1916 – ХАЛЫҚ АТҚА ҚОНҒАН ЖЫЛ
(тарих сабақтары)
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,
профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі
Ұлт тарихында жаңа көзқарас тұрғысынан кең арнада қарауға мұқтаж тақырыптар бар. Сондай тақырыптардың бірі – 1916 жылғы (бұдан былай 16-жылғы) халық көтерілісі. Советтік кезеңде бұл шынайы халықтық қозғалыстың идеологиялық конъюнктураға байланысты бұрмалауға ұшыраған қырлары болды. Ал енді ғылымға араласқан бұрынғы идеологиялық шектеулер жоқ жағдайда бұл тақырыпты түрлі жасанды тұжырымдардан аршып алу тарихшы мамандардың міндеті.
Сонымен, тақырыпқа байланысты бүгінгі кезеңде ескеретін жағдайларға тоқталайық. Советтік тарихнама 16-жылғы көтерілісті мүмкін болғанша жалпыресейлік, жалпыимпериялық тарихи процесс, оқиғалар арнасында қарауға, осы ауқыммен шектеуге біраз күш салды. Ал шын мәнінде бұл тарихи кезеңде Түркістан өлкесі және қазақ халықтарының қоғамдық өмірі Азия халықтарына тән өзгерістер арнасында тұрды. Азия елдерінің ортағасырлық феодалдық қатынастар шырмауы мен отарлық езгіден тәуелсіз де еркін өмірге ұмтылысы Түркістан өңіріндегі елдерге де тиесілі құбылыс болатын.

(1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте пайдаланылған қару-жарақ. Суреттер М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан алынды).
Тәуелсіз Үндістанның тұңғыш премьер-министрі Дж.Неру біз қарап отырған мезгілде «ұлтшылдық идеологиясы Азия елдерінде үстемдік құрған күш болды» деген тұжырымға келеді. Басқаша айтқанда, бұл тарихи кезең Азия елдерінің ортағасырлық мешеуліктен ояну және отарлық езгіден құтылатын жол іздестіру кезеңі болды.
Жаңа Қытай мемлекетінің негізін қалаушы Сунь Ятсен «ұлшылдық» терминінің мағынасын былай түсіндірді: «Маған кейде біз даярлап жүрген ұлттық революцияның мақсаты маньчжурларды* ұлт ретінде жою екен деген сөздерді естуге тура келеді. Бұл – үлкен қателік. Ұлттық революцияға бізді мәжбүрлеген жағдай мынау: біз маньчжурлардың мемлекеттігімізді жойып, ендігі уақытта елімізді солардың басқаратындығымен келісе алмаймыз. Біз олардың үкіметін құлатып, өзіміздің ұлттық мемлекеттілігімізді жаңғыртуға күш салатын боламыз. Яғни біз барлық маньчжурларға жек көрушілікпен қарамаймыз, тек ханьдықтарға зиянын тигізу пиғылындағыларға ғана қарсымыз, ал біздің табиғи талаптарымызды қош көретін маньчжурлармен жауласуға ешқандай да негіз жоқ» [1]. Осы мағынадағы ұстанымда Мұстафа Кемал Ататүріктің ұстазы Зия Гекалып та тұрды. Ол «ұлтшылдық идеясы біздің ғасырдың санасында басымдылық алып отыр», олай болса, бұл жағдайға көз жұмған қоғам белгілі бір игіліктерге жете алмақ емес деген тұжырымға келді.
Дж. Неру, Сунь Ятсен және М.К. Ататүрікпен замандас қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы өз елінің қоғамдық өміріне байланысты жоғарыда баяндалғандай арнада ойланды ма деген сауалдың тууы әбден мүмкін? Біз оған иә, қазақ елінің жаңа заман, жаңа өмірге бастаған ұлт қайраткерлері де өз Отанының болашағы мен тағдырына байланысты үнді, қытай және түрік ойшыл-қайраткерлері жасаған тұжырым дәрежесінде болды деп сенімді айта аламыз және бұл ойды негіздеуге қажет тарихи фактілер жетіп-артылады.
Қазақ қайраткерлері де атамекен көлемінде ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту, елдің өзін-өзі билеу мүмкіндігіне қол жеткізу, демократиялық басқару жүйесіне көшу, қоғамның ішкі сұранысына лайық реформалық шараларды іске асыру, тағы басқа заман талабына сәйкес ұлт өмірін өзгерту ұстанымында тұрды.
Осы арада, бүгінгі зиялылар буыны мына жағдайды білгені дұрыс. Біріншіден, алдымен патшалық, сонан соң советтік идеологтар 16-жылы шілде-тамызда елімізде қалыптасқан ауыр жағдайда отарлаушы үкіметтің әділетсіздігіне қарсы көтерілген халыққа жөн сілтей алатын саяси күш жоқ еді деп сендіруге тырысты. Бұл ұлтты санасыз тобыр ретінде көрсетуді көздейтін құйтырқы тұжырым болатын. Біздің бүгін мұндай тұжырымға беретін жауабымыз мынау: қалыптасқан сын сәтте халықты бастап, оған жөн сілтей алатын зиялылар тобы соншалықты көп болмаса да, елімізде бар-тын. Репрессияшыл билік бұл күштің көрінуіне жол бермеді. Орыс емес ұлт зиялыларына байланысты әрқашанда агрессиялық ұстаным таныту ресейлік тоталитарлық жүйеге тән мінез болатын.
Екіншіден, халық наразылығы басталған бетте-ақ өкімет орындары халық ішінде алауыздық тудыру әрекетін қолға алды. Бұл-дағы ресейлік құпия қызмет орындарына тән әдіс-айла еді. Архив құжаттарының көрсетуіне сүйенсек, билік орындары қоғамдағы беделді және ықпалды қазақтардан тылдағы жұмысқа адамдар жасақтауға көмектесетін комитеттер құрған. Сондай комитетке кіруге лайық деген адамдар тізімін, мәселен, Қарқаралы өңіріне кең танымал тұлға, кәсіпкер Хасен Ақаев даярлаған. Бұл комитеттер өз еріктерінен тыс өкімет шарасына атсалысуға мәжбүр болған. Басқаша айтқанда, осы комитеттердің қызметіне араласқан қоғамдағы басқарушы топ пен беделді ақсақалдар халықтың мойнына түскен қыл бұраудай өкімет орындарына жастарды тыл жұмысына алуға көмектесті. Осы тақырыпты зерттеген ғалым В.Некрасов-Клиодт өкімет бұл комитеттерді құру арқылы «халық пен оны басқарушы топ арасына алауыздық отын жақты» деген қорытындыға келеді. Бұл пікір негізсіз емес-тін.
Осы әдісті араға аз ғана уақыт салып Советтік идеология да қолданысқа енгізді. Алаштық зиялыларды бұқара халыққа мүддесі басқа жау ретінде көрсету соның нақты көрінісі болатын. Тура осы әдіс-айла 1986 жылғы көтерілістің алдында және ізін ала соңында іске қосылды. «Қазақ ұлтшылдығымен» бірге ұлттың саяси басқарушы бөлігі туралы түрлі қисынды-қисынсыз мәліметтерді баспасөз бетінде үйіп-төгу аталған әрекеттің көрінісі еді. 16-шы жылғы көтерілістен алатын бір сабақ осы болса керек.
Әңгімеге арқау болып отырған ұлтшылдық идеологиясына оралайық. Қазақ халқының «бас ұлтшылы» атанған, ұлт өміріне жаңа леп әкелген «Оян, қазақ!» (1909) кітабының авторы Міржақып Дулатұлы ғасыр басындағы қоғамдағы ұлттық санаға байланысты «шынын айтқанда күні кеше бәріміз де ұлтшыл емес пе едік? Қазақ оқығандарының ең әуелгі тобы ұлтшылдар емес пе еді? Февраль төңкерісіне шейін Еуропаның саяси партиясына кірген қазақ болса, қане айтсыншы! «Мен әлімсақтан бері коммунист едім… мен 1905 жылдан бері партияда едім…» деушілердің ертегісі құлағымызға кіріп те шықпайды. Ат сыры иесіне мәлім. Біз білмейтін қазақтың сыры жоқ!», – деп орынды және дәлелді байламға келіп, ізін ала «ал ұлтшылдарымыз қанша еді ?» – деген сауал тастап, оған да өзі жауап береді: «Шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәреже құмар, парашыл, шағымшыл, зорлықшыл еді. Ол заманда қазақ оқығандары неге ұлтшыл болды, неге өзге, оңды-солды Еуропаның саяси партияларына кірмеді, оның себептері талай сөйленіп, талай жазылған. Бұл арада тағы да Қаратаудың басын ауыртпалық», – деп жазды.
Жақаң (М.Дулатұлын замандастары осылай да атаған – авт.) сондай-ақ ұлтшылдық қайдан шықты деген сауалға да тоқталып «бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз еді», – деп түсіндірді.
Советтік кезеңде коммунистік партия ауызға алдырмай қойған тарихи шындықтың бірі осы болатын. Бұған қосымша, советтік идеология қазақ халқының ХХ ғасырдың бас кезіндегі өз еркіндігі мен теңдігі үшін жүргізген күресін орыс революциялық қозғалысының, большевизмнің қазақ бұқарасының қоғамдық санасына жасаған ықпалы ретінде қарауға итермеледі, тіптен бұл ықпалға айғақ бола алатын факті болмаса да зерттеушілерден мәселені осы тұрғыдан түсіндіруді талап етті. Бұл-дағы большевиктер тарапынан жүргізілген идеологиялық агрессияның нақты көріністерінің бірі-тін.
Осы арада 16-жылғы көтеріліске қайта оралайық. Үстірт қарағанда Алаш қайраткерлері ұстанған ұлтшылдық ұстаным мен 16-жылғы халық көтерілісі арасында үйлесімділік жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Шындығында олай емес.
16-жылғы көтеріліс қазақ жерінде ресейлік басқару жүйесі біржола орнаған соң (1868 ж.) араға жарты ғасыр уақыт салып қазақ халқының оған көрсеткен ашық қарсылығы болды. Басқаша айтқанда, 16-жылғы көтеріліс қазақ елінің ұлт ретінде шетелдік басқыншылыққа төзе алмайтындығының, сондай-ақ, өзінің ұлттық құндылықтарын қорғауға әзір екендігінің көрінісі-тін. Бұл сондай-ақ, түркістандық қырғыз, өзбек және басқа туыс және тағдырлас халықтардың бәріне бірдей ортақ көңіл күйі болатын.
Сонымен бірге, ұлттық сананың жаңа сапаға көтерілгендігінің айғағы болған 16-жылғы қозғалыс, әрине, белгілі дәрежеде ұлт зиялыларының ұлттың санасын жаңа сұраныстарға бейімдеу, ұлт жігерін қайрау бағытында жүргізген шығармашылық қызметінің нәтижесі екендігін жоққа шығару да қисынды болмас еді.
Осы ретте ғасыр басында қазақ қоғамының рухани әлемін билеген екі құдіретті күштің болғанын бөліп айтқан жөн. Олардың бірі –қоғамдық өмір сахнасына көтерілген жаңа әлеуметтік күш, елдің жоғын жоқтаған зиялылар шоғыры және олардың қазақ еліне арнаған сөзі еді. Ал «Айқап» және «Қазақ» сияқты алғашқы жалпыұлттық басылымдар зиялылар сөзін елге жеткізген жаңа құрал, жаңа күш міндетін атқарды.
Міне, осы екі қуатты күш – Зиялылар, олардың аузымен айтылған дәлелді Сөз, сондай-ақ Мерзімді басылым – ұлт өмірін өзгертті, оған жаңа мазмұн, жаңа сапа берді. Қазақ аталатын жұрт осы екі күштің арқасында өзін тұтас бір ұлт ретінде сезіне бастады, адамзат қауымдастығында өз орнын іздеу жолына түсті.
Қазақ қоғамының рухани өміріндегі осы өзгерістер мен империялық билік орындары таныс болды ма? деген сауалдың тууы әбден мүмкін. Бізге таныс дерек көздеріне сүйене отырып, отарлаушы өкімет орындары бұл жағдайды білмеуі мүмкін емес деген жауапты негіздеуге болады. Қазақ қоғамындағы рухани жағдайды тікелей бақылауға алып отырған қорғаушы бөлімдер (охранное отделение) қазақ зиялыларының «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті бетінде жүргізген түрлі тақырыптар төңіріндегі айтыс- тартысынан, сондай-ақ, Мемлекеттік дума жанындағы мұсылмандар фракциясы арқылы үзіліссіз жүргізген саяси қызметінен жақсы хабардар болатын. Құпия қызмет бөлімдерінің қазақ саяси тобына байланысты жинаған мәліметтері кейін сол күйінде советтік құпия идеологиялық ақпараттың қолына көшті. Қазақ зиялыларының ағартушылық және ғылыми қызметімен шығармашылықтағы орыс зиялылары да әжептәуір таныс болатын.
Мәдениет саласындағы, міне, осы жағдаймен жақсы таныс бола отырып, советтік идеологиялық аппараттың қазақ қоғамы XX ғ. басында орыс социал-демократиясының, большевиктер партиясының ықпалында болды деген тұжырымы, бұл тұжырымын жүйелі түрде орнықтырып, оны білім жүйесіндегі оқулықтарға енгізуі, әрине, идеологиялық агрессияның нақты көрінісі еді.
* **
Бұратана халықтардан майдан жұмысына адам алу туралы 1916 жылғы 25 июньдегі патша жарлығы қазақ даласына шілде айының орта тұсына қарай келіп жетеді. Мұны естіген жұрт М.Дулатұлы айтқандай, «сеңдей соғылды. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылды. «Әне келеді, міне жетеді» деп өлім жазасына бұйырылған үкімнің орнына келуін күткен тұтқындай болып жүрді». Қарапайым халыққа, әсіресе, ауыр тигені «қазақтарды окоп қазу жұмысына алады екен» деген сөз еді. Оларға бораған оқ астында жер қазу, ажал аузына өз аяғымен барумен бірдей көрінген болатын.
Шілденің орта тұсынан бастап бүкіл қазақ даласында өте ауыр жағдай қалыптасты. Бір жағынан әскерге адам бермеймін деп қарапайым халық көтерілсе, екінші жағынан, қайтсем де аламын деп өкімет орындары күшке ерік беруге дайындалып жатты. Ақтөбе қаласында өткен митингіде сөйлеген Торғай облысының вице-губернаторы «бірде-бір қырғыз тірі қалмаса да, патша бұйрығы орындалатын болады», – деп сес көрсетті.
Міне, осындай жағдайда, М.Тынышбаев дәл басып көрсеткендей, аз ғана қазақ зиялылары екі бірдей оттың ортасында қалды. Жаңа басталған ұлттық бас көтеру жағдайында ресми билік орындары «Қазақ» газеті төңірегіндегі ұлт зиялыларына қозғалыстың ұйымдастырушылары ретінде сезіктене қарады. Орынбор жандарм мекемесінің бастығы полковник Кашинцев 30 шілде күні «Қазақ» газетінің редакторы міндетін атқарушы М.Дулатұлының үйінде және жұмыс орнында тінту жүргізіп, бірақ ұлт зиялыларының ұйымдастырушылық қызметіне негіз боларлықтай ешқандай факті таба алмайды.
Өкімет тарапынан жасалып отырған жөнсіз зорлыққа ел болып қарсы қайрат көрсету үшін атқа қонған халық бұл ісіне ат төбеліндей аз ғана оқығандардың қолдау танытудың орнына, тосырқай қарауына таңданумен болады. «Қазақ» газетінің 11 шілде күнгі санында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы және М.Дулатұлы үшеуінің қолымен «Алаштың азаматтарына!» атты үндеуі жарық көрді. Үндеуде жалпыұлттық күрес басшылары халық алдына «ойламаған жерден жұрт басына мұндай іс, мұндай ауыртпалық түсті, мұны қалай қыламыз, қалай атқарамыз» деген сауал тастап, осы ретте жұртты жарлыққа көніп жұмысқа адам бергенде қандай ауырлық келмек, сондай-ақ, көнбей қөрсеткен қарсылық немен аяқталмақ, міне, осы екі жағын бірдей ақыл таразысына салып қарауға шақырып, онымен шектелмей, өз ұстанымдарын да білдіреді. «…көнгенде – шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық – бағынбай үкіметтің Жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда …үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істер. Мұндай мысалдар болып тұрған жоқ па?» – деп, дәлел ретінде Түркістан өлкесіне енгізілген соғыс тәртібін, Жетісуда болып жатқан қайғылы оқиғаларды көлденең тартып, «біздің білуімізше жеңілі – көнген» деп, ауыр да болса өз шешімдерін айтады.
М.Тынышбаев «Қазақ» газетінің осы үндеу жарияланған санының аса маңызды хабарды жеткізуші дереккөзі ретінде табан астында тарап кеткендігін, оқыған азаматтар оның бірнеше данасын жаздырып алып, халық арасына үлестіргенін айтады.
Бірақ елдің отарлаушы өкіметтің жасап келе жатқан зорлығына деген наразылығында шек жоқ болатын және бұл көңіл күйі дегенін істеді. Шілде айында басталған толқулар тамызда бүкіл қазақ даласын құшағына алған қарулы көтеріліске ұласты. Көтеріліс Жетісу, Торғай, Ақмола және Семей облыстарында аса зор қарқын алды.
Т.Рысқұлов «Восстание туземцев Туркестана в 1916 году» (1926) атты еңбегінде Жетісудағы көтерілісті басу үшін екі казактар полкы мен салт атты батареяны есепке алмағанда 35 рота, 24 жүздік, 240 салт атты барлаушылар (бұларға 16 ауыр қару, 47 пулемет бекітілген) шыққанын жазады. Бұл әскер күшінің қарулы қоныс аудара келген шаруалар мен қалалық «еріктілердің» қолдауымен қандай сойқан жасағаны айтпаса да түсінікті. Қазақ пен қырғыздардың 94 ауылы бүліншілікке ұшырады, 5 373 үй өртелді, 1 905 адам өлтірілді, 684 адам жараланды, 1 105 адам тұтқынға алынды.
Т.Рысқұлов аталған еңбегінде көтеріліс қамтыған Верный, Жаркент, Пішпек, Пржевальскі және Лепсі уездеріндегі көтеріліске дейінгі 83 854 шаңырақтан 1917 жылдың қаңтарында 31 789 шаңырақ қалғанын көрсетеді. Сонда шамамен Қытай жақ бетке 53 мыңға жуық шаңырақ өткен.
Осы есепке жақын мәліметті М.Тынышбаев еңбектерінен де кездестіреміз. Алматы, Жаркент, Пішпек, Пржевальскі уездеріндегі 44 болыс елде тұратын 47 мың 759 түтіннің 40 мың 250 түтіні Қытай асады. Олардағы адам саны шамамен 300 мыңға жуық еді («Қазақ» газеті, 1917, № 254).
Әрине, бұл екі қайраткердің берген мәліметтерінің белгілі дәрежеде шартты екендігін түсінуге болады, дегенмен, ол фактілік материалдардың трагедия ауқымын тура түсінуге мүмкіндік туғызатындығы хақ.
Көтерілістің келесі бір ірі ошағы Торғай облысында болды. Әбдіғапар Жанбосынов пен Амангелді Иманов бастаған сарбаздардың саны 50 мың адамға жетеді. Көтерілісшілер қыркүйектің екінші жартысынан бастап 1917 жылдың 24 ақпанына дейін өкімет жіберген жазалаушы отрядпен Татыр, Ақ Шығанақ, Құйын Көпе, Құмкешу және Доғал-Үрпек атты жерлерде шайқастар өткізеді.
Әбдіғапар хан бастаған Торғай көтерілісшілері Торғай гарнизонын қоршауға алып, оны бекініс ретінде жойып жіберуге тырысты. Сарбаздар оны ала алмады. Дегенмен, отарлаушы билік бұл жағдайды өзіне төнген үлкен қауіп ретінде бағалады.
Жазалаушы әскер құрамалары Торғай көтерілісін үлкен қатыгездікпен басты. 1917 жылдың қаңтарында жазалаушы әскер Торғайдан 90 шақырым жерде Әбдіғапар әскері орналасқан ауылды атқылап, 300-ге жуық арасында әйелдер, қарттар және балалар бар халықты қырып салды. Жазалаушы отрядпен көтерілісшілер қолының кездесуі 31 қаңтарда Торғай өзенінің үстінде өтіп, пушка мен пулеметтен атқылаған жау оғынан 4 000 сарбаз қаза табады (А.Шестаков. 15 летие восстания в Средней Азии. М.-Л., 1931, С.30).
Көтеріліс ішкі ресейлік губерниялардан қоныс аудара келген тұрғындарға да жеңіл тиген жоқ. Түркістан генерал-губернаторы патша атына жолдаған есебінде тек Түркістан өңіріндегі орыс тұрғындарынан көтеріліс барысында 2325 адамның өлтіріліп, 1384 адамның хабар-ошарсыз жоғалып кеткенін, жергілікті билік басындағылардан 7, ал орыс әкімшілігінде қызметте жүрген бұратаналардан 22 адамның өлтірілгендігін келтіреді (ҚР ОММ., 380 қ., 1 тізім, 1-іс, 19 п.).
***
Көтеріліс тарихына қатысты кейбір мәселелер жөнінде. 1916 жылғы көтеріліс оның табиғатына сәйкес ұлт тарихындағы азаттық қозғалыстар тарихымен өзара сабақтастықта талдауға алынғанда ғана түсінікті бола түседі. Мәселен, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы И.Тайманұлы, К.Қасымұлы бастаған азаттық үшін қозғалыстар барысында көтерілген қоғамдық мәселелер (жер, мемлекеттілік ж.б.) 1916 жылғы көтерілістің шығуына алып келді. Сол сияқты тура осы себептер ХХ ғасырдағы Алаш қозғалысының, 1929-1931 жылдары советтік күштеу реформаларына қарсы халық көтерілістерінің шығуына тікелей негіз болғандығын айтқан жөн. Халықты өзін-өзі басқару мүмкіндігінен айыру, оның басты құндылығы – жеріне өзге мемлекеттің иелік жасауы, ұлтқа өзі қалағандай бағыттағы және мазмұндағы өзгерістер жолына түсуге мүмкіндік бермеу, қандай жолмен және бағытта дамуды елден тыс орталықтарда шешіп, сырттан таңу, сол арқылы ұлттық бірегейлікті әлсірету, міне, бұл себептер аталған қозғалыстардың, жалпыұлттық наразылықтың бастау көзінде жатты. Тіптен осы алғышарттар 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне де тән еді.
Келесі мәселе. Ғылыми әдебиетте ортаазиялық халықтардың 16-жылғы көтеріліске шығуын сыртқы күштердің араласуымен болған іс ретінде көрсету әрекеті барлығын айтқан жөн. Егер мұндай араласу орын алған болса, ол жағдай нақты фактілік материалдар арқылы баяндалуға тиіс. Құпия дереккөздері болса оларды жасырын ұстаудың қажеті бар ма? Оларды жариялау орынды болмақ.
ХХ ғасырдың басында Түркістандағы орыс әкімшілік жүйесін тексерген сенатор граф Пален комиссиясының тұжырымына сүйенсек, халық наразылығына негіз болған екі жағдайды бөліп айтқан жөн. Олар, біріншіден, билік орындарының жергілікті Түркістан халықтарының мүддесімен есептеспей, олардың иелігіндегі құнарлы жерлерді Ресейдің ішкі губернияларынан қоныс аудара келген переселендерге тартып алып беруі болса, екіншіден, өкімет орындарының жергілікті халықтардың түпкілікті мүддесін қанағаттандыра алатын реформалық шараларды жүргізуге пәрменсіздігі еді. Біздің пікірімізше, осы фактілердің көтерілістің тууына шешуші негіз болғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Советтік тарихнамада 1916 жылғы көтерілістің әлеуметтік-таптық сипатына байланысты өзара қарсы екі ұстаным орын алды. Олардың бірі – көтеріліс ашық түрде отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық сипат алып, оның қозғаушы күштері жергілікті халықтың түрлі әлеуметтік топтарынан тұрды, сондай-ақ, көтеріліс барысында оған қатынасқан халық өкімет жағына шығып, сатқындық жасаған жергілікті билік өкілдерін жазалады, тіптен оларды өлтіруге дейін барды деген ұстаным болды. Бұл ұстанымдағы зерттеушілер ішкі Ресейден қоныс аудара келген шаруалардың өкімет әскеріне қосылып жергілікті халықтың қарсылығын басуға атсалысқандығын, көтерілістің ұлтаралық қақтығыс ретінде жүргендігін ашық айтты.
Бұл пікірге қарсы тұрған екінші ұстанымдағылар көтерілістің басым түрде антифеодалдық, таптық сипат алып, оның қозғаушы күші жергілікті бұқара халық болды, олар өз ретінде еуропалық шаруалар мен жұмысшылардың қолдауына сүйенді деген тұжырымды ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салды. Бұл пікірдегілердің түсінігінде жергілікті феодалдық күштер халық наразылығын өздерінің мүддесіне пайдалануға тырысты.
Қазіргі уақытта бірінші ұстанымдағылардың уәжі тарихи шындыққа үйлесімді, тарихи фактілердің осы зерттеушілердің жағында екендігін айтқан жөн болмақ. Көтерілістің шығуына отаршыл өкімет орындарының қолымен жасалған ұлтаралық араздықтың себепші болғанын патша шенеуніктерінің өздері де мойындаған. Мәселен, Жаркенттегі переселен мекемесінің меңгерушісі өз бастығына жолдаған есебінде «көтерілістің орыс тұрғындарына деген жаугершілігі тура Әндижан көтерілісіндегідей анық байқалып отыр», – деп жазды.
Ортаазиялық халықтардың өздерін ұлт ретінде сезінуі және сырттан төнген қауіп жағдайында елдік құндылықтарын қорғауға әзірлігін танытуы осы тарихи мезгілге тән ғажап құбылыс болатын. Ал келесі 1917 жылы Алашорда және Түркістан Мухтариаты үкімет орындарын құрып, ұлттық мемлекеттілігін жаңғырту әрекеті олардың тура жолда тұрғандығының айғағы еді.