ОН  ЖАСАР БАЛАҢ ӨЗ АНА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙ МЕ?
01.07.2016
4909
0

Ана тіліНЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

«Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма?» деп шырылдаған Міржақып Дулатовты ғасыр бұрын алаңдатқан Тіл мәселесі бүгінгі қазақ қоғамының да жан жарасына айналған. Бұл тақырыпты айта-айта әбден жауыр қылғанымызбен, одан ана тіліміздің мәртебесі биіктеп, қолданысы кеңейетін түрі жоқ. Тіпті, туған тіліміздің дәрежесін калька деңгейіне дейін төмендетіп қойып, жарқын болашақ, Мәңгілік ел туралы асқақ арманмен алданып жүрген Қожанасыр кейпіміз өзімізге ұнайтын секілді көрінеді кейде. Ал көршілес Ресей жұртында жүз миллионнан астам адам сөйлейтін орыс тілінің мәселесі ұлт тағдырымен барабар қарастырылып, қаржыландырылып келеді.  Әсілінде әлемнің екі жүз жетпіс миллион тұрғыны өз ойын еркін жеткізе алатын француз тілін француздардың қалай қорғаштайтыны да саңылауы бар пендені біраз ойға жетелесе керек еді. Ал біз ширек ғасыр бойы «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» ұранын жүзеге асыра алмай далмыз. Осы орайда тіл тағдырының ұлт қауіпсіздігінің кепілі болатын себебін мамандарымыз арқылы тағы бір дәлелдей түсуді жөн санадық. Жаттанды тақырып, жауыр әңгіме деп сөге жамандамассыздар…


– А.Байтұрсыновтың «Ұлттың сақ­талуы­на да, жоғалуына да себеп болатын нәр­­сенің ең қуаттысы – Тіл. Сөзі  жоғалған ұлт­тың өзі де жоғалады. Ұлтына басқа жұрт­­­ты қосамын дегендер әуелі сол жұрт­тың тілін аздыруға тырысады», – деп тіл мә­­селесінің маңызын ашып бергеніне де бір ғасырдан асып кетті. Ал біз әлі күнге тіл­­дің ұлт қауіпсіздігінің негізі екендігін дұ­­рыс түсіне алмай келеміз. Тіл мен ұлт­тың егіз ұғым екенін шын сезініп, нақты ша­­раға көшу үшін бізге не қажет деп ой­лай­сыз?

Анар САЛҚЫНБАЙАнар  САЛҚЫНБАЙ,
филология ғы­лы­мының докторы, профессор,
әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ Ұлттық универ­си­теті:
– Құқықтық, де­мок­ра­тиялық елде кез кел­ген ой­­ды, идеяны, не ілімді күш­­­теп қа­былдату мүмкін емес, ал тіл – ерекше рухани құ­былыс болғандықтан қа­жет­тілік туындағанда ғана адам бөтен тіл­ді са­налы түрде, өз қалауымен үйрене бас­тайды. Яғни онда қызығушылық, мо­ти­вация туындайды. Қазақ тілінің жағ­дайы қандай еді, тіл саясаты қалай жүр­гізілді, бүгінгі ахуалы мен болашағы қан­дай болмақ деген сұрақтардың туындауы, әрине, заңды. Бұл, әсіресе, соң­ғы кезде айтылып жүрген үш тілділік туралы реформамен байланысты деп ойлаймыз. Қазіргі қоғам қазақ тілінің қажеттілігін сезініп, түсіне бастады жә­не қазіргі кезде өз басым, өзге диаспора өкілдеріне емес, ана тілін білмейтін қа­зақ ұлтының өкіл­деріне қатысты реніш айт­қым келеді. Жа­сыратыны жоқ, қазір­гі білікті маман­дардың арасында орыс ті­лінде білім ал­ғандар, қазақ тіліне шор­қақ қазақтар әлі де көп. Дәрігер, инженер, ғалым, өз ма­ман­дығын жақсы бі­ле­ді, оның қоғамға бе­рері көп, бірақ қа­­­зақшаға шорқақ. Сон­дықтан дұрыс тіл саясаты мәжбүрлеуден гөрі, ынталан­дыруды көздегені жөн.

Біздіңше, тіл мен ұлттың егіз ұғым еке­­­нін шын сезініп, нақты шараға көшу үшін, ең алдымен, әлеуметтік-саяси маңы­зы бар қызметкерлер, халықпен сөй­­­лесетін лауазым иелері, мемлекеттік қыз­­­меткерлердің мемлекеттік тілді білуі – олардың қызметке алынуының басты шарты болуға тиіс. Қазіргі жағдайда мем­лекеттік қызметке өту үшін ҚазТЕСТ бойын­ша тест тапсырылады. Алайда, бұл тек формальды. Өзге тестен алған ба­лы тө­­мен болса, мемлекеттік қызметке жі­бе­ріл­­мейді, ал мемлекеттік тілден ал­ған нә­­тиже оның қызметке қабыл­да­нуын­­да еш­қандай роль атқармайды. Осы­ны терең зер­делеп, тапсырылған ем­тиханның ро­лін кеңейту керек деп есеп­тейміз.

Екіншіден, қазіргі енгізілгелі отырған үш тілділік туралы реформа бойынша, қа­зақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы пәндері орыс мектептерінде қазақ тілінде жүргізіліп, кейінгі алынатын мемлекеттік емтихандардың (немесе тестің) құрамына міндетті пән ретінде қазақ тілінде тапсырылатындай етіп енгізілсе, қазақ тілін меңгеруге қажеттілік артады.

Тағы бір мәселе тікелей қазақ тіл білі­міне, тіл ғылымына қатысты. Жалпы ғы­лымға да, ғалымға да ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Қазіргі кезде қазақ тіл білімінің са­палық дамуы, тілдік зерттеулер назардан тыс қалмағаны жөн. Тіліміздің жағдайы уақыт өте келе өзі-ақ түзеледі деп қол қусырып қарап отыруға болмайды.

Орынай ЖҰБАЕВАОрынай ЖҰБАЕВА,
филология ғылы­мы­ның  докторы,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Грамматика бөлімінің мең­герушісі:
– Қазақстанның бүгінгі жай-күйін жә­не келешектегі даму бағытын сөз еткенде, өткен тарихын да әрдайым есте ұстап, тарихтан тағылым алған абзал. Ұлттық идея­ның өзегі тіл екені белгілі. Тіл – ха­лық­тың рухы, халық рухы тіл арқылы көрінеді. Тілдің тағдыры мен ұлттың тағдыры тығыз байланысты. Нақты шара ретінде мемлекеттік тілге деген талапты күшейту керек, жұмысқа орналасатындар үшін мемлекеттік тілді міндеттеу керек, қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік тудыру керек, қазақ тілінің ғылым тілі, білім тілі ретіндегі қызметін арттыра түсу керек. Жалпы, барлық салада қазақ тілінің қо­ғам­­дық қызметін күшейту керек, бұқа­ра­лық ақпарат құралдарындағы тіл таза­лығын сақтау керек, қазақша мәтіндердің сапасын үнемі қадағалап, тілдік норма­лар­дың бұзылмауын талап ету керек. Қазақ­тілді бағдарламалардың санын арттыру керек, көрерменнің орыстілді бағдар­лама­ларды көріп жүріп, орыс тілін тез меңгеріп ке­тетіні сияқты, қазақтілді бағдарла­ма­лар­ды, қазақтілді арналарды көбейтіп, сапасын арттыру керек. Құжаттардың мем­ле­кет­тік тілде болуын, ресми, іскери қа­ты­наста қазақ тілінің қолданылуын талап ету қажет. Мемлекеттік органдардағы қыз­мет­керлердің мемлекеттік тілді білуін та­лап ету қажет, қазақтілді оқулықтардың са­пасын арттыру қажет. Жарнама мәтін­дерінде, көшедегі жазуларда қазақ тілінің нормалары қатаң сақталуын талап ету, мәтіндерден қазақ тілінің көркемдігі бай­қалып тұратындай, сөз оралымдарына сүйсініп, жаттап алатындай деңгейде, дұрыс әрі сауатты аударылуына мән беру қажет. Қазақтың шешендік өнерін дә­ріптейтін сайыстар ұйымдастырып, бәйге жариялау, т.с.с. қажет деп ойлаймын. Бұл шараларды тек сөз жүзінде айтып қоймай, нақты іспен жүзеге асыру қажет.

Досай КЕНЖЕТАЙДосай КЕНЖЕТАЙ,
философия және теология ғылымының докторы, профессор,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті:
– Ұлттың болмысы мен мінезі тұтас бол­са, ол ұлттың мәдениеті де күшті деген сөз. Мәдениет деген ол ғарыш, болмыс. Қазақ сол ғарышқа тіл арқылы енеді, болмысын табады. Демек, ұлт пен мәдениет тұтас болады. Мәдениеттің ең бірінші қа­баты – тіл. Сондықтан бір ұлт өзін сақта­ғысы келсе, оны сақтайтын екі тұғыр бар: біріншісі – тіл, екіншісі – мәдениеті. Тіл – қазақ болмысының мәні. Сол мән арқы­лы ғана қазақ өзін сақтап, өзін дамыта алады. Тіл арқылы қазақ әлеміне кіре ала­сың. Тіл – ұлт болудың ең басты шарты әрі қаруы. Ал тілін білмей қарусыз қалған адам, басқаның тілі мен мәдениетіне, со­ның болмыстық баспанасына бас сауғалап кіреді. Ондай адамда болмыс та, мінез де қалмайды. Қазақ тілі қазақтан басқа ешкімге қажет емес. Бүгін соны ойлайтын, сезінетін, түйсінетін қазақтар мен қазақ билігі керек. Мемлекеттік және қоғамдық қабаттар үндестікте, үйлесімділікте қазақ болмысын жасауға, дамытуға талпынып, қамқор болмаса, қазақ болмысына қауіп төніп тұр. Бұл сана «ұлттық мен» және саясат мәселесі. Қазір қарап отырсам, осы үш тұғыр да өлімші күйде. Сана да жетім, ұлт та шалажансар, саясат та қазақтан басқа арнаға ойысқан.

Ғазиза ШОЙБЕКОВАҒазиза ШОЙБЕКОВА,
Қазақ мемлекет­тік Қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры м.а.,
филология ғылымының кандидаты:
– Ұлтты ұлт ретінде танытатын, бір­тұ­тас­тығын көрсететін тіл, жер, салт-дәс­түрі, ең соңында сенімі, яғни діні. Неге дінді ең соңында айтып отырмын? Оның бірден-бір себебі – дін өте өзгермелі, тұ­рақ­сыз. Түркі жұрты Алласын танымаған шақта да, тәңіршілдік кезеңінде де түркі болып өмір сүрген. Бірақ осы кезеңдердің бәрінде де түркілердің өздері белгілеген аймағы (жері), тілі, салты мен ғұрыптары болған. Сондай-ақ, сол ата тіл, бабамыздан қалған мұра – жер, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан салт-санасы бүгінге дейін жалғасып келеді. Осы жалғастықты сақтап келе жатқан жалғыз тін, өзек – тіл. Егер өзек болмаса, ағаш та өсіп өне алмайды, бойына нәр, су бармаған ағаш жапы­ра­ғын кеңге жая ала ма? Жоқ! Ендеше, ұлт­тың өзегі – тілі жоғалса, ұлттың да жо­ға­латыны анық. Бізде байқатпай оккупациялау әдісімен отарлау саясаты жүріп жатқан секілді. Бүгінде ұлттың көш басында тұр­ғандар бұл мәселені анық, ай­қын түсін­генімен, қолдарында қайран жоқ сияқты. Соның басын қайтарып ала алмайтындай деңгейге жеткен секілдіміз. Сол себепті ұрпақ тәрбиелеуші аналар, мек­теп мұ­ғалімдері, университет оқыту­шы­лары жаһан­ға жар салмай-ақ, әр бала­ның бойына өзінің қазақ екендігін мақтан тұтарлық се­зім тудырса, тілінің ғажап­ты­ғын се­зіндіре алса, жер иесі өзі екендігін сана­сы­на құйса, сонда ғана жаңа ұрпақпен жаңа леп келер еді. Мәселені жас ұрпақтан бас­та­майынша, тіл мен ұлт мәселесі шешілмек емес. Егер ата-ана сенің бола­ша­ғың ағыл­шын тілімен байланысты, ағыл­шын тілін оқы деп емес, (мейлі үш­тұғырлы тіл саясаты үстемдік құрса да, оны қағаз деп қана қарап, іс жүзінде отбасы саясатын ұлттық сипатта жүргізсе) ұлттық тілің қазақ тілі, бірақ бұл тіл де керегіңе жарар деп дұрыс бағыт берсе ғана жағдай оңалады деуімізге болады. Бұл үшін мемлекеттік тұрғыдан арнайы бағ­дарлама қабылдану шарт емес, ең бастысы ата-ана, мектеп мұғалімі бала санасын ұлттық тіл негізінде қалыптас­тыруы керек. Ол үшін мектептің ағылшын тілі пәні мұ­ғалімі «сендерге ағылшын ті­лін­сіз бо­лашақта қиын болады» деген сөзді мүлде айтпағаны абзал. Әр сыныптағы тақтаның төбесінде А.Байтұрсынұлының, Ә.Бө­кей­хановтың, Міржақып Дулатовтың сөздері жазылып тұруы тиіс. Сонда ғана әлгі сөзді күн сайын оқитын баланың санасы дұрыс­талады. Сана дұрысталған соң, ұлт та дұрысталады деп ойлаймын.

– Қазақта «тілін білмеген түбін білмейді» де­ген сөз бар. Яғни тіл – ұлттың түп тари­хы­­ның айнасы. Тілін ұмытқан адам кеше­гісінен қол үзетіні белгілі. Сонда өз тілінен ма­құрым мәңгүрттіктен, тіл тазалығына мән бермейтін немқұрайлылықтан, тілін білмегеніне арланбайтын намыссыздықтан сақтанудың, олардың алдын алудың жолы қандай?

Анар САЛҚЫНБАЙ:
– Жалпы, тілді тек қатынас құралы деп қа­рау дұрыс емес. Әрине, қазақ халқы үшін тіл­дің орны қашанда бөлек, өйткені адами қа­сиеттер мен тәрбиенің негізі, намыс, ар, Отан туралы түсініктер, ақыл-ойдың дамуы мен мәдени құндылықтардың негізі тіл арқылы қаланады. Ана тілін білу, өзі тұрып жатқан елдің тарихын, тілін білу – әрбір мәдениетті адамның парызы. Жа­сы келген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді білмеуі қоғам үшін маңызды емес. Бі­рақ кез келген мәдениетті азамат, оқы­ған, жоғары білімі бар, мемлекеттік қыз­мет­те еліне қызмет етемін деген немесе ха­лық­қа қызмет көрсету бизнесіндегі адам­дар тілді білмесе, өз қызметкерлеріне талап қоймаса, оның бизнесі дамып кетеді деу қиын. Қазіргі таңда мемлекет тілдің құқықтық нормалары анықталған, ендігі жұ­мыс – жас ұрпаққа бала-бақшадан, мек­тептен бастап дұрыс тәрбие беру, тілді дұ­рыс үйрету.

Ал қазақ баласының қазақпен қазақша сөйлесе алмауы – қасірет. Қазақ қазақпен қа­зақша сөйлесіп, пікірлесіп, ойын жет­кізіп, көркем шығармамен сусындап, оқып, оқығанын көңіл көзімен тоқып отыр­­маса, сөреде қаптап тұрған кітаптар ті­лі­мізді сақтай алмайды. Атам қазақ тіл­дің мәйегін ауызекі сөйлеу тілінің ше­бер­лігі негізінде қалыптастырып, дамытқан ғой. Бүгінгі дамыған мемлекеттердің қай­сысын алсаңыз да, ауызекі сөйлеу тілінің жетік болуына ерекше көңіл бөледі де, тіл­ді оқыту үдерісінде де осы қағиданы бас­ты негіз ретінде таниды. Қазіргі қазақ мек­тептеріне арналған қазақ тілі оқу­лық­тары­ның басты концепциясы кеңестік кезеңдегі формальдық бағыт екені көңіл қынжыл­тады. Қазіргі оқушыдан «ана», «әке», «Отан» сөзінің мағынасын сұрап кө­ріңізші – атау тұлғалы деректі зат есім деп, абс­трак­тілі терминдік ұғыммен жауап береді. Ал оның мағынасын талдау, мәнін түсіну, «ана» сөзінің қасиеті мен киесін ұғу – оқушы үшін мүлде танылмаған ақпарат. Біздіңше, мектеп табалдырығынан бастап оқытып жүрген қазақ тілі оқулықтарының сипатын формальдық бағыттан өзгертіп, сөз­дің құдіретін ұқтыру үшін, мағынасы мен мәнін түсіндіретін, бағасын ұқтыра­тын­дай жаңа қызметтік мағыналық бағыт­та оқытатын уақыт жетті. Қазіргі рефор­ма­лық жаңарулар кезінде біз осындай ке­ле­лі мәселелерді алға тартуымыз қа­жет.

Орынай ЖҰБАЕВА:
– Бұл тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – ұлттық рухты ояту деп білемін. Қа­зақтың терең тарихын білген ұрпақ еш­қашан тіліне селқос қарамайды, ұлт мүд­десі жолында аянбай еңбек еткен қазақ тарихындағы тарихи тұлғаларды мақтан етіп, өз елінің патриоты болады. Тарихтан тағылым ала отырып, болашағының жар­қын болуы үшін де өз үлесін қосуға тырысады. Елбасымыздың: «Тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қа­райтын адамдар шынында да тарихтан та­ғылым ала алмайды. Өткенге қарап, ертеңіңді түзе!» – деген сөздерін әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы төл тарихымызды насихаттайтын, Қазақ елі­нің бірлігі, біртұтастығы жолында кү­рес­­кен, елдің ертеңі үшін тер төккен тұл­ға­лар­дың, қайраткерлеріміздің ерлігін, батыр­лығын паш ететін бағдарламалар са­нын көбейтіп, насихат жұмыстарын жан­дандыру қажет.

Досай КЕНЖЕТАЙ:
– Өзі тіл – рухани баспана, ұлт баспанасы, болмысы. Бұл жауапкершілікке барып тіреледі. Мемлекеттің негізін мәдениет құраса, сол мәдениетті де керек қылатын от­­басы. Ата-ана және бала қатынасы, үш уа­­қытты жалғап жататын көпір. Тілдің өт­кені, бүгіні мен болашағы осы отбасы деген кеңістіктің мүшелеріне байланысты. Одан шығып қазақтың мәдениет сахнасын­да еркін жүзе аласың. Ал енді сол мәде­ниетті сақтау, таза ұстау үшін де саяси ерік, билік те қазақтыкі болу керек. Қазақ қазақ тілінің тасушы ретінде тіліне жауапты, мемлекет те қазақ болмысы мен мәдениетін сақтауға, дамытуға жауапты екендігін сезініп, ортақ платформада тоғысып жатса мәселе шешіледі. Оның саяси тетіктері мен қоса ішкі психологиялық қырлары да бар. Қа­зақ та, ұлт та, Мемлекет те өзінің «Мені­не» оралуы шарт. Ол танудан, білу­ден, се­зінуден тұрады. Тілін танымақ түгіл біл­ме­се, қалай сезінеді. Сезінбесе қалай жауап­­­кершілігі оянады. Жауапкершілік жоқ жерде қазақ ұлттық құндылықтарынан жаттанады. Жаттану деген мәңгүрттік емей немене?

Ғазиза ШОЙБЕКОВА:
– Кеңестік заманда ұлтымыз тілінен, тарихынан ажырап қалу қаупі тұрғанда І.Есенберлин, Ә.Кекілбаевтар ұлт тарихы ту­ралы шығармалар жазды. Ал әдебиет­шілер, тарихшылар бұл туындыларды насихаттап, ұлттың осы туындыларды оқуы­на түрткі болып, «тіл арқылы түбін білу­­ге» жол көрсетті. Осылай қазақ тарихы жаңаша көзқараспен қайта қаралып, жазыла бастады. 1986 жылғы Желтоқсан көте­рі­лі­сіне шыққан азаматтар жиырма­ның үстіндегі өрімдей жастар еді. Осы өрім­дей жастарға сол кісілердің тарихи шы­ғармаларының әсері болғандығына сенімдімін. Қазаққа осылай тәуелсіздік келіп еді. Ал енді бірінші сұраққа берілген жауаптағы секілді жаппай қазақыландыру мәселесі саясатқа қарамай іштей жүргізіле бер­се, тағы бір 10 жылда таза қазақи ұр­пақ­тың өсіп келе жатқандығын көретін бо­­ла­мыз.

– «Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта» деген екен Ә.Бөкейхан. Шынында да өзге түркі тілдерімен салыстырғанда қа­зақ тілінің саф таза күйінде сақталған­ды­ғына көне жәдігерлердегі жазбалармен та­ныс­қан сайын көз жеткізе түсуге болатын секілді. Тіл маманы ретінде бұған пікіріңіз қан­дай?

Анар САЛҚЫНБАЙ:
– Жалпы, түрік  тілдерінің бірі олай, бірі бұлай деуден аулақпын. Қазақтың тілі мен мә­дениетінің  үзілмеген тарихы бар. Халық жадында қатталып, ескілік жәді­гер­лерде сақталған мұраларды зерделеу – теңіз астынан маржан тергендей күрделі іс.

Ал бүгінгі қазақ тілінің тарихын зерт­тейтін ғалымдар бар ма, қазақ тілінің тарихи грамматикасын, лексикалық жүйесін бүгінгі заманауи ғылыми бағыттар бойынша тәуелсіздік тұсында зерттелуі қандай деген сұрақ бұдан да маңызды. Шындап кел­генде, өзге түрік ағайындармен салыс­тыр­ғанда, бүгінде көне қазақ тілін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдар некен-саяқ. Көне түркі, ескі түркі жазбаларын қазақ тілі­мен салыстыра зерттеп, зерделеп жүр­ген, сол тарихтың соңына түсіп ізденіп жүрген ғалым жоқтың қасы. Сондықтан қазақ тілін өзге тілдерден артық кем деп айту үшін, оны ғылыми тұрғыдан зерттеп, дәлелдеу қажет. Бүгінгі таңда қазақ тілінің тарихын зерделеп отырған, соған қатысты ғылыми деректерді, тарихи ескерткіштерді жинақтап, лингвистика­лық аяда талдап отырған не бір орталық, не бір институт жоқ екені рас. Менің америкалық досым: «Сіздерде қазақ тілін зерттейтін институт жоқ. А.Байтұрсынұлы атындағы институт Тіл бі­лі­мі институты деп аталады» дегенде, үндей алмай тілімді тістеген едім. Көне қазақ тілінің тарихи болмысын, сипатын талдап, оны қазіргі қазақ тілімен, өзге түрік тілдерімен салыстыра зерттеп, тіліміздің тегін аршып көрсету үшін ғылыми негізін жүйелі ай­қындау маңызды. Түрік жұрты ескерт­кіштердің мәтінін зерттеуде әлде­қайда ілгері кетті. Бізде бұл ақсап тұрған сала.

Орынай ЖҰБАЕВА:
– «Шора» журналының 1913 жылғы 4 санында жарияланған «Қазақша сөз жазушыларға» атты мақаласында А.Бай­тұрсынұлы қазақ тілінің фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктерін басқа түрік тілдерімен салыстыра келіп: «Растыққа жүгінсек, түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта… ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шы­тын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас», – деп тұжырым жасаған еді. Қытай Халық Республикасы Бейжің қаласындағы Орталық Ұлттар университетінде дәріс оқығанымда университеттің студенттері мен магистранттары тіл тарихы, көне түркі тілі, жазба ескерткіштер тілі бойынша филология ғылымының докторы, профессор Еркін Ауғалидің дәрістерінде ескерткіш­тердің тіліндегі көптеген сөздер басқа ұлттарға (оның ішінде, түркі халықтарының өкілдеріне де) түсініксіз болып, қиындық тудырып жатқанда қазақтар оларды жатсынбай, бірден ұғатынын, ол сөздердің етене жақын таныс болып шығатынын айтып, бойларын мақтаныш сезімі кернейтінін әңгімелеп беріп еді. Қазақ тілі мен көне түркі жазба ескерткіштері тілінің лексикалық, фоне­тикалық, морфо­логия­лық ұқ­сас­тықтары туралы филология ғылымының докторы, профессор Ғұбайдолла Айдаровтың зерттеу еңбектерінде («Көне түркі жазба ескерт­кіштерінің тілі», «VІІІ ғасырдағы көне түркі жазулы Орхон ескерткіштерінің тілі», «Білге қаған ескерткішінің тілі», «Күлтегін ескерткіші», т.с.с.) жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ, С.Аманжолов, А.Есенқұлов, Е.Ағыманов, Қ.Өмірәлиев, М.Томанов, Ә.Құрышжанов, Т.Қордабаев, Қ.Сартқожа, М.Ескеева, т.с.с. зерт­теу­ші­лердің еңбектерінде де көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінің ерекшеліктері, қазіргі қазақ тілімен ұқсастықтары туралы баяндалады.

ХХ ғасырдың басында Мағжан Жұ­мабаев: «Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. «Түрік тілімен сөйлейміз» деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тари­хында қазақ ұлты қадірлі орын алмақ­шы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік», – деген еді. Осы ойды қазір­гі кезде Өзбек­станның танымал ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ортатүрік халықаралық инс­титу­тының директоры Б.Каримов еңбектерінен де кездестіруге болады. Солай болатынына сенгіміз келеді.

Досай КЕНЖЕТАЙ:
– Тіл – ұлттың айнасы, ұлттың жүріп өт­кен тәжірибесі мен тарихы сол айнадан кө­рініп тұрады. Ол табиғи, тірі, белсенді, рухани қажеттіліктердің ең бірінші ай­қын­даушысы. Сенің дүние­таны­мың­дағы өз­герістер де, салт ғұрпыңдағы сырттан алын­ған құбылыстар да, кәсібіңдегі атаулар да, сәулетің мен өнеріңдегі «таңбалар» да алдымен тіл арқылы санадан орын алады. Ал сана ол мәдениеттің мазмұны. Онда ді­ни таным жатады. Мәдениет пен дін тұ­тас. Бірінсіз бірі болмайды. Ал жаңағы ті­ліміздегі араб, парсы тілдерінен енген сөз­дер ол тілдің тазалығы немесе кірлеге­нін емес, керісінше, мәде­ниет пен діннің тұтастығына ишарат. Кешегі позитивистік тіл ғылымы тұр­ғысынан оларды «арабизм, ира­низм» және т.б. деп анықтадық. Бүгін олай жалғастыра алмаймыз. Ол енді қазақ болмысы, мәдениетінің еншісіндегі ұғым­дар.

Ғазиза ШОЙБЕКОВА:
– Тілді сақтайтын ең негізгі тін – ма­ғы­на. Егер мағына болмаса, тіл болуы мүм­кін бе? Сол мағына арқылы адамдар бір-бірімен түсініспей ме? Ә.Бөкейханның сөзі өте дұрыс айтылған. Таза ұлттық мә­дениетті көрсете білген, ментали­теті­мізді танытуға қауқарлы, образға бай тіл – қа­зақ тілі. Себебі, қазақтың бүкіл өмірі кең жазира далада өтіп жатты. Қазіргідей бір тас қамалдан (үйінен) екінші тас қамалға (жұмысқа) барып-келіп жүрген қазақ емес еді. Өмірден көргені мен түйгені мол және сол көрген-түйгендеріне фило­софиялық тұр­ғыдан қарайтын қазақ қана «нағыз түрік затты қазақ тілін» жасай алды. Дәл біз­дің би, шешен, ақын, жырауларымыздай өлеңмен өрілген қара сөзді кім айта алады? Ұйқас десең, ұйқасы, образ десең, об­разы да бар. Осындай тілді «нағыз түрік зат­ты қазақ тілі» деп айтуға қалай болмас.

 – Әлемде жеті мыңнан астам тіл бар десек, әр екі апта сайын соның біреуі өлі тіл­ге айналатын көрінеді. Ғалымдар ХХІ ғасырдың аяғында қазіргі тірі тілдердің тең жар­тысы өлі тілге айналу қаупі бар екенін ай­тады. Ал «Белгілі бір тілдің тіршілігі тоқ­тағанын сол елдегі алты жасар бала­лардың оны меңгеруге деген құлшынысы жоқты­ғынан аңғаруға болады», – дейді америкалық профессор Дэвид Харрисон. Біз болсақ, ал­ты жасар бүлдіршіндерімізді бірден үш тіл­де сөйлетеміз деп жанталасу үстіндеміз. Осы қаншалықты дұрыс? Қазақ тілінің ғұ­мыры ұзақ болуы үшін не істеуіміз керек?

Анар САЛҚЫНБАЙ:
– Әрине, кез келген тілдің, яғни ұлт­тық мәдениеттің жойылуы – трагедия. Бұ­рын­ғы замандарда  өмір сүру кеңісті­гі­нен, жерінен айырылып, адам саны азайып, халықтар мен елдердің жер беті­нен жойылуы – сырттан келген жаудың шап­қыншылығынан болса, қазіргі жаһан­дану заманында бұлар мәдениетті, өр­ке­ниетті түрде, ерікті сипатта-ақ, бай­қалмай жүзеге асуы мүмкін. Бұл жерде халықтың тек­тілігі, діні мен ділінің мық­тылығы сын­ға түседі. Бөтен мәде­ниеттің ықпалы, ең ал­дымен, адамның санасына әсер етеді. Өзін бағалауы төмен болса, еліктеп, басқаның мәдениетін тез қабыл­дап, өзінің тілінен, дінінен, мәдениетінен безіп ке­теді. Ұлттық болмысын сақтап қалу ұлт­тық намыспен біте қайнасып жатыр деп пайымдаймыз. Қарап отырсақ, жапон елі шәй ішудің өзін мәдени құндылыққа айналдырып, ғасыр­лар бойы сақтап келеді. Өзін озық, евро­палық модернистік көзқараста санайтындар дәстүршілдікті менсінбеуі де мүмкін, бірақ бір өкініштісі, ұлтымыздың аңызы, жыры мен ертегісі, киімі мен киіз үйі, төрт түлік малының атауы, саятшылығы, атқа отыруы, мал бағуы сынды толып жатқан дәстүрі ұмыт болып барады.

Сіз айтып отырған К.Дэвид Харри­сонның 2015 жылының қараша айында Висконсин Мадисон университетінде дәрісін тыңдадым. Дәріс тақырыбы қазіргі жойылып бара жатқан тілдер төңірегінде болды, түрік тілдерінің ішінде ғалым өзі біршама жақсы зерттеген тыва тілі туралы пікірін білдіріп, оның да жойылып бара жатқан тілдер қатарында екенін атап көр­сетті. Америкалық ғалымның пайымдауынша, тілдің өміршеңдігін анықтайтын басты фактор – он жасар балалардың өз ана тілінде сөйлеу деңгейі. Егер он жастағы балалар бір-бірімен ана тілінде пікірлесе, сөй­лесе алмайтын болса, онда ол тілдің өмір­шеңдігі шүбәлі.

Әсіресе, бастауыш сыныптарда қазақ тілін басқа тілдермен жарыстыра оқытуды қолдау қиындау. Өйткені, бастауыш сы­ныптағы балаға кириллица мен латын қаріптерін қатар үйрету баланың қа­был­дауына кері әсер ететіні – ғылыми дәлел­денген шындық.

Орынай ЖҰБАЕВА:
– Қазіргі кезде ғалымдар жан-жақты дә­лелдеп бергеніндей, бала шет тілді үй­рену үшін алдымен ана тілін толық меңге­ріп алуы тиіс. Жапон ғалымдары бастауыш мектепте балаға ана тілін ғана үйретеді. Се­бебі, өз ойын жеткізу үшін баланың тіл­дік санасында схема-үлгілер қалыпта­са­ды. Соның негізінде ол сөйлем құрап жат­тығады. Психолингвистер бала мектеп­ке бармас бұрын тілді меңгеріп алатынын айтады. Себебі, қазақ баласы мектепке бар­май тұрып-ақ сөз таптарын, сөйлем мү­шелерін ажырата алмаса да, ойын жет­кізу үшін баяндауышты сөй­лемнің соңы­на, бастауышты одан бұрын қояды, анық­тауыш мүшені бастауыштан бұрын қояды. Зат есімнің нәрсенің атын, сын есімнің зат­тың белгісін білдіретінін, т.с.с. толық бі­ле­ді. Мектепке барған соң олардың қан­дай сөйлем мүшесі екенін түсінеді. Қы­тай­да жүргенімде ханзу балабақшасына баратын қазақ баланың ата-анасына: «Бар жоқ!» – деп жылағанын көріп, қайран қал­ған­мын. Сөйтсем, ол – «бармаймын!» де­гені екен. Яғни бала ойын жеткізу үшін сөйлемнің схемасын басқа тілдің талаптары бойынша құрып жатыр: болымсыздықты білдіретін қосымша қазақ тілінің заңды­лы­ғы бойынша түбірден кейін келеді. Ал басқа тілде олай бола бермеуі мүмкін. Мы­салы, орыс тілінде ол түбірден бұрын ке­леді (не пойду!). Тілдік санада ана тілінің схемасы әлі қалыптаса қоймаған балаға бас­­қа тілді үйрету баланы осылайша жаңыл­­дыруға, ана тілінің өзіндік ерек­шелігін түсінбеуге апарып соғады. Ана тілін меңгерген бала басқа тілдің заң­ды­лықтарын өз тілімен салыстыра отырып, тез меңгереді. Әрі әр тілдің өзіндік заң­ды­лықтарын түсінеді. Осы тұрғыдан ал­ғанда, баланың тілдік санасында ана тілінің схе­масы (сөйлеу дағдылары) қалыптаспай тұрып, басқа тілді үйрету бала үшін де, мұ­ғалім үшін де ауыр. «Айтуға оңай» бағ­дар­ламасында үш тілді қатар үйреніп жүр­ген бүлдіршіндер туралы сөз болып еді. Сонда жүргізуші бағдарлама соңында үш тілде онға дейін санап беруді өтінгенде, қазақтың баласы ағылшын, орыс тілде­рінде еркін сана­ғанымен, қазақ тілінде са­най алмағанының  куәсі  болдық. Яғни ата-анасы баланың басқа тілдерді (ағыл­шын, орыс) дұрыс меңгеруіне мән бергенмен, ана тілін қаншалық меңгеріп жат­қа­нын елемеген.

Нақты ғылымдарды ағылшын тілінде үй­ретуге қоғам дайын ба? Осы уақытқа дейін «Физика», «Химия», т.с.с. пәндер бойын­ша қазақ тілінде дәріс беріп жүрген тәжірибелі ұстаздар ағылшын тілінде са­бақ бере алмағаны үшін жұмыстан шет­тетіліп қала ма? Ағылшын тілін жетік меңгерген жастар ауылдық жерге бара ма? Осы орайда «Нақты ғылым саласын жақсы білетін бала өз ойын ағылшын тілінде толыққанды жеткізе ала ма? Тіпті, мұға­лім­нің өзі қаншалық жеткізе алады? Жазып алғанын ғана оқып беретін мұғалім, оқығанын жаттап алатын шәкірт қатары көбейіп кетпей ме?» деген сұрақтар мазалайды. Психолингвистердің тұжырымдауы бойынша, адам тілді меңгергенмен, ол тілде ақпаратты еркін алғанымен, ойын жет­кізе бермейді екен. Қазіргі кезде орыс­тілді қандастарымыз қазақ тілін біршама түсінгенімен, ойын жеткізе алмай қиналып жүргені белгілі. Ал нақты ғылым саласы бойынша ойын ғылыми стильде ағылшын тілінде жеткізу балаға, тіпті үлкенге де қиын­ға соғатыны түсінікті. «Мектепте қай тіл­де оқыту керек?» деген мәселе ХХ ға­сырдың басында да қызу талас тудырған бо­латын. Сол кезде Алаш арыстары қа­зақ­ша оқытудың пайдасын жан-жақты дә­лел­деп берген [Абдолла Байтасұлы. «Мектеп тілі туралы //«Еңбекші қазақ». 1927, 25 ақ­пан].

Досай КЕНЖЕТАЙ:
– Алты жасар болсын, алпыста болсын өз ана тілінен пана таба алмаудың басқа салдары бар. Ол уақытқа қатысты. Қазақ егер өз тілін бүгінгі уақытпен үндестіре ал­­маса, тілді сақтауы, өзінің де сақталуы не­ғайбыл. Мысалы, бүгінгі ғылым мен тех­нология, ақпарат, әлеуметтік желі бұ­лар заманауи технологиялар. Бұл технологияда қазақ тілі бар ма? Қазақ мәдениеті бар ма? Жас бүлдіршіндерге арналған мультфильмдер тілі ағылшынша, орысша. Менің кішкентай үш жасар қызым еш­қандай балабақша не орталықтарға бармастан, сол әлеуметтік желі арқылы-ақ орысшаға ағып тұр. Техника мен технология желілерін қазақтандырмай, қазақ ті­ліне қамқорлық бос әңгіме. Ол үшін қазақ­қа көп еңбек, күрес, ізденіс керек. Дәл қазір ұлтты сақтау, болмысты сақтау бұл да жихад деген сөз. Қазаққа жігер керек. Сонда бүгінгі «құрал мен сана» арасында та­биғи сұхбат болады. Қазіргі құрал қа­заққа табиғи сұхбатты емес, керісінше қы­сыммен, мәжбүрлікпен қатынас жасап отыр. Оны да қазақ ұлт ретінде сезінбей келеді. Демек, құралдарды өз пайдасына пайдалану да тілдің дамуына өріс ашады, тынысын кеңейтеді. Міне, осындай жағ­дайда «үш тілді» дамыту деген елді алдау, ха­лықты қорлау дер едім. Алдымен ана тілі­нің нәрі мен қуатын ала алмаған, уызына жарымаған баладан ертең ұлтты сақ­тауға талпынатын қазақ шықпайды. Бұл қазақты ұлттық болмыстан ажы­ра­ту­дың жоспары, биліктің ұлтқа деген сат­қын­дығы дегеннен басқа сөз жоқ. Отауын сай­ламай жатып, байбалам салу тарихтың ал­дында масқара болу деген сөз.

Ғазиза ШОЙБЕКОВА:
– Егер бір мезгілде бірінің үстіне бірін үш тамақ берсеңіз, баланың асқазаны не болатынын ойлаңызшы. Асқазан қорыт­пайды. Үшеуін де кері қайтаруына тура келеді. Міне, үш тіл де осындай күй кешеді. Нәтижесінде мақұрым қалатын бала болады. Біреуінен де нәр алмайды. Ал ағзаға жетпеген витамин ағзаны әлсіретеді. Осылай адам болудан қалады. Яғни тіл жағ­дайы­на алып келсек, рухани мүгедек адам пайда болады.

– Қазіргі қазақ тілін қолдану барысында сауатсыздықтан бөлек жауапсыздық етек алып барады. Сөз мағынасын дұрыс білмей қолданудың салдарынан Ғ.Мүсіреповше айт­қанда, «күлдіремін деп күйдіріп, сүйсін­діремін деп сүріндіріп, білдіремін деп бүл­діріп, қуантамын деп қуартып, жұ­батамын деп жылатып» жүргендер аз емес. Бұған не етпек керек?

Анар САЛҚЫНБАЙ:
– Тілдің ішкі құрылымдық беріктігі мен түбір арқылы жасалған атаулардың түгелдей уәжделуі қазақ сөзінің тектілігін анықтайды. Тілдік құрылымда қоғамның, саясаттың, мәдениет пен өркениеттің дамуына байланысты өзгеріске түсетін – зат атаулары да, өзгермейтін немесе өте баяу дамитыны – грамматикалық құрылым. Грам­матикалық, әсіресе, синтаксистік құры­лысқа сыртқы күштің әсерінен өз­геріс ене бастаса, тіл пиджинизацияға (бұ­зылуға) ұрынары хақ. Ал грамматикалық құрылым бұзылса, әдеби тілдің өміршеңдігі туралы жақ аша алмайсыз. Күнделікті сөй­леуде қазақ тіліндегі сөздерге өзге тілдің қосымшаларын қосып, сөйлемдегі сөз­дердің орын тәртібін орысша құрап сөйлеу – тілге басты қатер. Сөйлеуде жалпы қол­да­ныстағы сөздерге орысша жалғау жал­ғап, өз тілімізде баламасы бола тұра кірме сөздерді пайдаланып, оның үстіне қазақ қосымшаларын жалғап қолдану, тарихи қалыптасқан сөйлемнің орын тәртібін бұзу – тілдегі бұзылудың бас­талғаны. Қа­зіргі телеарналарда шетелдік сөздерге қазақша тұлғаларды қосып, ойдан сөз жасау сәнге айналды. Мұның несі әдемі көрінетінін қайдам. Иә, басты мәселе – қазақ тілінде дұрыс сөйлесу. Таза сөйлеу. Мен ойлаймын, мен айтамын деп алып, сөзін жалғастыру – тіл алдында күнә. Дұрысы «Мен осылай ойлаймын», – ғой. ХХ ға­сырдың ортасына дейін қазақ баласы орыс­ша қара танымайтын әженің ерлік пен батырлық жайлы сұлу сөзбен көм­керілген ертегісін естіп, мектепке дейін ауызекі тілді меңгеріп өсті. Жеті жасында мектепке барып, жазба тілдің ерекшелі­гімен танысқанда, айту мен жазу арасын­дағы ерекшелікті түсінді. Ал қазіргі әже орысша сауатты, оқыған; ол немереге ерте­гіні айтып емес, оқып береді. Сондықтан бала айтумен емес, жазумен тәрбиеленуде. Тілдің сөйлеу (айтылу) жүйесі мен жазу қай кезде де қай тілде болса да бірдей болған емес. Жазу – таңба, ол адамдардың өз қолымен келісіп жасалатын, ақылдасып шешетін дүниесі. Сөйлеу одан ерекше болмаққа керек. Дұрыс айту, дұрыс сөйлеу жүйесін бастауыш сыныптарда дұрыс оқытуды жедел қолға алған орынды. Бас­тауыштағы әліппе мен қазақ тілі оқу­лықтарына транскрипция (ағылшын тіліндегідей) енгізген мақұл. Бала сөздің жазылуы мен оқылуына бастауыштан көзі қанығып өсуі керек. Қазақ тілін отбасында дұрыс меңгертуге әрбір қазақ отбасы күш салуы қажет-ақ.

Байыптап бағамдағанға қазіргі қо­ғам­дағы дерт – ауызекі сөйлеу тілінде (көркем әдеби тілде сөйлеу жұрттың бәрінің маңдайына жазылған бақ емес деп есептесек) дұрыс сөйлей алмау, сөйлеу интонациясын бұзу, баламасы бола тұра сөйлеуде қасақана өзге тілдің бірліктерін жамау, төл атауларға орыс тілінің аффикстерін қосу, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін бұзу. Сөйлеу тілі – халық тілі. Тілдің негізгі қай­нар бұлағы, тілдік бірліктерді жасаушы, қолданушы қара қазаны – халық тілі­нің тазалығын сақтау парыз. Сон­дық­тан қазіргі кездегі басты талап – сөйлеу тілінің дұрыстығын сақтау, тілдің тарихи қалыптасқан жүйесін сақтау.

Орынай ЖҰБАЕВА:
– А.Байтұрсынұлы: «…Қазақ тіліндегі сөздердің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдану болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөз­дерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз», – деген еді [Байтұрсынұлы А. Ақ жол. – Алматы, «Жалын», 1991, 369-б.]. Бүгінгі таңда газет, журнал бетінде көп­теген орынсыз қол­даныстар, қате тір­кес­тер орын алып жүр, бұл басылым бет­терімен қатар, радио, теледидар тілінде де жиі кездеседі. Мысалы, байланысты, орай, арқасында, кесірінен, салдарынан, қарай, т.с.с. қолданысын жатқызуға болады: өкінішке орай, жауын-шашын салдарынан егін бітік шықты, жол апатының арқасында, т.с.с. қолданыстар радио, бұ­қаралық ақпарат құрал­д­­арының тілінде кездесіп қалады. Орай, арқасында септеу­лігінің дұрыс, оң­тайлы іс-әрекетке, қимылға, орайлы іске байланысты қолда­нылатыны, кері­сінше, салдарынан, кесірінен сөздерінің жағымсыз құбы­лыстарды бейнелеуде қолданы­ла­тыны, эмоционалды-экспрессивті бояуы төмен сөздермен тіркесетіні, тура келеді, мәжбүр болды тіркестерінің амалсыздан, лажсыздан бол­ған қимылды білдіретіні, т.с.с. көп жағ­дайда ескеріле бермейді. Тіл заңды­лық­тарын белшеден басатын мұндай қол­даныстарға бей-жай қарауға болмайды. Себебі, теледидар – дұрыс сөйлеу, сауатты сөйлеу әдебін танытатын, дұрыс сөйлеу нор­маларын қалыптастыратын бірден-бір жол болуы тиіс.

Тілдің нәзік иірімдерін сөз бағасын бі­летін, қазақ тілінің заңдылықтарын ше­бер меңгерген жандар анық білетіні бел­гілі. Кезінде А.Байтұрсынұлы: «Нәр­сенің дәл санын білуге сұрағанда неше? деп сұ­рай­мыз. Мәселен: «Неше кісі келеді?» – «Үш кісі келеді». Нәрсенің дәл санын білу­ге емес, шамасын ғана білуге сұрағанда қанша? деп сұраймыз. Мәселен: «Қанша күн жүресің?» – «Үш-төрт күн жүремін» [Бай­тұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: «Ана тілі», 1992. 192-б.], – деп жазған еді.

Теледидар арқылы беріліп жатқан, кө­шеде ілулі тұрған жарнамаларда қазақ ұғы­мына жат қолданыстар жиі орын алады. Мысалы, тіркесе алмайтын сөздерді қатар қою: Сүйікті кофенің қанық дәмінен ра­хат аламын… Таңғы астың 15 минутын Пре­зидент сүзбесіне арнаймын… Дәмі жұмсақ және қанық келеді… Әлемдегі ең көңілді ботқаны мен ғана білем… Дұрысында, қа­нық сөзі дәмге қатысты емес, түске қатыс­ты қолданылады.

Қазақ тілінде үнемі болымсыз тұлғада ғана қолданылатын және әрдайым болымды мәнде ғана қолданылатын арнаулы тұл­ғалар бар. Болымсыздық есімдіктері әр­дайым болымсыз тұлғадағы сөздермен тіркеседі, керісінше, әрдайым, әрқашан, үне­мі, т.с.с. сөздер болымды тұлғада ке­леді. Сол себепті, жарнама тіліндегі Олай әр­қашан бола бермейді… сияқты қол­даныстар тіл заңдылығын бұзып тұр. Сонымен қа­тар, 0% қайызғақ сияқты қолданыс та қате, дұрысы – бірде-бір қайызғақ болмайды…

Қазіргі кезде теледидарда да, жарнама ті­лінде де әр сенбі сайын, әр шығарған сайын, әр күн сайын, т.с.с. сияқты қолданыстар жиі орын алып келеді. Әр сөзі тіркескен сөз сайын сөзімен тіркеспей-ақ тіркестің ма­ғынасын бере алады. Мұндай плео­назм­дық қолданыстар соңғы жылдары көбірек кездесіп жүр. Дұрысында: әр сенбіде, әр күні, т.с.с. немесе сенбі сайын, күн сайын, т.с.с. Қа­зақ тілінің нормаларына сәйкес әр, бар­лық, түгел сөзімен тіркескен сөз жекеше тұл­ғада келуі керек, алайда, тілшілеріміздің әр күндеріңіз, әр минут­тарыңыз, әр секунд­тарыңыз, барлықтарыңыз, түгелдеріңіз деген сөз қолданыстарын жиі естиміз.

Жарнама тіліндегі қазақ тілі заң­ды­лық­тарының бұзылған тұстарының бірі ре­тінде сан есіммен, көп, бірнеше, әлде­неше, т.с.с. сөздермен тіркескен сөзге көп­тік жалғауының жалғануын (100 мыңға жуық тұрғындар, отыздан астам жылдар бойы) атауға болады. Сол сияқты, қазіргі кезде ән шырқайтын болады, берілетін болады сияқты қолданыстарды жиі естиміз. Орыс тіліндегі буду ходить, буду читать сияқты тіркестер қазақ тіліне келемін, оқимын түрінде аударылуы керек. Себебі -а/-е/-й көсемше тұлғалы етістік келер шақ (ауыспалы келер шақ) мағынасын бере алады. Сондықтан оған әрдайым бол көмекші етістігін тіркестіре берудің қажеті болмайды. Мұның бәрі қазақ тілінің нормаларын белден басып, орыс тілінен сөзбе-сөз аудару салдарынан пайда болған.

Үйлену тойларында тост берілген кезде: «Екі жас бақытты болсын!» дегім ке­леді», – деп тілек айтушыларды жиі кез­дес­тіреміз. Қолына микрофон беріліп, елдің бәрінің назары өзінде болған кезде тілегін айта бермей ме? Үйден шыққан кез­де «осылай тілек айтсам» деп ойын жи­нақтап жатса, – бір жөн. Бұл да орыс ті­лі­нің үлгісімен хочу сказать, хочу пожелать сияқты қолданыстарды сөзбе-сөз аудару нәтижесінде пайда болған. Қазақша дұрысы: «Екі жас бақытты болсын!» емес пе? Қазақы танымға да, ділімізге де, ді­німізге де сәйкес келмейтін, соңғы кездері жиі қолданылып жүрген тіркестер ретінде «Алланың назарында болсын!», «Алланың құлағына шалынсын!» деген тілектерді атауға болады. Діни түсінікте Алла бәрін көруші, естуші, бүкіл адамзат, ғаламзат атау­лы ешқашан Алла тағаланың назары­нан тыс қалуы мүмкін емес. Алланың көр­кем есімдерінде де осы белгілер айқын көр­­сетілген. Ендеше, мұндай қолда­ныс­тар­ға абай болу керек деп ойлаймын.

Орыс тіліндегі и шылауының орнына үнемі және жалғаулығының қолданылуы (Аспандағы жұлдыздар сутегі және гелийден тұрады, Карамель және орман жаңғақтары //Тоффи) да тіліміздің нормаларына сәй­кес келе бермейді. Қазақ тілінде және жал­ғаулығымен қатар мен, да/де, әрі, үтір, кө­семше тұлғалары қолданылады (ескері­ле­ді және жазылады емес, ескеріліп, жазылады, көреді және келеді емес, көреді де келеді, т.с.с.). Бірыңғай мүшелер қатар келген тұста және ең соңғы мүшеден бұрын келеді. Бірыңғай мүшелер етістіктен болған жағ­дайда және шылауының орнына да/де немесе көсемше тұлғалары қолданылады не­месе үтір қойылады. Сол сияқты сын есім әрі,  да жалғаулықтарымен (сұлу әрі мі­незді, сұлу да сымбатты) келеді. Сол сияқ­ты, қысқарған сөздерде және шылауын (Білім және ғылым министрлігін – БжҒМ, Автоматтандыру және басқару жүйесі дегенді АжБЖ түрінде, т.с.с.) қысқартудың еш қажеттігі жоқ. Себебі, бұл сөздер – өза­ра салалас байланысқа құрылған, және шы­лауын үтірмен алмастыруға да болады. Сол себепті, қысқартып жазған кезде және шылауын қысқартудың да, үтір қоюдың да қажеті жоқ.

Орыс тілінің ықпалымен сұраулық шы­лауларды қолданбау да жарнама тіл­дерінде де, жастардың сөйлеу тілінде де бе­лең алып келеді (Био-С па? дегеннің орнына Био-С?).

Дұрыс сөйлеу нормасы бойынша, ІІІ жақтағы жіктік жалғаулы сөзден кейін сұрау­лық шылау келетін болса, жіктік жалғауы түсіп қалады. Мысалы: келеді ме? емес, келе ме? айтады ма? емес, айта ма? т.с.с. Тіліміздің бұл ерекшелігіне те­ле­жүргізу­шілер де, радио тілшілері де, ау­дармашылар да мән бермей жатады.

Сол сияқты, қазіргі кезде жарнама ті­лінде ырықсыз етіс тұлғалары жиі қол­­да­нылатын болы. Денсаулық сақтау ми­нистрлігімен мақұлданған түрінде бе­ріліп жүрген жарнама дұрысында Ден­сау­лық сақтау министрлігі мақұлдаған болуы керек. Бұл да – орыс тілінің әсе­рі.

Теледидар арқылы берілген жарна­малардағы Ана сүтінің алмастырушысы болып табылмайды; Бояу түсім ұзағырақ сақталады; қалыптастыруға ықпал етеді; Шексіз ләззаттың кішкентай бөлігі; Әлсіз шаш маған тән емес; Күтпеген ауа райы; 10 күнге дейін айнадай жылтырау; Айнадай жыл­тырауды бекіту үшін… ұсынамыз; Таң­ғаларлық төмен баға, т.с.с. қол­даныстарды көргенде, Ахмет Байтұр­сынұлының мы­на сөздері еріксіз ойға оралады: «…һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жат­қан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жал­ғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйе­сі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасынан орысша я но­ғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйе­сін, қисынын нағыз қазақша кел­тіріп жаза алмайды я жазса да, қиын­дық­пен жазады. Себебі – жасынан қа­зақ­ша жазып дағды­лан­бағандық. Орыс­ша оқығандар орыс сө­зінің жүйе­сіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйе­сіне дағ­ды­ланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тіз­се, ол нағыз қазақша болып шықпайды» [Байтұрсынұлы А. Ақ жол: өлеңдер мен тәр­жімелер, пуб­ли­цистикалық мақа­ла­лар және әдеби зерттеу. – Алматы: «Жалын», 1991. 142-б.].

Тележүргізушілер мен тілшілеріміз -у керек тұлғасымен келген тіркестерді айту керекпіз, білу керекпін, т.с.с. түрде жиі қол­данады. Дұрысы – айтуымыз ке­рек, білуім керек. Сол сияқты, отырмыз, жүр­міз деген сөздердің орнына сөйлеу тіліне тән оты­рық, жүрік, жа­ты­рық, т.с.с. қолдану белең алып барады. Бұл, әрине, тілдік норманы, сөйлеу әде­бін білмеуден туған қателіктер. Сол сияқ­ты, орыс тілінің заңдылықтарына сәй­кес­тен­діріп, төрайым түрінде қол­данады. Дұрысында, қазақ тілінде тө­ра­ға сөзі ер адамға да, әйел адамға қа­тыс­ты да қол­даныла береді.

Профессор Хайролла Нұрмұқанов 1968 жылы «Баспасөз және тіл мә­де­ниеті» деген тақырыпта өткізілген рес­пуб­ликалық конференцияда М.Ғаб­­­дул­линнің С.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университеті, В.И.Ленин атындағы Қазақ поли­тех­никалық институты атауларына байланысты: «Киров атында да, Ленин атында да қазақ жоқ, болмайды да. Сон­дықтан бұл оқу орындары Қа­зақ­тың С.М.Киров атын­дағы, Қазақтың В.И.Ленин атындағы… болып дұрыс аталуы тиіс», – деп анық­тайтын сөз бен анықталатын сөздің орын­дарын шатастырмау қажеттігін ес­керткенін айта келіп: «Содан бері 35 жылға жуық уақыт өтсе де, қатенің бұл тү­рінен әлі күн­ге ары­ла алмай келеміз», – деген еді. Бұл мә­селе бүгінгі таңда да әлі өзекті күйінде қалып отыр. Теле-радио жүр­­гізу­шілерге, ән­шілерге, әртістерге қа­зақ сөз­дерін дұрыс айту, сөйлеу әдебі, тілдік нор­ма бойын­ша арнайы дәрістер ұйым­­дастыру қажет деп есептейміз. Бұрын Кеңес заманында ондай сабақтар өткі­зі­ліп тұрған екен, сол үрдісті қайта жал­­ғас­тыру қа­жет.

Досай КЕНЖЕТАЙ:
– Иә, аударма, жарнама, құбылыс, мән, кеңістік, уақыт ішіндегі бүгінгі қа­зақ тілінің хәлі өте нашар. Бұдан сол тіл­­дің иесі қазақтың бүгінгі ауру хәлін кө­ру­ге бо­лады. Бұдан қазақтың өз Ота­нын­дағы «сая­си кеңістікті» мең­гер­ме­гендігін бай­қаймыз. Саяси кеңістік ол бүгінгі қызмет беру салалары, бизнес, өн­діріс, білім беру, медицина, менеджмент, ғылым, саясат… Бұл да кешегі кеңес­­тік ұлтсыздандыру инер­циясының жалғасы. Бірақ егемендік алғалы бұл инерция емес, керісінше үдеуге айналып ба­ра ма қалай?

Қазақ енді-енді айығып, оянып ке­ле­ді. Осы айтылғандар да уақыт өте келе өз­­геретіндігіне үмітпен қарайық… Бұ­лар қа­зақтың ұлттық санасы мен жауап­кер­шілігінің артуына пропорционалды жағ­дай­лар.

Ғазиза ШОЙБЕКОВА:
– Осыдан 15-20 жыл бұрын сөзді дұ­рыс қолданбайтын, мәнін бұзып қол­да­натындар болды ма? Жоқ. Болса да, олар­­дың саны аз еді. Ал енді неге бү­гінде ор­тамызға сөз мәнін ұқпайтын, тұрақ­ты тір­кестердің беретін мағынасын мүлде біл­мейтін ұрпақ келді деп ойлайсыз? Оның бірден-бір себебі – тест. Се­бебі, ба­ланы тек қана теске дайындап, дайын тес­терді автоматты түрде жат­тау­ға үй­ре­тіп жатырмыз. Мәселен, 9 сы­­ныпта жыраулар поэзиясы, 10 сы­нып­та 18-20 ғасыр басындағы әде­биет, ал 11 сыныпта нағыз қазақ клас­сик­тері­нің туындыларын оқудың орнына оқу­шы тест жаттап отырады. Бұл қазақ ті­лі­нің өлуіне алып келетін бірінші жағ­дай.

Дайындаған
Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір