«АҚПАРАТ ҒАСЫРЫНЫҢ» АҒАТТЫҒЫ…
01.07.2016
2095
0

акпаратЧерчилльдің сәуегейлікпен айтқан: «Ақпарат кімде болса, билік – сонда» деген сөзі әлі өз өзектілігін жоя қойған жоқ. Бүгінгі информация тасқыны адамды не құбыжық, не құдай – идол етіп көрсететін күшке ие. Астыртын топтар, ықпалды ұйымдар, белгілі бір тұлғалар қолындағы «қаруды» қажет кезде қолданса, Әлемде сілкініс орын алып, конфликт туындайтыны белгілі. Әлгіндей қақтығыс тар аяда емес, Батыс пен Шығыс, ислам мен христиан, ислам мен массондар, расистер мен зәңгілер, гегемониялар мен этностар контекстіне көшеді. Қожанасыр әпенденің: «Ең керемет ауру – қышыма. Қышыған сайын жаның кіреді!..» – дегеніндей, көп қан төгіліп, адамдар ажал құшса, Олардың да «жаны кіретінге» ұқсайды. Кейбір телеарналар дебат ұйымдастырып, екі қонақты бір-біріне айдап салып, айтыстырып қояды. Жүргізушінің арандатушылық пиғылмен қойған сұрақтарының сұры тіптен жаман. Адастыру, алжас­тыру… Ал басылымдары – ұрда-жық, агрессор.

Біреудің мүддесін қорғап, оны жақтау мақ­сатында объектісін сыни ма­қа­ла­лар­мен бас-көзден төпелейді, келіп. Аме­ри­ка жур­налистері «қабаған иттен де жаман» деген сөз содан қалған-ды. Де­зин­фор­ма­ция­­ға бой алдырғаны соншалық, «Нью-Йорк таймс» газеті сүрініп, құлап қал­­ған кі­сіні орнынан көтерген бір Па­лес­­тина аза­­маты турасында: «Енді тер­ро­рис­тер ­қа­рапайым халықты да аямайтын бол­ған…», – деп жазған еді. Ал Мұхаммед (с.ғ.с) пай­­­­ғам­бардың карикатурасын салған дат су­рет­шісін Еуропа бас­­­п­асөзі «замана баты­ры» жасаса, мұсыл­ман журналистері: «Аз­ғын, күнәһар!» – деп айыптады. Ұлы боксшы Мұхаммед Әли­дің жаназасына жиылған шен-шекпендінің ішінде Реджеп Тайып Эрдо­ған да бо­лып: «Маған сөз бермедің­дер!» – деп жанжал шы­ғар­­ғаны па­парац­цилер на­за­рына түсіп, бі­раз­­ға дейін өсектің өзе­гіне ай­нал­ғанын бі­леміз. Түрік баспасөзі бас­шысының бұл қылы­ғын ақтап алса, орыс пен ағыл­шын теледидарлары оны кешір­ген жоқ, сынға алды. Яғни бұдан шығатын қорытынды – ақ­параттық кеңістікте кесімді сөз айтатындар аз. Басқасын айтпағанда, Джозеф Пу­лицер, Руперт Мердок, Сильвио Берлускони, Тед Тернер, Алишер Усманов, Опра Уинфри, Артем Боровик, Вадим Раби­новичтердің мысалынан-ақ медиа-конгламераттың қалай құрылатынын, уа­қыт өте келе дүлей күшке айналып, «Төр­­тінші билік» деген статусты ақ­тай­ты­нын аңғару қиын емес. Ақпарат қа­шанда өсіретін де, сонымен қатар өші­ретін де дүние екенін түсінген жөн. Әйт­пе­се, балауыздан жасалған қанатыКүнге күйіп, опат болған Икардың күйін кешуі­міз әбден мүмкін. Селдей ағып, тасты қопа­ратын тасқынды дұрыс арнаға бұра ал­масақ не өзіміз өлеміз, не біреудің оба­лы­на қаламыз. Адамның ең негізгі цензоры – ар десек, бүгінгі заманауи  жур­на­лис­­тика адами сезім, адамгершілік өл­шем­­нің жоқ­тығынан зардап шегіп, зар илеген­дер­дің қатары күн санап артып келеді. «Қара құрлық» – Африкада тара­ған «Эбола» індетін АҚШ-тың Бұқаралық ақпарат құралдары таратып жазып, ашып айтқысы келмеді. Бұл да Әлемге ықпалы бар масс-медияның «Массон ложасының» «Алтын миллиард» жоспарына қызмет ететін­ді­гі­нің бір көрінісі деп бағалауға негіз бар.

Бүгіндері адамның антропо-физио­ло­гия­лық, психо-неврологиялық тұрғыдан қат­ты әсер ететін ақпарат түрлеріне шектеу қою заң жүзінде бекітілсе де, іс жүзінде жү­зеге аспай жатқаны қынжылтады. Әлеу­­меттік желілердегі түрлі жазбалар мен қолжетімді бейнероликтер өскелең ұрпақты этикалық һәм моральдық жағы­нан азғындатып, ішкі стержннен айырып, дег­радацияға ұшыратудың бір формасы. Түнгі сағат 00.00-ден асқан соң мектеп жасындағы біраз баланың ұялы телефонына: «Періні көргің келе ме? Онда үйіңдегі газдың аузын аш та, ұйықтап қал!..» – деген хабарлама келген екен. Бұл Ал­матыда болған жағдай. Аталмыш фак­тілердің тіркелуі – «ақпараттық қауіп­сіздіктің» әлсіреуінің белгісі. Егер елде «ақпараттық қауіпсіздік» неғұрлым әлсіз болса, саяси-әлеуметтік, діни, психо­ло­гия­лық, экономикалық және әскери ахуал соғұрлым тұрақсыз келеді. Ондай республиканы Наполеонша айтқан­да: «бө­ліп алып, басқара беру» өте оңай.Отан­ның орталығы әрі темірқазығы – сенім, тұтастық және идеология. Сыртқы «ақпараттық фактор» дәл осы бір ұс­тын­дарды құртуға бағытталады. Наоки Миура атты жапонның тәуелсіз сапаршысы: «Қырғызстанда төңкеріс орын алмас бұ­рын бір топ американ журналистері оп­по­зициялық сипаттағы газет шығарған. Оны барлық аудан орталықтары мен қа­ла­ларға таратқан. Содан соң үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, қаржыдан қатты қысылған отбасыларға долларлап ақша берген…», – деп жазған еді. «Жел тұрмаса шөп­тің басы қимылдамайды» деген сөз расқа шыққандай. Тарих оқытқан сабақ­тан Біз де үйренуге тиістіміз…

Капитализм заманында бір жол ақ­пар­дың құнының өзі аспандап тұрған көп­теген шетел басылымының беделі ту­ралы айтудың өзі артықтау. XXI ғасыр­да информократияның үстемдік еткені соншалық, белгілі бір идеяны қолдау мақсатында бәрі жұдырықтай жұмыла келе санаға шабуыл жасайды. Бокстағы автомат деңгейіне жеткен «бір-екі, бір-екі» соққысындай, бұл да Әлем үшін қа­лып­ты дағды.«Еуро-майдан» ушыққан тұста Жер жаһан қақ жарылды. Орыс баспасөзі Путин мәртебесін үстем ету жо­лында ая­нып қалмады, ал Батыс басылымдары «Ре­сей билігінің арам пиғы­лына» қарсы шы­ғып, қарғаумен болды. Сонда бір таң қал­ғанымыз, орыс жур­на­листикасының мық­тылығы дейміз бе, әйтеуір «мыл­тықсыз майданда» ұтылып, тізе бүккен олар жоқ, өз басшысын – «Ақ патшасын» аман алып қалып, «құзғын­дар­ға жем» қыл­ған жоқ. Бұл – беріктік, тұтастық, ауыз­біршілік пен кешенді жоспардың жеңісі. Таңертең Путиннің «адресіне» жазылған сыни мақалаға, араға сағат салып орыстар «окоптан» қарымта қайтарып жатты. «Франс пресс»: «Бұл ақпараттық ұрыс кө­з алдымызға «Екінші дүниежүзілік со­ғыс­ты» елестетуде», – деп баға берді. РФ Президентін бір жақ «фашист» жасаса, екін­ші жақ «демократ» етіп көрсетті. Қа­лай болғанда да, «Ақпарат туралы Әлемдік кон­вен­ция­ның» шартына сәйкес кез кел­ген орынсыз тағылған айып үшін Медия-ор­талықтар айыппұл төлеп, кешірім сұ­рау­ға тиіс еке­нін ұмытпаған абзал. «Ақ­қа Құдай жақ» дегендей, кімдікі бұрыс, кім­дікі дұрыс екенін Уақыттың өзі анық­тай­ды. Бұған «Нюрнберг процессі» дәлел…

Украина, Ауғанстан, Ирак, Пәкістан, Ли­вия, Ливан, Мысыр, Шешенстан, Гүр­жістан, Сириядағы жағдайды дәл жет­кіз­ген журналистер сирек шығар. Қаза тап­қандардың санын қолдан кеміту дертке айналған. Мұсылман әлеміндегі келең­сіз­дікке «ИЛИМ» («ИГИЛ немесе Даиш») және «Араб көктемі» деп ат қойып, айдар таққан саясаттанушылардың өзі жанынан жағымсыз ақпар қосып, мүміндерді құбыжық етіп көрсетуге бейім. Өзгені айт­пағанда, «Удар» саяси партиясының төра­ғасы Кличконың әр қылығы, әр сөзі не­месе жуырда ғана түрмеден шыққан На­дежда Савченконың қырсық, қыңыр мінезі – сойыпсал орыс басылымының назарында. Мақсұт-мұраты – Империяға қар­сы келгенді тұқыртып, тұқымын тұз­дай құрту. Россия блогерлерінің шови­нис­тік пиғылға толы жазбаларын оқысаң, жа­ның түршігеді. Андрей Зилов деген бір блогер: «Ұлы орыс ұлтын ешкім жеңе ал­ма­ған. Немісіңді де жеңдік, французың да тізе бүккен. Біз – мықтымыз! Қарсы шық­қандарды қырамыз, қатарымызға қосылғандарға  рахымшылық  жасаймыз!» – депті.

Таяуда Гарвард университеті «Әлемдік кон­фликтіні шешуге атсалысып, мемлекет басшыларына сөзін өткізе алатын га­­зеттердің» тізімін түзіпті. Алдыңғы қа­тар­да кімдер тұрғанын айтпаса да белгілі шы­ғар. Ал мұсылман және Орта Азия жур­налистері ортаңғы жақтан орын теуіп­ті. Медиа-форум ұйымдастырып, сан түрлі сапаршылардың басын қосқыш қазекем де со маңда жүр. Көкейде: «Біз не үйрендік? Не түйдік? Қай бағытта дамудамыз? Алдымызға қойған жоспарымыз қандай? Оны қанша уақытта жүзеге асырамыз? Заман көшіне ілесе аламыз ба?» деген сұрақ туады екен…

Өзі коментаторлықтан бастап, кейін АҚШ-тың 40-шы Президентіне дейін кө­терілген Рональд Рейган «телеарна – ұлт айнасы» деп баға берген қазақ «көк­сан­дығының» арғы жағында не көрсетіліп жа­тыр?! Тізіп шық­сақ… Әзіл-қалжың, ток-шоу, бе­нефис-шоу, телехикаялар, жеңіл-желпі сұхбаттар мен әңгімелер, әлеу­меттік, я күйкі тірлік маңындағы маңы­зы аздау және тамақ-тағамды даярлауды үйрететін бағдарламалар, өмірі біт­пейтіндей көрі­нетін концерт пен шы­ғармашылық кештер, местный «да­ныш­пандардың» дана­лық дәрістері, адам­­зат­тық ойлары, соның фонында кітап, руха­ният, этнография, тіл, тарих, әдебиет жөніндегі аз-кем дүниелерді көріп, көңіл шіркінді алдайтынымыз бар. Одан бұрын сапасы сын көтермейді. Бір хабар ашылып жатса, екіншісі қаржылық жағдай­ларға байланысты не басқа да, тек өздеріне ғана бел­гілі себептермен жабылуға мәж­бүр. Көз алдыңа конвейер елестейді. Бір айыр­машылығы – нәтиже аз. Коммерция­лық һәм мемлекеттік телеарналар жарнамамен, тапсырыспен түсірілетін өнім­дермен күн көруге тиіс. Ішінде рейтинг көтереміз деп өз көрерменін ренжітіп алғандар да бар. Белгілі бір топтың сойылын соғып, «за­казын» орындайтындар да баршылық. Яғни олар «әр қазақ – менің жалғызым» (С.Адай) принципі үшін жұмыс істеуге тіс-тыр­на­ғы­мен қарсы. «Ел мен жер қамын кім ой­­лайды? Ұлт құқығын кім қорғайды? Жұрт жағына кім шығады?» деген сауал­дың өзінен-өзі туындайтыны бар. Жер ­жүзіндегі ең көп жанкүйері бар футбол ойынын да рахаттанып көре алмай­сың. Теледидардың дауысын өшіріп қойып тамашаласаң да ештеңе өзгере қой­май­тындай әсерде боласыз. Тікелей орыс­шадан аударған – калька, тілдік дефек­ті­нің әсерінен туындаған жағымсыз дауыс – какофония, тақырып аясының тарлы­ғы интеллектуалдық құнардың аз­ды­ғы­нан, білім таяздығынан, көркем әде­биет­тен қол үзгені соншалық, лек­си­ко­ло­гиялық қорында айналдырып айта бере­тін, айта беретін санаулы ғана сөзі бар, жалпы ал­ған­да, бір басына кемшілігі же­терлік ко­­ментаторларымыздың жүр­гізгенін көріп, шыны керек, қаның қай­най­ды. Кейде олар­дан гөрі сөзуар Генич не­месе спорт эс­те­тикасын керемет сезі­не­тін Уткин ар­тықтау көрінетіні бар. Ақ­парат аспанының ас­тында тіршілік ке­шіп жат­қан қазақ кө­рер­мені, қазақ оқырманы, қазақ тың­дар­маны үшін таңдау өте көп. Тілдік барерь жойы­­л­ған­дық­тан ғаламтор, я кабелді теледидар ар­қылы Жер шарының кез келген нүк­тесінен өзіне қажетті жаңа­лықты көруіне мо­ральдық құқы бар. Сол себепті, тұтыну­шы тек сапалы өнімді ғана тұтыну­ға бейіл­ді. Жерде шекара бол­ғанымен, жаһан­дану картасында шектеу жоқ. Ұна­ды ма – ал, қажетіңе жарамады ма – таста. Бұған қоса, елімізде науқан басталса телеарна мен радиоға тыным жоқ дей бер. Үгіт-насихат, агитация… Биліктің, ел қа­мын жеген Едігелердің қазаққа жақын­дай­тын кезі – сол кез. Қамқоршылдар мен ұлт тағдыры үшін жаны ашитындардың қарасы көбейіп, танымайтын «тұлға­лардың» бағы ашылатын тұс. Патшакөңіл – Фортуна мырза­ның мысқылдайтын шағы. Ұрпақ санасы­ның қалыптасуына зор үлесі бар ра­дио-хабар – «Зәмзәгүл әже­нің ерте­гілері» «көк экранда» ішінде көбелекше көлбеңдеген пысықтардың өтірік әңгіме­сінің құрбанына айналып жатқаны жанға батады. Журналистің: «Сіз қандай сусын ішесіз? Қандай киім кие­сіз? Нендей тамақ ұнайды? Мой­ныңыз­ға қандай алқа тағасыз? Бетіңізге қан­дай крем жағасыз? Нешеде ұйық­тайсыз? Қаншада оянасыз?» – деген жаттанды сұрақтары көрерменді ойшыл­дық­қа емес, керісінше надандану, топас­тануға алып барады. Адам бойын­дағы ішу, жеу, ұйықтау секілді хаюани инс­тинк­тілерді оятатын қайбір бағдар­ла­маларды көргіңіз келмесе, өшіре салыңыз. Одан проблема шешілмес, әрине, дегенмен өзіңізді депрессия мен стресстен аман сақтап қаласыз. Бүгіндері біршама қа­зақ отбасылары сөйтеді екен. Яғни теле­дидар көрмейді. Бірде жақын араласып жүрген ағамыздың үйіне қонаққа бар­ған ек, дастархан басында отырған олар күліп, әңгімелесіп отыр екен. «Телевизор неге өшірулі?» – деп ем, отағасы: «Ой, әкесінің, керегі жоқ. Зауалы көп пәле­кет қой, ол», – деді қолын бір сілтеп. Таң қалдық. Шоу десе ішкен асын жерге қоя­тын қазекем есін жиып, етегін жаба бас­таған ба деп бір ойладық. Ғажап! «Одан да немереме кітап оқып бермеймін бе?» – деді маған жақтырыңқырамай қа­рап. Қуандым. Қатты қуандым…

Обалы не керек, қазақ баспасөзі жазуын­дай-ақ  жазып жатыр. Газет бетін­де бет жыртысып, бірін-бірі балағаттап, сот­қа сүйреген фактілердің тіркелуінің өзі тіршіліктің бар екендігінің нышаны. Бірақ БАҚ-тың негізгі функциясы дау-да­май туғызып, белгілі бір кісінің «тап­талған құқығын қорғау» емес, бәрімізге – ұлттық мүдде, ұлттық идея төңірегінде шоғырланып, соны әрқилы жолмен санаға сіңіру. Қараниеттілер жоспарының тез жүзеге асуының басты себебі – қар­жы­лық мүмкіндігінде. Ақша түріндегі жан-жақтан құйылған өзен-жылғалар – қазан-көлге құйылып, тура жолда жүрген адамды бағыт-бағдарынан адастыруға ба­ғытталатыны ақиқат. Белгілі бір мемлекетке қауіп төнгенде «әскери дабыл» берілумен қатар, со елдің БАҚ өкілдерінен де маза кетеді. Біріншісі – қолына қару ал­са, екіншісі – қаламын намыс пен қай­сарлықтан жаралған қайраққа жануға тиіс. Ұрыссыз берілу – ұлтты сатумен тең. Гитлер өмірбаянын зерттеген Кишнер өз естелігінде: «Еуропа баспасөзі әлсіреген уа­қытта фашизм туды» деуінде шындық бар секілді. Ғалым тек тарихи «анома­лия­ның» бір қырын ғана ашып берді. Сол сияқты, Қазақ журналистикасы мүлдем әлсіреп, өзінің түпкі миссиясын ұмытқан уақытта ұлт та капитуляцияға ұшырауы мүм­кін. Әдеби, мәдени, діни, саяси, руха­ни, әлеуметтік және ғылыми факторлар­дың мән-маңызын транзисторша өзінен өткізіп, халыққа жеткізіп отыратын құ­рал­ – баспасөз екенін ескерсек, ондағы ма­қалалардың сапасы өте жоғары болғаны аб­зал. «Қазақ мәселесі» деген бейресми ай­дар аясында күні-түні еңбектеніп жүр­ген журналист, көсемсөзшілердің дү­ние­лері кей сәтте резонанс – сілкініс алмай жатуының себебін – таралым әрі оқылым төмендігінен немесе орталыққа, шалғайға жетпей жатқанынан көретініміз бар. Дұрыс қой, енді. Негізгі мәселе: «Оқырман кө­кейіндегі дүниені жазып, оны жан-жақ­ты аша алып жүрміз бе?» деген сұрақ төңі­регінде. Бір жағынан, маманданған, кәсі­би тұрғыдан өскен, тәжірибесі толыс­қан журналистердің аздығы, екіншіден, мамандыққа деген махаббаттың кемдігі. Ауыл ақсақалының аузынан: «Бұрын жата-жастана оқушы ек… Қазір мүлде га­зет­тен қол үздім!» – деген сөз-жұмба­ғы­ның кілтін тапқандай болдық. Бірақ ол да құпия түрде қалсын деп шештік…

Қазақ баспасөзінде қозғалған көпте­ген мәселелер локалді – жергілікті сипат­қа ие. Яғни кең қанат жайып, әлемдік аре­наға шыға алмай жүргені шындық (бәріміз жазылған дүниеден жаңғырық кү­те­тініміз рас). Қалай болғанмен де: «Пә­ленше деген басылымда түгенше деген журналистің мынандай бір мақаласы жарық көріпті», – деп үзінді келтіріп жатқандар бар. Оның өзі «Время», «Караван», «НП», «ASIA MONITORING» сынды орыстілді баспасөзге тән. Аталмыш бас­па өнімдеріндегі материалдардың өзі Ре­сей немесе ТМД құрамындағы респуб­ли­каларының шеңберімен шектеледі. Ал одан ары қарайға әзірше күш-жігеріміз жетіңкіремей жатыр. Бірақ бұл өкінетін жағ­дай емес. Себебі, белгілі бір елдің жур­налистикасына мән бере үңілу үшін оның өзі жинақы әрі мықты болуға тиіс. Шетел­дегі жаңалықтарды жүгіртпе жолмен беруге дағдыланған Біз үшін, Жаһан­дағы жағдайға үн қосу жағы кемшіндеу екені рас. «Ана бір жерге мынандай бір оқи­ға болыпты немесе ана бір тұлға дүние салыпты…», – десең: «Оның қазаққа не қа­тысы бар?» – деген сұраққа санаңыз лезде жауап қайыруға тиіс екенін ұмыт­пағайсыз. Қазекем аскет – сопыларша әлемнен жырақта өмір сүргісі келсе, оған еш­кім қой демесі белгілі. Алайда, бізге өшудің емес, өсудің жолын іздеуіміз керек екенін естен шығармайық. «Танылу керек!» – деп тантып жүргенімізге жиырма жылға жуықтап қалды. Со аралықта рухани механизмнің бір тетігі саналатын бас­пасөз жұмысын бір ізге қоя алған жоқ­пыз. Қатты айтсаң – жаусың, жағы­н­саң – доссың. Бүгінгі мемлекет деңгейіндегі бәріне күштеп таңылған түсінік осындай! Қазақ басылымының тынысын тарылтып, алыста жатқан ағайынға жетпеудің қамын жасап, тиражын қолдан төмендет­кендердің не көздегенін ішіміз сезіп тұр. Дегенмен, Ахаң заманындағы қазаққа жа­салған шабуыл әлі де тоқтаған емес. Тап­­сырысты орындаушы да – қазақ, тапсырманы беруші де – қазақ қой. Сонда да қазақ үшін жазамыз! Таскерең естіп, тас­жүрек жібіп, иіссезбес иіс сезіп, дәм­сезбес дәм сезіп, көрсоқыр көріп кетсе деген ой ғой, Біздікі. Бердібек Соқпақбаев Сұлтаны­ның аузымен айтылған: «Кім ант­ты бұзса, отқа күйедісі» – бәрімізге тоқтам, ақырғы аялдама болса екен дей­міз. Адамдықты сақтап, жүректегі махаббатты жоғалтып алмасақ, Ар деген сол емес пе?! Әр жазыл­ған сөз, әр жазыл­ған сөйлем, әр жазылған жаңа дүниең қазақ­тың бір қажетіне жараса, онда еңбегің еш кетпеді дей бер. Бая­ғыда бір тентек айт­пақшы: «Сабасам да жақсы көріп тұра­мын!» дегендей, Біз де ел болсақ, Біз де еңсе түзесек деген ниет­пен айтамыз. Аумин!..

Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір