МӘКИЗА АПАЙ ЖӘНЕ БҰРЫНҒЫЛАР
Аңда-санда Жазушылар одағында бір жиын болғанда, шығармасы жанымызды баураған аяулы жандардың үйіндегі шешелеріміз жиналатыны бар. Бір-бірімен құшақтасып амандасып, келмей қалғандарды сұрасып, шүйіркелесіп, мәз болысып жатады. Сонда сіз ол кісілердің Жазушылар одағына қандай дайындықпен келетінін көрсеңіз. Одаққа, әдеби ортаға деген құрметін, махаббатын сезіне алсаңыз…
Сондай кісілер уақыт өткен сайын азайып барады. Былтырлары Сайын Мұратбековтың үйіндегі Мәриям шешеміздің қайтқанын естіп, мұңайып едік. Енді, міне, жақында Рахметолла Райымқұловтың жары, Зейін Шашкиннің қарындасы Мәкиза Райымқұлова-Шашкинаның о дүниелік болғанын естідік. Өмірдің заңына қарсы шыққан кім бар, уақыты келген соң, бұйрық орындалады. Бірақ әрбір жоғалту оның алдында не болғанын түсіндіріп, көңіліңді ортайтып кетеді емес пе…
Ұзақ уақыт араласқан адамдарымның ішіндегі ең қартаңы осы Мәкиза апай болды-ау деймін. Алғаш рет газеттің жұмысымен үйіне барғанымда-ақ сексен беске келіп қалған кезі екен. Денсаулығы біраз сыр берген. Бірақ оны өзі мойындағысы келмейтіндей. Басына аппақ орамал тартып, саусағына жүзік тағып, кірпігін бояп отырады екен. Дастарханын өзі жайып, шай қойып, тамақ ысытып, алдыма қойды. Қазақы жоралғыларды да ұмытпайтын, кейін қалыптасқан қалалық мәдениетті де бойына сіңірген кісі еді.
Кейін газет апарып беруге, одан тағы бір жұмыспен бардым, одан соң еш жұмыссыз соғып тұратын болдым. Бармасам, «неге келмей кеттің, неге хабарласпайсың» деп апам өзі қоңырау шалады. Сөйтіп жүріп, үлкейген кісінің бала кезден бергі есінде қалған әңгімелеріне әбден қанықтым. Ол өзі бір кино түсіруге болатын әңгіме.
Дайырбай, Сағынбай, Зейін деген ағайынды үш жігіттің жастық шағы отызыншы жылдардың зобалаңына тап келеді. Алдымен Дайырбай (Мәкиза апайдың әкесі) жалалы болып, сотталады. Ел басқаруға араласып жүрген Сағынбай өкпе ауруынан өледі. Жас әдебиетші Зейін Алматыдағы зиялылармен бірге ұсталып, Сібірге айдалады. Сөйткенше Дайырбай жазасын өтеп келеді, бірақ сол тұста соғыс басталып, алғашқылардың бірі болып тізімге ілінеді. Ол жақтан ерлік көрсетіп, абыроймен оралады. Бірақ уайымы – інісі. Зейін аман келсе екен дейді. Жарлығы шықса да берілмеген орденді де қудаламайды. Ал Зейін Сталин өлгеннен кейін бір-ақ қайтып келеді. Кеткенде тіпті бозбала еді, енді егде тартып қалған. Бір өкпесінен айрылған. Дайырбай да шал болуға айналған. Бірақ екеуі осыған да разы. Бейбіт күнде тірі кездескендеріне қуанады.
Әкесі де, ағасы да халық жауы аталған жас қыз Мәкизаның да жағдайы мәз болмағаны түсінікті. Ағасы Сағынбай салғызып кеткен жетімдер үйінде өседі. Әңгіменің осы тұсына келгенде апай өкінішін жасырмайды. Сонда музыкадан сабақ берген орыс мұғалім мені мақтаушы еді, Алматыға барып әнші боласың деуші еді дейді. Қайтейін, бұйырмады ғой дейді сонсоң. Бірақ соғыс уағында бір топ келіншек радиодан тыңдап алып, «Қыз Жібек» операсын қойғандарын, борандатып ауыл-ауылды аралағандарын айтқанда, жадырап кетеді. Денелілеу бір әйел Бекежанның рөлін, бойшаңдау бір келіншек Төлегеннің рөлін алды, ал өзім әншімін, ішіндегі ең жасымын – Жібектің рөлін ойнадым дейді. Оны қайдан үйреніп жүрсіздер десем, алдында Күләштің орындауындағы «Жібектің ариясын» радиодан берген дейді. Со кездің адамдарына тән зеректікке, құштарлыққа таңғалмасқа шараңыз қалмайды. Одан соң «Қыз Жібек» операсынан бір-екі үзінді айтады. Бекежанның сөзін айтып келіп, Құрманбек Жандарбеков қосқан әйгілі күлкіні салады. Сол тұсын телефоныма жазып алғаным да бар еді, қайтыс болғанын естігенде іздеп, тауып алдым.
Бірде әншілігі туралы айтып отырып, «Кейінгі кезде көз тиді ме, әйтеуір дауысым дұрыс шықпай қалды ғой» деп еді, жарықтық. Кәрілік дегенді ұмытып кете беретін. Бірақ денсаулығының жоқтығын сөз еткенде, ерте қартайып қалдым, жас күнімнен бейнет көріп өскендікі ғой деп қиын күндерін тағы бір еске алып қоятұғын.
Арғы аталары Бекше Абылай заманында атақты мерген болыпты. Ол туралы Мәшһүр-Жүсіптің жазбаларынан дерек келтіретін. Өз аталары Шәшке де бай болған, қартайғанда қажылыққа кетіп, оралмаған кісі көрінеді. Жоғарыда аталған Дайырбай, Сағынбай, Зейін үшеуі, ұмытпасам, осы Шәшкенің үш ұлынан туатын немерелері.
Мәкиза апаның және бір жиі еске алатыны – Қазақ энциклопедиясында істеген жылдары еді. Мұхамеджан Қаратаевтың жетекшілігімен жұмысты бастағандары, тынбай еңбек еткендері, ол кездегі жұмысқа деген жауапкершілік, осының бәрін еске түсіріп отырып, соңында Мұхамеджан Қаратаев еңбегіне сай құрмет көре алмады деп сол кездегі басшылыққа ашуланатын. Тура энциклопедия жарыққа шығар алдында ол кісіні жұмыстан алып тастаған көрінеді.
Барған сайын ол кісіден сұрап, амандығын білетін адамдарым бар-тын. Бердібек Соқпақбаевтың жары болған Бәшен Баймұратованы, Мәриям Мұратбеккелінін сұраймын. Ол кісілердің үйіне де сұхбат алуға барып, бір-екі рет дәм татқаным бар және сонда дайындаған шағын материалдарым ол кісілерге де ұнаған екен, бір-біріне қоңырау шалып, мақтасқанға да ұқсайды. Жалпы, ол кісілер газет-журналды қадағалап, бір-біріне хабарласып, байқағандарын айтып, талдап отырады екен. Бұл, кейінгілерге де жұқса екен деп тілейтіндей, алдыңғы зиялы буын өкілдеріне тән әдет болса керек… Бәшен, Бәдеш (Ғафу Қайырбековтың жары), Нәсіп (Жұмекен Нәжімеденовтің жары) апаларымыздың ғұмыры ұзақ болсын.
Тілеулес пейілін үнемі сезініп, сан рет жылы лебізін көрген адам туралы сөзді аяқтар тұста алғыс ретінде бір ауыз түйін айтқың келеді. Жазған, іркіп қалған жайттарды және бір еске түсіріп көргенде «Жил человек…» деген тіркес тілге оралады. Василий Шукшин қолданған орыстың сол бір қарапайым қолданысы Мәкиза апайға да дәл келетіндей. Жоқ, кейіпкері де, әңгіменің идеясы да келмейді, тек осы сөз… «Адам өтті өмірден». Осылай деп аударуға болар ма екен… Адам өтті ғой өмірден. Арманы үшін күресіп, қиындыққа төзіп, жақсылыққа қуанып, Құдайдан күдер үзбей, бұйырған жасын жасап, бақиға аттанды. Алдынан жарылқасын. Ұрпағына жақсылық берсін. Дұрыс түйін осы-ау деймін шамасы…
P.S.: Алматының өзгеруі, қазақы мінездердің сирек кездесе бастауы, бұрынғылардың ұмытылып бара жатқаны – осындай нәрселерді түйсініп, әлдебір сезімге бөленуге болады. Тоқсаныншы жылдардың басында өткен бір кештің бейнежазбасы бар еді, сол еске түседі. Сонда Жәнібек Кәрменов Қасымның «Өзім туралысын» шырқайды. Сахнада, әншінің сыртында таяғына сүйеніп Әбу Сәрсенбаев, одан былай қарай әлденеге көзі жетпегендей, көзін сығырайтыңқырап қарап, жаңағы айтқан Мұхамеджан Қаратаев отыр, кештің басқарушысы болса керек, орта тұсқа Қалдарбек Найманбаев жайғасыпты, одан мына жақ шетте сақалы аппақ болып Тахауи Ахтанов отыр… Сол ән, ақсақалдардың сол отырысы тұтас бір дәуірдің қоштасу кешіндей көрінеді. Қазақ әдебиетінің алтын кезеңі солай аяқтала бастағандай. Бұрынғылар азайған сайын сол аяқталу да соңына таяп келе жатқандай.
Арман ӘЛМЕНБЕТ.