ҰЛТТЫҢ ЖАДЫН ЖАҢҒЫРТҚАН РОМАН
19.07.2024
183
0

Жазушы Асқар Алтайдың кез келген шығармасын оқығанда «Алтай, Алтай болғалы не көрмеген» деген халық әні еміс-еміс еске оралады. Алтай – қазақ халқы үшін ғана емес, түгел түркі жұрты үшін қасиетті ұран, қарашаңырақ, мифопоэтикалық бедерлі нышан. Алтай тақырыбын Алаш арыстарынан М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров қаламына арқау етсе, кейіннен Қ.Ысқақов, О.Бөкеев, Д. Әшімханов, Ә.Асқаров секілді жүйрік қаламгерлер ақ өлеңмен жырлаудың айшықты дәстүрін қалыптастырды. Бұл сөз зергерлері салған сүрлеуден соқпағы соны, қолтаңбасы оқшау суреткер жазушы бар. Ол – бүгінгі әдебиетіміздің белгілі өкілі Асқар Алтай. Оның «Алтайдың алқызыл модағайы», «Туажат», «Сират», «Былғары табыт» секілді романдары, «Кентавр», «Қараштың қарасы», «Киллер сауысқан», «Шың» секілді көптеген новелла әңгімелері бұл сөзімізге айқын дәлел бола алады.
Алтай аңыз-әпсанасын шығармаларына түпқазық ету, көне тотемдік-мифтік бояуы қатпарлы ұғым-түсініктерді әшекейлеп, әрлеп жаңғырту Асқар Алтай шығармаларына тән өрнек, оның қолтаңбасын даралайтын машық деуге болады.

Халқымыздың эпикалық-әпсаналық қазыналы мұрасын жасампаздықпен жаңғыртып, жаңа өнернамалық белеске көтеру, сүйекті көркем шығармаға арқау ету, ескіні жаңамен үндестіріп ілкімді игеру­дің ұтымды тәжірибесін оның кейінгі жылдары жарық көрген прозалық дүние­лерінен бірден байқауға болады. Қазақ әдебиетінің классиктерінің белгілі романдары мен повестерінде фольклорды сюжет, яки жанр деңгейінде пайдаланып келгенінен мысал мол. Ал көркемдік көкжиегімізді кеңітіп, өзгеше өрнек қалыптастырған, постмодернистік лепте ізденістер жасаған Асқар Алтай фольклордың өзін, айталық, бір ертегіні, я болмаса дара аңыз-әпсананы әдеби биікте баяндап, басты нысанаға алып, жеке шығарма еткен жайы бар. Соның бір айғағы – Асқар Алтайдың сонау көне сақ заманының сарындарын қазіргі өмір-тіршілігімізбен шеберлікпен үндестірген «Былғары табыт» («Марқа сұлу симфониясы») атты романы.Мұнда сақ патшасы Дің қаған, оның опасыз ұлы Аманатбек, сүйікті қызы Сылаң бегімдердің шырғалаң оқиғалары олардың бүгінгі ұрпағы археолог Мағдан Жұрағатұлы, Аршын сұлу, докторант Дулат, Жады Толик, декабрист Қаржау секілді кейіпкерлер өмірімен шендестіріліп суреттеледі. Қатал заманның қаһарлы патшасы тырнағын ішіне бүккен жымысқы жауының бас терісін сыпырып алып, иін қандырып илеп, дұшпанына сес көрсетіп, кек қайтаратын құралы, беті терлеп-теп­шігенде сүртетін «қолжаулық» етеді. Жауын азаптап өлтіру үшін өгіздің шикі терісіне құндақтап, ми қайнаған аптапта сірі болып қатқанша сақтап, ауыр қорлық көрсетеді. Қазіргі Марқакөл өлкесіндегі Былғары табыт жер атауының қалыптасуына осы тарихи оқиғалар себепші болған деген ишара жасалады. Заманында әлемді дүбірлеткен сол сақ патшасының алтынға оранған асыл тәні, гауһар алтын тәжін Мағдан Жұрағатұлы ақсақал археолог Былғары табыт сақ қорымын қазғанда ашады. Міне, сол оқиға кезінде жадынан жаңылып Жады Толикке айналған, санасы тұмшаланып былғары құндаққа бунақталған сақ жұртының қазіргі ұрпақтарының тағдыр-талайы таласқа түседі, бүгінгі замандастарымыздың безбүйрек, өз ұлтынан жеріген дүбәрә, дүниеқоңыз ашкөз кейпі өткір әшкереленеді. Жергілікті байшыкештер мен жемқор шенеуніктердің өзенді бұрып кен шаятын дамбы орнатуы, оның жер сілкінісі салдарынан жарылып, Былғары табыт ауылын су шайып жойқын сел апаты орын алуы, сол мезетте Полицай парыз бен Аршын сұлудың гауһар тәжді қолды қылғысы келетін суыққол әрекеттері бүгінгі өмір-тіршілігіміздің айғақты деректері секілді шынайы оқиғалар тізбегіндей оқырманды терең ойға қалдырады, ар-ұятын шымшылап оятады. Ежелгі хандықтар заманынан елес беретін Марқа сұлу аңызы ағайынды тайпалардың бақталастығы мен тақталастығы қозып, ауызбіршілігі әлсіреген соң іргелі жат ұлыстарға жем болып кеткенін әшкере етеді.
Романда сақтар заманына жалғасқан қолжаулық жасау рәсімі, ата салты, қыз ұзату, бақсы ойыны, сақтардың жерлеу рәсімі секілді кәделі дәстүрлер көркем шығармаға нәр береді. Әрине, мифтер мен салт-кәделер шығармаға сол күйінде алынбаған, әдебиленген, мағынасы өзгертілген, психологиялық жағынан тереңдетілген, қосымша сюжеттермен көмкерілген, өмірдің көріністері енгізілген, соның арқасында көне рәсімдер мен әпсаналар бітім-өрнегі кемел де келісті көркем шығармаға айналған.
Асқар Алтай шығармашылығында мифологиялық-әпсаналық бедерлерді рәміз-символ етіп алу шығарманың философиялық-әлеуметтік мағынасын ұлғайту, үдету тәсілі ретінде қолданылатыны айқын. «Алтайдың алқызыл модағайы» романында Аю мен Бұлабике арасындағы ғашықтық хикая, «Кентавр» новелласындағы Аққаз, Басарыс бейнесі, «Былғары табыт» романындағы Марқа сұлу, Сылаң бегім, Дің тәңірқұт бейнесі эпикалық-ертегілік кеңістіктен үн қатады. «Былғары табыт» романындағы Марқа сұлу әпсанасы, Дің тәңірқұттың жауынан өш алу үшін былғары табытқа дұшпанын құндақтау сюжеті – авторлық қолтума мифтер. Бұл жазушының эпикалық санасының байтақ екенін көрсетеді.
Әлбетте, сақ заманының сарын лебі есетін бұл сюжеттер жалаң баяндалмайды романда. Мұнда қосымша эпизодтар мен деталь-штрихтар бар, бірақ романның «дәмі мен сәнін» келтіріп тұрған осы мифтік шытырман хикаялар. Айталық, сақ заманындағы қас жауының бас терісінен орамал «қолжаулық» жасау рәсімі айбынды да айбарлы тәңірқұттың мінез-болмысын ашып көрсетуге жұмсалған. Әрине, бұл секілді қаһарлы заманның неше түрлі қатал салттарына ежелгі адамдар құлай сенген, табынған, ал, бұл ғұрыптың кейінгі замандарда ұмыт болып «біреудің қолжаулығы болмақсың ба?» дегендей сөз орамдарында қалдығы сақталуы ықтимал. Солай болса да, қайткен күнде де көне нанымдар мен ұғымдар бүгінгі адам санасының перифериясында жатады, белгілі бір жағдайда, кейде адамның ырқынсыз, қуанғанда, ашуланғанда түйсігінен буырқанып көрініс береді. Қалай болғанда да тылсым райлы мифтік сана әлі күнге дейін адаммен бірге өмір сүріп келеді, сондықтан оның көркем әдебиетте жүруі – табиғи құбылыс, жазушының шеберлік өрнегінің өлшемі деуге болады.
Миф, ұран, таңба – тозбайтын рухани құндылық, сол себепті қаламгер А.Алтай қазіргі өз уақыттың тынысы, қоғам мен адамның түрлі қайшылығы, кейіпкерлерінің психологиялық болмысын ашу үшін байырғы ұғымдарды ұтымды шендестіріп-астарлап қолдануы автордың ұлттық танымы, интелектуалдық білігі жоғары екенін көрсетеді.
А.Алтайдың «Былғары табыт» романында осындай архетиптік бейнелермен қатар қазақ эпосында да кездесетін ақылды тұлпардың образы да мүсінделеді. Сылаңбегімнің ақылды тұлпары Топайкөк жаудан қашатынын сезініп, «қарнын тартып, шап айылын босатып, өзін-өзі жаратып келе жатады». Сылаң бегімнің жаудан қашқан сәтіндегі тұлпардың аяқ алысы эпостағыдай динамикалық сарында үдетіле суреттеледі. Сондай-ақ романдағы қазақ ауылын астаң-кестең етіп ағызып жоқ ететін жойқын сел, жер сілкінісі, зілзала қазіргі күнде орын алып отырған шынайы оқиғалар секілді болғанымен оның бейнеленуі су иесі Сүлеймен, жер көтерген көк өгіз секілді мифтермен тұспалдана бедерленеді. Осындай көркемдік өрнектер романға таза қазақы реңк беріп, оның болмыстық шырайын аша түскен деуге негіз бар. Шығарманың реңін автордың шұрайлы тілі де құлпыртып тұр.
Қорыта айтқанда, жазушы А.Алтай сақ заманының әпсана сарыны арқылы астарлап-тұспалдап қазіргі тұрмыс-тіршілік, өмірімізде орын алып отырған түрлі келеңсіздіктерді аяусыз өткір шенеп, бүгінгі замандастарымыздың мінез-құлқы, жан дүниесінде орын алған ұлтқа деген тасбауырлықты, салтқа деген самарқаулықты, опасыздық пен ожарлықты, ашкөздік, алауыздықты қатаң сынап, еліміз бен жеріміздің тұтастығына, отанымыздың келбетіне кесірлі жайттардан оқырманға сақтанып, сергек болуға дабыл қағады.

Сейіт Қасқабасов,
ҚР ҰҒА академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір