ӘКЕМДЕЙ ҚАМҚОР БОЛҒАН
Белгілі ақын, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Махмұтбай Әміреұлының есімі тек Сыр еліне ғана емес, елімізге жақсы таныс. Қаламында қуат, ойларында шуақ бар ақын ағаның менің өмірімде де алатын орны ерекше. Ол – қызығынан гөрі қиындығы көп журналистика саласындағы менің алғашқы ұстаздарымның бірі ғана емес, тұңғыш бас редакторым.

Бәрі күні кешегідей көз алдымда. 2009 жыл болатын. Он бір жыл бойы тәлім алған алтын ұя мектебімізбен қимай қоштасып, бала кезден кеудеге орныққан «журналист болсам» деген арман арайлы Астанаға алып келді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің болашақ журналистерге қойылатын барлық талаптарынан сүрінбей өтіп, шығармашылық емтиханнан жоғары ұпайды жинадым. ҰБТ-дан да жақсы балл алғанмын. Екеуінің қорытындысы бойынша ең жоғарғы – 100 баллдың иегерімін. Бірақ менің алғашқы қадамым сәтсіз болды. Бап шапқанмен, бақ шаппай қалды. Сол жылдары журналистика мамандығына 100-ден 100 балл алғандар мемлекеттік гранттың аз бөлінуі салдарынан оқуға түсе алмай қалдық. Бұл мәселе туралы келесі жылы оқуға түскенімізде біздің деканымыз болған, «Қазақ журналистикасының корифейі» атанған Намазалы Омашұлы «100-ден 100 балл алғандар оқуға түспеді!» деген тақырыппен республикалық басылымдарға мақала жазып, дабыл қақты.
Мен қатты қиналдым. Мені үнемі алға жетелеген, демеу болған анамның, ұстаздарымның үмітін аяқ асты еткендей күй кештім. Несін жасырайын, көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Он бір жыл бойы кітап бетін ашпай өткен қатарластарың мемлекеттік грантпен оқуға түскенде ішің удай ашиды екен. Бұл шынымен әділетсіздік болатын. «Мемлекет бітіруші түлек алдына қойған міндетті орындап, жүзден жүз балл жинадым. «Грант жетпейді» дейді. Бұл не сөз?» деймін ішімнен. Кейін білдік, сол жылы жүзден жүз балл алып, оқуға түспей қалғандар министрлікті сотқа беріпті. «Мемлекет алдымызға қойған міндетті орындап, 100 балл жинадық. Әділеттілік қайда?» деп шағымданыпты. Сотта жеңіп шыққан олардың бәріне министрлік тарапынан қосымша грант бөлініпті. Біз ауыл баласымыз ғой, «түспедің» деген соң, басымыз салбырап кері қайтыппыз…
Бір жаман қасиетім, мен шектен тыс намысшыл едім. Сөйтіп, аяқ астынан «намысым ұстап», ата-анам қанша жерден көндіруге тырысса да, «ақылы оқуды оқымаймын» деп отырып алдым. Оқуға келесі жылы тапсырмаққа бел будым. Бір жыл бойы үйде босқа жатып пайда таппасымды ойладым да әрі ауылдағы мұғалімдерімнің көзіне «күйік» болмайын деп жұмысқа тұрмақ ниетпен қалаға келдім. Бір қызығы, қалада дайын тұрған жұмыс та жоқ, арқа сүйеп баратын танысым да жоқ. Ата-анамның ықпал етпесін жақсы білемін. Бар ойым, оқушы кезімнен өлеңдерім мен әңгімелерім жарияланып жүрген облыстық «Сыр мектебі» және «Жоғары сынып», «Бал дәурен» газеттерінде болды. Төрт газеттің (ол редакциядан «Сыр ардагері» газеті де шығатын – Н.М.) бас редакторы Махмұтбай Әміреұлын сыртынан ғана танимын. Бетпе-бет жолығып көрмегенмін. Бір жағынан қысылып-қымтырылсам да, ақыры тәуекел еттім. Ақын аға кабинетінде үлкен ой үстінде отыр екен. Рұқсат сұрап кірген соң, өзімді таныстырып, жағдайымды түсіндірдім. Өзі басшылық жасайтын газеттерде жарық көрген мақалаларымды көрсетіп, жұмыс іздеп келгенімді айттым. Махмұтбай аға ұзақ ойланбастан:
– Менде компьютер операторының орны бос тұр. Сол қызметке қабылдаймын. Редакцияға хат түрінде келген қолжазбаларды компьютерге теріп, өңдейтін боласың. Бірақ тілші ретінде де жұмыс істей бересің, жиналыстар мен кездесулерге жіберіп тұрамын, – деді де, қолыма он беттік мақаланы ұстатты.
– Бұл мақала «Сыр ардагері» газетінің ертеңгі нөміріне шығуы керек. Қанша уақытта теріп боласың? Түске дейін үлгересің бе? – деп сұрады. Мен бөгелместен:
– Жиырма минутта теріп боламын, – деп жауап бердім.
Махмұтбай аға күліп жіберді. Ойланбай айта салған жауабыма қалайша күлмесін? Сосын облыстық төрт басылымның басын қосқан редакция ұжымына таныстырып, мен отыратын кабинет пен жұмыс үстелімді көрсетті.
Иә, Махмұтбай Әміреұлы бекер күлмепті. Сол күні бас редакторымның алғашқы тапсырмасы – он беттік мақаланы өзім айтқандай жиырма минутта емес, тіпті түске дейін де емес, жұмыс аяғында зорға теріп болғаным бар. Сөйтіп, мен редакцияға жұмыс сұрап барған 20-тамыз күні-ақ қызметке қабылданып, еңбек майданына араласып кете бардым.
Осылай күндер сырғып өтіп жатты. Ойда-жоқта басталған алғашқы еңбек жолыма бой үйрете бастадым. Махмұтбай аға – әрі редактор, әрі жауапты хатшы. Бірнеше қызметті қоса атқарады. Басында терімшіліктен басталған жұмысым бір апта өткен соң тілшілік қызметке жалғасты. Бас редакторым жаңа оқу жылына байланысты жиналыстарға, білім күніне арналған салтанатты шараларға жібере бастады. Қатысып келген соң жазуға тиісті мақалаларым бойынша бағыт-бағдар береді. Жазған мақаламды көзімше жөндейді, қателері болса, жанына отырғызып қойып түсіндіреді. Төртінші сыныптан бастап аудандық «Қармақшы таңы» газетіне мақала жазып, жетінші сыныптан бастап мектеп бітіргенше сол газеттің қабырғасында жүріп жинаған тәжірибемнің арқасында мақала жазуда көп қинала қойғаным жоқ. Махмұтбай Әміреұлы да жазған мақалаларымнан қате тауып, аса бір түзету енгізе қоймағаны есімде. Көп ұзамай, жаңа оқу жылының алғашқы күні облыстық «Сыр мектебі» газетінде «Балаларға қуаныш сыйлады», «Қаржылай көмек көрсетті» атты қос бірдей мақалам мен «Жоғары сынып» газетінде «Жырға сапар» айдарымен бір топ өлеңдерім жарияланып, оқырман қауымнан өз бағасын алып та үлгерді.
Редакцияға күн сайын хаттар толассыз көп келеді. Электронды поштаға келетіні тағы бар. Бастауыш сыныпта оқитын баладан бастап, еңкейген қарияларға дейін жазған хаттарды іріктеп, редакциялап, өңдеу де оңай шаруа емес. Осы хаттардың басым көпшілігін Махмұтбай Әміреұлы мен тілші Мұхамеджан Нұрханов ағамыз екеуі редакциялайды. Басында Махмұтбай аға маған мектеп оқушылары мен жасөспірімдерден келетін хаттарды ғана түзетуге беріп жүрді. Кейіннен, мен әбден пісіліп-жетіліп, редакциялаудың қыр-сырына қанықты-ау дегенде барып мұғалімдер мен ардагерлердің мақалаларын да қосып беретін болды. Сөйтіп, Мұхамеджан аға екеуімізге хаттарды теңдей қылып бөліп беретін. Осылайша, Махмұтбай аға мені қым-қуыт, күйбеңі таусылмайтын «журналистика» дейтін терең теңізге бірден бойлатпай, күн сайын сол теңіздің тамшысынан ғана дәм татқызып отырды. Бас редактор ретінде кеңес беріп қана қоймай, кейде емен-жарқын әңгімеге тартып, ағалық ақылын да айтатын. Үнемі білімге, білуге талпындырып, күн сайын жаңа нәрсені үйретіп, алға ұмтылуыма барынша жағдай жасады.
Махмұтбай Әміреұлының ұжымды басқару стилі де ерекше болатын. Ол кісінің біреуге дауыс көтеріп ұрысып жатқанын, болмаса ашу шақырып, жекігенін ешқашан көрген емеспін. Кейде шектен шығып, қиқарланып жатсақ, қара сөзбен-ақ тез арада сабамызға түсіретін. Көппен сыйлас жан өзін де сыйлата біледі. Адам баласына қабақ шытып, қатты сөйлеуді білмейтін, ешқашан қарапайым да дана қалпынан танбаған ақын аға көптеген әдеби-мәдени іс-шараларға жанынан тастамай ертіп жүрді. Тіпті өзімен бірге аудандарға дейін алып шығып, талай жиындарға қатыстырды. Халық алдына шығарып, өңірімізге танымал жақсы-жайсаңдармен араласуыма септігін тигізді. Көптеген жыр мүшәйраларына қатыстырып, облысымыздағы әдеби дүрмекке де араласуыма жол ашты. Облыс көлемінде шығып жатқан әдеби жинақтарға өлеңдерім мен мақалаларымды ұсынып отырды. Былайша айтқанда, шығармашылық адамы ретінде шыңдалып, өсуіме себепші болды.
Ақын аға редакция қызметкерлеріне қолынан келген бар көмегін аямайтын. Бәріміздің әлеуметтік жағдайымызбен жіті таныс болатын. Жалақымызды үнемі өсіріп отырды. Әр нөмір шыққан сайын тиісті қаламақымызды беретін. Әсіресе маған деген қамқорлығы алабөтен болды. Қаладағы танысымның үйінде уақытша тұрып жатқан мен кейіннен жалдамалы пәтерге шығуым керек болғанда көмек қолын созды. Қиналған кездерімде қаржылай да қолдау танытып жүрді. Бір сөзбен айтқанда, маған әкемдей қамқор болды.
Бірде, Жеңіс күні жақындап қалған уақытта Ұлы Отан соғысы туралы жазған өлеңімді алып бас редакторға кірдім. Махмұтбай аға оқып шықты да, жүзі сұрланып, тұтығып кетті. Сәлден соң:
– Мынау не мазағың? Қасірет әкелген соғыс туралы осындай өлең жазады ма екен? – деді жүзіндегі ашуын сабырға жеңдіріп, – өлеңің жарамайды, асықпай жөндеп әкел.
Бас редакторымның бұрын мұндай мінезін көрмеген менің аздап көңілім құлазыды. Осы уақытқа дейін жазған өлеңдерім мен мақалаларыма дәл бұлай сын айтып көрмеген ақын ағаға іштей ренжідім. Сол күні көңілсіз жүрдім. Жұмыс уақыты аяқталуға жақындаған тұста Махмұтбай аға өзіне шақырып, қарсы алдына отырғызып қойып, әңгімесін бастады:
– Сендер – бақытты ұрпақсыңдар, – деді аға, – Әкелерің жандарыңда жүр. Тыныш заманда ержетіп келесіңдер. Мен болсам, Әміре әкемнің түр-түсінің қандай екенін де білмеймін. Соғыс оты тұтанып жатқан жылы там (Қызылорда облысында үйді осылай айтады – Н.М.) салса керек. Сол үйдің төбесіне салған белағашына болашақ баласының атын «Махмұтбай» деп өз қолымен жазып кетіпті. Әкем жайлы бар білетінім осы ғана… Осы 2009 жылғы мәлімет бойынша Қызылорда облысында 470 майдангер ғана қалыпты. Тіпті елімізде майдангерсіз ауылдар да бар екен…
Мен бас редакторымның кабинетінен ерекше тебіреніп, толқып шықтым. Ақын ағаның жан жарасын ұғынып, ол кісіге бекер ренжігенімді тез-ақ түсіндім. Жұмыс үстелімде жатқан өзімнің жазған өлеңімді қайта оқып шықтым. Ұят-ай! Өлең деген құр аты ғана, негізінде не ұйқасы, не мағынасы жоқ шылдыр-шатпақ бірдеңе! Қолыма ақынның жыр жинағын алдым да асығыс парақтай бастадым.
– Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Майдангерлер, азайып барасыңдар, –
деп басталатын көзіме оттай басылған «Майдангерлер» атты өлеңін бір емес, бірнеше рет оқып шықтым. Өзі әлгінде ғана мысалға келтірген 470 майдангер туралы жазған:
– 470 майдангер… Сақта құдай,
Қалай ғана жеткенбіз шаққа бұлай?
Қадау-қадау боп қана қалдыңдар-ау,
Қара ормандай қалқиған қарттарым-ай, – деген өлеңі де жүрегімді тебірентті.
– Майдангерсіз көбейді қалған ауыл,
Жүрекке де, бұл хабар жанға да ауыр.
Ортасынан от пен оқ аман келген,
Қайда ата, қайда әке, қайда бауыр? –
деген жыр жолдарын оқығанда, жанайқайын терең түсініп, жүрегім қанжылап, көзіме еріксіз жас келді. Бейбіт өмірдің қадірін жете сезіне бермейтінімізді түсіндім. Махмұтбай ағаның осы өлеңдерін оқығаннан кейін «өлең» деуге келмейтін шылдыр-шатпақ шимайыммен ол кісінің жан жарасын тырнап қана қоймай, көңіліне қаяу салғаныма өкіндім.
Уақыт жүйрік қой. Зымыраған минуттар мен сырғыған сағаттар бір орнында тұрған ба? Бір жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Әкемдей қамқор болған ақылшы ағам, ұлағатты ұстазым, алғашқы бас редакторым Махмұтбай Әміреұлы балапан кейіптегі менің томағамды сыпырып, қияға қанат қақтырды. Ақ жол тілеп, Астанаға шығарып салды. Сөйтіп, мен өзім армандаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің табалдырығын аттадым. Оқу ордасының қабырғасында жүргенде де ақын ағаның жанында жүріп жинаған мол тәжірибем көп көмегін тигізді. Қолымнан жазу келетінін байқаған декан Намазалы Омашұлы: «Сен дап-дайын журналист екенсің ғой, республикалық газетке барып жұмыс жаса, сабақ пен екеуіне де үлгересің», – деп ерекше ынта танытты. Осылайша, мен алғашқы курсым басталған үшінші күні-ақ толыққанды журналист ретінде елордамыздың өміріне араласып кете бардым.
Содан бері он алты жыл уақыт өтіпті. Бүгінде Махмұтбай аға басшылық жасайтын облыстық басылымдарда өткен сол сәттерімді қазір аса бір қимас сезіммен, сағынышпен еске аламын. Әлі күнге дейін алғашқы еңбек жолымды бастаған сүйікті басылымдарымнан қол үзбей, мақалалар жазып тұрамын. Қазір ойлап отырсам, егер мектеп бітірген жылы бірден оқуға түсіп кетсем, онда қиындыққа белі бүгілмеген асыл ағамен танысудың, елін, жерін, кәсібін ерекше сүйген ұлағатты ұстаздан тәлім алып, қарымды қаламгердің алдын көріп, шәкірті атану бақыты бұйырмаған болар еді.
– Жаныңда таза екен ғой ақша қардан,
Арлының адамдығы жоғала ма?!
Жердегі барлық ізгі, жақсы адамдар –
Сен болып елестейді маған, аға! –
деп Мұхтар Шаханов жырламақшы, Астанадан алып-ұшып ауылға жетсем болды, Махмұтбай ағама жолығып, редакцияға бас сұғуды әдетке айналдырдым. Басылым беттерінен өлеңімді немесе жазған мақаламды оқыса, пікірін білдіріп, қолдау танытып, жеткен жетістіктеріме қуанып, үнемі сыртымнан тілекші болып жүретін аға бүгінде рухани жанашырыма айналған.
– Сенің өткенде «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан мақалаңды оқыдым. Анау күні ұшақта келе жатып бір журналдан естелігіңді көрдім. Жақсы жазыпсың. Жалпы, сенің қалай жазатыныңды білемін ғой, – дейді сонда ақжарқын аға, – Осы бетіңмен тайма. Жастарға көп іздену керек. Сондықтан көп оқы, көп ізден.
Соңғы кездері кесел жиі мазалап, емделудің қамымен әуре-сарсаңға түсіп жүргенімізден хабардар аға денсаулығыма да алаңдап отырады. «Тезірек жазылып кет, айналайын! Мен – тілекшімін», – дейді жүрегі елжіреп жан жылуын аямайтын ардақты аға. Сол аурудың әлегімен Қызылордаға қызмет ауыстыруға тура келді. Уақыт табылса болды, ақын ағама барып шер тарқатып қайтамын. Махмұтбай аға да жатсынбай қарсы алып, ақылын айтып, кетерімде қолыма соңғы шыққан кітабын ұстатады. Сөйтіп, алғашқы бас редакторымның кабинетінен жаным жадырап, зор сеніммен шығамын.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған ақиық ақын, қарымды қаламгер, ұлт жанашыры, бүгінде сексен дейтін сеңгірлі жастың үшінші биігіне шыққан көрнекті қоғам қайраткері Махмұтбай Әміреұлы жақында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды.
– Шалқыған шаттық әні бақтарында,
Бөленген көшелері ақ қайыңға.
Дарияның жағасында бір қала бар,
Айналған Сыр елінің мақтанына, – деп туған жерін тебірене жырлаған ақын бүгінде өзінің сүйікті Қызылордасында ырду-дырдуы көп жиын-тойдан, думанды кештерден бойын бөлек ұстап, оқшау ғұмыр кешіп келеді. Жай ғана «өмір сүріп» жатқан жоқ, шығармашылыққа алаңсыз бет бұрып, оқырмандарын апта сайын жаңа туындысымен қуантуда. Олай болса, жазар қазынаңыз сарқылмасын, абырой жұлдызыңыз биікте жарқырай берсін дегім келеді әкемдей қамқор болған ақын ағама.
Жақсы ағаның мерейі әрқашан үстем болғай!