ХАС ШЕБЕР ЕДІ ҚАСЕКЕМ…
Театр ғимараты талапқа сай болып, материалдық жағы толысып тұрғанымен өнер ордасының жұлдызды сағаты оның көрермен көңіліндегі өзекті де заманауи мәселелерді дөп басуымен анықталатыны әбден белгілі. Оған актердің білім-мәдениеті, сахна өнерінің кәсіптік қыр-сырын меңгергені, жалпы тұлға ретіндегі жауаптылығы, тағы басқа қасиеттер ықпал етеді. Ол үшін режиссураның елгезектігі, суреткерлік талғамы, интеллект-білімі, ерекше пассионарлықпен жұмысқа кірісуі, тағы көп-көп фактор қажет-ақ.
Үлкен оқиға – Ж.Шанин театрының 95 жылдығы қарсаңында оның тарихындағы кесек-кесек талантты актерлер, режиссерлер еңбегі ескеріліп, әсіресе Шаниндер әулеті өкілдерінің де театрдың «алтын кітабының» едәуір бөлігін алатынын ескеріп қойғанымыз бек дұрыс. Ұлттық сахна өнерінің атасы – Жұмат Шаниннің інісі Әкіш Шанин ағамызбен көп уақыт тыңғылықты еңбек еткені белгілі. Бірнеше кинофильмге түсті. Осында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атанды. Қарт сахнагердің «Мөлдір махаббат», «Шұға», «Аманкелді» спектакльдерінде ұлттық колоритке толы, жарасымды костюм киген ширақ қимылы, сахналық импровизацияға бейімдігі әлі де есте. Сол әулеттің осы өнер ордасына мейлінше көп еңбек еткен тұлғасы Қасымхан Шанин туралы әңгіменің өзі талай зерттеуге арқау болуға әбден лайық. Соның бір парасын саралап көрейік.
Театрдың жарқын белесі бас режиссер болып Ғ.Хайруллина істеп тұрған 1950 – 1960 жж. кезеңмен байланысты. Театр 1958 жылы Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Театр көктемі» фестивалі аясында «Жазықсыз айыптылар» (А.Островский), «Өгей шеше» (О.Бальзак), басқа да спектакльдерімен барып, сенсациялық сипатта республика астанасының рухани атмосферасын дүр сілкінткені бар. Сол өнер сапарының негізгі базарлығы – С.Мұқанов пьесасы бойынша қойылған «Шоқан Уәлиханов» туындысы болды. Одан бір жыл бұрын, 1957 жылы «Қазақфильм» студиясында бұл шығарма М.Бегалин режиссурасында Н.Жантөриннің басты рөлді орындауымен түсіріліп, прокатқа шыққаннан жұрт аузында жүретін сәтті туындыға айналды.
Ал шымкенттік өнерпаздардың «Шоқан Уәлиханов» спектаклінде басты кейіпкер – Шоқан рөлінде астаналық көрерменге бейтаныс есім Қасымхан Шанин ойнады. «Провинциалдық театр қалай жүрегі дауалап спектакльді Алматыға әкеп жүр?» дейсіз ғой… Көрерменді алғашқы минуттан тамсандырған нәрсе – Қасымхан Шаниннің фото-суреттерден белгілі Шоқанға портреттік ұқсастығынан бөлек, жалындаған жастық жалыны мен актерлік шабыт арқылы біртуар тұлғаны кереметтей етіп сомдаған болды. Сол көктемгі гастроль шымкенттіктердің өз «көркемдік рейтингін» көтеріп алуына айтарлықтай септігі тиіп, шығармашылық ұжым үшін, Шымкент үшін көп кезеңге азық болды.
1938 жылы Ленинградтан арнайы білім алып қайтқан топтан біраз кісі театрды тастап кетеді, біразы соғысқа аттанады. Содан театрдың актерлік құрамына ел ішіндегі талантты жастарды іріктеу жұмысы жүреді. Сол толқынмен жас өнерпаз Қасымхан Шанин де жұмысқа қабылданады. Домбырамен ән салуы, аккордеонда шебер ойнауы, білімпаздығы, қимылының жарасымдылығы жігіттің жұтынып сахнаға шығуға дайын екенін дәлелдеп тұр. Қасекеңнің актерлік жұмыстары ішінде Ә.Тәжібаевтың «Майрасындағы» Дүрбіт, К.Симоновтың «Прага каштаны саясындағы» Жокич көпке дейін жақсы аталып жүрді.
Қасымханның бойындағы органикаға толы табиғи болмысын, актерлік зеректігін, халық тәрбиесін жақсы меңгергенін кинорежиссерлер Е.Арон, Ш.Айманов жақсы бағалап, өздері түсіріп жатқан «Ботагөз» (1957), «Алдар көсе» (1964) фильмдеріне шақырады. Шебер актердің «Ботагөздегі» Бүркітбай рөлінде қайнап жатқан ішкі шерін от құсқандай домбыраға аманат етіп, оны ән біте амалсыздан қайыңға соғып быт-шытын шығаруы – көрерменнің есінде жатталып қалатын тартымды мизансцена!
Білімін жетілдіру үшін Қасекең Мәскеуге оқуға түседі. Оны қабылдаған көрнекті ұстаздар қанша жақсы көрсе де, Қасымхан Шанин «халық жауының баласы» деп танылып, ешкім қорғап қала алмады. Оқудан шеттетіледі. Бірақ салы суға кетпей, өзін қолға алып, режиссерлікпен айналысады. Кезінде ұлттық театр жолбасшысы болған әкесі Жұматтың шаңырағында композитор Е.Брусиловскиймен «Қыз Жібек», «Жалбырдың» операларының клавирін дайындау барысына куә болған жас режиссер Қасымхан Шымкент драма театрының сахнасында «Шұға», «Айман-Шолпан», «Жалбыр», «Аршын мал алан», «Тау қызы» секілді әуені шалқыған спектакльдердің қойылуына үлкен қозғау салады. Жұмыстан қол үзбей жүріп А.Островский атындағы Ташкент Театр-көркемөнер институтының режиссерлік бөліміне оқуға түседі. Соғыстың аяқталғанына көп бола қоймаған аш-жалаңаштау кезеңде сол институтта қазақстандық таланттар шоғыры: Б.Құндақбаев, М.Қосубаев, Б.Омаров, Қ.Мұхамеджанов, А.Ысмайылов, С.Тұрлымұратов, Ж.Шынәсілов, Н.Жантурин т.б. өнерпаздармен қатар оқиды.
Албырт, көп нәрседен хабары бар, өте шапшаң Қасымхан бірде атақты режиссер, ұстаз А.Гинзбургтің актерлік курстың дипломдық жұмысы ретінде өткізіп жатқан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» репетициясына барады. Кеңестер Одағы көлемінде біліктілігімен танымал режиссер ұстазы Қодар рөліндегі Н.Жантөриннің монологі жүріп жатқанда қолындағы қамшысымен оның арқасынан осып жібереді. Жанайқайы шығып, ыршып түскен Н.Жантөринге Александр Осипович жай ғана: «Продолжайте!» – дейді. Арқасы ашып тұрған Н.Жантөрин монологін жалғастыра түседі. Бұл эпизод жас талапкерге үлкен әсер қалдырады. Кейін спектакль кезінде монологтің сол тұсына келгенде Қасекең, шын мәнінде, Гинзбургтей білгір маманның педагогикалық әдісінің ұтымдылығын бағалай түсті. Бірақ көп ұзамай Қасекең ол оқудан да «белгілі себептермен» шеттетіледі. Хамза атындағы Өзбек академиялық драма театрының бас режиссері, КСРО халық артисі А.О.Гинзбургтің, институт доценті И.В.Радунның «оппоненті» ретінде институт бойынша танымал болып үлгерген «фантазер» Қасымхан Ташкентті тастап кете баруға мәжбүр болады.
Театрда «Шұға» спектаклін қою жас режиссер Қ.Шанинге тапсырылады. Қойылымның ерекше формасын табуы, оны мейлінше музыкамен көмкеруі, әуен лейтмотивін, кейіпкер характерін сипаттайтын ария тектес әнді пайдалануы Қасекеңнің осы спектакліне ерекше көрініс береді. Алғашқы кіріспе сахнада идиллияға толы ауыл өмірі, халық ойындары атмосферасы көп ұзамай-ақ драматизмге толы қақтығысқа ұласады. Ырғақ ауысуы, оқиғалар ширауы лайықты музыкамен кестеленіп беріледі. Соңғы сахна – Шұғаның ақтық сөзін ести алмаған Әбіштің жаңа заманға, төңкеріс ісіне кірісуге шешім қабылдауы Қ.Дүйсековке арнайы жаздырған кабалетта іспеттес жігерлі әуенмен серпіле түсіп, спектакльдің оптимистік пафоспен аяқталуына алып келетін. А.Қалмырзаев, Х.Сазантаева, Е.Садақбаева, А.Тайғаринова, О.Жұмабеков, Р.Байкенов, М.Ильясқаровтар ғажап та үйлесімді ойнайтын спектакль көрерменнің жадында ерекше сақталды.
Бүкіл Оңтүстік облысы мен Шымкент қаласының рухани әлемін жандандырған әнші-актерлер – М.Өтебаев, С.Досмағамбетов, Қ.Шанин үштігі импровизациялық «көшпелі театр» үлгісі болатын. Үш ноян өздері-ақ сағаттап концерт бере алатын. Өнердің қай түрін де халық жүрегіне жеткізе орындайтын. Кейін бұл топқа театрдың басқа да қыз-жігіттері қосылып, жалпы, Шымкент театрының музыкалық статус алып орнығу кезеңі қалыптасты. Солардың ұйытқысы болып, аккордеонын құлаштай тартып, әсем әндерін құйқылжыта, өзге әншілерді сүйемелдеп режиссер Қасымхан Шанин жүретін. Бұл көшпелі өнер керуеніне анда-санда талантты композитор Шәмші Қалдаяқов қосыла кететін. Әдемілікке, классикаға жаны құмар Қасымхан Совет көшесіне қоныстанып жатқан Мәдениет институтын, музыка училищесін айналшықтап, мамандармен тілдесіп, Оккерттің «Шұғаға» арнап оркестровка жасап беруін, одан әрі Оқушылар сарайындағы балетмейстер А.Л.Цандековаға барып, жоспардағы «Тау қызы» спектакліне Лабазан рөлін орындаушы актер М.Ильясқаровқа арнап лезгинка биін қойып беруін келісіп жүруші еді. Одан балалар саябағы арқылы «Оңтүстік Қазақстан» редакциясына барады. Ол жер қала мен облыстың шығармашылық интеллигенциясының бас штабы сияқты болатын. Сол жерден Шәмші Қалдаяқовты тауып, екеуі аяңдап отырып, жолшыбай бас пошта жанынан ассириялық ескі танысының қолынан сироп қосқан мұздай судан сіміріп, ары қарай Қошқар ата айналасына баратын. Қазақтың қос талантты тұлғасының жүрісі ерекшеленіп, көп сырға тұнып тұратын еді… Тіпті мұңға толы секілденіп те көрінетін. Алматының төрінде салтанат құрып жүретін таланттардың Шымкентте, провинцияда бір-бірін қолдап, демеп жүргендері байқалатын…
Р.Ғамзатовтың «Тау қызы» поэтикалық драмасын қою театр үшін өте қызықты шығармашылық жұмыс болды. Көңілдері алып-ұшып тұрған мектеп түлектері – қыздардың (олардың тобынан театрда қазір А.Жұмабекова бар) ұшқан құсқа үн қосып, үміттерін үкілеп салған әндеріне (Н.Тілендиев музыкасы) де, режиссер оларды сахнада сәкі үстіне жайғастыратын сәтінде де музыкалық бөліктерге Қасекем сахна сыртында тұрып, өзі дирижерлік жасаушы еді. Ал финалдық сахнада шебер актер М.Найманбаевтың темпераментін, алапат дауыс қуатын кеңірек пайдаланып, спектакль мәнін ашу мақсатында тәржіма авторы Х.Ерғалиевке ақынның қосымша монологін жаздырып, айтқызуы (Я.Козловский тәржімасында ол жоқ) Ғамзат Цадасаның сертіндей, азаматтық үніндей әсер ететін. Осы ортада Қасымхан Шанин өз замандастарының, өздерінен кейінгі жас буынның кумирі, ұстазы бола білді.
Кезінде ВГИК-ті бітірген талантты қырғыз кинорежиссері Б.Шамшиев Қасекеңді М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасына» Күшіков рөліне шақырады. Кешегі ғасыр басындағы қазақтың сауатты деген тілмаштық жұмыста жүрген «зиялыларының» өз есебінен жаңылыспайтын әккілігін, тарихи алмағайып кезеңді тиімді пайдаланған сабазды айнытпай көрсете алған актер Қасымхан жұмысы көрермендердің назарынан тыс қалмады. Фильмдегі бірнеше рөлде тамаша орындаушылық өнерімен көрінген марқасқа актерлер ішінде Қасекең сомдаған Күшіков образы да жұрт көңілінен орын алды.
1967 жылы қос театр бір ортақ директордың жетекшілігімен қазіргі әл-Фараби алаңындағы жаңа ғимаратқа көшу керек болды. Шымылдық Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» драмасымен түрілмек. Режиссері – Қ.Шанин. Осынау заман талабына сай арнаулы датаға қойылған коньюнктуралық спектакль, монументальды масштабта, батальды сахналық эпизодтарға толы идеялық екпіні дұрыс қойылған туынды – Қасекеңнің Шымкент театры сахнасындағы соңғы режиссерлік жұмысы еді.
1968 жылы жаңа сахнада жаңа жоба жасалды. Театрдың бас режиссері – ҚР еңбек сіңірген артисі Ә.Ордабаев Шымкенттегі қазақ-орыс театрлары шығармашылық құрамымен қазақ-орыс тілінде С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановын» қолға алды. Әрине, Шоқан рөліне театрдың жетекші актері Қ.Шанин бекітіледі. Есейген, жүріс-тұрысы баяулаған, салмақты актер бұл жолы екпінді Шоқанның ішкі сезіміне, ой топшылауына үңілдіреді. Бірақ Қасекеңнің элеганттық жүрісі, мундирді өз этикетіне сәйкес пайдалануы, «Мыс салт аттының» жанына барып А.Пушкиннің «Люблю тебя, Петра творение» деп басталатын өлеңін оқуы нағыз бекзаданы паш ететін. Патша аудиенциясынан көңілі қалған, елдегі сайлау тартысынан шаршаған, Катаринаның ықыласын еске алған Шоқан-Қасымхан бір сәтте жайлау төсінде поручик погоны жарқыраған кителін шешіп тастап, қолына домбыра алып, «Еділ-ай» әнін сызылтатын. Офицерлік сымбат, ғалымдық таным – сарай мәдениетін еркін меңгерген бекзада Шоқанның бар болмысын аша түсетін. Ал орыс партнерлармен болатын сахнадағы Қасымхан-Шоқанның келбеті Императорлық орыс География қоғамының ғылыми кеңесіндегі көріністің шынайы болмысындай әсер ететін. Бұл
спектакль жайлы қазақ театрының тарихында қатталып, жазылды, Қасымхан Шанин қазақ сахнасының төрінде Шоқанның образын алғаш сомдаған талантты актер екенін паш етті.
1964 жылғы сәуір айында Жетісай ауданы Өзбек КСР Сырдария облысының құрамында құрылған болатын. Өзбекстан территориясында уақытша қалған Киров ауданындағы Халық театры кезінде Мәскеуде, Кремльдің Съездер сарайында «Қыз Жібек» музыкалық драмасын қою құрметіне ие болды. Одан соң кілең әншілер бас қосқан ауыл өнерпаздарына арнап, Қасымхан Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасын қоюды мақсат етті. Музыка авторы – Е.Брусиловский, оның клавирі де, партитурасы да қалай дүниеге келгені Қасымханның есінде болатын. Шымкент пен Жетісай арасын жол еткен режиссер Қ.Шанинді ауданның мәдениет бөлімінің бір автоклубы белгіленген кестемен Шымкенттен Бағараға әкеліп тұратын.
Осылай белсенді жұмыс істеген жергілікті халық көркемөнерпаздар үйірмесінің күшімен Қасымхан дайындаған ел әртістерінің музыкалық драмасы Өзбекстан КСР Мәдениет министрлігінің ерекше назарына ілігеді. Алғашында Өзбекстан Республикасының Сырдария облысы «Қазақ музыкалық драма театры» аталып, Мәскеудегі зор жетістігінен кейін 1968 жылдың қаңтарында сол Халық театрының негізінде «Қазақ музыкалық драма театры құрылсын» деген өкімет қаулысы қабылданып, оркестр, хор, балет, солистер, драма актерлері қамтылған типтік штаттық кестесімен толыққанды кәсіби театр – 1969 жылы 18 қаңтарда Б.Майлин мен Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» музыкалық драмасымен шымылдығын ашты. Басты кейіпкер Жалбыр рөлін Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Ж.Қарғабаев сомдады. Театрдың тұңғыш бас режиссері – Қ.Шанин, директоры – Т.Бәйімбетов болатын.
Шымкенттегі өзі қызмет етіп жүрген театрдың актерлік, режиссерлік жұмысынан қол үзбей, жаңа театрдың ашылуына барынша қамқорлық көрсетіп жүрген Қасекеңнің еңбегі бағаланып жаңа театрға көркемдік жетекші болып тағайындалуға бұйрық алу үшін Ташкентке, Мәдениет министрлігіне барады. Онымен қоса директор орынбасары болып Қ.Молдәулетов те өту керек болатын. «Министрліктегі шенеуніктер Қасымханға шүйлігіп: «Сіздің жоғары біліміңіз жоқ екен ғой», – деп тығырыққа тіреді. Біраздан соң бізді сол ресми мекеменің Өнер істері жөніндегі Басқарма басшысы Рахманов жолдас өзіне шақырды. Кейін ол кісі аппараттағы қызметкерлердің біразын кабинетіне жинап, Қасымханға қарата: «Сіз Жұмат Шаниннің ұлысыз! Соның өзі бізге жеткілікті! Сізге ешқандай дипломның қажеті жоқ. Сіз нағыз асылдың сынығысыз», – деп жұрт көзінше бұйрыққа қолын қойып құттықтады. Кейін білдім, Рахманов кезінде Алматыда жұмыс істеген қызметкер екен. Елдің басынан өткен репрессия салқынын бір кісідей жақсы білетін есті кісі екені бірден байқалды.
Қасекең өте кірпияз болатын. Ол: «Өнер туралы пікір, сын айту үшін кісінің соған лайық правосы болу керек», – дейтін. Театр, өнер саласына ой қоспақ адамның ішкі дайындығы, талғамы, мәліметі зор болуы керек екенін ескертіп отыратын. Кейінірек, 1977 жылы сол Жетісай музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшкен кезде театрдың бас режиссері А.Оңалбаев Е.Брусиловскийдің «Жалбырының» Қасымхан редакциялаған нұсқасын ыждаһатпен қайта құрастырып қойып, ондағы кейіпкердің әрқайсысына лайық бастапқы ән-арияларды түгендегені есімде. Көпке дейін осы «Жалбыр» спектаклі Жетісай музыкалық драма театрының бренді – төлқұжатындай болды», – дейді Қ.Молдәулетов Қ.Шанин жайлы естелігінде.
Оркестр музыканты, виоленчельде орындаушы В.Шундровский: «Театрымыздың режиссері Қасымхан аға Шанин, театр музыканттарының дайындалу процесін көбіне есік сыртында тұрып бақылайтын. Ой-өрісі кең, ассоциативтік ойлау қабілеті мол Қасымхан аға сахна адамының өте көрікті, сымбатты, сұлу болғанын ұнататын. Көрікті, сыңғырлаған сопрано дауысты қазақ қыздарының бойынан шалғайдағы норвегиялық Сольвейг бейнесін іздеп, еске алып, виртуалды романтикалық сапар шегіп кететіндей болатын. Біз, жастар Қасымхан ағамыздан көп нәрсені сұрап, өнер сырына қаныға бергіміз келетін. Оның Рашид Оразбаховпен спектакльдегі музыкалық фон, иллюстрация, олардың кейіпкерлер табиғатына қатысы туралы жүйелі пікірлесуін, қызу әңгіме үстінде отыратынын жиі көретінбіз.
Қасымхан аға арғы-бергі, алыс-жақындағы өнер мен мәдениет жаңалықтарына құлағын түріп жүретін. Реті келгенде бізбен оқыған, білген жаңалықтарымен бөлісіп, жалпы театр әлемінің тенденцияларының біразын шолып, актерлердің танымын, перспективаларын анықтап, бізге шығармашылық ізденіске мотивация беріп тұратын. Ол кісінің білгірлігі, әр актерге қажет даму жолдарын нұсқауы шын тәлімгер, режиссер екенін айқындап тұратын еді» , – дейді.
Мен оқуға түскен кезде театр актрисасы А.Жұмабекова жүгіріп келіп: «Қасымхан аға, Асқар Ленинградқа оқуға түсіпті», – деп сүйінші сұрағанда, ол кісі массаттана орнынан тұрып: «Е-е, Ленинградтың көшесінде 4 күн жүрген адам институттың 4 курсын бітіргенмен парапар!» – деп қуанған екен. Бұл содан бірер ай бұрын театр директоры Ә.Ордабаев екеуі мінездеме жазып, үлкен өнер оқу ордасына жолдама берген талапкер жас өркенінің табысына марқайғаны болатын. Осындай ардақты ағалардың батасымен жетіліп, ел қатарына қосылдық.
1969 жылдың ерте көктемінде Шымкенттегі өзі тұрған қазіргі Қазыбек би көшесі бойындағы ауруханада Қасекең мезгілсіз дүниеден озды. 1971 жылы Қазақ КСР Оңтүстік Қазақстан облысы құрамына қайтарылғанын көріп үлгермеді.
Әкесі, кәсіби ұлт театрының атасы болған режиссер, драматург Жұмат Шаниннің ықпалымен құрылған Шымкент қалалық қазақ драма театрына бозбала болып келіп, аянбай еңбек етіп сахна сардары деңгейінде халқына танылған талантты актер, режиссер Қасымхан Шанин – қазақтың театр, кино өнеріне үлкен үлес қосқан талантты тұлға. Тұрған үйіне театр ұжымы 2006 жылы мемориалдық тақта орнатты. Көрнекті сахнагер Қасымхан Шанинді халық есіне сақтаудың, ұмыттырмаудың басқа да жолдары көп деп есептейміз.
Асқар ӘЛИХАН,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері
P.S: Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асқар Әлихан ағамызбен Шымкент қаласында өткен Қуыршақ театрының фестивалына барғанда танысқан едім. Өзі келіп сұрақтар қойып, мені бұрыннан білетіндей танысып шүйіркелесе кеткен. Сөйтсем, драма, опера театрлары, драматургия туралы азын-аулақ жазғандарымды тұрақты оқитын Асқар ағам өзі осы саланың өңірдегі білікті маманы екен. Облыстың Мәдениет басқармасы, Опера және балет театры т.б. салалары жайлы көп білетін, көп мәселеге жанашырлықпен қарайтын Асқар ағам Шанин театрының 95 жылдық мерейтойына қатысып, Жұмат Шанин туралы «Ұлт театрының атасы» кітабымыздың тұсауын кесуге барғанда қайтадан жолығып біраз пікір алысқанбыз. Сол кезде Қасымхан Шанин туралы біраз әңгіме айтып, өзінің де аздап жазатынын, бірақ маманға бір қаратып алмай жариялауға батпай жүргенін айтқан. Ағама ағымнан жарылып қолдау көрсетіп, «көрген-білгеніңізді жазыңыз, жіберіңіз қарап берейін» дедім. Біраз үнсіздіктен кейін биылғы наурыз айының 28-жұлдызында екі жазбасын жіберіпті. Біріншісі – «Хас шебер еді Қасекем» атты осы материал, екіншісі – «Жапон гейшасының хикаяты – Шымкент операсында…» жазбасы. «Асеке, рақмет, қарап шығамын. 30 күн ораза көзді ашып-жұмғанша өте шықты, ниет қабыл болсын, оразадан-оразаға төрт көзіміз аман-есен жетейік!» деген жауап жазыппын. Жұмысбасты болып сәл уақыт өтіп кеткен болса керек, көп ұзамай «Асқар ағамыз қайтыс болды» деген күтпеген жерден төбеден түскендей суық хабар келді. Есеңгіреп қалдым…
Сол Асекеме берген сөзім мойнымда аманат болып қалған еді. Міне, соның реті енді келіп, Жұматтың ұлы Қасымхан Шаниннің биыл 2025 жылы, 15 қазанда 100 жасқа толатын туған күніне орайластырып материалды толықтырып, өңдеп ұсынып отырмын. Жазбаға көп өзгерістер енгізген жоқпыз, кейбір деректерді нақтылап, кей тұстарын толықтырып автордың стилистикасын да қалдыруға тырыстық. Асқар ағамыздың бұл жазғаны қазақтың талантты актері һәм режиссері Қасымхан Шаниннің шығармашылық жолына арналған және біз көп біле бермейтін деректерге толы шығармашылық портрет десек болады. Бұл жазба оңтүстік өңірдегі Шымкент, Жетісай қазақ театрларының тарихынан, шығармашылық хал-жайынан хабардар етеді. Есімі көп атала бермейтін асылдың сынығы, театр және кино актері, режиссер Шанин Жұматұлы Қасымханның Жетісай театрындағы жанкешті еңбегінің куәсі боламыз. Даңқты ағамыздың есімін ұлықтауға арналған материал еліміздің театр өнерінің тарихын зерттеушілерге аз да болса дерек болады деген ойдамыз.
Шымкентте жүргенде Қасымханның өнердегі шәкірті болып, оның ұсыныс-жолдамасымен Ленинградқа оқуға барған Асқар ағамыз бен әкесі Жұмат Шаниннің шәкірті болған ұстазымыз, белгілі режиссер Асқар Тоқпановтың Мәскеуде оқуының арасында біраз жыл болса да, әкелі-балалы Шаниндердің екі Асқарды жолдама беріп оқуға жіберуінде өзіндік мистикалық ұқсастық бар. Дәл Қасымханның туған күні 15 қазанда, әкесі Жұмат тұтқындалып түрмеге тоғытылып, кейін атылып кете барғаны да кездейсоқтық па, әлде жай сәйкестік пе? Аруағы разы болғыр Асқар Әлихан ағамыздың мақаласының соңында қойған: «Көрнекті сахнагер Қасымхан Шанинді халық есіне сақтаудың, ұмыттырмаудың басқа да жолдары бар шығар…» – деген сұрағы ресми мекемелер мен жұртшылыққа ой салады деген ойдамыз.
Аманкелді МҰҚАН,
театртанушы
ПІКІРЛЕР1