Ойма домбыраның өміршең дәстүрін жаңғыртқан шебер

Домбыра жасауды 15 жылдан бері кәсіби түрде меңгеріп келе жатқан шебер Утегенов Болатбек Бақытжанұлы қазақтың төл аспабының дәстүрлі болмысын сақтай отырып, қазіргі заман талаптарына сай жетілдіріп келеді. Өзі ашқан шеберлік мектебінде ұлттық аспаптың табиғи үнін, пішінін және ұлттық бояуын сақтай отырып, оның сапасы мен қолданыс мүмкіндіктерін арттыруға басымдық беруде.
Шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтілетін Ұлттық домбыра күніне орай Алматы қаласы ОКЖ қарасты №20 кітапхана ұжымы «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі Меруерт Мәулетқызымен бірлесе шеберді сұхбат алаңына шақырды. Әңгіме барысында домбыра жасау – тек ағаш өңдеу немесе аспап құрастыру ғана емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен өнерге деген құрметті талап ететін шығармашылық еңбек екені талдана айтылды.

Болатбек Бақытжанұлы, домбыра жасау шебері:
— Домбыраның қоңыр үні – ұлттық рухтың үні. Осы қасиетті аспаптың жасалу технологиясын сақтау мен дамыту – ұлттық қолөнердің маңызды міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары домбыра жасаудың дәстүрлі тәсілдеріне деген қызығушылық артып келеді. Соның ішінде өз басым тұтас ағаштан ойып жасалатын домбыра технологиясын қайта жаңғыртуды қолға алдым. Бұл әдіс қазақ шеберлерінің көне қолөнер дәстүрін сақтап, табиғи үн мен аспаптың сапасын қамтамасыз ететін ерекше тәсіл ретінде бағаланады. Құрамалы домбырадан гөрі ойып жасау техникасы ерекше ыждаһаттылық пен шеберлікті, төзімділікті талап ететін қажырлы еңбек.

Болатбек Бақытжанұлы үшін шеберлік – жай ғана кәсіп емес, атадан балаға жалғасып келе жатқан рухани мұра. Бала күнінен үлкендердің жанында жүріп, ағаштың қасиетін тану, құрал-сайманды дұрыс пайдалану, әр бұйымға ұқыптылықпен қарау сияқты дағдыларды бойына сіңіреді. Осылайша шеберлік отбасы тәрбиесі арқылы қанына сіңіп, жалғасын тауып келеді.

Болатбек Бақытжанұлы, домбыра жасау шебері:
— Шеберлік – қанмен ғана берілетін қасиет емес. Қанмен, текпен берілген ол өнерді баптап, дамытып, үздіксіз ізденіспен, табанды еңбекпен және тәжірибемен қалыптастыру керек. Мен де осы 15 жылдық тәжірибемде шынайы еңбектің арқасында тапсырыс берген азаматтардың сүйіспеншілігіне бөленіп келемін. Домбыра ісін шәкірттеріме үйретіп, қазір олар дөңгелетіп алып келеді. Өзім ұлттық аспаптың бірі қобыз жасауды қолға алдым. Қобыз жасау үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты және дәстүрлі шеберлік әдістерін терең меңгеруді талап етеді. Әрбір аспаптың өзіндік үні, мінезі болады. Сондықтан оны жасау барысында материалды таңдаудан бастап, әр бөлшегінің үйлесіміне дейін ерекше мән беремін. Бүгінде осы мұраны сақтап, дамыту жолында қобыз жасауды қолға алып жүрген шеберлердің қатарын көбейтсем де деймін. Ал ата-бабадан жеткен өнерге деген сүйіспеншілік сол жолды жалғастыруға күш береді.
Ұлттық қолөнердің қадірін арттыру, дәстүрлі шеберлік мектептерін қолдау және жастарды ата кәсіпке баулу – мәдени мұрамызды сақтаудың маңызды бағыты екенін айтқан шебер өзі де өнерден құралақан емес екенін көрсетіп күй шертіп, шараның маңызын арттырды.
Кездесу соңында кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы қонаққа алғысын білдіріп, ұлттық өнерді насихаттап жүрген азаматтардың еңбегінің арқасында домбыраның үні де, қазақтың рухани құндылықтары да мәңгі жасай беретінін жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.
Нұрай НҰРЫМЖАНҚЫЗЫ