Болат ШАРАХЫМБАЙ. 2025 жылғы қазақ поэзиясы: табысы мен қалысы
13.04.2026
86
0

 

 

Қазақ поэзиясы тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда күрт өзгеріске түсті. Әрине, ол – қоғамдағы әлеуметтік оқиғалар мен тарихи-саяси жағдайларға байланысты ұлттық санадағы түбегейлі өзгерістерге, жаңарулар мен түлеулерге тікелей қатысы бар заңды процесс екені белгілі. Бұрынғы қоғамдық ойда өз үстемдігін орнатып, соның ішінде поэзия жанрында да басым сипат алып келген «интернационалдық сезім», «қоғамдық міндет», «әлеуметтік парыз», тағы басқа сияқты жасанды, науқаншыл пафостар мен жалаң декларация, жайдақ дидактикаға құрылған дүниелерді енді лирикалық субъектінің таза эстетикалық құндықыққа негізделген көркемдік тұтастық дәрежесіндегі ұлттық сана-сезім, ұлттық көңіл күй, ұлттық болмыс өрнегі, тағы басқа тәрізді жаңашыл сипаттағы поэзия қарқынды түрде ығыстыра бастады.

Оған дейін әлеуметтік тақырыпқа көркемдік астар ретінде қызмет етіп келген жеке бастық «мен» категориясы енді адамның жан дүниесіне, ішкі әлеуетіне бойлаған терең табиғи интимдік қырлары көбірек өлең өзегіне айналып, қазақ поэзиясы өзінің шын мәніндегі рухани-философиялық, лирико-психологиялық табиғатын таба бастады деуге болады. Осы жерде айта кетейік, қазақ әдебиетіндегі рухани-философиялық поэзия– әдеби үрдістегі көркем ашылымға оң әсер ететін өте күрделі психологиялық-танымдық фактор. Фактор ғана емес, қазақтың қоғамдық ойының дамуына зор серпіліс беретін құбылыс. Бұл ретте Темірхан Медетбек, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегманов, Әбубәкір Қайран, Светқали Нұржан, тағы басқа аға буын ақындарымыз өз шығармашылығында түбегейлі бетбұрыс жасады. Бұлардың ізін басып Маралтай Райымбек, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек бастаған «алтын көпірліктер» әдебиетке алшаң басып кірсе, олардың легіне Ерлан Жүніс, Дәурен Берікқажыұлы, «арғы беттен» атамекенге үлкен арман арқалап жеткен Мұрат Шаймаран, Мұратхан Шоқан, Тоқтарәлі Таңжарық, тағы басқа жас жүйріктер келіп қосылды. Қысқасы, қазақ поэзиясы жаңа бағыт, жаңа күш, жаңа леп, жаңа тегеурінмен толығып, түр, форма, мазмұн, ырғақ жағынан көптеген өзгеріске ұшырады, тіптен тақырып жағынан да өрісі кеңіді. Бұл ретте өнершіл ұрпақ өнеге тұтар жыр үлгілерінің жасалғанында және жасалып жатқанында дау жоқ. Қазіргі қазақ поэзиясы туралы сөз қозғағанда, түрлі ағым-танымда, сарын-бағытта жыр түлеткен әралуан ақындарымыз өлеңмен образ жасап, сурет салуда толассыз іздену, үздіксіз өсіп-өркендеу үстінде деп батыл мәлімдей аламыз. Яғни, қазақтың қара өлеңі қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге сай өзінің ең бір күрделі даму сатысын бастан өткізіп жатыр.

Ал, бүгінгі Жыл қорытындысында баяндамаға өзек еткелі отырғанымыз бір ғана 2025 жылдың поэзиясы, соның табысы мен ағысы.
Поэзия жанры бойынша, былтырғы жылы жарық көрген 39 кітап қолыма тиді. Қолыма тиген кітаптардың ішінде әр өлке ақындарына қоса, әр толқынның өкілдері де бар болып шықты. Өз басым соған қатты қуандым. Түсінгенге, бұл аз табыс емес. Ең бастысы – өлең тірі екен, өрісі тарылмапты. Айтпасқа болмайтын тағы бір жайт, менің қолыма тиген жыр жинақтарының ішінде шығармашылығын былай қойғанда, аты-жөні таныс емес авторлар да жүр екен. Әрине, мен ешкімге соқтыққым, сот болғым келмейді, оған менің моральдық құқым жоқ. Бірақ, қандай жағдайда да ұлы мәртебелі поэзияға қиянат жасалмауға тиіс. Өкінішке қарай, маған аты-жөні таныс емес авторлардың шығармашылығымен танысу барысында, осынау киелі өнерге қиянат жасалған сәттерді байқамай тұра алмадым, кәдімгідей көңілім құлазыды. Расул Ғамзатов не деп еді, еске түсірейікші: «Күніне бір өлең оқыған адам – ақын, аптасына бір өлең оқыған адам – азамат» демеп пе еді? Ұлы аварлық көреген екен! Ақын болу міндетті емес, жақсы оқырман, адал азамат болып та қазақ поэзиясына үлкен үлес қосуға болатынын меңзеп тұрған жоқ па?!
Өткен жылы жарық көрген кітаптардың ішінен алғашқы болып қолға алғаным кейінгі кезде қазақ поэзиясына жақсы өлеңдерімен олжа салып жүрген ақын Қорғанбек Аманжолдың жыр жинағы болды. Жинақ «Жырұйық» аталады екен. Ұмытпасам, былтырғы Жыл қортындысында ақынның «Сырұйық» атты кітабына талдау жасалған болатын.
Бірден айтайын, бас-аяғы тап-тұйнақтай жинақ маған ұнады. Әсіресе, жинақтағы тұтас поэма жүгін арқалап тұрған «Қазақ» деп аталатын көлемді жыры жылы әсер қалдырды. Барлығы 76 бөлімге жіктеліп берілген жыр 152 шумақтан тұрады. Жоғарыда айтқандай, көлемі поэма жүгін көтеріп тұрса да, жай ғана этнгографиялық этюдтер деп беріліпті.
Болса да ғаламаттар көз көрмеген,
Далалық даналықпен безбендеген.
Араға жүз жыл салған суретте де,
Қазақтың қазақтығы өзгермеген, –
деп ақынның өзі жырлағандай жырды бастан-аяқ қызыға оқып шығып, кешегі қазақ пен бүгінгі қазақты терең танығандай болдым. Қазақтың ұлттық болмысы, тұрмысы, салт-дәстүрі келісті суреттелген жолдарда ақынның азаматтық үнге толы отаншылдық, достық, адалдық, адамгершілік, ізгілік тақырыптары мейлінше молынан қамтылыпты. Құдды атасы немересіне өнегелі өсиет қалдырып отырғандай әсерде боласың. Тілі жатық, шынында да тұнып тұрған этнография. Сары дала, сабат өлке, кең жайлау, итарба, ит арқа, ақсарбас, құрбандық, қан шығару, қазақ көші, алтын асық, алшы сақа, алтыбақан, наурыз, Қамбар ата, Зеңгі баба, Шопан ата, Сексек ата, Ойсылқара, ас атасы – бауырсақ, наурыз көже, құрт-ірімшік, қымыз, қымыран, талқан, жент, киіз үй, текемет, алаша, сырмақ, желі бау, ұршық, кемер белдік, тоғызқұмалақ, берен білек, ерен жігіт, қазақтың өзі –домбыра, жаны – қобыз, шаңырақ, ошақ, ұл – ұяда, қыз – қияда, қансонар, қанжыға, ауылдың алты ауызы, ақ жаулықты әже, баталы ата, тағы басқа келтірілген этнографиялық ұғымның бәрі жырға арқау болып, қазақтың байырғы таңғажайып әлеміне жетелей жөнеледі.

Ақселеу жатқан түз-мынау,

Ат байлар бұта табылмас.

Ақтабан жолдар жүз бұрау,

Ақ шаңдақ күйден арылмас.

 

Бөрікті болып бір алып,

Бөгеліп назар бұрасың.

Бұлғақты жырға сұранып,

Бұлдырап ылғи тұрасың…

Өлең емес, өлеңмен қашалған сурет. Бүл үзінді қазақ поэзиясында өз қолтаңбасы айқын Әділғазы Қайырбековтың «Қоңыр әуен» жинағынан алынды. Өлеңнің тақырыбы «Бөртостаған» деп аталады.

Өткен жылдың поэзиясында шоқтығы биік шығарма, менің ойымша, Әділғазы ақыннның осы «Қоңыр әуені». Ақселеу тартқан ақынның әр жылдарда жазған үздік шығармалары топтастырылған кітап Абай облысы әкімдігінің мұрындық болуымен жарық көріпті.
Ақын Әділғазы Қайырбековтің есімі әдебиетке араласып, қалам тербеп жүрген көзі қарақты қауымға көптен танымал. Ол көркемдік бояуларға қанық, мазмұнға бай, азаматтық үні айқын, идеялық ұстанымдары биік жырларымен оқырманды үнемі өзіне баурап отырады. Қолымызға тиген «Қоңыр әуен» жинағынан да тәуелсіздік тынысын танытатын, ұлттық рухты бойына терең дарытқан көркемдік ізденістері ешкімді бейжай қалдырмайды. Біздің байқауымызша, Әділғазы өз өлеңдерінде лирикалық қаһарманның сыртқы пішінін тамашалағаннан гөрі, ішкі жан-дүниесіне барынша көбірек үңіледі. Елдік мұраттар, ұлттық арман-аңсаулар да оның поэзиясының негізгі тақырыбы. Оқиғалары бейнелі, тілі айшықты. Шығармаларының көтеретін жүгі де салмақты, тақырыптары ауқымды, тынысы кең. Балладалары туралы әңгіме бөлек. Мысалы, «Белесебет», «Бір құшақ шөп», «Теріскей». Шәмші. Сабырхан», «Шоқанның бәкісі», «Бейімбеттің батасы», «Ахмет Жұбанов. «Әлқисса». Нұрғиса», «Үш дос туралы эллегия», «Мұқағали. Ғабең. Алтын қалам», тағы басқа болып кете береді. Әділғазы – баллада жанрын шебер меңгерген, оның жаңа өрісін ашқан ақын. Тақырып таңдауының өзінде оқырманды тартып тұратын бір сиқыр бар. Поэмалары туралы да көп айтуға болады. Сөздің түйініне келсек, Әділғазы өлеңдерінде өзгелерден бөлек қоятын өз әлемі, өз өрісі, өз табысы, өз желісі бар екені анық. Жалпы, Әділғазы биылғы Жыл қорытындысына екі кітап ұсынды. Екіншісі – «Ғазалғұмыр» деп аталады.
Келесі қолыма алған шығарма қазақ әдебиетінің белгілі өкілі, ақын, жазушы Софы Сматаевтың «Ызғарлы шуақ, тәтті мұң» атты кітабы болды.
Шығармашыл адам болған соң, оның тұла бойы қызық пен шыжықтан, ызғар мен шуақтан, күйініш пен сүйініштен, түрлі қайшылықтардан тұратыны мәлім, бұл ерекшеліктер адам баласын кезек-кезек иектеп, жұлмалайтынын сезесің. Оның бәрі жүрек дүрсіліне айналып, оқырманды өзіне еліттіре алса, ақынның дегеніне жеткені.
Ақсақал жастағы ақынның айрықша атап өтетін өзгешелігі, бір сөзі екіншісіне сәулесін түсіріп, нұрландырып, бірін-бірі жетелеп отыратын қазақ сөзінің мәйегін жетік меңгерген шешендігі мен тапқырлығы. Оның өлең өзегін дөп басып, жан дүниедегі ой-сезімін жырға айналдыруы бойындағы осы тіл байлығы мен ой тереңдігінің арқасы. Заман мен қоғам ақиқатын айтпаса жаны байыз таппайтын, әділетсіздікпен бетпе-бет келсе, қарадай күйініп, ойын бүкпесіз ашық жеткіземін деп, жақынына жақпай қалатын, әйтсе де жанын бозторғайдай шырылдатқан шындықтың обалына қалғысы келмейтін турашыл мінезіне сүйсінбеу мүмкін емес.
Өткен жылғы сәтті деген шығармалардың қатарында қазақ поэзиясына дала романтикасын молынан сіңірген арқалы ақын Әбубәкір Қайранның «Дәуірлер дауысы» кітабы бар. Ертеректе жазған «Тәуелсіздік және қазіргі қазақ поэзиясы» атты зерттеу еңбегімізде Әбубәкірдің жырлары жайында пікірімізді айтқанбыз. Оған қосатынымыз, Әбең – өзінің табиғи жаратылысымен, бар болмысымен үнемі іздену үстінде жүретін романтик ақын екендігі. Оның қолтаңбасынан қазақ даласының иісі аңқып тұрады. Ұзын саны 13 поэма, көптеген толғау-балладасы мен өлеңдері кірген бұл жаңа кітабында да ат дүбірі, жусан иісі арқылы қазақ халқының дәуірлер психологиясын суреттеген. Біле-білгенге Әбубәкір сияқты шашасына шаң жұқтырмас жыр жүйріктері болмаса, бұл ізденіс әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан да, «Дәуірлер дауысы» – өткен жылғы поэзияға қосылған тамаша тарту деп есептейміз.
Шаяхмет Алжанбаев – ағалық жастағы бала көңілді, ақжарма ақын. Оның көлемі 380 беттік «Тырналар қайтқанда» атты салмақты кітабы жасы жетпістен асқан шайырдың ұлттық поэзиямызға салған өзіндік жүлделі олжасы болар деген ой түйдік. Ақын өлеңдерінің тілі жатық, шұрайлы десе болады, оқығанда қиналмайсың. Жинақ парақтарын негізінен ақынның жалындаған азаматтық үні айқын романтика мен сезім пернелерін дөп басқан лирикалар құрайды. Табиғаттың тамылжыған суреттері мен күзгі настольгиялық көңіл-күй өрнектері де ұмытылмас әсер қалдырады.
Енді ақын Сламқат Сейітқамзаұлының былтыр шыққан жыр жинақтарымен таныстырып өтейін. Олар – «Ақтүбек айрықтары» және «Намыс толғауы» деп аталатын екі кітап. «Оқушым, өлеңімнің нарқын сына, білерсің сонда ғана парқын, сірә; Бейтаныс жолаушыдай қайран сөзім, кімдердің түсер екен талқысына. Өзінше классикпіз деп жүргендер, жетпейді Сламқаттың жартысына!» – деп жорта жырлаған ақынның кітабын бастан-аяқ аударыстап шыққанда байқағанымыз, расында оның шығармалары ескерусіз, елеусіз, қалатын дүниелер емес екен. Бірақ, бір әттеген-айы, жинақтың соңғы бөлімінде жинақталған өлеңдер «от басы, ошақ қасы» айналасынан шыға алмаған арзан дүниелер сияқты әсер етті. Өзін ақын санатынанбыз деп есептейтіндерді мұндай арзан «трюктерден» аулақ болуға шақырар едім. Ал, ақынның пышақтың қырандай тағы бір кітабы – «Намыс толғауы» поэмасы оқырмандар үшін өте керек дүние деп ойлаймын.
Шығармасын көпшілік талқысына салып отырған келесі ақынның бірі – Төре Рахман лақап атымен белгілі Төрегелді Тұяқбай. Оның жылдық қорытындыға ұсынған туындысының тақырыбы: «Ойлан Қазақ», жақшаның ішінде «Ойдөйт!» деп берілген. Өзі алақандай шағын жинақ. Шағын болғанымен, көтеріп тұрған жүгі тым салмақты болып шықты. Оқырман түсінбей қалмасын деген болу керек, бір жапырақ кітаптың мұқабасына «Қолданбалы қара өлең», оның астыңғы тұсына «Сөзбиі кітабы» сериясы деп жазып қойыпты. Басқа авторлар жай ғана «Өлеңдер мен поэмалар», немесе «Жыр кітабы» деп қоятын жерге «Төңкеріліп түскен түйдекті теңдеулер кітабы» деп анықтама беріпті. Ал, өзін «масатшы ақын» деп көрсетіпті. «Манасшы» дегенді естісек те, бұрын-соңды «масатшы ақын» дегенді естімегендіктен, түсініңкіремей қалғанымыз рас.
2025 жылы кітаптары жарық көрген ақындардың ішінде Мұхтархан Қалиұлы мен Талапбек Азынабайдың аттарын атап өту орынды деп білеміз. Жырлары мінездес, үндері сарындас, тақырыбы мазмұндас келетін бұл екі ақын талқылауға қос-қостан кітап ұсыныпты.
«Жыр-ғұмыр» және «Ұлы дала сарыны» деп аталатын жинақтардың авторы Мұхтархан Қалиұлы өлең өлкесінде өз өрнегін салып жүрген ақын. Жырларының құлашы кең, басы артық сөз жоқтың қасы. Әсіресе, поэмалары – ақынның тамаша табысы. Сол сияқты Талапбек Азынабайдың «Жыр-ғұмыр» және «Даламен тілдесу» атты еңбектерімен танысқанымызда, бұл ақынның да тілге бай, ойға терең, суретке шебер ерекшелігі көңіл қуантты.
Бұл ақындардың қатарына өлеңдерінің поэтикасы өзектес, тақырыбы ортақ келетін тағы бір аға буын өкілі Сәли Сәдуақасұлының «Жүлделі жүйріктер» аталатын жаңа кітабын қосар едік. Поэзиядағы жолының үлкен бір белесі болған бұл еңбек ақсақал ақынның соңғы кезде дүниеге әкелген терең толғанысты, шынайы сезімді арқау еткен дастандар топтамасы болып шыққан. Топтамаға енген 14 поэманы аударыстап танысқанымызда, өлең емес, өлеңмен жазылған ғұмырбаян оқығандай әсерде болдық.
Жасыратыны жоқ, ақын Мақсұтжан Баркөл Дәлейұлының «Қағанаттар ғасыры» деген роман-дастанын оқып шыққанда да дәл осындай сезімді бастан өткердік десем, автор маған түсіністікпен қарайтын шығар. Бастауын Ұлы Ғұн дәулетінен тартып, одан кейінгі Сәнби мен Түрік қағанаттарын көктей шолып, олар ыдыраған соң орнына пайда болған керей, найман, Жамұқа одағына біршама тоқталған тарихшы-ақын Шыңғыс тарихын да аттап өтпеген. Әсіресе, алғашқы кезде «адамзатқа зауал әкелуші» қағанның өкіл әкесі ретінде тарих сахнасына шығып, ақыры соның қолынан ажал құшқан керей тайпасының билеушісі Тұғырыл ханның астына көпшік қою байқалады. Қысқасы, шығарма астары «Неге Шыңғыс хан, Тұғырыл хан емес!» деген ішкі қыжылдан шыға алмай жүргендей әсер қалдырды.
Роман-дастанның басынан аяғына дейін өрмекшідей өріп жүрген грамматикалық қателер туралы айтпаса да болады. Сонда редактор қайда қараған?
Ал, енді осы дүбірлі топтың ішінде оқырманға аудармашы ретінде танылған, ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің бастан кешкендері», француз классигі Виктор Гюгоның «Адасқандар» романдарын қазақ тіліне тамаша тәржімалап шыққан Заманбек Әбдешевтің «Өмір өткелдері» атты жып-жинақы, сүп-сүйкімді жыр жинағы көзімізге жылыұшырай көрінді. Әлдебір әуесқойлықпен үңіле оқып қарасақ, ішінде жаныңды нәзік тербейтін жып-жылы жырлары аз емес екен. Әр жылдарда қағазға түсірген сырлы да сағынышқа толы өлең жолдары көңілге түрлі ой салды.
Биылғы Жыл қорытындысында мені қайран қалдырған ақынның бірі – Дағжан Белдеубай болды. Жалпы, Дағжанды білімі терең, қаламы жүйрік журналист – публицист ретінде танушы едік, сөйтсек, ол ақындықтан да құр алақан емес екен. Оның қолыма тиген «Жасыл сөздері» – ақынның ізденімпаздығын, еңбекқорлығын көрсететін жинақ болып шыққан. Туындыларының тақырыбы сан алуан. Тіпті, қазақ поэзиясындағы дәстүрлі бағыттан саналы түрде бас тартып, модернистік ізденістерге қалам тербеп көрген ақынның өзіндік қолтаңбасын байқағандай болдық.
Көзімізге түскен келесі кітап – «Күй-тағдыр», авторы – Талап Қараш. Өнер сүйер қауымға күйші, сазгер ретінде танымал ақынның бұл кезекті топтамасына ел мен жер, уақыт пен кеңістік, жантану мен адамтану дерегін арқау еткен жырлары жинастырылыпты. Елім, жерім, қазағым деп соққан жүрек лүпілін жып-жылы өлең жолдарына айналдыра алған.
Талап өлеңдерінде қандай да бір түр, форма іздеп әуреленбейді, олар ақынның ішкі тебіреністерінен, толғаныстарынан пайда болады. Жүректе қалай туады, солай қағазға түсіреді. Жасандылық жоқ, жалған пафостан ада, бәрі шынайы, боямасыз.
Жат жұрттық «измдермен» ауырмаған, қайнаған өмірдің сан-түрлі бедер-бояуын өрнекті өлеңнің кейпіне ендіріп, одан жанды қозғалыс тудыруға бейім сөз шеберлері Бақыт Жағыпарұлының «Жанымның жазы» мен Қайырбек Шағырдың «Ауылымның оттары» атты су жаңа кітаптары бізді өз иіріміне еріксіз тартып әкетті. Жергілікті тіл мәйегі мен тарихи топонимикасын шебер меңгерген авторлар оны ұтымды жерінде қолдана білуімен де жақсы әсер қалдырды. Біріншісі өзі туып-өскен Аспантаулар баурайындағы елді-мекендерді, қара өлеңнің қағбасындай Қарасазды, екіншісі Абыралы өңірін, қоңырқай ауыл тынысын нақышына келтіріп жырлағанда, ақындар туған жердің бейнелі мүсінін сондай бір ептілікпен өлеңге қондыра қояды екен. Өлеңдері ақынның өздері сияқты қарапайым, бірақ қарабайыр емес. Екі ақын да көненің көзіндей, жаңаның сөзіндей тұмса қалпын бұзбай өрілген өлеңдерге бай болып шықты. Қайырбектің аңыз әнші Әміре Қашаубаевтың өмір-жолына арнаған «Ұлы тенор» поэмасы да назарымызды аударды.
***
Өткен жылы жарық көрген өлең жинақтарының ішінен ақын Дәулетбек Байтұрсынұлының «Физика мен лирика», Баймағамбет Ахметтің «Шырмауық гүлінің иісі», Өтебай Серәлінің «Жырлайды теңіз, жырлайды», Дәркен Танабаевтың «Сезім мұнарасы», Талғат Тілеулесовтің «Сүйген жүрек» еңбектерін ерекше атап өткім келеді.
Бұл ақындардың қай-қайсы да заман рухын, уақыт тынысын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, олардық эмоциясын, болмысын өз үн, өз дауыстарымен барынша дәлдікпен жырлаған. Негізінен лирикалық туындылар.
Біреу білер, біреу білмес, мына түстік жақта өзі мырза, өзі бай қазақтың ежелгі ата-қоныс жері болған Мырзашөл аталатын өлке бар. Мырзашөл – өткен ғасырдың 60-жылдары КСРО көсемдері жүргізген теріс саясаттың құрбанына айналып, көрші елге өтіп кеткен. Міне, осы қасиетті жердің тумасы Төремырза Темірбекұлының «Мырзашөлді аңсау» деп аталатын су жаңа туындысы туған жерін қимай жүрегін өксік қысып, егіліп, тебіреніп жырлаған өлең жолдарынан тұрады екен. Кітаптағы «Беу, Мырзашөл!», «Һауа ана», «Тағдыр», тағы басқа баллада-поэмалары оқырман сезімін өз иірімінде баурап, азаматтық ірілікке шақыратын өршіл де қуатты жырларымен тәнті етті. Отаншылдық үні айқын, ұлттық қасиеті жоғары. Алғысөзін аты мәшһүр қаһарман ақынымыз Мұхтар Шаханов жазғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек.


Өзге жанрлар туралы ештеңе дей алмаспын, ал поэзияда қыздарымыз жарап тұр. Поэзия бақшасына бірінен соң бірі қаптап қосылып жатқан сыршыл да тегеу­рінді қыздардың легі соны дәлелдейді. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов аяулы ақын Фариза Оңғарсынова туралы жазған мақаласында: «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау жоқ. Ащы көл де – ортақ, жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те – ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік – азаматтықтардың бәрі де ортақ» деп толғанған екен. Ұлы Ғабеңнің бұл пікірі ер, әйел демей поэзияға қойылар талаптың да ортақ екенінің дәлелі болса керек.
Мұны неге келтіріп отырмын? Себебі біреу ғана: әуел бастан жүрекжарды жырларымен оқырманын риза қылып келе жатқан ақын Заида Елғондинованың «Жүрегімді оқышы қауызынан гүлдердің…», поэзияда өз үнін, өз жолын тапқан дарын иесі Даража Балапанның «Ұлы дала рухы», көп ойланып, ақ түйетін тамаша лирик Үміт Битенованың «Бөртегүлдер бүр жарғанда», өлең өлкесінде өзіндік өрнегін салып үлгерген Алмахан Мұхамедқалиқызының «Кіндіктамыр», болмысы мөлдір, көңілі шынайы Гүлбақыт Қасеннің «Баркөрнеу», сонымен қатар ізденгіш, жаңашыл қыздарымыз Гүлманат Әуелханның «Күзгі эллегия» және Динара Мәліктің «Қарашығым» деп аталатын жыр топтамаларын өткен жылдың жақсы кітаптарының қатарында атамасқа әддім жоқ.
Алдымен Заида Елғондинованың жырлары жөнінде бір ауыз сөз. Өз басым Заида ақынның өлеңдерін тамсана оқып келе жатқаныма біраз жылдың жүзі болды. Біздіңше, сезім иірімдерін асқан сезімталдықпен, шеберлікпен игерген, қазақ поэзиясына соны ағым – сюрреалистік бағыттағы сәулелі де жаңашыл жырларын алып келген ақын қай кезеңде де өзі шыққан биігінен түскен емес.
Даража Балапанның жаңа кітабымен танысқанда, оның шығармаларынан халқымыздың тепірешті тағдыры, запыран құсқан заманның сорғалаған көз жасын көргендей болдық. Автордың ата-бабасы құмдай көшкен, судай сусыған, желдей ұйытқыған заманның құрбаны болып кеткен екен. Жинақтың өн бойынан сол бір арманда кеткен бейкүнә жандардың, киелі рухқа айналған ата-бабасының көрген зұлымдығы, айдауда, жер қапаста өткен есіл ғұмыры арқылы бар қазақтың басынан кешкен қуғын-сүргін жылдарының көркем шындығын жазуды ұлт алдындағы перзенттік парызы санаған ақын келер ұрпаққа тарихымыздың өзі білетін өкінішті парағын мұра ретінде қалдырып отырғандай әсерде қаласың. Ойланып қарасаңыз, ақынның айтып отырғаны жөн. Кітапқа енген «Айсыз түнгі құс жолы», «Бегім ана» дастандары, «Құдықтар мен құдықшы», «Ғасыр жасы», «Изафет», «Ит көйлек қасиеті», «Құмай пора», «Құмдағы із» тарихи-этнографиялық поэмалары және «Ар азабы» монодрамасы оқырман көңілін селт еткізеді деген сенімдеміз.
Кез келген ақынның ішкі әлемі оның рухани бұлқыныстары мен сілкіністерінен тұрады, ақырында ол өлең болып бүр жарады. Үміт Битенованың шығармашылығымен танысқанымызда, айтары анық, бояуы қанық, сезімі сергек өлең өрнектеріне жолықтым. Жалған пафостан ада, таза сәулелі жырлар. Ал, Алмахан Мұхамедқалиқызының шығармашылығында «қыздың жолы жіңішке» демекші нәзік жандылар тақырыбы басты орын алады екен. Тақырып табу, әдеби композиция құру, философиялық ой түйіндеу шеберлігіне тәнті боласың. Мысалы, «Донор және тек», «Құрсақсыз ана» поэмаларын өзінің трагедиялық сипатымен жан түршіктіреді. Алғашқы шығармасында бөтен тектің қаны басқа біреуге құйылғанда, оның физологиялық сыртқы көрінісі көзге анық байқалмағанымен, рухани кері әсері, адамның келешектегі мінез-құлқына тигізетін зиянының сұрапыл болуы мүмкіндігін сөз етсе, «Құрсақсыз ана» поэмасында Семей полигонының жүрек шымырлататын қасіретін суреттейді.
Гүлбақыт Қасеннің өлеңдеріне келсек, оның өзім байқаған басты өзгешелігі – ақын қандай тақырыпқа қалам тартса да өзіне тән нәзіктік пен жан тазалығымен қатар өрілген бір тәтті мұңнан жаңылмайды. Ылғи да жаныңда жапырақ-жүрегін жайып, мөлдіреп жүреді. Шашылып түскен сол тәтті мұң жан сарайыңды жадыратып, сезіміңді сәулелендіріп тұрады.
Гүлманат Әуелханның шығармалары ақынның ішкі әлемі мен сыртқы өмір-тіршілік тынысы, уақыт пен тағдыр, көңілдегі күдік пен үміт нәзік поэтикалық өріммен әдемі тоғысады. Адам мен табиғат иірімдері біртұтастықта көрініс табады. Күңіренген күз, үнсіз мелшиген тау, жолға телмірген жалғыз, түнгі аспан, самсаған жұлдыздар, жүректі тербеген желдің сарыны – бәрі де көңілдің мазасыз күйін жеткізетін символдар. «Күзгі жыр», «Күз эллегиясы» «Күзгі жаңбыр», «Күз қызының монологы», тағы басқа өлеңдері Гүлманаттың адам көңіл күйіне арналған лирикаларының бір парасы ғана. Артық пафостан бойын аулақ ұстайды. Өз мәнеріне тән лирикалық шабытпен, көркемдікпен терең ой айтуға бейім ақын табиғаттың құпия үнін құлақпен емес, жүрекпен тыңдауға, жаратылыстың өз болмысына үңілуге үндейді.
Енді бір ақын қызымыз – Динара Мәлік. Динараның тынақалды өлеңдері осыдан онбес-жиырма жыл бұрын баспасыз беттерінде көріне бастағанда, елең ете қалғанымыз бар. Өйткені оның жырлары бұлбұл ауызын ашқанда өзінен-өзі құйқылжып қоя беретін сиқырлы сұлу үнге ұқсайды. Бүгінгі қолымызға тиген «Қарашығым» жинағын парақтап қарағанда, тіліміздің ұшына келген алғашқы сөз осы болды. Бұл жаңа топтамасында да ақынның сол шынайылығы, өлеңге адалдығы, сезімге серттігі сезіледі. Жинақта тыныс-тіршіліктің қалтарысы мен бұлтарысын, суығы мен жылуын жүрек сүзгісінен өткізіп, қазақ қызына тән мінезбен жеткізген. Әйел жанының нәзік те қайсар болмысын айта білген. Осы бағыты мен шабытынан шатқаяқтап кетпесе, өлең өлкесіндегі өрісі бөлек ақын болып қалыптасатынына еш күмәніміз жоқ. Бұл – біздің Динара ақын туралы жеке көзқарасымыз.
Әдеби үдірісте бұрыннан үстемдік етіп келе жатқан романтикалық, реалистік әдіс-тәсілдер соңғы уақытта түрлі ағымдардың жетегіндегі бағыттармен толыға бастағаны белгілі. Соның бір мысалы қазақ өлең өлкесінде өзіндік дара қолтаңбасымен көзге түсіп жүрген ақын – Мерей Қарт. Ол биылғы жыр бәйгесіне «Аспанға құлау» атты өлеңдер жинағын қосыпты. Болашағынан үлкен үміт күттіретін ақын туралы толымды сөз айту кезегі әлі алда болғандықтан, әңгімені осы жерден доғара тұрамыз.
Өткен жылы шыққан жақсы поэзиялық кітаптардың арасында қостанайлық ақын Абылай Маудановтың «Дайдидау» еңбегі бар деп естідім. Телефон арқылы хабарласқан автордың айтуынша, аталған жинақтың ерекшелігі, бір мезгілде төрт тілде – қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде жарық көрген. Өзге елдің аудармашылары да қызығушылық танытып, «құда» түсіп жатқан көрінеді. Сөз жоқ, тамаша жетістік. Бірақ, әзірге біз кітап жөнінде пікір білдіруге асықпайық деп шештік. Себебі қолыма тимеді. Қолға тимеген, ұстап көрмеген дүниеге пікір білдіру оңай нәрсе емес.
2025 жылы жарық көрген поэзиялық кітаптардың қолыма тигендеріне шолуым айналып соңына келіп қалғандықтан, соның ішінде өзімнің қазақ өлеңіне үн қосуды мақсат еткен «Рухтың оралуы» деп аталатын жыр жинағым да бар екенін айтып өтсем, артық болмас деп ойладым. Ал, кітаптың жақсы-жаманын талдап, таразылап бағасын беруді өзгелердің құзырына қалдырамын.
Жасыратыны жоқ, поэзия жанры бойынша 2025 жылы кітап болып шыққан туындылардан басқа, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын», «Таң-Шолпан» сияқты әдеби басылымдарда жарық көрген өлеңдерге де талдау жасау туралы ұсыныс болды. Тіпті, әлеуметтік желіде үздіксіз жарияланатын поэзиялық дүниелерге де назар аударылса, құба-құп болар еді деген. Басында мен де солай ойладым. Бірақ, 2025 жылғы жарық көрген кітаптарды қорытып, баяндаманы қағазға түсіре келе ол ойымнан бас тарттым. Біріншіден, баяндама көлемі көтермесе, екіншіден, оның қажеті жоқ сияқты көрінді.
Тағы бір нәрсе, қай сала, қай жанрда болсын жыл жүгін көтеріп тұратын әр жылдың өз табысы болады. Бұл тұрғыда өткен жылғы қазақ поэзиясы да құр алақан емес. 2025 жылдың поэзия табысын сөз еткенде, өз басым «Жұлдыз» журалының 2-санында шықан Бауыржан Жақыптың «Құбыла» поэмасын атап айтқан болар едім. Біздің ойымызша – бұл мұңлы дастан кеше ғана арамызда арқырап жүрген, бүгінде өзінің мәңгілік мекенінде дамылдап жатқан поэзияның ерен дүлдүлі Есенғали Раушановқа өлеңмен орнатылған дара ескерткіш. Ескерткіш қана емес, ақын жүрегінің ұяты мен уайымы, сағынышы мен сабырға келуі. Мазмұндық, стильдік тұрғыдан алғанда да, бұл дастан ақын Бауыржан талантын жаңа қырынан танытқан туынды болып шыққан. Керек десе, шығарманы ақынның поэтикалық ізденістегі жетістігіне балауға болар еді. Сол ілкімді ізденістері ақынның жан толқынысымен астасып, іркес-тіркес серпінді дауыс ырғақтары мен лирикалық құйылыстары қайткенде де өзіне назар аудартпай тұрмайды. Бір сөзбен түйіндегенде, «Құбыла» өзі қабылдаған дүниені қалай түсінсе, солай еш бүкпесіз, боямасыз жырлаған бір бүтін кесек дүние болып шыққан.
Қазақ поэзиясы, сөз жоқ, жаңа кезеңге, жаңа асуларға аяқ басты. Рухани әлеміміздің кеңістігі кеңейді, өрісі кемелденді, жаңа тереңдерді игеріп, биіктерді бағындыра бастады. Ең әуелі халықтың өлеңге деген сүйіспеншілігі, құмарлығы мен құрметі артпаса, бір мысқал да кеміген жоқ. Алтай мен Атырау, Көкшетау мен Тәңіртау арасы қазақ жырының алып аудиториясына айналды. Өйткені қазақ ақындары күн санап рухани-эстетикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп, дамып келеді. Халықтың жүрегіне үңілген ақындарымыз, соның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жандарын салудай салып жатыр. Сонымен бірге ақындарымызда ескі сүрлеуден шығып, жаңасын жасауға деген ұмтылыс бар. Бұрынғы отаршылдық-бодандық кезеңдегі әлеуметтік ағартушылық, тарихи-философиялық поэзияның стилистикалық айшығы келмеске кетіп, оның орнын жаңа заманның ұлттық қайта өрлеу дәуірі өмірге әкелген көркем-эстетикаға негізделген рухани-философиялық, лирико-психологиялық поэзия басуда және де бұл поэзия өкілдері өзімен санасуды керек етеді. Демек, олар (рухани-философиялық поэзия өкілдері) ғылыми тұрғыдан назар аударып, зерделей талдап, өз бағасын беруге сұранып тұр деген сөз.
Ақынның аты – ақын. Ақын болған соң жаман өлең жазбауға тырысады, соған күш салады. Әрине, әркім өз деңгейінде, өз талантының, өз парасатының биігінде жазады. Одан артыққа ақынның шамасы жетпейді. Десе де, поэзияда ойласатын, пікір алмасатын жайттар баршылық. Мысалы, қазіргі оқырман қандай жырға зәру? Халық қандай рухани шөлге сусап отыр? Жаппай жасанды интелектпен (зердемен) бетпе-бет келіп отырған қоғамға қандай әдебиет, қандай өлең керек?
Сондай-ақ бүгінде жоғары интеллектуалды ұлттық поэзия деген ұғым алға шықты. Ол қандай поэзия? Бүгінгі жас поэзия өткенді, қазіргіні және болашақты бір ұлттық бағытта үйлестіруде қызмет атқара алып жүр ме? Оған әлеуеті жете ме?
Қалай десеңіз де, осы сұрақтардан ауылымыз алш ақ қона алмайды. Бұл – ертең, ертең болмаса бүрсікүні, әйтеуір бір басымызға түсетін жағдай. Баяндаманың көлемі көтермегендіктен, бұл мәселелерге тоқталмадым. Алайда мұны пікір алмасу алаңына айналдыруға ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын.
Ұзын сөздің қысқасы, әлемнің астан-кестеңін шығарып, бір рухани дүмпу туғызатын қазақ әдебиетінің уақыты міне-міне таяп келе жатқандай көңіл күйде жүргенімді сіздермен бүгінгі басқосуда бөліскім келіп тұр, және сондай күннің көп кешікпей туатынына өз басым сенемін. Мүмкін, ол дүмпу – қазақ поэзиясынан басталатын шығар?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір