Абай МАУҚАРАҰЛЫ. ДЕРЕКТІ ПРОЗА – БОЛАШАҚ ТАРИХ
27.04.2026
31
0

 

2025 жылғы жарық көрген әдеби туындыларды сараптауға арналған баяндама үшін «Деректі проза» жанрына 16 қаламгердің 18 кітабы Жазушылар одағына келіп түскен еді. Бұл жанрдың ерекшелігі жазылған туындыда кейіпкерлердің өз аты-жөні аталатыны, олардың өмір сүрген елді-мекенінің нақтылығы, кейіпкердің іс-қызметі, ерлігі суреттелетін уақыттың ай, күн, жылдары дәлме-дәл болуы қадағаланатыны әрі болған оқиға, іс-қимыл, сөйлеген сөз де шын болуы, нәтижелердің де бұрмаланбай дөп жазылуы сынды басты шарттары бар.

Осыған сәйкес, деректер мен дәлелдер де шынайы болуы шарт. Әйтсе де, деректі проза деген атына сай тіл шеберлігіне шек қойылмайды, көсемсөзділік, шешенсөзділік, суреткерлік қатар өріліп отырса, бұл – оқырман үшін ең құнды рухани азық, болашақтағы ұрпаққа нақты тарих болып қалады.
Міне, осы тұрғыдағы критерийларды ұстанып қолдағы кітаптарды саралай оқып, барынша жинақы-синтезделген баяндама-сараптама жасадық. Кітабы сараланған қаламгерлер сексен, алпыс, отыз жастың аралығындағы үш буын өкілі болды.
Қытай елінің құрамындағы шығыстағы дүйім қазаққа танымал, көрнекті қаламгер Сәли Сәдуақасұлының «Тағзым» атты 600 беттік көлемді эссе-естеліктер жинағына Қаусылхан Қозыбайұлы, Рақыметолла Әпешұлы, Мақатан Шәріпханұлы, Оразанбай Жұмағұлұлы, Асқар Татанайұлы, Мағаз Разданұлы қатарлы сол елге аты мәлім атақты қаламгерлер туралы «Өмірдегі Рақаң», «Өлмейді ақын», «Ақ жалындай бұрқырап жүретін», «Турақаң туралы аз сөз», «Мен көрген Қажекең», «Қайран Қасаға» атты естеліктер, «Омыкеңнің жоқшысы» деген тақырыпта атақты ақын Омарғазы Айтанұлы қатарлы оннан астам тұлға қамтылған екен. Сәли өзі жігіт шағынан бері танысып араласқан осы ақын-жазушы, өнер адамдарымен кезіккен сәті, сөйлескен сөздері, олардың мінез-құлқы мен бүкіл шығармашылық өмірін жанды күйінде тамаша суреттеген. Және «Долан әкім», «Имекеңді еске алып», «Өз алдына бір кеңістік еді», «Бақұл бол, қадірлі Оқабай аға!», «Сағынып еске аламын», «Бірегейлердің бірі еді», «Қазақтың циркші қызы Ботагөз» атты тақырыпта қазақ әдебиеті мен өнеріне қызмет еткен сол елдің атақты қоғам қайраткерлері жайлы ойтолғамдар арқылы ондағы қазақ жұртының рухани өмірін көзге елестете алған.
Ұстаз, қаламгер Жақсылық Сыдықбайұлының «Жақсының жақсылығын айт» кітабы ежелгі тарихи деректерді негізге алып, сақ, үйсін, қаңлы, ғұн тайпаларынан бері қалыптасқан қазіргі қазақ жері мен қазақ халқының өзара байланысын дәлелдейді. Алғашқы тарау «Ұлы бабамыз Бәйдібек Қарашұлы туралы анықталған ақиқаттар» деп аталғанымен қазақ жерінің батыс өңіріне және басқа өлкесіне қатысты зерттеулер баяндалған. Шыңғыс ханнан кейінгі қалыптасқан тарихи жағдайға қатты әсер еткен Әмір Темірдің шежіре тармағы мен үш жүзді құраған қазақ тайпаларының аты, таңба белгісі, ұраны қамтылған кестесі де тарихымыздың ажырамас дерегі деуге тұрарлық. «Қазақ жерінің территориялық тұтастығына империя тарапынан жасалған қиянат» тарауы бодандық жылдарындағы советтік биліктің жүргізген саясатынан дәлелдер келтірген.
Жазушы, көсемсөзші Бейбіт Қойшыбайдың «Замана перзенттері һәм заманауи пайымдар» деп аталған үш бөлімді кітабына төл тарихи танымымыздың қалыптасуына ықпал ететін мазмұндағы мақалалар мен сұқбаттар топтастырылған. Портреттік мақалалары академик Өмірзақ Сұлтанғазин, ақын Жұбан Молдағалиев, жазушы Әнуар Әлімжанов, профессор Әбдеш Қалмырзаев, қайраткер Санжар Жандосов, министр Төлеубек Әбдіқадыров, әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев, мәдениет қайраткері Алдаберген Сәрсенбаев, авиатор Әбу Смағұлұлы, әйгілі әнші Амангелді Сембин, мұражайшы Нәзира Жақауова, журналист Жұмабек Кенжалин, демограф Мақаш Тәтімов, диссидент Махмет Құлмағамбетов, фототілші Рахымбай Ханалы, Саяси Бюро мүшесі Дінмұхамед Қонаев, мүсінші Хамидула Бралиев, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев, жауынгер Талайбек Ылаев, алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбай, күрескер ақын Мұхтар Шаханов, халық емшісі Болат Жүнісов сынды тұлғаларға арналған. Қаламгердің «Үлкен Үштік бас қосса», «Қазіргі таңда бізге қандай әдебиет керек?», «Шындыққа жығылар жан бар ма?», «Ашаршылық трагедиясы халықты біріктіреді», «Желтоқсанға саяси баға берілер ме екен?», «Тіл мен тәуелсіздік – айырылмас ұғым», «Ұлы Абайдың 25-сөзі және біз», «Менің шығармашылықтағы құбылам», «28 қайраткердің хаты туралы» толғамдары тоқсан түрлі түйінмен тарқатылған.
Жазушы Қайсар Әлімнің «Міржақып Дулатұлы», «Атылуын күткен алты күн» атты екі романы да тарихи деректілігімен ерекшеленеді. Атақты «Оян, қазақтың» авторы, Алаш қозғалысының әйгілі көшбасшыларының бірі, көрнекті қаламгер Міржақыптың қазақтың азаттығы үшін жүргізген сан-салалы күресі романда нақты оқиғалармен тамаша суреттелген. Осы құндылығына орай роман танымал аудармашы Ашур Өздемирдің тәржімасымен Станбул қаласында түрікше жарық көрді. Және Бақтыгүл Махамбеттің ағылшынша аудармасымен Лондонда «Crab Pulising» баспасынан шығып, әлем оқырмандарына жол тартуда. Ал, «Атылуын күткен алты күн» деректі романы Қазақ автономиясының тұңғыш Конституциясының авторларының бірі, Әділет халық комиссариатының қызметкері, кәсіби заңгер Сейдәзім Құлмағанбетұлы Қадырбаевтың Алаш идеясын жүзеге асырудағы зияткерлігі, еліміздің болашағын болжаудағы түпқайнарды анықтаған ерен сарапшылдығы, пассионарлық өжет іс-әрекеттері, қайтпас күрескерлігі жанды дәлелдермен жан-жақты баяндалады. Осылайша, суреткер Қайсардың егіз романы халқымыздың рухын көтеру жолындағы елеулі еңбек дей аламыз.
Жазушы Жұмабай Қайранбайдың «Тағдыр тауқыметі» деректі хикаяты өмірде болған нақты адамдар Қата Кәріғұлұлы мен оның туған ағасы Әміренің бастан кешкен азапты ауыртпалықтарын нақты оқиғалармен баяндаған. Бұл жеке адамдардың ауыр тағдыры Ақ патша заманында «Июнь жарлығына» қарсы көтеріліске шығып аяусыз жазаланған қазақ жұртының амалсыздықтан Қытайға қарай ауа көшуі, кейін Совет үкіметі орнаған соң қайта оралып, азамат соғысы мен аштықтан бас сауғалап тағы қашуға мәжбүр болуы, одан кейін Екінші дүние жүзілік соғысқа өз еркімен барудан бас тартқаны үшін Сібірге айдалғаны секілді қиян-кескі қилы оқиғалардың бүкіл қазақтың бастан кешкен алапат тарих екендігімен құнды туынды әрі суреттеу шеберлігі де кітаптың рухани деңгейін жоғарылата түскен.
Алаш арыстарының үлгісімен туған халқына адал, жанкешті қызмет атқарған біртуар тұлға Өмірбек Жолдасбековтің саналы өмірін қамтыған жазушы-журналист Көлбай Адырбекұлының «Академик Өмірбек Жолдасбеков» кітабы – қолданған деректерінің сонылығымен әрі тілінің журналистикалық дәлдігімен дараланып тұрған толымды туынды. Кіріспедегі академик Зейнолда Қабдоловтың «От еді!» деп басталатын жүрекжарды сөздері Өмірбектің рухани портреті десе болады. Алғысөз жазған Жақсыбек Құлекеев: «Өмірбек Арыстанұлы нағыз ғұлама ғалым, 400-ден астам ғылыми мақала, оның 70-і шетелде жарияланған, 12 моногафия, 30-дай оқулық жазып, 120 авторлық куәлік және шетелдік патентке ие болған», – депті. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне осы күнге дейін он төрт ректор басшылық жасаған екен. 1948 жылы Төлеген Тәжібаев ректорлыққа келгенде студенттердің үлес салмағында қазақ жастары он-ақ пайыз болған, ол кісі 1953 жыл дегенде қазақ студенттерінің санын басқалармен теңестірген, 1970 жылы ректор болып келген Өмірбек Жолдасбеков қазақ студенттерінің санын тоқсан
пайызға дейін көтеріп, оқытушылар мен декандарды ұлттық кадрлармен толықтырыпты. Одан да үлкен қызметі 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінің жаласымен ректорлықтан босағанға дейінгі он алты жылда Одақтағы Мәскеу мен Ленинградта да болмаған Қазақ Университетінің кешенді кентін тұрғызуы. Міне, үш жүз беттік толымды туынды – Өмірбек Жолдасбековтің осындай көзге көрінерлік еңбектері мен ерлік күреске толы саналы өмірін айшықтаған ескерткіш.
Көсемсөзші қаламгер Сүлеймен Мәметтің «Қазақтың қақысы» атты публицистикалық көлемді жинағы «Жер» деген тақырыппен басталыпты, Еуропаның атақты жеті елі сыйып кететіндей кең, қазіргі әлем елдерінде алғашқы ондықтағы жерді иеленген еліміздің осы өлкесі үшін жан алып, жан беріскен қазақтың аты белгілі, белгісіз ерлері мен осы жер үшін болған қиян-кескі саяси тартыстар мен айтыстар кезең-кезеңімен, қайда, қашан нендей елеулі оқиғалар болғаны жіпке тізген маржандай баяндалған екен. Яғни, қазіргі еліміздің иеленіп отырған киелі жері халқымыздың қан мен тері, жаны мен малы құрбан бола отырып аман қалғанын жеріне жеткізе жаза білген. Келесі тақырыпта «Заманға күйлемеген, балшық етіп илемеген үш арыста» Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды қазақтың үш атақты тұлғасының халқының руханиятын қорғау, дамыту жолындағы ерлік істерінен сыр шертеді.
Ғалым-қаламгер Ахмет Тоқтабайдың «Қазақтың достары мен қастары» деп тосын атаумен атаған кітабының алғысөзі «Халқымызды қаламмен қорғайық!» деп, басталады. Кітаптың жалпы мән-мазмұны да осы алғысөзден айнадай көрінеді: «Халқын қаламмен қорғаудың үлгісін ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан үйренуміз керек. Ол қазақтың қой шаруашылығы туралы еңбегінде қазақ қойының өте төзімді, төрт мезгілде өз азығын өзі тауып жейтін сергек, төлін туып аз уақытта емізіп, қорғай алатын сақтанғыш, жайлау, қыстауын танитын байқағыш» деп сипаттауы, өз халқы қазақты қойып оның қойын да қорғай білген, ешкімге қорлатпаған, – дейді. Отызыншы жылдары Сауда халық комиссарының орынбасыры болған Зейнолла Төреғожин қазақтың малсыз қалып қырылуына себепкер болған Микоянға жөн-жосықсыз мал алудың арты ашаршылық болатынын пленумда қатаң ескерткен, қазір сол күрескер ұмыт қалды. Міне, осы аз мысалдағыдай бұл кітапта қазақтың жоғын жоқтап, оған қорған болған басқа ұлт өкілдерінен Ж.Абдрахманов, А.Е.Алекторов, Т.У.Аткинсон бастаған 73 тұлғаның еңбегі нақты деректермен және дәл солай қазақ ұлтына қастандық жасаған Ю.Алешковский, С.Б.Коэн,
И.И.Гержод, А.Марченко сияқты 33 адамның ісі дәлелмен жазылған. Осылайша, бұл кітапты атына заты сай кітап дей аламыз.
Журналист, баспагер Талғат Айтбайұлының «Алматы. 1986. Желтоқсан айғақ-кітап» жинағының 17-томы деп аталуы бұған дейін де, осы атаумен жарияланған кітаптардың қорытындысы деуге болады. Кітаптың беташарында Мемлекет және Қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлінің: «1986 жылы Ресей отаршылары тағы бір арамза ойдың ұшығын шығарды. Бірақ, бұған Димаш ағамыз үзілді-кесілді көнбеді. Сондықтан да, Горбачев ол кісіні тақтан тайдырып, оның орнына досы Колбинді қойып, жымысқы жоспарын жүзеге асырмақ болды. Біле-білсеңіз, Желтоқсанда қазақ жастары ең алдымен осы қауіптің алдын алып, ата-баба жерін қорғап қалған болатын. Әлбетте, олар мұны біліп істеген жоқ, бірақ шындық осы» деген сөзі жазылыпты. Ол
1994-інші жылы «Ана Тілі» газетіне берген сұхбатында үлкен саяси құпияны меңзеп тұр. Ал, Халықаралық «Қазақстан дәуірі» газеті мен «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық ұйымы осы атақты көтерілістің 4 батыры Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаев, Түгелбай Тәшенов, Қайыргелді Күзембаев, Ертай Көпесбаев және басқа батырлардың қайсарлығына арнаған дөңгелек үстел әңгімесінде ұмыт қалған, ескерілмей келе жатқан көптеген жәйттің бетін ашқан. Осы сұхбатты жүргізген газеттің бас редакторы Ертай Айғалиұлы: «Сот залынан түсіріліп газетке жарияланған сурет бүкіл Мәскеуді шошытқан, осы суретті жариялағаны үшін талай адам жұмыстан шығарылған, міне, сол суреттегі айбынды батырлардың бүгін екеуі осы дөңгелек үстелге келіп отыр», – депті. Қаламгер, Желтоқсан қаһарманы Болат Шарахымбай: «…Сот үкімін тыңдап тұрған бес жігітті ҚазТаг-тың фототілшісі Юрий Беккер түсірген кездегі олардың асқақ рухпен ерлерше қасқайып тұрғаны, әділетсүйгіш жұртты сүйсінтті әрі жала жабылған қамкөңіл халыққа күш-жігер беріп, үміт сыйлады…», – дейді, яғни өктем билік оларды атуға, ұзақ жылға соттауға шешім шығарса да қаһарман қазақ жастарының суретінің өзі қорқақ биліктің үрейін ұшырыпты. «Дәл осы суреттің тастан қашалған алып ескерткішін Алматының төріне қойса, ұлт рухының символы болар, еді» деп Болат ой тастаған екен. Осы суреттегі екеудің бірі, Желтоқсан ардагері Қайыргелді Күзембаев: «Тәуелсіздікке жеттік, ұзақ жыл соттан кейін ақталып бостандыққа шықсақ та денсаулықтан айырылдық, ал жоғарғы жаққа біздің енді қажетіміз жоқ сияқты» депті. Қорыта айтқанда, бұл кітап қазақ халқының әлемге әйгілі болған Желтоқсан көтерілісінің даңқты мұрасы, өшпес ескерткіші.


Зерттеуші қаламгер Болат Жүнісбековтің «Күнге асығу», роман-новелла деп аталған бес жүзден астам беттік еңбегінің алғысөзін автор «АЙСЫЗ ТҮНДЕ мың біріншінің мұңы» деген тақырыппен бастапты. Бодандық тұзағына түскен мұқым қазақтың мұң-зарын мыңдарға балап, хакім Абайды мың бірінші десе, мұң-зардан құтылудың жолын дала данышпаны ағартушылықтың Күніне ұмтылып, қараңғылықтан шығуды мұрат еткенімен түйіндеген.
Ұстаз қаламгер әрі Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Болат Шарахымбайдың «Желтоқсан: Рух дауылы» екі томдық жинағына да осы тақырыпқа қатысты көптеген зерттеу мақала мен сұхбаттар қамтылған. Әрбірі бес жүз беттік кітапта атақты Желтоқсан-86 көтерілісін өз басынан кешкен кәсіби қаламгер сондағы болған оқиғаларды көзге елестете керемет суреттеп жазған. «Үстемдік пен Үрей», «Қайсарлық пен қаһармандық», «Ұлтшылдық пен ұлтсыздық», «Жала мен жаза», «Бұғау мен бұлқыну», «Үміт пен күдік» деп аталатын алты бөлім түгелдей деректер мен дәлелдерге толы. Қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі Қызыл империяның іргесін сөгіп, әлемдік саясатқа өзгеріс әкелген тарихи оқиға екені тамаша сипатталған, яғни бұл кітаптағы әрбір жазба тарихшылар мен жазушыларға таптырмайтын бұлақ-көз тұрғысында нағыз деректі прозаның үлгісін көрсеткен.
Жалғасқали Дүтмағамбетовтің «Өмір, өмір, өмір-ай!» эсселер жинағына «Қысқа жазу – шеберлік» деп басталып «Қазақты сақтайтын қыздары», «Атаның асатаяғы», «Менің Барақ көкем», «Нағашыдан қонған қасиет» қатарлы 45 туынды қамтылған. Әрбір тақырыпта адамның өмірінің қаншалықты қызық та қымбатты екенін зерделей білген.
Зерттеуші қаламгер Алмахан Мұхаметқалиқызының «Абайдың өмірі және шығармашылығы хронологиясы» атты төрт жүз беттік зерттеу еңбегі «Абай заманындағы Абайтану», «Кеңес дәуіріндегі Абайтану» және «Бүгінгі Абайтану» деген үш бөлімен тұрады. Автор Абай мұражайында еңбек еткен жылдарынан бастап, бүгінгі күнге дейін (1992–2018 ж.ж.) бұл еңбегінің дерегін жинап жүйелеуге 35 жылдан артық уақытын сарп етіп академияның жүгін арқалаған тарихи туынды тудыра алған. Кітап «Абайдың өмірі, өскен ортасы, заманы» деген тақырыппен басталып, нақты деректер келтіреді.
Қаламгер Қайырбек Шағырдың «Абыралы аңыздары» атты жинағы атомның алапат сынағынан атағы әлемге әйгілі болған Абыралы өңірінің 90 жылдығына арналған екен. Осы датаға орай Абыралы елінің бодандыққа қарсы азаттық күрестерінен де деректі оқиғалар қамтылған және осы өлкеден шыққан Алаш арыстары Н.Нұрмақов, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, М.Тұрғынбаев қазақтың әйгілі тұлғалары Жанақ ақын, ғұлама Ағжан Машани, қаламгерлер Сапарғали Бегалин, Т.Ысмайылов, әншілер Әміре мен Бибігүл сынды екі жүзден астам тұлғаның анықтамалық өмірбаяны жазылған. Екінші бөлімде автордың жолжазбалары, эсселері, белгілі тұлалармен жасаған сұхбаттары қамтылған, Әлемге әйгілі композиторлар Бетховен, Паганини, Огиньский туралы танымдық туындылары да нақтылығымен тартымды.
Зерттеуші қаламгер Көкбөрі Мүбарактың «Қаған» атты тарихи танымдық туындысына алғысөз жазған жазушы Болат Шарахымбай: «Автордың таңдаған тақырыбы әлі игерілмей жатқан ғылымның тың алқабы десе болады. Әсіресе, осы уақытқа дейін мызғымастай қалыптасып алған академиялық еуроцентристік білімнің көбесін сөгуі оңай болмағаны анық» депті. Кітаптың атауының «Қаған» болуын да Қаңлы елінің билеушісі Қоғам ата атауымен байланысты дейді. Әсіресе, әлем өркениетінің бастаукөзі есептелетін Шумер өркениетің өзі осы Қаңлыларға қатысты деуі бірден саналы оқырманды селт еткізеді.
Осылайша сарапталған деректі проза жанры деп аталған бүкіл кітаптардың оқырман қауымға тарихи жағынан да, рухани жағынан да берері көп, сұранысы да, оқылымы да жоғары болады деген сенімдеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір