Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ. ӨМІР СҮР,ӨЗ ОРНЫҢДА БОЛАМЫН ДЕП…

АҚЫЛ
Елеулі болсын әр ісің,
Тек адал болсын табысың.
Ұмытпа, балам, тірлікте
Екенін әр кез бәрі сын.
Таңдай біл өмір ағысын,
Адалда абырой бары шын.
Ескергін бірақ, айтқанның –
Болмауы мүмкін бәрі шын.
Талдай біл сөздің мәнісін,
Мағынасы мен әрісін.
Сөйлей біл керек жерінде,
Емес тек бірақ сән үшін.
Болмауың үшін жоқталмас,
Бола біл, таңда дос, жолдас.
Тап бола қалсаң қиынға,
Айналаң сонда бос қалмас.
Бола көрме жалтақшыл,
Біреуді көрме хан-тақсыр.
Дегенін ұмытпа қазақтың
Арыңды сақта, жан тапсыр.
Қатеңді кейде жіберген,
Іздеме көріп біреуден.
Өзіңдей көр басқаны,
Ол жерде өзің жүрер ме ең?
Сөзімді тыңда, асықпа,
Жинап ал бәрін жастықта.
Кесірі тиер әдеттен,
Алыс жүр, байқа, бас сұқпа.
Ет еңбек, табыс тап бірақ,
Тек өзің үшін шапқылап.
Кетпе, біл, пайда жұртқа да,
Тигенде ғана жақсырақ.
Қалыптаспа жалқау боп,
Ойлап, тауып сылтау көп.
Еріншекке, біліп жүр,
Биіктікке шырқау жоқ.
Ынжық мінез езіліп,
Тұрмасын бойдан сезіліп.
Болуға тырыс сезімтал,
Аңғаратын тез іліп.
Өмірді жасап бәсеке,
Пендені қойған есепке,
Орныңды өзің табасың,
Тағдырдан бәрі десек те.
Есіңде қалған өкпені
Етуге тырыс өтпелі.
Қинайды бәрі алдымен,
Бойыңда тұрып көп сені.
Ініні сыйла ілескен,
Жастайыңнан бір өскен.
Ағаны сыйла ойланбай,
Сен үшін кейде күрескен.
Асығып, артық аптықпа,
Қызбалау адам – жастықта.
Болады сәттер, туатын –
Керегірек сақтық та.
Жүре біл дұрыс елден тыс,
Болғайсың сырттай өң мен түс.
Байқала көрме біреуге,
Бір жақтан келген көргенсіз.
Артығы жоқ ақылдың,
Дей көрме айтпай жатыр кім.
Тыңдамай кетіп кей жолы,
Түбіне жеткен батырдың.
Алуға тырыс өнеге,
Сұрама жиі «о, неге?»
Абыз ақыл қазақта,
Қалыптасқан көнеде.
ДЕСЕ МЕЙЛІ
Өшікпе, біреуден өш аламын деп,
Кешікпе, уақыт жетер, барамын деп.
Аптықпа, орта жолда қаламын деп,
Шатастырмай жолдардың жолағын көп,
Өмір сүр, өз орныңда боламын деп.
Қалдым деме, қадамың алда талай,
Кідірсең кейіндеу қап, әлдеқалай…
Ілгері, кейін жүрер кездер де бар,
Сөйлейтін әрлі-берлі сөзге құмар.
Алдым деме, аларың алда әлі,
Азаматтың қашан да жолда малы.
Барды үнемде, пайда жоқ шашқандықтан,
Қадірле тамағыңды ашта жұтқан.
Көпсінбе, біреулерге бергеніңде,
Азсынба, алғаныңды керегіңде.
Мырзалық емес, мүлде шашқандығың,
Үнемдеу – сараңдықтан басқа ұғым.
Аулақ жүр бәрін білем дегендерден,
Кейде олар шыға алмайды керек жерден.
Кетесің өмір бойы үйренумен,
Табумен кемшілікті еленбеген.
Қол созғын, ұмтыл соған жетемін деп,
Қиындық, кедергіден өтемін деп.
Межелер қой барынша алысырақ,
Жеңісің болсын десең табыстырақ.
Шегінбе, шықсаң жолға белді байлап,
Кемітпе өз-өзіңді кемдік ойлап.
Шешім ал, алған бетің өзгермейтін,
Өзіңе, өзге де сөз келмейтін.
Жүрдек ой алыстарға жетелейді,
Қымсыну кейде жолды кеселейді.
Алға аттап, жеңгеннің кінәсі жоқ,
Басқаша, түсінбеген, десе мейлі.

БАҚ
Қоймағай адамдарды бақталас қып,
Кетпегей бірін-бірі таптап асып.
Себеп көп адамдарды жіберетін,
Ойлантып үлгертпестен жоқта мас қып.
Болған жақсы тұрмысың, ахуалың,
Сыйласа ағайының, атырабың…
Десе сені ортаның азаматы,
Жанғаны тірліктегі тап бір бағың.
Талассаң айналаңмен, жүргендермен,
Жарыссаң іштей, сырттай көрінгенмен,
Жақсырақ көрінбейсің айналаңа,
Қол жетіп, кей биікке үлгергенмен.
Дәреже, атақ, мансап, ақыл-ойың,
Керек, бірақ әуелі абыройың.
Қайда, кім боп жүрсең де алдыменен,
Жоғалмау керек бойдан қадыр, тойым.
Салыстырмаң өзіңді басқалармен,
Өмірдің өзі берер бәс саған ең.
Сені іздейді, сен емес, қонарында
Бұйырған бақ кетпейді бастан әрмен.
ШҮКІРМІЗ
Шүкірміз, бағынышсыз елміз бөлек,
Егемен елдерменен теңбіз демек.
Сыйғызып талай қиын ел, халықты
Ғасырлар айналып жүр, жер – дөңгелек.
Шүкірміз, ел тіл, дінін сақтаған ел,
Салты мен әдет-ғұрпын сатпаған ел,
Бізбіз,артта қалдырып сан ғасырды,
Жаңа дәуір төріне аттаған ел.
Шүкірміз, бізді бүкіл ел біледі,
Көк туымыз төбеде желбіреді.
Қамқорлап, қысылғанды қабыл алған,
Халқы бар пейілі мол, кең жүрегі.
Шүкірміз, байтақ елміз байлығы мол,
Тозбаған қазағымда байырғы жол.
Әкеліп келе жатыр болашаққа,
Алладан тілеп соны жайылды қол.
АЙТПАСЫНШЫ
Советтік дәуір еткен қиянатын,
Жеткізіп, санау қиын зиян атын.
Айтпасам, түрлері жоқ кейбіреудің,
Аңсауды сол кезеңді тыя алатын.
Сегіз жарым миллион қазағымнан –
Екі жарымы қалды нәубет азабынан.
Қырылып, бір миллионы шетел асты,
Советтің алып келген тозағынан.
Байтұрсынов, Сейфуллин, Рысқұлов,
Боздақтарға жоқ кінә жұғыстырып,
Атылды, бас көтерген бар қазағым,
Советтер құртты аяусыз ұрыс қылып.
Бос қалған жерге қаптап көрші кірді,
Жылдар өте көбею өршіп еді.
Атажұртын қырылған қазағымның
Кірмелер бірте-бірте еншіледі.
Бұлайша айтпас едім осыны да,
Кейбіреуі жүр әлі қос ұғымда.
Есіріп шектен шыққан есуас бар,
Ұсынып көршілерге қосылуға.
Көріп, естіп осындай арсыздықты,
Жанымызда жүріп ап қарсы мықты
Ниетпен, жүргендерден біздер қашан
Құтыламыз, аңсаған заңсыздықты?
Ешкімге жүрген жоқпыз көз алартып,
Білсе-ді көрші таппас бізден артық.
Үйрендік қақпай көріп өскеннен соң,
Сөйлеуге артық кетпей тізгін тартып.
Біздің елге көшкендер баяғыда,
Үйренген жоқ қазақша аяғында.
Әлі де белгісіздеу екі елдің,
Түбінде қалатыны қай жағында.
Біреу көріп қызығып тар кезеңнің,
Енді бірі азабын зар жегеннің,
Жанымызды жаралап айтпасыншы,
Дәуірін совет атты қаныпезердің.
КЕЗЕГІ КЕЛІП…
Зейнеткер жаста беріңдер дейді
жастарға орын босатып,
Қиналып жүрген, табылмай жұмыс,
болмағаннан соң бос артық.
Жас маман жүрсе күнкөріс іздеп, зейнеткер
Алып жүр дейді, еңбек ақысын
зейнеткерлікке қос артып.
Ол рас, зейнеткерлер
бар әлі де жүрген жұмыста,
Бәріне соның босат деп орын,
жалпылай айту дұрыс па?
Қай елде, қашан, айтыңыздаршы,
тек жастар жүрген ел бастап,
Айтыңыздаршы, деп жүрген жоқ па
ойланбай сөйлеп тым қысқа?
Аз емес жастар, күттірер үміт,
келетін көп іс қолынан,
Жүретін озып, сәйгүлік аттай
суырыла шығып тобынан.
Әйтсе де шындық,
солардың көбі жанында жасы егденің,
Жол тапқан талай ағаны ертпей,
ағаның еріп соңынан.
Аулақпын деуден босатпай
орын зейнеткер жүрсін жұмыста,
Берерін беріп, өтеді пенде ғұмырда
мынау тым қысқа.
Кезінде ерген, есейгендерден ес жиып
жүрген кейінгі,
Өмірдің заңы алады билік,
кезегі келіп бір тұста.
ДАСТАРҚАН
Ғажап қой қазағымның дастарқаны,
Құрметпен қонағына ас тартқаны.
Бұл дәстүр қалыптасқан халқымызда,
Жалғастырып ғасырларға жас та, кәрі.
Дастарқанға төрлеңіз, хош келіпсіз,
Қонақсыз үй көрінер бос, көріксіз.
Дәмдес болған адамдар дастарқанда,
Байқамайды болғанын дос еріксіз.
Адамзатта қашан да қонақжайлық,
Ерекше бір қасиет таңғажайып.
Сый-құдырет басталар дастарқаннан,
Тұратын қонағына алға жайып.
ЖАҚСЫРАҚ
Ойлап, байқай бастайсың ес білгенде,
Ақыл тоқтап, ілесіп есті күнге.
Алаңғасар, аңғалдау болсаң сол кез,
Өкінесің барлығын кеш білгенде.
Үйренесің, оқисың алып үлгі,
Сіңіресің бойыңа қалыбыңды.
Бастап сапар саналы ғұмырыңа,
Басасың арманыңа адымыңды.
Іздеуің мүмкін кейде бір амалын,
Кездестірсең жолыңның бұралаңын…
Ақыл, кеңес қашан да керек бірақ,
Жақсырақ өз-өзіңнен сұрағаның.
СЫЙЛА КӨҢІЛ
Өмірге азаймағай ғашық күнің,
Сезу үшін бақыттың қашықтығын,
Қызық пен қуаныштан қалмай орын,
Болмау керек уайымға ашық күнің.
Кемітіп алмау үшін кей күніңді,
Ұстап бақ кеңдеу қылып пейіліңді.
«Жылы жүзден түңілме» дейді қазақ,
Іздейді пенде әр кез мейірімді.
Сыйла көңіл өзіңе, жанұяңа,
Кездескен жас балаға, қарияға.
Жүзем десең көбірек рахатта,
Шаттық атты тамаша дарияда.
БЕРЕЙІКШІ…
Көше беру кідіріпті, бұл қалай,
Айтыңызшы тағы кім бар Шаханов сынды
тұлғадай?
Әрі ақын, әрі батыр қайталанбас қазаққа,
Бұл атақты берейікші, себеп тауып пұлдамай.
Тілді ешкім қорғаған жоқ Мұхтардай,
Куә, риза болды ісіне жұрт талай.
Ешкім ерлік көрсеткен жоқ Мәскеудің
төрінен,
Желтоқсанды айтып ашық, басқалардай
сырт қалмай.
Өзі бөлек, сөзі бөлек сом тұлға,
Өлеңдерін оқығанда ұмтыла,
Талай қазақ жүрген шығар тәубе деп,
Осындай ұл бергеніне ұлтыма.