ӘКЕМДЕЙ АҚЫЛШЫ, АҒАДАЙ БАУЫРЫМ, ДОСымдай СЫРЛАСЫМ ЕДІ
03.09.2023
383
0

 «Әнуар-Сануар, поставь самовар», – дейтін Ғафекең көңіл күйі жайланып, қызмет­тен үйге келгенде, не болмаса сенбі, жексенбі күндері жазудан басын көтеріп, жұмыстары бірыңғайланды-ау деген кез­де. Мен жүгіріп жүріп, шәй қайнату қамына кірісемін. Өмірдің тамаша кез­дері еді-ау…
1958 жылы мені ауылдың жетіжылдық мектебін бітіргеннен кейін Алматыға әкелгеннен бастап, тура он жыл сол үйдің бір баласындай болып өстім. Ол кез­де Ғафу-ағам Тастақта, ауласында мәуелі бағы бар жеке үй салдырып, тұрып жатқан шақ болатын. Ғафекеңді туған жездем болса да, не себептен екені белгісіз, өмір бойы «Ғафу-аға» деп өт­тім. Әкемдей ақылшым, ағадай бауырым, жанашырым, досымдай сырласым болды. Талай қызық әңгімелерді, әсіресе іссапарларға, курорт-санаторийлерге, қазір шет ел болып кеткен туысқан мемлекет­терге барып, қайтқандағы көрген-білгендерін, алған әсерлерін қызығатындай қылып айтып беруші еді. Бірде өзбек акаларымызбен бірге майы шынтағыңыздан аққан палау жеп, бірде Сайфи Құдаш елінің өлең-жырларынан тарихи хабардар болып отырсаңыз, келесі жолы «нарзан» минералды суымен біздің сол кез­дегі «кефир»-ден үлесін келтіріп араластырған, армян халқының «қымызы» осындай болады екен деп, Ғафу-ағаның өзі жасаған сусынды ішіп отырар едіңіз. Шіркін, сол әңгімелерді ең құрығанда қазіргідей смартфонға түсіріп, не жазып отырғанда… Осы кез­де жұрт­тың көбі естіп, әрқилы айтып жүрген:
Иван Шухов дегенің мына кісі,
Артында салақтаған флягасы.
Иван ішіп, сен ішпей тұрған кез­де,
Адамның келеді екен жылағысы, –
деп парадқа шыққан ақын-жазушыларды бір күлдіргенін, Ақтөбе сапарында обкомның аудандарды аралауға бөлген «волга» машинасымен келе жатып, сол кез­дегі облыс хатшысы Трофимовтың вертолетін басып озған жүргізушіге ризашылығын:
Жігіт­тің өрмелесе өрге тасы,
Самолет­тен озады машинасы, –
деп білдірсе, барғаннан кейін ауданның жігіт­тері келген сыйлы қонақ-ақынды құс атуға шақырса, Ғафаң, «барғанда қандай, оның үстіне өзім де, руым да мерген» деп шалқыса керек. Дегенмен көлдегі үйректерді Ғафаң атқан мезет­те жігіт­тер «бытырасы тимей ұят болар» деп қатарымен ататын көрінеді. Мұны байқаған және риза болған Ғафаң:
Жігіт­термен араласаң көл бойын,
Аларсың атып үйректердің любойын, –
деп айтқанын екеуара отырғанда алғаш өз аузынан естіген едім.
Ғафаңның Тастақтағы үйі құт­ты қоныс болды. Олай дейтінім, бұл үй сол кез­де баспанаға кенде боп жүрген көптеген ақын-жазушылардың, өзімен қатар жүрген Шерхан Мұртаза, Жұмағали Ысмағұлов, Сағи Жиенбаев, Ізтай Мамбетов, інідей болып кеткен Тұмашын (Молдағалиев), Шәмілін (Мұхамеджанов) айтпағанның өзінде, пайғамбарындай қөретін Ғабаңның (Ғабит Мүсіреповтың) анда-санда болса да келіп кететін, ал Тайыр Жароков, Хамит (Ерғалиев), Сырбай, Қайнекей сияқты ағаларының ашық көңілмен емін-еркін отырып әңгімелесетін демалыс орны секілді болатын. Жалпы, Ғафаң үйінде халқымыздың ауызға алар ақын-жазушылары, зерделі қауым өкілдерінің басым көпшілігі той-домалақта, дастархан басында кез­десіп, бір жасап қалатын. Ал басқа республикадан келген ақындар қаншама! Олег Шестинский, Константин Ваншенкин, Михаил Львов, Павел Железнов бұлардың бәрі – Ғафаң үйінде қонақта болған орыс ақындары! Павел Железновтың «Ана туралы жырды» орысшаға аударғанын жұрт­тың көбі біле бермейтін де шығар. Қоғамда ерекше, сыйлы да салмақты орны бар бұл зиялы қауым өкілдерінің әрқайсысының әңгімелерін естіп, қарым-қатынастарын көрудің өзі тарихтың бір бет­терімен жүзіп өткендей әсер қалдырушы еді.
Ғафу ақынның шығармашылығына, поэзия мен прозадағы өмір жолына, аудармаларына арналған ғылыми ізденістер көбеюде. Оның бір дәлелі – Ғафу Қайырбеков пен ақынның жақын інісі Марат Барманқұловтың Қазақ­стан поэзиясы мен журналистикасында өшпес із қалдырған мәдени мұраларына арналған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университеті ұйымдастырған халықаралық конференция (2015 жыл, 27 ақпан). Басқа да белгілі сыншыларымыздың, ғұлама ақын-жазушыларымыздың Ғафу ақынның қазақ әдебиетіндегі шыңға көтерілген жеке шығармашылығына арналған еңбектері аз емес. Дегенмен қазақтың ақиық ақыны Ғафу Қайырбековтің 90 жылдық мерейтойын ол кез­де Қазақ­стан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өзі басқарып, ерекше бір ықыласпен, Қазақ­стан өлең сүйер қауымымен ақынға деген аса зор құрметпен өткізген еді. Оның үстіне ақынның он томдық (жары Бәдеш Хамзина-Қайырбекова құрастырған) өлең-поэма жинақтары және үш томдық прозасы да жарық көріп үлгерді.

Жалпы, ақынның алыс пен жақынға деген риясыз, ақ дархан қөңілін замандастары, әріптестері әр басылымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында жазып та, айтып та жүр. Алайда ақынның баспа арқылы өтпеген, жеке арнау өлеңдері қаншама екен деген ой да келеді, осындайда. Мысалы, біз отау болып шыққаннан кейін, Ғафу-ағамыз бізді көзінен таса қылған жоқ. Отбасымыздағы, қызмет бабындағы өсу жолымызға қуанып, ақ тілеуін білдіріп отырды. Бір жетідей хабарласпасақ, одан артық бізде күнә жоқтай болатын. Қайғы-қуанышымызды Ғафу-ағамызбен бірге бөлістік. Мейрамнан да бетер қуанатын сәт­тер, әрине Ғафу-ағаның өлеңдері газет бет­терінен жарық көргенде болатын. Таңертеңнен бастап жолдастары, көбіне әріптестері, телефон шалып, шыққан дүниенің жағымды жақтарын баса айтып, құт­тықтаудың астында қалатын. 1976 жылдың 20 желтоқсанында ақынның проза саласындағы алғашқы күрделі еңбегі – «Ақ желкен» кітабы жарық көрді. Құт­тықтауға келген бізге де бір кітабын тарту ет­ті. Әдет­тегідей, қолма-қол қолтаңбасын да өлеңмен жазып ұсынды:
«Жақын жандар жүрекке,
Сол жүректі жүдетпе,–
Деп ағалық тілекпен
Ұсынамын ақ кітап
Әнуаш пен Жібекке».
Аса қуанышты күндердің бірі 1978 жылдың шілде айы болатын. Ғафекеңнің 50 жылдығы қарсаңында ағамыздың «Беласар» ат­ты екі томдық өлеңдер мен поэмалары жарыққа шықты. Жұбайым Жібек екеумізге екі томның әрқайсысына қолтаңбаларын жеке-жеке өлеңмен өрнектеп тарту ет­ті:
Әнуар!
Қолымнан өскен ботам, Әнуарым,
Намысым, Сендерсіңдер менің арым.
Болмасын жүрек жүдеу,
жаның жарым,
Елуге келген шақта шыққан кітап,
Тартуым, осы болды қолда барым.
Ағаң Ғафу. 1978, 26 июль

Ардақты Жібек!
Сен отаудың тігілген себебісің,
Содан бері жарасып келеді ісің.
Әнуармен бақыт­ты, ұзақ өмір
Кешуіңе «енші Алла» сезеді ішім.
Арманжанның тойында айтылатын
Асыл сөзбен аяулы өлең үшін.
Ұсынушы, ағаң Ғафу.
1978, 26 июль
Осындай қолтаңбамен бірге экспромтпен жазылған ақын өлеңдері әріптестерінің, достарының, тіпті оқырмандар қауымының қолында да аз емес шығар. Шағын мақаламда ақын болмағаныммен, солардың қолына су құйып, тіпті көпшілігімен дастархандас болғаннан кейін шығар, Ғафу ақынға, аяулы Ғафу ағамызға арнауымды қоса салып отырмын.

Ақын
(Ғафу Қайырбековке)
Арман аз ба адамда орындалар,
Асылдардан тек жақсы орын қалар.
Өтсін мейлі талай жыл, ғасырлар да,
Ақын ғана жүректен орын алар.

Ортақ ол қайғыға да, шат­тыққа да,
Тасымайды барлыққа, тоқтыққа да.
Маржанындай ойларын тұңғиықтан
Тере біл сен,
Асықпа, аптықпа да.

От­тай кейде лапылдап, жанып кетер,
Ақыл айтар әкең де болып кетер.
Анаң болып кей кез­де ақ тілеулі,
Өткелінен қиынның алып та өтер.

Бұлтсыз болса көк аспан күркіремес,
Жауыны да жерге бұл сіркіремес.
Ақын жаны – шарайна…
Сызат түссе,
Шарт сынбауы оның да мүмкін емес.

Ғафу ақын осындай қалпыменен,
Көрінеді сияқты алтын емен.
Ұлыларға тән болған қасиетпен,
Қатар жүріп келеді халқыменен.

Ой маржанын тергізген тереңінен,
Асып-тасқан ақыл ол кемерінен.
Тербеп жатыр бүгінде жер бесігі…
Сыр шертейін
Ғафаңның мен елінен.

Жарқын жырлар көңілден
шығарармын,
Көзін ашсам, бұлақтың,
тұмалардың.
Бала келді, өмірге ақын туды,
Топырағы көтерген Шұбалаңның1.

Жылжып жат­ты алмасып
таласа күн,
Өткізіп қиын-қыстау бала шағын.
Зобалаңды жылдарды артқа салып,
Ақын бала іздеді болашағын.

Ойға түйді бәрін де, көргендерін,
Талай үйдің ошағы сөнгендерін.
«Бала бастық»2 соғысты
«жерге көмді»,
Қайтарды да қайғылы
«бергендерін».

Сондай болар адамның бекзаты да,
Асқақ арман – ақындық арға тұлға.
Жүректегі жыр селі буырқанып,
Алып кет­ті жетелеп Алматыға.

Алатаудың қарсы алып
қарлы басы,
Құшақ жайып «жүгірді»
тарғыл тасы.
Ақын Ғафу –
Торғайдың бұлбұлы еді.
Шықты алғаш «Құрдастар»3
қарлығашы.

Алатаудың жыр қылды омырауын,
Ғафу үнін мүмкін бе танымауың!?
Тауларды да «сөйлет­ті»
мүлгіп жатқан,
Күмбірлет­ті Ыбырай қоңырауын.

Ісі жоқ-ау алмаған қолға тіпті,
Толстойдай ойшыл боп,
толғатыпты.
Өжет­тігін көрсетіп Дағыстанның,
Қазақ қылып сөйлет­ті Ғамзатовты.

Таң атырды қараңғы неше түндер,
Бір-бірімен алмасты неше күндер.
Байрон жазған еврей
«қазақ» болды,
«Қазақ» болды
Пушкин мен Есениндер

Кәрі Торғай өмірі – мәнді тарих,
Аумалы мен төкпеге кенді тарих.
Тасып ақын шабыты шарықтады,
Айдындағы «Ақ желкен»4
көрді жарық.

Есте қалды зор үні, құлаштары,
Қыран ұшқан сағынып тұр аспаны.
«Жоқ емессің, кет­тің сен,
Торғайыңа» 5, –
деп қимады Тұмашы, Жұмаштары.

…Иемденді бір көше Ғафу атын,
Иемденер бір мекен Ғафу атын.
Ел есінде осылай қалар мәңгі,
Жырдың пірі атанған Ғафу ақын!

Әнуарбек
ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Құрмет» орденінің, Егемен Қазақ­стан медальдарының иегері,
Алматы гуманитарлық-
экономикалық университетінің профессоры

1Шұбалаң – Ғафу Қайырбековтің
туған ауылы
2«Бала бастық», «Таулар сөйлейді», т.б. –
ақынның поэмалары
3«Құрдастар» – ақынның алғашқы кітабы
4 «Ақ желкен» – мемуарлық романы
5Т. Молдағалиевтің ақынды соңғы сапарға
ат­тандырғандағы арнауынан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір