Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ. ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ АЙТУЛЫ СӘТ
02.06.2026
24
0

Барша жақындарым мен қазақ елін айтулы сәтпен қуантқым келеді. Қазақстан алып империя – Алтын Орданың, яғни Жошы ұлысының тарихи, мәдени, геосаяси тұрғыдан тікелей мұрагері екенін мемлекеттік деңгейде ресми түрде бекітті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұжырымды ғалымдар арасындағы академиялық пікірталас аясынан шығарып, мемлекеттік идеологияның, сыртқы саясат пен ұзақ мерзімді экономикалық стратегияның басты тетігі етті.
Бұл – Қазақ мемлекеттігінің бастауы сонау XIII ғасырда жатқанын әлемге ресми негізде айғақтаған мәлімдеме. Бұл – қазақтарда бұрын-соңды мемлекет болмаған деген стереотипті ұстанушыларға да ойсырата соққы беретін ғажап жауап.
Ғылыми пікірталастарда Ресей, татарлар мен ноғайлар өздерін Алтын Орданың жалғасымыз деп санайтын, таласқа жиі түсетін. Біздің Президентіміз бұл сұрақ төңірегінде олардан бұрын әділ жауа­бын айтып, нүктесін қойды. Ресейлік ғалымдар аталған түйін төңірегінде түрлі талқылаулар өткізіп, келіспеушіліктерін білдірері сөзсіз, бұған әлбетте қазақ ғалымдары  дайын болуы керек.
Осынау ежелгі қуатты империяның бүгінгі Қазақ мемлекетінің жерінде, Ұлы дала төсінде мекен еткені, Жошы хан мен Алаша хан кесенелерінің Ұлытауда ірге тіктегені, өзге де тарихи жәдігерлер Алтын орданың заңды мұрагері Қазақстан екенін дәлелдейді. Президентіміздің тарихи маңызы орасан зор бұл саяси  қадамы болашақта мемлекетімізге экономикалық, мәдени, саяси тұрғыдан мол табыс алып келетіні анық.
Күллі қазақ халқына құтты болсын деймін! Елімізде, әлемде дәйім бейбіт те тыныш заман болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір