АҚПАРАТ­ТЫҚ КЕҢІСТІК және РАДИКАЛДЫҚ ИДЕОЛОГИЯҒА ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ
23.08.2024
27
0

Қоғамда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін радикалдық идеологияға қарсы иммунитет­ті қалыптастыру маңызды. Санасы уланған теріс діни ағымдардың өкілдері ақпарат­тық кеңістікті құралға айналдырды. Қоғам дертіне сыни көзқарас, азамат­тық позиция қалыптастыру бағытында, Атырау облысында да бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр.

Дін атын жамылған экстремистік, террористік идеологиялармен күресу мақсатында, Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің жетекшілігімен арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Дін саласында жалпы профилактикалық жұмыс жүргізетін облыстық ақпарат­тық-түсіндіру тобы құрылды. Топ құрамында 160 адам бар. Оның ішінде 47 теолог, 11 білім беру маманы, 5 спортшы, 6 этномәдени бірлестік өкілі, 9 журналист, 3 құқық қорғау қызметкері және басқа да салалардағы белсенді мамандар қамтылған. Ақпарат­тық-түсіндіру тобы жеке кездесулер, топтық кездесу, дөңгелек үстел сынды іс-шараларға спикер ретінде қатысып, мақсат­ты аудиторияның сауалдарына жауап береді.
Атырау облысы Дін істері басқармасының мемлекет­тік әлеумет­тік тапсырысы негізінде, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жыл басынан бері 260 іс-шара өткізілді. Ақпарат­тық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен өткен шаралар 88 132 адамды қамтыды. «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры ұйымдастырған ауқымды жұмыстар қатарында ұлт­тық құндылық, рухани тәрбие, жастар мәселелеріне арналған іс-шаралар бар. Мәселен, «ҚР діни бірлестіктер және діни қызмет» туралы заңын түсіндіру мақсатында облыстың білім беру ұйымдарында 78 іс-шара өтіп, 11 537 адамды қамтыды.
Ақпарат­тық-түсіндіру топтарының жұмыстары мақсат­ты топтарды қамтуда. Айталық, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры ұйымдастырған «ҚР діни бірлестіктер және діни қызмет» туралы заңы әлеумет­тік осал топтарға да түсіндірілді. Қазіргі уақыт­та Атырау облысы аумағында 15 діни бірлестік өз жұмысын жүргізуде. Аталған діни бірлестіктерге және 9 сауда орнында «ҚР діни бірлестіктер және діни қызмет» туралы заңы бойынша 10 583 адамға ақпарат­тық жадынамалар таратылды.
Атырауда діни ағарту жұмыстарына іс басындағы имамдар, дін мамандарымен бірге, дін саласында білім алып жатқан студент­терді пайдалану тәжірибесі де қолға алынып отыр. Бұл мақсатқа еліміздегі ең ірі діни оқу орны – «Нұр-Мүбәрак» университетінің студент­тері тартылды. Контрпропагандалық жұмыстарға қатысатын студент­тердің фейсбук, инстаграм, тик-ток сынды әлеумет­тік желілердегі жеке парақшаларын ақпарат­тық материалдармен тұрақты түрде толықтыру практикасы өз жемісін бере бастады. Наурыз айынан бастап, осы мақсатқа жұмылдырылған үздік 23 студентпен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде, пост, рилс форматындағы 613 материал жүктелді. Оған қоса, әлеумет­тік желілер арқылы «Сенің өмірің – сенің таңдауың», «Жалған ақпарат жарға жығады», «Қазақтың ұлт­тық киімі», «Жетекке ерген жендет», «Адастырған ақиқат», «Өмірге оралу», «Хабарласпа!» тақырыптарында әлеумет­тік бейнероликтер жүктеліп, таратылуда. Осындай мақсат­ты жұмыстар әлеумет­тік желілерді дін бағытындағы сенімді, шынайы контент­термен толықтыруға мүмкіндік беріп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, өңір имамдарының, дін саласы мамандарының біліктілігін арт­тыру – басты назарда тұрған мәселе. Бұл бағыт­та ұдайы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. 24-28 маусым аралығында Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен «Азамат­тық бастамаларды қолдау орталығы» қоғамдық қоры Атырау облысы бойынша дін қызметкерлеріне «Өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі имамдардың (теологтердің) рөлі» тақырыбында семинар-курсын өткізді. Курстың мақсаты – өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі имамдардың (теологтердің) рөлін көтеру және жұртшылық алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Кәсіби құзірет­тіліктер мен тәжірибелік дағдыларды дамыту, біліктілігін арт­тыру. Аталған іс-шараға Атырау облысының ҚМДБ-ға қарасты мешіт имамдарынан 50 адам қатысып, адам психологиясымен жұмыс жасау, еліміздің діни ахуалы, зайырлылық қағидат­тары, әлеумет­тік желілерді пайдалану, аудиториямен тығыз байланыс орнатуға байланысты түрлі теориялық және тәжірибелік сабақтар алып, білімдерін жетілдірді.
Қалай десек те, дін – нәзік тақырып. Қазіргідей ақпарат­тық тасқын, жаһандану уақытында теріс ағымдармен жұмыс заманауи технологияларды максималды түрде қолдану арқылы жүзеге асырыла береді. Айта кету керек, Атырау облысы бойынша 64 діни бірлестік бар. Оның 50-і исламдық бағыт­тағы бірлестіктер, үш православтық, үш католиктік, бір кришнаит­тік, жеті протестант­тық діни бірлестіктер жұмыс істейді. Атырау облысы бойынша дін істері басқармасы тарапынан, барлық діни бірлестіктердің жұмысына бақылау жүргізіліп келеді.

Қаһарман МУСАЕВ,
Атырау облыстық дін істері
басқармасының басшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір