Mecenat.kz әдеби сыйлығының үшінші жеңімпазы анықталды
Үшінші мәрте ұйымдастырылған «Қазақстан туралы ең үздік роман» байқауының жеңімпазы анықталды.
2 қыркүйек күні М.Әуезов мұражай үйінде өткен марапаттау рәсімінде, жобаның меценаты, танымал қазақстандық қаржыгер Тимур Турлов бейнеүндеу арқылы жеңімпаз деп жазушы Сәуле Досжанды жариялап, құттықтаса, жоба жетекшісі Ерлан Асқарбеков екінші орын алған «Көктегі көлеңке» романының авторы Темірлан Қылышбекке өз атынан 500 000 теңге көлеміндегі эксперименттік, бір реттік сыйлықты табыс етті және Mecenat.kz әдеби сыйлығының 4-маусымын ашық деп жариялап, 15.03.2025 дейін романдардың қолжазбасын қабылдау басталғанын хабарлады.
Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан байқауда үздік деп танылған «Өмір бәйтерегі» романын жеті жыл жазған екен. «Ерекше әдеби байқаудың жеңімпазы атанғаныма қуаныштымын! «Өмір бәйтерегі» романын жеті жыл бойы жаздым. Ұлттық кодымызды, қан тазалығын, әлемде қазақта ғана бар «жеті ата» шежіресінің дала төлқұжаты екенін дәлелдеп, жастарға түсіндіру үшін әр тарауды жеті қайтара оқып шықтым. Айта кетейін, бұл – менің жетінші романым», – дейді қуанышымен бөлісе келіп.
Әдеби сыйлықтың иегері, енді өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады. Аталған жүлдені 2022 жылы «Күлпет» романымен жазушы Шархан Қазығұл жеңіп алса, 2023 жылы «Өлгендер қайтып келеді» романының авторы Тұрысбек Сәукетаев иеленген болатын.