ЖАҺАНДАНУ ЖӘНЕ БІЗ
08.07.2016
1312
0

281877_1475817994____________________________(Қуаныш ЖИЕНБАЙДЫҢ әңгімелері туралы)

 

Жазушының шығармалары туралы тұтас пікір айту маған қиындау. Сондықтан мен «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған әңгімелері туралы өз пікірімді айтпақпын.

 

 

 

 

568bc76c7d1c1e34beda9d5156251bb9Амангелді  АЙТАЛЫ

«Жұлдыздың» 2010 жылғы 7 санындағы екі әңгімеге аса назар аудардым. Қазақ және жаһандану мәселесі онда өте шебер талданған. Алғашқысы – «Аралқұмның Абрамовичі». Жаһандану барлық ұлттарды бір стандартқа салып келеді. Киетін киім, ішетін тамақ, көретін кино… алыстағы Аралқұм супермаркетінде де толып тұр.  Шағын елдің өз «Абрамовичі» бар.  Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.  Киген киімің, ішкен тамағың бірдей, тіпті түзге де бірдей уақытта шығасың дейді автор. Қазақтың шұбатын, Аралдың  балығын  «Абрамович» менсінбейді. Басты мақсаты – келе жатқан қонақтарды барын салып күтіп алу. Надан байғұс тықақтап сұрап қоймаған соң аудан әкімінің «саған Рим папасы қонаққа барады» дегеніне кәдімгідей сенеді. Бірақ Рим папасының кім екендігін анық білмейді. Бір дөкей шығар деп шаршап, шалдығады. Осы тұстан супермаркет иесі – Қайыпбергеннің  күллі психологиясы ашылады. Қазақы қожанасырлығы да бір басына жетерлік. Қонақ күтіп, зор беделге ие бола қалуды да естен шығармайды. Түсінігі шамалы, төңірегіндегілерге  «үстөлге ылғи штрих коды бар тағамдарды қойыңдар» дейді. Сол арқылы «өркениетке жеткендігін» дәлелдемекші.  Әңгімеде қазақ ауылындағы осы күні біз бастан кешіп отырған шалағай тірлік ащы сарказммен боямасыз суреттелген. Тұшынып оқисың, ойға жетелейді. Көкейіңде: «Біз осы  шалағай мінезімізбен қайда барамыз, шынымен өркениет көшіне ілесе аламыз ба?» деген сұрақ тұрады. Шығарма тартымды.

Екінші әңгіме – «Беймәлім диагноз». Мұнда да жаһандану процесі жан-жақты сөз болады. Біз тәуелсіздігіне әлдеқашан қол жеткізген  елміз ғой. Бірақ шынайы өмірде осы шындықты толыққанды сезе аламыз ба?! Тағы да тосын сұрақ алдыңнан көлденеңдейді. Әлі де тым момын, тым бұйығымыз. Жұртпен жағаласа кетуге ұятымыз жібермейді. «Шыда, шыда, шыдайық!». Міне, бізді құртқан осы үнсіздік. Осынымыз басымызға таяқ боп тиіп-ақ келеді. Енді жүрегімізге ауыз салды. «Тыныштық, тыныштық керек! Сендер үндемеңдер». Үнемі іштей булығып, үнемі өз-өзіңмен іштей арпалыста жүрген соң, шапшып тұрған қан қысымын уыстап, қолдан бүре түскен соң тамыр бітелмегенде қайтеді?! Бұл – қазақ патриоттарының дерті.

Денсаулығы жағынан диагноздары бір, тағдырлары да ортақ, ал дүниетанымдары тұрғысынан космополит пен әлем мәдениетін де шеттетпейтін, қазақ мәдениетін бойына терең сіңірген шынайы қазақ-патриот ауруханада табысады. Ұстанымдары қарама-қарсы жаһандану заманының екі қазағы.

Тәуелсіздік алса да, өз еліндегі ішкі отаршылдық жағдайында  өмір сүру қазаққа оңай болмай тұр. Ұлт тілін, мәдениетін, өнерін, дінін бөтен жат дүниелер ығыстыруда. Рикардо Мути пианист, дирижер, ол композитордың қасында Құрманғазы, Тілендиевтер кейбіреулер үшін түкке тұрғысыз. Тақтың маңындағы ашкөздер үшін, ұлтсызданған нигилистер үшін ұлт жанашырының тірі жүргенінен тіпті, ана дүниелік болғаны жақсы екен. Әрине, автор жаһандануға қарсы емес, ол ақиқат болмыс, оны айналып өтуге болмайды. Бірақ оған бейімделе отырып, ұлт құндылықтарын сақтау, өзгеден үйрене де жирене білу мәселесін Қуаныш Жиенбай өткір қояды.

Таяуда В.Путиннің «Россия и национальный вопрос» деген мақаласын оқыдым. Онда ол – орыс орыс тілінсіз, орыс мәдениетінсіз өмір сүре алмайды, орыстарсыз Ресей ел бола алмайды деп ашық айтады. Өте дұрыс. Мемлекеттің өзегі (стержень), Путин сөзімен айтсақ, орыс халқы. Біз неге қазақ халқының мәртебесін көп ұлтты елміз деп төмендетеміз. Керек десеңіз, орыс тілінің жағдайына да шамадан тыс мазасызданамыз. Неге?!

«Жеміс ағаштары піскен жоқ» атты әңгіме «Қ.Ә.»-де 24.02.2012 жылы жарияланған. Кезінде тікбақай, асау, өркөкірек Сейтжаппар қарт  шаршады, ауру оны жеңді. «Тоғы таусылып, баяғыда тұрып қалған сағат сияқты» деп суреттегенде, «ақсақалдарды да аямайсыз-ау» деп авторға да наз айтқың келеді. Бірақ өлшеулі ғұмыр, өлшеулі уақыттан қайда қашасың? Ауру ақсақалды кемпірі де аямайды. «Өле алмай жатып мал саған неге керек» дейді ол. Тас бауыр боп кеткен балалары да хабарласпайды, сырттай ғана әкесінің тірі жүргенінен құлағдар.  Ақсақал ауырып жатып, мына заманның қатыгездігін, оның себеп-салдарын індете іздейді. «Біздің жақта жеміс ағаштары өспейді, айнала ысылдаған қызыл құм. Түйе көп, шұбат ішеміз бәріміз. Жақсы-ақ. Сол шұбатқа жеміс шырынын қосып ішкенде кім білсін, бұл өңірдің адамдары да ибалы, кішіпейіл, нәзік жанды боп келер ме еді деймін-дағы. Нойыс қой шеттерінен…»  деп қарт налиды.

Қуаныш Жиенбайды оқығанда мынадай ой келеді. «Бізге не керек, тәуелсіз ел болдық. Ұлы державалармен тереземіз тең. Олар бізбен есептеседі. Енді сол немістей, сол ағылшындай болайық» дейтін психологияның өріс алуына құлшына кіріседі. «Бірақ өзімізді-өзіміз сараламай, танымай, бөтеннің таңсығы мен қаңсығына бас ұру – бізді қайда апарады» дейтіндей сұрақты да көлденең тартады. Мен осы өткір мәселелердің автордың жалғастыра бергендігін, жазушының сол сұрақтарға оқырманмен бірге жауап бергендігін қалар едім.

АҚТӨБЕ.

ПІКІР ҚОСУ