АТАНТАЙ АҚЫН ПОЭЗИЯСЫ
02.06.2026
32
0

Қырғыз ақыны, халықаралық бірнеше сыйлықтың лауреаты, Қырғыз Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, Қырғыз Республикасының Ұлттық Жазушылар одағы төрағасының орын­басары, Түркия және Еуразия Жазушылар одағының құрметті мүшесі Атантай Акбаровтың шығармашылығы туралы.


Нағыз талант рухани жұлдыз іспетті. Ол дәуірлерден дәуірлерге нұр шашып, мәңгілікке жол көрсетіп, адамзатты қияметтен қорғай отырып, жақсылықтың компасы секілді адамдарды игі ойларға, асыл қасиеттерге, қанатты сезімдерге жетелейді.
Қырғыз ақыны Атантай Акбаровтың есімі оқырманға алғаш көшпелі дүниенің рухын бейнелеген өлеңдер мен балладалар, поэмалардан тұратын «Арғымақ» жинағы арқылы кеңінен танылды. Ақын шығармаларынан оның жан дүниесінің өзгешелігін, бірде теңіздей тасқындаған, бірде нәзік те аяулы сезімдерін, еркін ойлауын, өзгелерден айқын дараланып тұратын ақындық стилін, оқырман жадында сақталатын суреткерлік шеберлігін, қайталанбас метафораларын және терең философиялық ой-толғамын бірден аңғаруға болады.
Қырғыздың көрнекті ақын-жазушылары – Сүйінбай Ералиев, Сауранбай Жусуев, Омар Сұлтанов, Сұлтан Раевтар ақын поэзиясының ерекшелігін айрықша атап өтіп, өздерінің оң пікірлерін білдіріп мақала жазған. Соған қарамастан, ақын поэзиясы әлі күнге дейін кәсіби сыншылар мен әдебиеттанушылар тарапынан терең талдауға толық іліге қойған жоқ. А. Акбаров поэзиясы жөнінде алғаш рет филология ғылымдарының кандидаты Асқар Медетов жылы пікір білдірсе, ал ақынның балаларға арналған өлеңдерін филология ғылымдарының докторы Үміт Култаева арнайы талдаған. Егер қазіргі қырғыз ақындарының шығармалары қазақ тіліне аударылып, «Қазіргі қырғыз поэзиясы» деген атпен қазақша кітап болып жарық көрмегенде, Атантай Акбаровтың өзгелерден дараланып тұратын ғажайып поэзиясынан мен де бейхабар болар едім. Осыдан бес жыл бұрын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әл-Фараби кітапханасының үлкен залында Атантай Акбаровтың шығармашылық кеші өткен болатын. Сол кезде қазақ оқырмандарына тағы жақындай түсті.
Ең алдымен, айрықша атап өтетін жайт: А. Акбаров – туа біткен жарқын талант. Егер ақынның жан дүниесін аспанға самғататын шынайы дарыны болмаса, оның поэзиясы мыңдаған жүректі тербеп, оқырманды ойға жетелейтін ғажайып жырлар тумас еді. Екіншіден, айқын аңғарылатын тағы бір ерекшелік: ақын дәуірдің күретамырын дөп баса білетін, «Ақын – заманның үні» дегендей, өз халқының, өз кезеңінің өзекті мәселелерін анық сезініп, дәл жеткізе алатын, шындықтың үнін сөйлете білген тұлға. «Егер Жерде сызат пайда болса, ол ақынның жүрегі арқылы өтеді», – деп Генрих Гейне айтқандай, ақын ғасыр проблемаларын тасқа таңба басқандай айқын бейнелейді. Мысалға «Уақыттан тыс» деген өлеңін алсақ болады. Бұл өлеңінде ақын:
Қатыгездік Жерді жаулап барады,
Ел-жұртпенен мен де бірге күйемін.
Қайдан ғана тыныш жатсын аруақтар,
Мың сан оқтар сырқыратса сүйегін, –
деп толғанады.
Ақынның үшінші ерекшелігі – оның отаншыл, ұлтжанды тұлға екендігі. Суреткер өз тағдырын жырға айналдырып ғұмыр кешкендіктен, кей сәттерде ақын – атажұртқа, ал Отан – ақынға айналып, екеуі ажырамас біртұтас әлем болып кеткендей әсер қалдырады. Тұңғыш кітабында жарияланған «Арғымақ» атты өлеңінде:
Арғымақ бізде – қырғызда
кіші атамекен секілді, – деген жолдар арқылы ақын бұрын ешкім айтпаған тосын ойды білдіріп, жылқыны «кіші атамекен» деп бейнелейтін айрықша метафора жасайды. Көшпелі өмір салтын түсінетін, жылқының қадір-қасиетін білетін халықтар үшін бұл, шынында да, тапқыр да дәл табылған бейне.
Егер басқа ақындарда ізденістің нәтижесі ретінде бір-екі өлең, не жекелеген жолдар ғана олжа болса, Атантай Акбаровтың әр өлеңі ғана емес, әрбір тармағының өзі де жеке бір олжа деуге болады. Өйткені ақын өмір бойы үздіксіз ізденіс азабын тартып, шығармашылыққа айрықша жауапкершілікпен қарап, Құдай берген талантын аялаумен, баптаумен, көп оқып, көп ізденумен келеді. Армян ақыны Егише Чаренц айтқандай: «Бұл өлеңдер – менің жаным, бұл кітап – менің тәнім» дегізерлік кемел туындыларды жасау үшін бар жанын салып еңбек етіп жүр. Қырғызстан басынан өткерген ауыр кезеңдер, еңбек мигранттарының тағдыры, сондай-ақ Covid індеті де ақынның жүрегін тіліп өтіп, жан дүниесін жаншып, адамды терең ойға жетелейтін шығармаларға айналған.
Жер бетіндегі ең алғашқы ақын әйел, Саргон патшаның абыз қызы Энхедуана (б.з.д. 2285–2250 жж.) өз гимндерінде Құдайға жалбарынған емес пе? Байырғы арийлер де: «Поэзия – Құдайдың тілі», – деп айтқан. Мұнда поэзия Құдаймен рухани байланыс орнатудың жолы ретінде қарастырылып, ақындарға айрықша құрмет көрсетілген. Атантай Акбаров та: «Періштелердің атасы – әдебиет, өйткені адам жанын әдебиеттей ештеңе тазарта алмайды», – дейді. Адамның әдеп-ахлағын «иман экологиясы» деп атаған ақын адам жан дүниесін тазарту, катарсистен өткізу үшін Құдайға жүгініп, «Құдайға хат» атты өлеңдер циклін, «Құдайдың жыры» поэмасын жазған. Мен мұны ақынның төртінші әрі ең маңызды ерекшеліктерінің бірі деп санаймын. Ең қызығы – жаңа ағымды бастаған ақынның жаңашыл жолы: «Құдай – ақын, шедеврі – адамзат» деген бір ғана қарапайым өлең жолынан басталып, одан әрі «Құдайға жазылған хаттар» атты өлеңдер топтамасымен жалғасады. Мәселен:
Мен Құдайға хат жазамын,
Құлдық ұрып, қалтырап.
Парақтарым – ағаштағы
Дірілдеген жапырақ.

«Мәңгіліктің жолын көрсет…»
Жауап болмас Құдайдан.
Парақтарым күннен-күнге,
Сарғаюда мың ойдан.

Басқалар да хат жазады,
Сұрақтар көп айтқанда.
«Адам неге өмірге кеп,
Не іс бітер қайтқанда?»

Бәлкім, Құдай жауап бермес,
Күнәміз көп, білеміз.
Мүмкін оның жауап хатын,
Оқи алмай жүреміз.
Ақын Құдай мен әлемді әрдайым ажырамас біртұтас ретінде көреді. Сондықтан ақын махаббат лирикасын жазса да, Отан тақы­рыбын қозғап жазса да, мигранттар тағдырын бейнелесе де, тасты, шөпті, суды суреттесе де – бәрінде негіз болып Жаратушы тұр.
Иә, қазіргі заманда әдебиет жаңғыру үстінде. Дегенмен, негізінен, бұрыннан келе жатқан классикалық реализм мен модернистік бағыттар сақталып отыр деп айтуға болады. Осындай тенденцияларға постмодернизм, концептуализм, интеллектуалды әдебиет, магиялық реализм, киберпанк және басқа да көптеген ағымдар кіреді. Реализм де өз позициясын сенімді ұстап келеді. Бірақ ол да бұтақталып, қазіргі заманда оның заманауи «туыстары» – сюрреализм, сыншыл реализм, метафоралық реализм, магиялық реализм, неореализм, интеллектуалды әдебиет сияқты ағымдар берік тамыр жаюда.
Классикалық формалардан неосентиментализм, неоклассицизмнің жаңғыруы арқылы метамодернизм (ирония мен шындықтың үйлесімі), трансмодернизм (руханият), экология және спекулятивті реализм сияқты заманауи тақырыптарды көрсететін шығармалар, сонымен бірге ой-қиялдың шабыты арқылы болашақ технологиялық жаңалықтарды жоспарлайтын, адам жан дүниесінің күрделілігін бейнелейтін фэнтези (фантастика) және детектив бағытындағы туындылар да көбейіп келеді.
Осылайша, әдебиет пен өнер түрлі жанрларда, түрлі ағымдарда дамып жатқан қазіргі заманда түркітілдес халықтардың поэзиясында да жаңа дүниетаным пайда болып, реализм бағытының бір саласы ретінде неопостреализм деген ағым туды. Бұл ерекше құбылыстың негізін қалаушы ақын Атантай Акбаров болды.
Бұрын өз жан дүниесі көкірегіне сыймай, бірде дәстүрлі өлең, бірде еркін және әртүрлі өлең жазып, жаңа форма іздеген ақын ақыры мән-мағына жағынан жаңалық ашты. Мен бұрын ақынның 60 жылдық мерейтойына орай дайындалған мақаламда былай деп жазған едім:
«Бұрын әлем әдебиетінде кездесіп келген «рухани поэзия» ұғымы қазір Латын Америкасында басқа формаға өтуде. Осы сәтте біздің түркітілдес елдердің әдебиетінде де бұрын кез­деспеген жаңа бағыт пайда болды. Ақынның Құдайды, әлемді және өзін-өзі қайта тануын бейнелейтін бұл жаңа ағымды мен «неопостреализм» деп атаймын».
Бұл жаңа ағымды Атантай Акбаровтан кейін лайықты түрде жалғастырған талантты ақындардың қатарына қазақ ақыны Арайлым Мұраталиева, өзбек ақындары Шухрат Ориф, Жонтемир Жондор, қырғыз ақындары Айзат Кұдайбердіқызы, Гүлүмкан Исаева, әзербайжан ақыны Айшан Рахимова, венгр ақыны Арпад Колар, түрік ақыны Севги Демирчи, түрікмен ақыны Даанатар Галпаковты қосуға болады.
Қырғыз ақыны Атантай Акбаровтың бесінші ерекшелігі: ол әдебиетті адам жанына үңілу құралы емес, Құдайдан берілген миссия ретінде қарайды. Сондықтан шығармашылықты өте биік, пәк санап, оған өмірін түгел арнайды.
Ақынның алтыншы артықшылығы: ол әртүрлі догмаларға, канондарға байланбай, еркін оймен оларды жеңіп шығады. Өмірдің әртүрлі қиын кезеңдеріне мойымай, әртүрлі сынақтардан сенімді өту арқылы адамдық қасиетті сақтау – ақын үшін қасиетті парыз.
Жетіншісі: ақын «Әр адам – мини-космос», «Бір кітаптан кейін тағы бір кітап шығару – бір планетадан екінші планетаға өту» деп жазады да, әлемге сүйіспеншілік пен мейіріммен қарауға шақырады. Сондықтан ол Құдайға, адамдарға, табиғатқа және әлемге ерекше құрмет пен махаббатпен қарайды, мұқият қарым-қатынас жасайды.
Бұл ақынның:
Адам асыл екенін,
Адам өзі сезе екен, –
деген жолдарынан да айқын көрінеді.
Атантай Акбаровтың сегізінші ерекшелігі: оның махаббат, сүйіспеншілік өлеңдері де бұрынғы биік межелерді бұзып, жан дүниені тазалап, адам жан дүниесінің ең ғажайып, ең қасиетті, қайталанбас екенін дәлелдейді. Тағы бір қызығы, ақын сүйіспеншілікті тек адамзатқа берілген қасиетті сый ретінде бағалайды, бірақ оны «от жұтып алғандай» ауыр әрі маңызды нәрсе деп санайды, сонымен қатар «Сүйіспеншілік – бұл философия» деп жазады.
Иә, ақын шығармалары терең философиямен, мұқият психологиялық талдаумен, эпикалық шығармалары болса өткір драматизммен тоғысып, өзіндік қайталанбас әлемге айналған. Француз романтизмінің бастаушысы Ф.Шатобриан айтқандай: «Шығармалары өзгелерге ұқсамайтын, әрі ешкім дәл ондай жаза алмайтын қаламгер – оригинал». Сол сияқты А. Акбаров оригинал ақын болып саналады. Ақын шығармаларын биіктете ұшырған екі қанаты – философия мен махаббат тақырыбы деп айтуға болады.
2009 жылы Букер, 2013 жылы Нобель сыйлықтарын алған канадалық жазушы Элисс Энн Манроның табысының басты себебі, ол өз замандастарының жан дүниесін бейнелейтін, қызықты, қысқа әңгімелер жазды. Бұған дейін әлем әдебиетінің деңгейі мен биіктігі, негізінен, роман жанрымен өлшенетін. Демек, бүгінгі күнде әлем әдебиеті қысқалыққа ұмтылып жатқаны да байқалады. Қырғыз ақыны Атантай Акбаров та шығармаларына артық сөз қоспауды дұрыс санап, бір, екі, үш, төрт жолдан тұратын қысқа өлеңдеріне бүтін бір романды сыйдыруды мақсат еткен және ол мақсатына жеткен. Бұл ерекшелігін ақынның тоғызыншы жетістігі деп қарастыруға болады.
Атантай Акбаровтың оныншы ерекшелігі: ол өлеңдерінде өз тағдырын жазады. «Лирикалық мен» арқылы берілген өлең топтамаларынан ақынның образын да тануға болады.
Егер санай берсек, ақынның ерекшелігі көп. Ақынның мәңгілігі мен шексіздікпен тоғысып жатқан үлкен әлемін бір мақалаға сыйдыру мүмкін еместігі түсінікті.
Муса Казим Арижан, Түркия Жазушылар одағының төрағасы, Анкара университетінің ректоры, ақын шығармашылығын жоғары бағалап былай депті: «Атантай Акбаровтың поэзиясы – бұл адамзаттың мәңгілік құндылықтарына, көркем қазынасына қосқан үлесі. Ақынның қайталанбас туындылары терең философияны бойына сіңірген, күтпеген метафораларға бай, ғасырдың мәселелерін және адамның сан қырлы жан дүниесін мұқият бейнелейтіндігімен құнды. Атантайдың поэзиясы неореалистік бағытты жалғастырады, бірақ жаңа мән мен маңызды идеяны қамтитын жаңа ағым болып саналады. Дегенмен, ақын қанша жаңалық тудырса да, классиканы ешқашан жоққа шығармайды. Сол себепті оны түптеп келгенде классиканың өзегін сақтаған, жаңа үлгідегі классик ақын деп айтар едім. Қайта-қайта оқыған сайын әрқашан жаңа қыры ашылатын, ерекше жаңашылдыққа, тереңдікке ұмтылған бұл феноменалды ақынның шығармаларын мен өмір бойы зерттейтініме сенемін. Егер біз – түркі халықтары өзіміздің сирек таланттарымызды өзіміз бағаламасақ, құрметтемесек және әлемге танытпасақ, онда талантты ақындарымыздың шығармалары қандай шедевр болса да, жалпы адамзаттың рухани қазынасына қосыла алмайды».
Осылайша, ақын әдебиеттанушылар мен сыншыларға маңызды әрі жауапты міндет жүктейді.
Атантай Акбаров бізге – қазақ халқына ерекше жақын, ол Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов сияқты танымал қаламгерлердің жолын жалғастырып, бауырлас қазақ-қырғыз елінің әдеби байланысын жалғауға рухани алтын көпір болып келе жатқан дәнекер жан. Оның қазақ әдебиетінің тамаша туындыларын қырғыз тіліне аударып, «Қазіргі қазақ поэзиясы» деген атпен кітап етіп басып шығаруы, қазақ ақыны Саят Камшыгердің өлеңдерін қырғыз тіліне аударып, кітап етіп шығарып, Бішкек пен Ош қалаларында шығармашылық кештерін ұйымдастыруы да пәк жан дүниесінен, кең жүрегінен хабар береді.
Сөзімнің соңында ақынға шығармашылық шабыт пен үлкен табыстар тілеймін!

Әлия БИЯЗДЫҚОВА,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір