ҚАҒАЖУ КӨРГЕН ҚЫЛҚОБЫЗ
24.02.2024
221
1

Әлқуат Қазақбаевтың шығармашылығы хақында

Қобыздың үнін осы күні еліміздің әр түкпірінен тыңдауға болады. 60-жылдардың аяғында Алматы консерваториясы қабырғасынан ашылған қылқобыз мектебі жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Қобыздың тағдыры қыл ұшында тұрған кезеңді де бастан өткергендер болды. Сол себепті де қобыз өнерін бар тереңдігімен, сұлулығымен, бұрынғы өткен шын шеберлерден қалған үлгі мен әдіс-тәсілдерімен толық сақтап қала алдық деп айта алмаймыз.

  Өнертанушылар қобыз өнерінің түп-төркіні бақсылықта жатқанын айтады. Академик А.Қ.Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «Дүкенұлы Ықыластың қазақ музыкасы тарихында алатын орны, ең алдымен, бақсы-балгерлердің қолынан қобыз сияқты тамаша аспапты жұлып алып, оны халықтың қуанышы мен сүйінішін, қайғысы мен күйінішін жырлайтын аспапқа айналдырды», – дейді. Жалпы алғанда, академик А.Қ.Жұбановтың қазақ музыкасына сіңірген еңбегі шексіз екені рас. Бірақ біз Совет заманында жазылған еңбектердің бәріне де сақтықпен қарауымыз керек. Совет заманында – проза, поэзия, драматургия, кино, музыка, жалпы айтқанда, өнердің де, ғылымның да бар саласы советтік идеологияның ықпалында болды. Осы жағдайда А.Қ.Жұбановтың қобыздың қазақ үшін әрі киелі, әрі рухани рәсімдік мәні бар аспап екенін ашып жазбай, тек эстетикалық, суреткерлік мәнісі басым деген ойына кейінгі ұрпақ түсіністікпен қарауы керек.
Қобыз – бақсы аспабы. Қазіргі зерт­теулер де «қобыз» бақсы аспабы екенін бұлтартпайды. Рахымжан Нұрлыхан атты магистріміздің «Қазақ бақсыларының қобыздары: Зерттеу тәжірибесі» атты диссертациясында бұрынғы өткен бақсылар мен осы замандағы бақсылар және олар ұстаған қобыз аспабы жайында көптеген тың мәліметке куә болдық.
ХХІ ғасырдың 20-жылдарынан аттап басқан біз қобызшылық дәстүр мен қобыз өнеріне деген қоғамдық көзқарастың әр белестен өткенін байқаймыз. Тіпті қайшылықты пікірлер де кездесіп жатады. Өткен ғасырдың 20-жылдарында А.В.Затаевич қобызды жаны тірі әрі функционалды құбылыс ретінде бағалап, қобыздың рәсімдік, бақсылық аспап екеніне қайшылықты бір ауыз сөз жазбаған. Қылышынан қан тамған Совет өкі­меті ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін дәстүрлі қобызшылық өнерді қудалау­мен болды. Бірақ халық жүрегінің қыл пернесіндей болған көне аспапты біржола жою қолдарынан келмеді. 60-жылдардың аяғында Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың қазақтың көне аспаптарын жинаушы ретінде есімі кең тарала бастайды. 1968 жылы Алматы консерваториясының ректоры Е.Р.Рахмадиев қылқобыз сыныбын ашады да Жаппас Қаламбаевты ұстаз ретінде шақырады. Дәл сол кездерде де Е.Р.Рахмадиевтің үстінен «бір парақ дипломы жоқ адамды консерваторияға жұмысқа алды» деген желеумен Мәскеуге домалақ арыз түсіреді. Е.Р.Рахмадиевтің: «Сендер балалайканы отқа тастасаңдар, біз де домбыра мен қобызды бірдеңе қылармыз», – деген сөзі сол кезде айтылған.
Өкінішке қарай, Жаппас Қаламбаев жарты жыл ғана ұстаздық етеді де өмірден өтеді. «Қайтсе де қылқобызды аман алып қаламын» деген ниеттегі консерватория ректоры Е.Р.Рахмадиев Дәулет Мықтыбаевты ауылынан алдырады. Осылайша, консерваторияда қылқобыз мектебі қалыптасады. Заманында Шоқан Уәлиханов тамсана, тебірене жазған қобыздың үзілмей бүгінгі күнге жетуіне Болат Сарыбаев пен Еркеғали Рахмадиевтің қосқан үлесі зор. Әйтпесе, 1675-1768 жылдары өмір кешкен Ақтамберді жырау «Қайрауықтың ащы күйіндей, қайырып тартып күйлентіп» деп толғағаны белгілі. Дәл осы жырдың екі жолына қарап-ақ қобыздың өнер ретінде қандай деңгейде болғанын, халықтың мәдени, рухани тұрмысында қаншалықты маңызға ие екенін бажайлауға болады. Қайрауықтың (Айрауық) зарлы күйін жырға қосумен қатар Ақтамберді жырау күйдің формасын «қайырып тартып толғантып» деп метафора ретінде қолданып отыр. Бұл – жыраулар дәуірінде қобыз аспап ретінде басты рөлге шыққанымен қоса, қобыз күйлерінің халық арасына кең тарағанының айғағы.
Мақаланың басында айтып өткеніміздей, қобыз қағажуды көп көрді. Сол себепті өнер ретінде дамуында тежелу бар. Ол осы күні анық байқалады. Күні кеше өмірден өткен Сматай Үмбетбаевтай қобызды күңірентіп, аңыратып тартатын күйшілер сирек. Дәстүр үзілуге шақ қалды. Қобызшыларымыз сахна төрінде отырып, жалған сезімге беріліп ырғалып, жайқалып тартуды шығарды. Құлақпен тыңдайтын аспапты, көзбен қабылдайтындай әсер қалдыратындары баршылық. Киелі аспап шынайылықтан алыстап кетті. Совет дәуірі қобыздың ысқышымен қоса саусақ басу тәсілін де өзгеріске түсірген еді. Қобыздың садақша иілген ысқышының орнын скрипканың смычогі басса, саусақтың көбесімен басатын қылын тырнақпен тарту қалыптасты. Репертуар түрленді. Қоңыр үнді қылқобыз бен қара домбыраны фортепьяноға қосып, шетел классиктерінің шығармаларын тарту әдетке айналды. Опера, симфония музыканың атасына баланып, қазақтың дәстүрлі өнері шетқақпайланып, кембағалдың күйін кеше бастады. Ол замандағы дәстүрлі өнердің жалпы сипаты – осы.
Дейтұрғанмен, Сматай Үмбетбаевтай дала күйшісінен үлгі алған – Сәрсенғали Жүзбаев, Саян Ақмолда, қара шаңырақ консерваториядан өнер баптаған Әбдіманап Жұмабеков пен Базархан Қосбасаровтың төл шәкірті, Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаевтың немере шәкірті Әлқуат Дотаұлы Қазақбаев сынды саусақпен санарлық қобызшыларымыз қадари-халінше дәстүрді жалғастырып отыр.
Сахнагер Әлқуат қобызды шынайы әрі қарапайым, таза тартады. Қарапайым, бірақ қарабайыр емес. Оның қобызшылығында ұстаз көрген сауаты анық көрінеді. Пафостан ада. Кәнігі кәсіби қобызшы. Күйдің музыкалық мәтініне жауапкершілікпен қарайды. Репертуары бай. Осы күнге жеткен қобыз күйлерімен қоса, бақсылардан қалған қысқаша сарындарды түгесіп тартады. Ізденісті үзбеген музыкант. Әлқуаттың әр кездерде орындаған аудио, видео­таспалары, ноталық жазбалары осы сөзімізге дәлел бола алады.
Қазақ ән күйлерінің хатталуы (нотография) жеке зерттелетін уақыт болған сияқты. Өйткені ән-күйлерімізді хатқа түсіріп жүрген қазіргі заман нотографтарының еңбегі де елеусіз қалмауы керек. Нота – музыкалық мәтін. Демек, бұл ғалымдар мен өнерпаздар үшін аса құнды болып есептелмек. Бұл салада А.В.Затаевич еңбегі айрықша мәнге ие екені рас. Десе де, ғылыми негізде А.В.Затаевич нотаграфиясын сапасына қарай жіктеп қарастырғанымыз жөн. Өйткені А.В.Затаевич түсірген кейбір күйлердің күмән туғызатыны бар. Неге? Біріншіден, А.В.Затаевичке қазақ аспап музыкасы таңсық еді, беймәлім әлем-тұғын. Екіншіден, А.В.Затаевичке күй орындағандардың ішінде кәсіби өнерпаздар аз болды. Ол «Қазақтың 1000 әні» деген еңбегінің алғысөзінде: «Тоғыздағы баладан тоқсандағы қарияға дейін жаздым», – дейді. Жинаққа ән берген Ғаппас Айтбаев, Қали Байжанов, Майра Шамсутдинова, Әміре Қашаубаев сынды музыканттарды ғана «кәсіби өнерпаз» деп айта аламыз. Тағы бір ерекше мән беретін жайт – дәл осы музыканттардан жазылған әндердің сапасының жоғары болуы. Демек, нотограф үшін ән-күй орындаушының кәсібилігі де үлкен маңызға ие. ХХ ғасыр басында ән-күйлерімізді жинау фольклористтердің, зерттеушілердің еншісінде болса, 50-60-жылдардан бастап бұл салаға өнерпаздар да ден қоя бастады. Аға буын Жаппас Қаламбаев, Мағауия Хамзин, Тмат Мерғалиев сынды өнер тарландары бастаған қажырлы еңбекті Абдулхамит Райымбергенов, Қаршыға Ахмедияров, Біләл Ысқақов, Айтқали Жайымов, Базархан Қосбасаров, Дүйсен Орынбай, Жанғали Жүзбай сынды орта толқын жалғастырып әкетті. Орта буынды үлгі тұтып нотаграфия саласына Әлқуат Қазақбаев, Еділ Басығараев, Мұрат Әбуғазы, Еркін Шүкіман, Жұмабек Қадырқұлов, Батырлан Әбенов сынды жастар келді. Өнер адамының ән-күйдің хатталуын қолға алуы – қуантарлық мәселе. Дегенмен бұл жерде де тереңірек үңілетін мәселе бар. Мысалға, Сүгір күйлерін хатқа түсірген Жанғали Жүзбай кітабынан мін таппайсыз. «Неге» деген сұрақ тағы да алдымыздан шығады. Біріншіден, Қаратау күйлері Жанғалиға әбден сіңген, музыкалық мәтінді толық игерген. Екіншіден, ол өзі – күйші, яғни күйді қай деңгейде түсінсе, сол деңгейде қағазға түсіреді деген сөз. Әлбетте нотографтың музыкалық сауатын естен шығармау қажет. Кейде өзіне бейтаныс өңірдің танымайтын, толық түсінбейтін стильдегі күйлерді хатқа түсіретіндер болады. Ондай кітаптардың пайдасы мен зияны бірдей болады. Себебі тек кітапқа жазылған нотаға ғана сенетін музыканттар да көп. Ал қобыз күйлерінің ноталық сапасының бір белеске көтерілуі Әлқуатқа байланысты болды. «Сыр өңірі – жыр өңірі» дегендей, Әлқуаттың туған жері қобыз қонған Шу бойы ғой. Өзі – күйші. Әлқуатқа дейінгі жазылған қобыз күйлерінің нотасын жоққа шығармаймыз, Олжас Сүлейменов: «Тауларды аласартпай даланы биіктетейік», – деу­ші еді ғой, бірақ қобыз нотографиясы жетілдіруге мұқтаж еді. Әлқуаттың нотограф ретінде сауатты екені – өз алдына, ол – штрих, яғни «деташе», «сонфиле», «портато», «маркато» мәселесіне терең бойлаған алғаш маман. Мысалы, «Адай» күйінің жоғарғы қағысын – төмен, төмен қағысын жоғары жазып қойсақ, жас орындаушыны қаншалықты адастырар едік. Осы тұрғыдан келгенде Әлқуат күйдің жалаң нотасын жазбай, «штрихқа» баса мән беруін ағартушылық деп түсінер едік. Дәл қазіргі күнде қобыз ұстаушы консерватория, коллежд студентері Әлқуаттың ноталық жазбаларының бағасын біледі.
Ел ішін аралап Қорқыт, Қойлыбай бақсы, Түктібай бақсы, Закария бақсы, Көтен тәуіп, Тілеп бақсы, Шолақ бақсы, «бала бақсы» атанған Кернебай Сүтемгенұлы күйлері мен сарындарын орындаушы қобызшылар Нышан Шәменұлы, Тілештің Әшірбегі, Жайнақ бақсы, қобызшы  Әбенов туралы деректер жинап, Нұрғазы Жиенханұлы мен Әшірбектің шәкірті Шәмши Еренбекпен, Қорқыт ата күйлерін алғаш үнтаспаға жазып алған Ахат Жанаевпен кездесіп, Қорқыт күйлері мен аңыздарын жазып алған. Жинаған материалдардың құндылығына дау жоқ. Дәстүрлі өнер өкілін іздеп барып қасынан тыңдап көру – өнер жалғастығы үшін баға жетпес дүние. Мысалы, Арқа күй өнерінде Дәулетбек Сәдуақасов деген дәстүрлі күйші болды. Сол Дәулетбектің саусағынан ерекше нәрлі дыбыстар шығатын. Саусақ басу (пальцовка) тәсілі де өзгеше еді. Неге дыбыс «өзгеше», «нәрлі» болды? Себебі Дәулетбек қаймағы бұзылмаған Шет өңірінің дәстүрлі күйшілігінің жарқын өкілі еді. Оның қолымен Қыздарбек, Сенбек күйшілердің мәнері, стилі жетті. Жалаң күй ғана емес, күйшілік мәдениетін қоса арқалаған. Сондықтан Әлқуаттың жер-жерді аралап ескі күйшілерді көзбен көріп жазып алуы өнерге деген үлкен жанашырлық және адалдық деп түсінеміз. Біз ғылыми еңбектер, мақала, сұхбаттарымыз арқылы дәстүрлі музыкамыздағы көкейтесті мәселелерді қалың оқырманнан билік басында отырғандарға дейін жеткізуге тырысамыз, ал, ақиқатын айтсақ, дәстүрлі өнердің жалғасуы дәстүрлі өнерпаздарға тікелей байланысты.
Әлқуаттың ізденімпаздығы, осы жасқа жеткенше жинаған қоры төл туындыларынан да анық байқалады. Біздің дәуірімізде қобыз аспабында өз жанынан күй шығарып жүрген композиторлар аз, тіпті жоқтың қасы. Бабадан қалған асыл мұраны жалғап жүрген жампоз. «Қобыз сарыны» атты күйі сахнаны жайлағанына ширек ғасырдың көлемі болды. Жұмекенше айтқанда, «ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей» болған соқталы шығарма, әсіресе жас қобызшылардың репертуарына еніп, көптеген концертте орындалып жатыр. Расында, қобыз жайында ескі жырларымызда, ғалымдарымыз бен ақын-жазушыларымыздың шығармашылығында аз кездеспейді. Бірақ біздің заманға жеткен күй аз. Қобыздың аңызы да, күйі де бұлдырап сағымға сіңіп кеткендей. Бұл – қобызшыларымызды, бақсыларымызды тынымсыз қудалағанның белгісі.
Әлқуаттың қазіргі таңда елімізге аты мәлім. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоңырлатып қобыз күйлерінен бастап опера жанрына дейін қол сермеген белгілі композитор. Либреттосын белгілі ғалымдарымыз Дархан Қыдырәлі мен Ақеділ Тойшан ұжымдасып жазған «Жамбыл жырау» операсы Алматының Абай атындағы Опера және балет театрында сахналанып, ұлттық опера ретінде музкатанушыларымыздың ыстық ықыласына бөленді. Әлекең – қобыздан қол үзіп қалған қара-нөпір тыңдарман назарын аудару мақсатында көптеген экспериментке барған білікті маман. Халық күйі «Қасқырды» бірнеше қобызшымен сахналағаны Астана жұртшылығына мәлім. Өте сәтті шыққан болатын. Әлқуат «Қасқыр» күйін қалай өңдегенін былайша суреттейді: «Күйді бір қысқаша оқиға ретінде елестеттім. Ен далада жатқан қазақ ауылы. Бірде үй иесі маздап жанған отқа қарап әндетіп отырса, есікті сықырлата ашып үстіне тұлып киген көршісі келеді. Көршісі қылышын сүйреткен қыстың ұзап кеткеніне кейіп, ол аздай қасқырдың ауыл маңына келіп ойран сала бастағанына налиды. Екеуара әңгімені алты қанат ақ орданы шайқардай желдің уілі мен қасқырдың ұлуы бұзады. Арланы бар, құртқасы мен бөлтірігі, бөрісі бар ауыл маңын азан-қазан қылады. Әсіресе арлан қасқырдың озбырлығы анық байқалады. Осы бір сюжетті бірнеше қобызда тартса деген ойға келдім», – дейді. Ал енді күйге құлақ түрсек, расында, қазақы қоңыр тірліктен хабар бергендей алыстан орағытып сөйлейтін абыздай қара қобыз «әнге» салады. Салған ән екеуара әңгімеге ұласқандай болады да, кілт үзіледі. Алыстан даланың уілі естіледі. Уілді қасқырдың ұлуы басады. Бір қасқырдың ұлуына екінші, үшінші қасқыр қосылып бір кезде үйі­рімен ойнақ салады. Арасында жуан да ызбарлы арлан қасқырдың ырылы басым түсіп отырады. Желдің уілі мен қасқырдың ұлуын флажолет, глиссандо әдістері арқылы жасайды Әлекең. Әр қобызшының өз атқарар міндеті бар. Бір қобыз желдің уілін салса, екінші қобыз – құртқаның ащы дауысын, үшінші қобыз жас бөрінің қаймыққан үнін берсе, төртінші қобыз батыл да айбарлы арлан қасқырдың ызбарын төгеді және төртеуі бір мезетте шалқығанда флажолеттер полифониясын тыңдайсыз. Өзінің ойша жасаған сюжетін музыка тілімен дәл беріп отыр. Әрине, дәстүрлі өнер үшін қылқобызды жеке тартқан дұрыс, десек те, белгілі дәрежеде, қобыз күйін насихаттау мақсатында бұл соны жаңалық болатын.
Әрісі – Сүгір Әлиұлы, берісі – Жап­пас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Мағауия Хамзиндерден қалған бір дәстүр бар еді. Ол қобыз күйлерін домбыраға аудару немесе домбырада шыққан ән-күйлерді қобыз аспабына түсіру еді. Бұл да өткен ғасырдың еншісінде қалған немесе ескі күйшілерге ғана тән «Нәзира» (поэзиядағы ескі ақындардың өзінше жырлау тәсілі) дәстүрі сияқты еді. Арқа әндерін күйге айналдырып шерткен Әбікен Хасенов пен Мағауия Хамзиннан кейін бұл дәстүр де жойылған болатын. Бәлкім, әнге қара шертіс кіріспе жасаған Қ.Байжанов, Б.Жылқыбаев, М.Ержанов сынды әншілерімізден қалған үлгінің түбіне үңілсек, әнді күй қылып тарту көне заманнан қалыптасқан дәстүр болуы да мүмкін. Қобыз күйлерін домбыраға түсіру немесе керісінше домбыра аспабына тән ән-күйлерді қобызға аударуды екі түрге бөліп қарауға болады. Біріншісі – әннің де, күйдің де музыкалық текстінен барынша ажырамай тарту. Бұл жерде дәстүрлі өнерпаздың еркіндігін естен шығармау керек. Дала музыканты кез келген туындыға өз пікірін білдіреді. Кей тұстарын өзінше тартуы заңдылық. Түпнұсқадан алыс кетпейді. Екінші түріне ән-күйлерге жасаған фантазияны жатқызуға болады. «Інжу-маржан» – Әсет Найманбаевтың, «Жас қазақ» Рамазан Елебаевтың әндеріне М.Хамзин жасаған фантазиясын осы топқа жатқызамыз. Заманға қарай – қоғам, қоғамға қарай адам өзгереді. Бәлкім, М.Хамзин сүрген орта мен уақыттың әсері болған шығар, қорыта айтқанда, бұл да дәстүрден туған дәстүр іспетті. Жаппас Қаламбаевтың халық композиторлары әндерін қобызда шалқытуы, М.Хамзинның Ықыластың «Жез киік» күйін домбырада тартқаны сынды Әлқуат та – Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін домбырадан қобызға көшірген алғаш қобызшы. Әлқуаттың бұл қадамында да ескі өнерді жаңғырту жатыр. Бір айта кететін жайт, Әлқуаттың өз орындауындағы Нұрғисаның «Аққу» күйі мейлінше қобыз спецификасына жақын еді. Демек, Әлқуат домбыра күйін қобызға қотарғанда үлкен зерттеу жасап, ескі күйшілердің амал-тәсілдеріне иек артқан. Көшірме жасамаған. Кейінгі қобызшылар «деташе» әдісін жөнсіз қолданып, «Аққудың» мәнін кетіре бастады. Тура домбырадағыдай зырылдата жөнелетіндері де бар. Ол дәстүр емес. Әрбірден соң туындыны алғаш өңдеп тартқан күйшінің негізгі идеясына зиян келтіруге болмайды ғой. Әлқуат домбыра күйін қобызда тартудың дәстүрлі жолын көрсетіп беріп отыр.
Әлқуаттың ғылыми жұмыстары да аса маңызға ие. Ол туралы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лаураеты, танымал түрколог, филология ғылмдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков: «Қазір менің қасымда жүрген атақты қобызшы Әлқуат Қазақбаев – Шу өңірінің перзенті. Қазақ музыка мәдениеті мен ақындар туралы айтатын әңгімелерімді жиырма жылдан аса құлағына құйып жүрген қобызшы көп ізденген екен. Қобыз қонады, домбыра дариды. Әлқуатқа қобыз қонған. Менің пірім Жамбыл туралы опера да жазды. Ғылыми еңбектері де қуантарлықтай. «Қорқыт атаның аңыздары мен күйлері» атты кітабы қазақ және түрік тілдерінде жарыққа шықты. Қорқыт атаның жиырмаға жуық күйін нотаға түсіріп жарыққа шығарған ғалым. Туған топырағының ақын-жыраулары мен қазақ қобызшыларының өміріне қатысты архивтен тың деректер тауып үлкен олжаға ие болып, Кенекең айтып кеткен аманатты да орындап жүр.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді халық даналығы. Атасы Қазақбай туралы да көп ізденді. Ел аралады, көнекөздерді жазып алды, архивтерден шықпай көнерген сары қағаздарға көз тікті. Туған топырағынан шыққан ақындар туралы архив сөрелеріндегі шаң басқан, сандық түбінде ұмыт қалған қолжазбаларды тауып алып, құнды мұраларды бізге жеткізді», – деп жазған (Жолдасбеков М., «Ашаның алты салы». «Егемен Қазақстан» газеті, 2023 ж. 17 ақпан; 19 ақпан;).
Кез келген өнерпаздың қалыптасуына туып-өскен ортасы әсер етеді. Атасы Қазақбай Ергөбекұлы Қарашев (1880-1937) өз замандастары Сауытбек, Әтібек, Жидебай сынды ақындармен замандас, пікірлес ақын болған. Сауықшыл ақын, өнерпаздардың есімдері Жетісу, Шу бойына кең тараған деседі. Өкінішке қарай, Совет өкіметінің қудалау нәтижесінде Сауытбек, Жидебай, Әтібек, Қазақбай ақындарды 1922 жылы Әулиеата абақтысына жабады. 1929 жылы сәуір айында атасы Қазақбайдың мал-мүлкін кәмпескелеп, қамауға алған екен.
Бір біз емес, боп жатыр барша жұртқа,
Анасын ажыратып құлын-тайдан.
Төңкеріс боп, келіпті ойдан-қырдан,
Күніндей ғаззауаттың болды майдан.
Орыс, жөйт, персиан, түрк, араб,
Әрқайсысы келіп жатыр әрбір жайдан.
Қытай, дүнген, тараншы, қырғыз, тәжік,
Бұларды дейтін емес келдің қайдан.
Адам атын білмейтін әртүрлі жан,
Кеп жатыр төңкеріс боп осындаймен.
Алматыда бас қостық Үш жүз түгел,
Орта жүз – Қоңырат, Қыпшақ,
Арғын, Найман.
Ескі Аша, аман болғын, қайран елім,
Тройске, Қорағаты қайран жерім.
Күнту, Қыпшақ, Сарыүйсін,
әм Боққайнат,
Бестерек, Шымырдағы барлық бегім.
Ерлерім ел ішінде жолдас болған,
Басқаша өзгелерден бөлек жөнің:
Сауытбек, Әтібекпен төңкеріс боп,
Бұл жерде көзім көрді жөнелгенін…
Керімқұл, Қожаберген бірге кеткен,
Білмедім пешенеден не көргенін.
Досеке, не болды екен, қайран құтым,
Ертерек бас қамының білген жөнін…
Әлқуаттың туған ағасы Қанат Қазақбаев – саусақпен санарлықтай ғана қалған қобыз жасаушы шебердің бірі әрі бірегейі. Академик А.Қ.Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты кітабының Ықыласқа арнаған тарауында «Дүкеннің шаңырағында қобыз орындау әдеп деңгейінде еді» дейді. Әлқуаттың атасы – ақын, ағасы мен інісі – қобыз жасаушы шеберлер, өзі күйші болуы да көп мәселеден хабар беретіндей. Демек, қобыз Қазақбаевтар шаңырағында да ерекше мәнге ие деп түйуге болады.
Әлекеңнің өз жанынан шығарған «Жаппас-қобыз-домбыра», «Әбдіманап абыз», «Абылай хан жорығы», «Ықылас ата», «Жерұйық», «Құрманғазы төкпе», «Тәттімбеттің сарыны», «Нұрғиса – аңыз құс», «Қобыз сарыны», «Қойлыбайдың қобызы», «Шабыт», «Бақсы», «Толғау», «Аллам жар», «Мырзатайдың сарыны», күйлері мен «Әкетайым», «Көзім – жас, көңілім – қайғы, жаным – жалын», әндері «Жүрегім менің», «Фатима сарыны», «Наз», «Аңыз қыз», «Ұлы дала сарыны», «Ақсақ қыз», «Фуга», «Ашаның алты салы», «Қазақ сарындары»: 1. Прелюдия; 2.Фуга; 3.Скерцо; 4.Токката. «Тараз шеруі», «Тәуекел» сынды шығармалары осы күні көптеген музыкалық оқу орны мен шетелдік концерт залдарында орындалып жүр.

Саида ЕЛЕМАНОВА,
өнертану ғылымының докторы,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық
консерваториясының профессоры
Ару ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық
консерваториясының магистранты.
Қайрат АЙТБАЕВ,
орыс тілінен аударған күйші,
өнертанушы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 25.02.2024 | 10:58

Консерватория ректоры Е.Р.Рахмадиев Дәулет Мықтыбаевты Ақмола облысының Қорғалжың ауданындағы ауылынан алдырады. Осылайша, консерваторияда қылқобыз мектебі қалыптасады. «Қыз Жібек» фильмінде қобыз ойналатын эпизодтар бар. Сондағы күйді қобыз тартқан да атақты Дәулет Мықтыбаевтың өзі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір