымды көтеріп, Цюй Юань секілді ойға шомып немесе Тао Юаньмин секілді бейқам күйде көк аспанға көз тастап көрген емеспін.
Бейжіңнің аспаны күзде ерекше көгілдір болады дейді. Теңіздің тұңғиық тереңіндегідей көгілдір. Егер аспанда ақбауыр бұлттар қалықтап жүрсе, олар теңіз айдынында қалқып бара жатқан Мо Янь аппақ желкендерді еске салады. Ал мұңлы үні көкірегіңдегі сағынышты қоздатып жіберетін ақ көгершіндер аспанды айнала ұшып жүрсе, осындай сәт қана жұрт аңыз қылып айтатын Бейжің күзін айшықтай түсетін.
Алайда Бейжіңде қанша жыл тұрсам да, өткен ғасырдың қаламгерлері тамсана жазған сол ғажап аспанды бір де бір рет көрген емеспін. Ол аспанға ауылдағыдай аласа үйлер мен кең көкжиек қажет деп санаймын. Бірінің құйрығын бірі тістеген құмырсқадай машиналар мен бұлтпен таласқан зәулім ғимараттар ондай аспанның сұлулығын тас-талқан етері анық. Ол күзге жалғыздық пен терең ой ғана жарасады. Ал бүгінде сол аспан сұрықсыздық пен ешқашан басылмайтын у-шудың астында тұншығып қалғандай. Мұндай аспансыз Бейжің күзі – күнтізбедегі жай ғана бір жыл мезгілі. Желдеткіштің астында жападан-жалғыз өмір сүріп, үйден сирек шығатын адамдар оны әлдеқашан ұмытып кеткен.
Күнтізбеге көз салсам, күз енді ғана келіпті. Бірақ аптап ыстықтың беті әлі де қайтпаған, әр-әр үйде әлі де желдеткіштер гуілдеп тұр. Түскі мезгілде сыртқа шықсаң, лайсаң көшедегі шаң-тозаңның арасынан жылт еткен жарықтың өзін сирек ұшыратасың. Айнала толы бірінің соңынан бірі тізілген қызыл машина. Олар көрер көзге жанған шоқтай, аққан отты өзендей, ұзын білте шамдай көрінеді. Көшедегі әрлі-берлі сабылған жаяу жүргіншінің бәрі терге малшынған. Көруге құмартатындай дүние емес. Сондықтан аса қажет болмаса, мұндай кезде үйден шықпаймын. Әдетте дәл осы уақытта ұйықтаймын. Түні бойы кірпік қақпастан отыруым бек мүмкін, бірақ күндіз міндетті түрде бір мызғып алуым керек-ақ. Егер түсте көз шырымын алмасам, кешке қарай басым ауырып, мең-зең боламын.
Күндіз көз ілгенде, кейде түсімде Чжу Цзыцин жырлаған лотос тоғанын көремін. Лотос жазда өсетін гүл болса да, Бейжіңде күздің басында ерекше жайқалып гүлдейтінін теледидар мен журналдардан анық білемін. Лотостың қауашақтары мен қоңырқай тартқан жапырақтар тоғанды жаба бастағанда, Күз ортасы мерекесінің де таяп қалғанын түсінемін.
Мен түскі астан кейін тым ұзақ ұйықтаймын. Сағат он екіде жатып, ең кем дегенде үште, кейде тіпті төртте оянамын. Көзімді әрең ашып, салқын сумен бетімді жуғанша, түстен кейінгі күн сәулесі терезе әйнегін алтын түске бояп үлгереді.
Төсектен тұрған соң бірден қою шай демдеп ішемін де, жұмыс үстеліне отырамын. Егер үйде әйелім болмаса, темекі тұтатамын. Қою шай ішіп отырып темекі шегудің рақатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шайымды ұрттап отырып кітап парақтай бастаймын. Түстен кейін ешқашан ештеңе жазған емеспін. Менде кітапты жүйелі, тиянақты оқу дағдысы қалыптаспаған. Қолыма кітап алсам, алдымен, соңғы беттеріне көз жүгіртемін. Егер қызық болып көрінсе ғана басынан бастап оқимын. Қырық жасқа толғаннан бері қанша жерден керемет жазылған болса да, бір де бір кітапты басынан аяғына дейін толық оқып шыққан емеспін. Мұның өте жаман әдет екенін жақсы білемін. Бірақ оны түзету енді мүмкін емес секілді. Кітап атаулыны біраз оқығаннан кейін бойымды әлдебір шаршау, зерігу, тіпті көңілсіздік сезімі билейді. Ондайда торға қамалған түз тағысындай бөлме ішін кезіп кетемін. Кейде он жылдан астам уақыттан бері қолданып келе жатқан «Hitachi» теледидарын қосамын. Диагоналі 21 дюйм болатын бұл теледидар кезінде ең үздік теледидардың бірі еді. Оны шетелге алғаш шыққан сапарымда сауда дүкенінен баж салығынсыз сатып алғаным есімде. Кейінгі жылдары жапон тауарларының сапасына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүргенімен, менің үйімдегі осы теледидардың сапасы мінсіз екені анық. Сапалы екендігі сонша, кейде тіпті жалықтырып жібереді. Он жылдан астам уақыт бойы күн сайын қоссам да, әлі күнге бояуы да қанық, дауысы да анық естіледі. Сондықтан оны лақтырып тастауға ешбір себеп жоқ. Теледидардан музыкалық қойылым көрсетіліп жатса, ерекше толқып кетемін. Әуеннің ырғағымен бүкіл денемнің тербелуі – өзімнің жеке дене жаттығуым іспетті. Қолыма екі бадминтон ракеткасын алып, әрқайсын айналдыра сілтеймін де, өзім де әуен ырғағымен бөлме ішінде шыр көбелек айналамын. Ондай сәтте басыма бөтен ойдың кірмек түгілі, тіпті өзімді де ұмытып кетемін. Оның ләззатын сөзбен жеткізу қиын.
Мен я шаршағандықтан, я өздігімнен ешқашан тоқтамаймын. Әдетте биім музыкалық шығарма үзілген кезде ғана аяқталады. Ал әуен тоқтаған сәтте көңілімді қайта мұң торлап сала береді. Мұндайда мұңмен күресерлік өзімнің тәсілім бар. Тоңазытқышты аша салып, жейтін бірдеңе іздеп кетемін. Тоңазытқышым да жапондікі. «Toshiba». Теледидарды қалай алсам, оны да сауда дүкенінен баж салығынсыз неміс маркасына сатып алғанмын. Жақында бір рет бұзылып қалып еді, әйелім таяқпен бір-екі рет салып қалғаннан кейін қайтадан жұмыс істеп кетті. Әдетте оның ішінен міндетті түрде ішіп-жер бірдеңе табылады. Егер ештеңе табылмаса, әйелім таяқ тастам жердегі көкөніс базарына жұмсайды. Негізі оның мені анда-мында жұмсауындағы мақсаты азық-түлік алдыру емес екенін жақсы білемін. Ол менің сыртқа шығып, көбірек қозғалғанымды қалайтын болса керек. Кейде Бейжіңнің күзгі күндерінің бірінде, түстен кейін базарға барып қайтамын. Бұрындары Бейжіңде жыл мезгілдерін тек аспанның түсінен немесе гүлдердің бүр жарған-жармағанынан ғана емес, базардағы жеміс-жидек пен көкөністерден де ажыратуға болатын. Күз ортасы мерекесі жақындағанда алмұрт, алма, жүзім, қауын мен қарбыз секілді тәтті жемістер көбейетін. Қазіргі Бейжің мүлде басқа. Жер шарының түкпір-түкпіріндегі жемістер бір түннің ішінде мұхит асып келіп, таңертең Бейжің сөрелерінде самсап тұрады. Бағбандық пен жылыжай ісінің дамып кеткені сонша, жемістің пісуі үшін қазір жылдың қай мезгілі екендігінің бұрынғыдай маңызы жоқ. Мысалы, бұрын Күз ортасы мерекесі кезінде қарбыз тапшы болатын. Қыстыгүні пештің қасында отырып қарбыз жеу бізге қол жетпес арман секілді еді. Ал қазір сыртта ақ түтек боран соғып тұрса да, базардан қарбыз сатып алуға болады. Қақаған қыста Хайнаньнан келген қарбыздардың сатылып жатқанына ешкім таңғалмайды. Тіпті Бейжің маңындағы жылыжайларда өсірілген қарбыздардың да қыс ортасында сатылып жататыны қалыпты құбылысқа айналып үлгерген. Базардағы жеміс пен көкөністің неше түрлісі бар екені сонша, қайсысына көз тоқтатарыңды білмейсің. Зат тым көп болған сайын, олардың ішіндегі жақсысын таңдау қиындай түседі екен.
Кешкісін базардан үйге қайтып келе жатып, кіреберісте ілулі тұрған газетті ала кетемін. «Бейжің кешкі газетіне» жазылғалы бері өзімді нағыз бейжіңдік сезіне бастадым. Бұл газет миллиондаған таралыммен шығатындықтан, әр нөмірі қалыңдап, жарнамасы да көбейіп барады. Көбінесе бірінші бетінде қызықты ештеңе болмайды. Мұнысы теледидардан көрсететін жаңалықтардың алғашқы он минуты сияқты нәрсе. Ішкі беттерінен анда-санда назар аударарлық дүниелер кезігіп қалғанымен, оны да оқып болған соң бәрібір ұмытып қаламын. Газетті парақтап болған кезде кешкі ас уақыты да жетіп келеді. Ал кешкі астан кейін не істейтінім эссенің мазмұнына кірмейді, тақырыптан тыс. Өйткені мен мұнда тек түстен кейінгі уақыттан кешкі асқа дейінгі тіршілігімді ғана баяндап отырмын. Кейде түстен кейін тілшілер келіп сұхбат алады. Кейде қонақтар келеді. Олардың кейбірі – достарым болса, енді біреулері – бұрын-соңды көрмеген адамдарым. Сұхбат беру адамды шынымен де діңкелетеді. Бірақ одан қашып құтыла да алмайсың. Сондықтан қайта-қайта бірсарынды әңгімені, бұрын айтқан сөздерімді қайталай беремін. Ал достарым келгенде бәрі басқаша. Біз олармен шай ішіп, темекі шегіп, алуан түрлі тақырыпта әңгіме айтамыз. Кейде қаламдас әріптестер туралы сөз қозғамау да қиынға соғады. Бұрын тілім сүйексіз еді. Сол үшін де талай адамның алдында жазықты болдым. Кейін, жасым ұлғайып, талай өмір көрген соң, аздап амал-айлам мен қулығым көбейген соң, сақтық таныту мен сабыр сақтауды үйрендім. Қазір адамдарды сынауға бейіл емеспін. Егер біреу туралы жақсы сөз айтуға мүмкіндік туа қалса, бар жақсы қасиетін жіпке тізіп беремін. Ал айтар жақсы сөз табылмаса, үнсіз қаламын немесе әңгіменің ауанын басқа жаққа бұрып жіберемін. Ха-ха-ха…
Байқаған адамға Бейжіңде жылдың төрт мезгілі де анық байқалады. Күз дәлме-дәл үш айға созылады. Расында да, төрт мезгілдің ішіндегі ең сұлуы да, ең жайлысы да – күз. Әсіресе Күз ортасы мерекесі қай уақытқа сәйкес келсе де, сол кезең жылдың ең тамаша шағындай көрінеді. Бала күнімде, туған өлкем Шаньдунда тұрған кезде Күз ортасы мерекесін айрықша күтетінмін. Өйткені бұл күні аспанда Ай туып қана қоймай, жер бетінде де Ай пішінді тоқаштар пайда болатын. Бір кездері әйгілі ақын Су Дунпо:
«Көк жүзінде жарқыраған Ай туғанда,
Тостағымды көтеріп, сыр суыртпақтаймын», – деп жазған екен.
Ол бұл өлеңді дәл менің туған өлкемде әкім болып тұрған кезінде жазған екен. Сол кездегілердің Айдың тууын қаншалықты тағатсыздана күткенін осыдан-ақ аңғару қиын емес. Ол кезде Ай пішінді тоқаштарды жеу дәстүрі әлі қалыптаса қоймаған болса керек. Әйтпесе, Су Дунпо мұны міндетті түрде жырға қосар еді. Ай пішінді тоқаштың ішіне салма салынуының да өзіндік тарихы бар. Юань әулеті тұсында моңғол билігіне қарсы көтеріліс жоспарлаған қытайлар Ай пішінді тоқаштардың ішіне құпия ақпараттар жазылған хаттар салып отырған. Осылайша, олар бір-біріне сыйлық беріп жатқандай көрініп, шын мәнінде, өзара хабар алмасып, астыртын байланыс жасап отырған. Бала күнімде Ішкі Моңғолияда мал сатумен айналысатын бір адамнан қызық әңгіме естігенім бар. Оның айтуынша, сегізінші айдың он бесінші түні моңғолдар далаға шығып, шөп арасына тығылып отырады екен. Оның қаншалықты шындық екенін білмеймін. Қалай болғанда да, тарихтың талай бұралаңынан өткен халықтар бүгінде бір-біріне бір анадан туғандай етене болып кетті. Құпия хаттар ғана салынбайды десемесең, қазір Ай пішінді тоқаштардың ішіне салынбайтын нәрсе жоқ. Менің ойымша, Күз ортасы мерекесі Бейжіңде пайда болған секілді. Өйткені бір кездері Бейжің Юань империясының астанасы – Даду болған ғой. Сондай Юань дәуірінен қалған қала қабырғасының қирандылары кезінде өзім тұрған Сяоситянь ауданының дәл іргесінде жатыр. Қабырғаның үстін қалың ағаш басып кеткен. Егер күздігүні, түстен кейін сол шағын тоғайдың ішінде тұрып қарасаң, Бейжің күзі дегеннің, шын мәнінде, қандай болатынын бар жан-жүйеңмен сезінер ең. Мүмкін, жақсырақ жазуым үшін бір күні менің десонда барып қайтуым керек шығар.
Қазір Күз ортасы мерекесіне әлі бір айдай уақыт бар болса да, Ай пішінді тоқаштардың «шайқасына» қызу дайындық әлдеқашан басталып кеткен. Ай пішінді тоқаштардың түр-түрінің көптігі сонша, адамдар қайсысын таңдарын білмей, дал болады. Сырт көзге бәрі де көздің жауын алып тұрғанымен, дәмдерінің бір-бірінен ерекшеленіп жатқаны шамалы. Мүмкін, жұрт мені Лу Шүн мырзаның шығармасындағы жаңа заманның тамағының қадіріне жетпейтін кемпір Тоғыз Цзиньге ұқсатар. Шын мәнінде, қазіргі Ай пішінді тоқаштарға қосылатын дәмдеуіштердің сапасы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы екені рас. Демек, олардың дәмі де жақсырақ болуы тиіс. Егер бізге ұнаңқырамай жатса, мәселе тоқашта емес. Алайда қазір тоқаштың өзінен гөрі, олардың қораптары әлдеқайда керемет. Олар алтынмен апталып, күміспен күптелген шағын сарайлар секілді жалт-жұлт етіп, көздің жауын алады. Шыны керек, қарапайым тамақты осынша сәнді қорапқа салудың не керегі бар екенін түсіне алмай-ақ қойдым. Жыл сайын мерекеден кейін бос қалған қораптарды қайда қоярымды білмей басым қатады. Адам баласы өзіне өзі машақат тауып алуға шебер ғой. Ғылым мен техника дамыған сайын ондай әурешіліктер көбейе беретін де секілді. Бейжің күзін тамашалауға арналған ең әйгілі орын – әрине, Сяншань тауы. Таудың баурайындағы ормандардың күз соңында қып-қызыл түске боялуы ол жердің даңқын аспандатып әкетті. Ұзақ уақыт бойы жапырақтары өңін жоғалтпай тұратын ағаштың көбі – негізінен, үйеңкілер. Меніңше, өз заманында Цао Сюэцин де, Налань Синдэ де, талай ақсүйек пен белгілі тұлғалар да күздің қызыл жапырақтарын тамашалау үшін осы Сяншаньға көтерілгені анық. Чжоу Цзожэнь осы маңдағы ғибадатханалардың бірінде ұзақ тұрған. Сол кезеңде жазған шығармаларының бәрінен күздің лебі еседі, әр сөйлемінен күзгі жапырақтың кермек дәмін сезесің. Бейжіңде 20 жылдан астам уақыттан бері тұрсам да, бір де бір рет Сяншаньға барып көрмеппін. Соған қарамастан, ол жер маған жат емес. Керісінше, кеудем Сяншаньның қызыл жапырақтарына толы. Егер бір күні бара қалсам, ол жерден көңілім қалуы да мүмкін. Өйткені қызыл жапырақтарды көру үшін барған адамдардың саны қызыл жапырақтардың өзінен де көп екенін білемін. У-шу мен абыр-сабырдың бәрін сылып тастап, табиғаттың сұлулығына тыныштықта тамсанған дұрыс шығар.
Қазір дәл Бейжің күзі. Түс ауған шақ. Мен бүгін өзімнің түстен кейін қалам ұстамайтын әдетімді бұздым. Қазір жұмыс үстелімде ежелгі дәуірдің ұлы ақындарының күз туралы жазған өлеңдерін еске түсіріп отырмын.
Күздің желі ұрлықшыдай бүркенді,
Үдей соқты. Үлгермедім ноқталап.
Төбесінен кіп-кішкентай күркемнің,
Қамысты ұрлап бара жатты төрт қабат…
Күзгі жел Батыс бағын дымқылдап өтті,
Мен болсам тау мен, күннен өзге
ештеңе көрмеймін,
Сыбызғы үнінен өзге ештеңе естімеймін…
Жапырақтар бірінен соң бірі үзіліп түседі,
Төменде Дунтин көлі мүлгиді.
Көл бетінде кешіккен күз
толқындары сырғиды…
Ол заманның адамдары күзгі мұң туралы көп айтқан. Өйткені күз кез келген құлпырған гүлдің өмірінің соңы солумен аяқталатынын еске салады. Бірақ бұған қарсы уәж айтқандар да болды. Мәселен, Ли Бо былай деп жазды:
«Меніңше, күз – тынығатын мезгіл,
Оны мұңаятын мезгіл деп жүрген кім екен?».
Ал Лю Юйси болса:
«Ежелден бері күзді мұң мен жалғыздықтың
мезгілі деп келген.
Ал мен күзді көктемнен де артық дер едім.
Бұлттардың үстімен жалғыз тырна
қалықтап барады,
Менің жырым да оның соңынан
бірге самғайды…» –
деді.
Ду Фу былай дейді:
«Жапырақтар сусылдап жерге
төгіліп жатыр,
Янцзы өзенінің сулары да
тоқтаусыз ағуда…».
Хуан Чао:
«Күздің тоғызыншы айының сегізінші
күні келді.
Барлық гүл солды, Тек менің гүлдерім ғана
жайнап тұр…» –
деп жазды.
Мынау Мао Цзэдунның өлеңінен:
«Мыңдаған ағашты қырау басқан,
Көкжиекке қан түстес шапақ жайылған,
Жауынгерлердің қаһары Құс жолын да дүр
сілкіндіреді…»
Бұл өлеңдердің бәрі де күзгі мұңға қарсы жазылғанымен, олар оны бәрібір шаттықпен, қуанышпен алмастыра алған жоқ. Олар тек әлсіз, дәрменсіз мұңды өр, асқақ мұңға ауыстырды. Жалғыздықтың орнына ерлік пен пафосқа толы сағыныш келді. Бірақ бәрібір оның аты мұң болып қала берді.
Аударған Еділбек ДҮЙСЕН