ҚаҺарман Қасым
24.10.2023
245
0

Халық Қаһарманы, даңқты партизан, жазушы
Қасым Қайсенов ағамыздың туғанына биыл 105 жыл.
«Қазақ әдебиеті» газетінің сұрауы бойынша Қасым ағаның өз аузынан естіген әңгімелері мен күнделік беттерінен үзінділерді газет оқырмандарына ұсынып отырмын.
Еркін НҰРАЗХАН 

 

«Қара кісі»

Қасым ағаның «Елімнің ертеңіне сенемін» атты жинағын құрастырып, баспаға әзірлеу барысында ертеректе жазылған бір шағындау естелігін редакциялап, «Қара кісі» деп тақырып қойып, кітапқа енгіздік. Батырдың бұл естелікке байланысты айтып берген мына «қосымшасы» оның бойындағы бала күнінен белгілі тентек мінезін танытқандай еді…
– Бұл, 1947 әлде 48-ші жыл болуы керек, – деп бастады әңгімесін. – Қат­ты ауырып, Совминнің ауруханасына түстім. Бір палатада менімен бірге ұзын бойлы, арық, қара кісі жатты. Өзі өркөкірек, менмен, ешкімді менсінбейді. «Ә» дегеннен сөзіміз жараспады. Сонда да пендеміз ғой, бір-біріміз жайлы білісуге көштік. Ол кезінде НКВД-да жоғары лауазымды қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шыққан көрінеді.
Бірде көңілімді сұрап, Жұмағали Саин келді. Ол палатамызға кірген кез­де көршім шығып кетті. Жұмағали: – Өй, Қасым, сен кіммен жатқаныңды білесің бе? Мынаны біз, «талайды зарлатқан, небір ардақтылардан жауап алып, оларды айдатқан, атқызған» деп естуші едік. Байқа, аузыңа ие бол! – деді сыбырлап. Тағы бір күні Сейітжан Омаров келіп, ол да шошып кетті. «Сақ бол» дегенді айтты.
Бұл қара кісі менен он-он бес жастай үлкен екен. Соған қарамастан, арамызда сыйластық сұйылып, салқындыққа ұласты. Тіпті араздыққа бет алып, күннен күнге қарым-қатынасымыздың қиюы қаша бастады. Мені ол дәрігер, медсестраларға сыртымнан жамандайтын көрінеді, «қатты сөйлейді, қатты күледі»…» деген сияқты, өзі карта ойнағыш. Преферанс ойнайды. Мені де ойынға тартып, аздап үйретеді. Бәрібір іштей араздығымыз ұлғаймаса, азайған жоқ. Мен енді ол туралы сыртынан естігенім үстіне, өзінің де «халық жау­ларымен» қалай күрескені жайлы мақтана айт­қан әңгімелерінен соң оны мүлдем жеккөруге айналдым…
Бірде, түн ортасында оянып кетіп, дәлізге шықсам кезекші медсестра орнында жоқ екен. Үстелінің үстінде ауруларға қандай ем қолданатыны жайлы дәрігердің нұсқаулары жазылған журнал жатушы еді. Журналға көршімнің фамилиясын көрсетіп, «таңғы 6-да клизма жасау керек» деп жазып қойдым. Сағат 6-да клизма жасайтын заттарын көтеріп, медсестра келді. Оны оятып, клизма жасайтынын айтты. Ол өзіне клизманың қажет еместігін, ауруының оған ешқандай қатысы жоқтығын дәлелдеп, біраз байбалам салып еді, медсестра көнбеді. Келген шаруасын орындады. Мен ақырын шығып кетіп, біздің қабаттағы әжетханаға кіріп, ішінен ілгешегін салып, жәй отырдым. Біраздан кейін жүгіріп әлгі «мықтым» келді. Есікті жұлқыды, жабық тұр. Біраз жүрді де, тағы келіп тартады, қағады. Мен отырмын, былқ етпей… Содан жоғарғы қабатқа кетті ғой деймін. Ол жақта да бос болмаған болуы керек, қайтадан келді жүгіріп. Тағы да тоқпақтайды есікті…. Бір мезетте шыдай алмады-ау деймін, әжетхана есігінің жанында тұрған шелекке «отырып» кетті. Палатама келсем, маған алая қарап, дауысын көтере сөйледі.
– Сен екенсің ғой, сіресіп отырған. Мен бағанадан жүгіріп кіре алмадым, – деп, булықты.
– Енді сізден басқа жан әжетханаға бармауы керек пе? – деп, мен түк білмегенсідім…
Қасым аға қара кісі туралы айт­қанда, өзінің де өңі қарайып, «халық жауларымен» күрескен сабазбен біраз уақыт бірге бола тұра қолынан баланың тентектігіндей әрекеттен басқа ештеңе келмегенін, қанша жылдар өтсе де ұмытпағанын жасыра алмады. «Әттең, кешегі партизан кезімде кез­деспедің-ау… Сенімен басқаша сөйлесер едім», – деген өкініш көпке дейін бір бүйірін қыздырып, кей-кейде ойына оралып соққанын сеземін. Бірақ уақыт деген ұлы емші ғой. Ол өкінішті өшіріп, ренішті келмеске кетіргендей. Бір кез­де қарадай қапаланған дүниеге бүгінде тек бала мінез, таза көңілмен өзінің сол тентек қылығын ғана еске алған Қасым аға бойын ауыр ойдан арылтардай лекітіп күліп алды. Көзіне келген жасты ақ орамалымен сүртті. Онсыз да тікірейіп тұрған, маңдай тұсы сирей бастаған аппақ шашын аздаған дірілі бар қоңыр саусақтарымен кейін қарай тарап-тарап жіберді де, «иә, солай», – деп, терең күрсінді…

…За «жолдаши!»

Қасым ағаның бөлмесіне кірсем, төсегінде ұйықтап жатыр екен. Теледидары жүріп тұр. Құлағында құлаққап. Теледидар көріп жатып, қалғыса керек. Тізесінен қозғап едім, оянып кетті. Маған аңтарыла қарады да күліп жіберді:
– Ой қарғам, қайдан жүрсің? Көрінбей кеттің ғой, – деп басын көтерді.
– Халіңіз қалай?
– Халім жақсы. Отырамын, жатамын. Барлық жаңалықты мына теледидардан көремін. Бірақ шаршап қаламын. Шаршайтын себебім, іші толған қырғын соғыс, қантөгіс. Қай арнаға бұрсам да көрсететіні сол – кісі өлтіру. Бұл не деген сұмдық. Еркектерінде екіден пистолет, әйелдерінің қолында екіден пышақ. Бүйте берсе Қазақ­стан тек террористерді дайындайды ғой. Өйткені осындай киноларды көрген бала ертең ержеткенде не болады? Соны ойласам, шаршап қаламын. Орысшасы аздай қазақшаға да аударған…
– Бұл соғыстарды көріп отырып, өзіңіз қатысқан соғыс та жиі еске түсетін шығар?
– Иә, иә, дұрыс айтасың. Теледидардан қантөгістерді көріп отырып, еріксіз өзім қатысқан ұрыстарым ойыма оралады. Кейде түсіме кіреді. Мен де қанды көп көрдім. Соғыс бітуге тақалып, елге қайтамын дегенде Ковпак: «Вася сен қандықолсың. Сенің қолың тиіп кеткен жерден қан шығады. Сен еліңе барма. Өйткені біреуге соқтығып қалсаң, ол жазым болса сені соттайды. Ол жақта сені ешкім танымайды. Сосын түрмеде шірисің. Одан да өзіңді білетін, жас болсаң да құрметтейтін осы Украинада қал» деген еді. «Қан» дегенде есіме көп оқиға түседі. Тіпті кейде ойламаған жерде оқыс жағдайға килігесің.
…Бірде Панитово орманындағы партизандар лагерінде кезекті ұрыстан келіп, тынығып жатыр едік, қатты ұйықтап кетіппін. Түнгі күзетшілердің бірі оятады. Бізде «ближний пост», «дальний пост» дегендер болады. Ближний постқа кіші командирлер бара береді. Ал дальний постқа, егер төтенше бір оқиға болса, тек отряд командирі барып шешеді. Мен – Чапаев атындағы отрядтың командиримін. Дальний посттан менің рұқсатымсыз ешкім сыртқа шықпайды, ішке кірмейді. Соған шақырған соң ұйқылы-ояу келе жатырмын. Ұрыстан шаршап ұйықтаған мен жуынып-шайынуға да үлгермегенмін. Өңім қарайып, шашым өскен сиқым да онша емес. Постқа жеткенімізде күзет бастығы майор маған жағдайды баяндады. Неміс тұтқынынан қашып шыққан үш совет офицері келген екен. Біреуі полковник, қалғандары капитан, лейтенант көрінеді. Өздерін партизан отрядына қабылдауды, мүмкіндік болса өз әскери бөлімдеріне қосылғылары келетіндіктерін айтыпты. Күзет бастығы баяндап болып, менің алдыма түсіп әлгілерге жақындай бергенде үшеудің ірісі майорға: «Что, у вас жолдаши есть?» дегенін естіп қалдым. Ол кез­де құлағым өте сақ, көзім қырағы еді. «Тихо, он – наш командир…», – деді күзет бастығы сыбырлай зекіп. Мен жақындағанда үшеуі тізіліп тұра қалды. Майор олардың аты-жөндерін атап, қай лагерьден қашып шыққандарын айтып, маған таныстырды. «Полковник» деп фамилиясын атадым (қазір аты-жөні есімде қалмапты), «бір адым алға шық» дедім. Үшеудің ішіндегі жаңағы мені алыстан адамсынбай күңкілдеген дәуі бір адым алға аттады. Мен қарсы алдына келдім де, тұмсықтан сүйкеп жібердім. Ол шалқалап барып түзелді. Тұтқыннан қашып шыққан жанда қандай әл болсын, дегенмен мықты екен, құламады. «За что?» дегендей маған алая қарағанда, «это тебе за «жолдаши»! – дедім. Танауынан қан сорғалап кетті.
– Сен қорқақ, полковник басыңмен немістің қолына тұтқынға түсесің. Жаның тәтті екен. Сен Отаныңа опасыздық жасадың. Ал мен, мың жарым адамды басқарсам да ең ауыр операцияларға өзім қатысамын. Отан үшін қасықтай қанымды аямай күндіз-түні соғысып келемін. Мен өз басыма ғана емес, мына отрядтағы мың жарым адамның тағдырына жауап беремін. Ал сен мені «жолдаши» деп кекетесің! – деп ақырдым. Сосын күзет бастығы майорға «полковникті атып таста, қалған екеуін отярдқа әкел» деп бұйырдым да, бұрылып жүре бергенімде, еңкейіп тұрған полковник аяғыма жығылды. Кешірім сұрай бастады. Мен илікпестен, майорға «бұйрықты орындаңдар» деп кетіп қалдым.
«Жолдаши» деген мазақ сөз соғыста қорқақтық танытқан бір өзбектерге қарата айтылса керек. Кейін сәл осалдық жасаған азиялық солдаттарды осылайша кекетіп-мұқатады деп еститінмін. Соны дәлелдегендей, мына полковниктің менің азиялық түріме қарап аузынан шығып кеткен сөзін көтере алмадым. Қатты ашуланғаным да сол.
Демалатын орныма келіп қайтадан ұйықтап кетіппін. Таң ата оянсам, қарамағымдағы барлық командирлерім жиналып, менің оянуымды күтіп отыр. Өзімнің қандыкөйлек батыр жігіттерім. Көбі украин, орыс, белорусьтар.
– Ие, не болды? Неғып таң атпай жиналып отырсыңдар?
– Вася, – дейді менің орынбасарым, – өзіңе сенімді жігіттер үлкен өтінішпен келіп отырмыз. Сен түнде атуға бұйырған полковникке кешірім жасауыңды сұраймыз. Оны осында танитындарымыз да бар. Одан бір қателік кетті. Сен оны кешір. Негізінде ол – адал, батыр, білімді офицер. Жолы болмай қолға түскен. Оның бізбен бірге адал соғысатынына кепілдік береміз. Бұйрығыңды өзгерт. Кешірім жаса, – дейді қиылып. Барлығы өз пікірлерін айтты. Олардың бір өтінішін орындамасам, ертеңгі күні менің сөзім оларға қалай өтеді. Соны ойладым да полковникті кешірдім. Сөйтіп, оларды әр ротаға бөлдік. Полковникті өз қасыма алып, талай соғысқа бірге кірдік. Байқасам, шынында батыл, ержүрек жігіт екен. Бірде ол: «немістің тепкісінен сіздің соққыңыз ауыр тиді» деп күлдіргені бар. Бәрі жақсы соғысты. Кейін сол үш жігіт аман-есен өз әскери бөлімдеріне қосылды.
– Егер сол полковник соғыстан аман қалып, Қазақ­стан туралы естігенде есіне сіз түскен боларсыз.
– Қайдан білейін. Талай қорқақтар мен ұлтшылдықтың исі бар өркөкіректердің танауын бұздық қой. Мүмкін тірі болса, олардың есінде шығармын. Оларды айтпағанда, менің қарамағымда болып, соғыстан кейін батыр атанғандарының мен Украинаға барғанда батырлық жұлдыздарын тақпай жүргендерін байқап: «Алтын Жұлдыздарың қайда?» десем, «Ой, Вася, сол жұлдызды сенің көзіңше тағуға ұяламыз» деп ақ көңілден шындарын айтатын. Сондай жақсы, қызық жігіттер ғой, – деп Қасым аға қарулас достарын елжірей есіне алды.

Поптарды неге жазаладым?

Автокөлікпен бағдаршамға тоқтап тұрғанымызда бір үлкен «Джип» мен жақтан қатарласып тоқтады. Қарап едім алдыңғы орындарында басында ақ сәлдесі бар, ақ шапанды, сақал-мұртты, толық бетті, кесек денелі молда жігіт отыр екен. Ол да біздің машинаның ішіне үңілді де Қасым ағаны көріп, «Ассалаумағалейкум, Қасым аға!» деп дауыстай сәлем берді. Қасым аға естімеген соң мен ағаның шынтағынан түртіп, өзім сәл шалқайып, сәлем берген жігітті нұсқадым.
– Не?
– Сізге сәлем беріп жатыр.
– Кім?
– Бір молда жігіт.
Сөйткенше орнымыздан ақырын жылжи бергенде әлгі молда: «Мен сіздің немереңіздің некесін қиғанмын» деп дауыстап кете барды.
– Не дейді анау?
– Сіздің немереңіздің некесін қиғанмын, – дейді.
– Е,-е, рахмет онысына. Бірақ осы молда мен поптарға құрметім шамалы. Олардың көбі өтірік айтады. Әрине, арасында жақсылары да бар шығар. Бірақ соларға менің сенімім аз, – деп үнсіз қалды. Сосын бір оқиға есіне түсті ме, булыға жөтеліп, күліп алды:
– Менің әкеммен туысқан Мұса деген ағам болатын. Соғысқа дейін ол да елмен бірге арақ ішіп, орыстармен достасып жүруші еді. Мен соғыстан келсем, сол ағам «молда» болып алыпты. «Балам келді» деп әкем бір қойын со­йып, көрші-қолаң, жақын-жұрағатты қонаққа шақырды. Біраз жұрт үйге жиналды. Соғыстан көп азаматтар оралмай, адамдардың сиреп қалған кезі ғой. Әрине, дастарқанға соғыстан кейін ішімдік қойыла бастаған шақ. Ішетін ел ішіп жатқанда менің молда ағам ішпей отырды. Көпшілік үзіліске шыққанда мен ағамды қолға алдым. Молдалығының қаншалықты мықты екендігін тексерейін деп: «Аға, мынадан алмайсың ба?» – десем, «Жоқ, ішпеймін, молдамын», – дейді. Мен айтамын: «Бауырыңыз соғыстан аман оралғанда бір-екі жүз грамда тұрған не бар?» – деп. Өзі көңілшек еді:
– Әй, ешкімге айтпайсың ба? – деді.
– Айтпаймын.
Ол бір-екі жүзді қағып салды. Үзілістен кейін отырыс қайта жалғасқанда бағана тыныш отырған ағам беті қызарып, біреулермен сөйлесе бастады. Оны әкем байқап:
– Өй, мынау өзгеріп қалыпты ғой. Бұған не болған? – деп маған қарады.
– Ағамды өзгертіп қойған мен едім, – деп күмілжідім.
– Әй, тентек қара, сен екенсің ғой бүлдірген, – деп басын шайқады.
Ал поптар туралы айтар болсақ, соғыс кезінде Сталиннің арнайы бұйрығымен «Дінге, дін басылардың қызметіне тыйым салынбасын» деп олардың беделін көтеріп қойған еді. Соған қарамастан, бір жолы барлаушылар хуторларда поптар «неміс армиясына көмектесіңдер» деп насихат жүргізуде, ертең сондай жиын бір хуторда өтеді» деген хабар жеткізді. Ертеңінде жаныма 20 мықты партизанды алып, сол хуторға келдім. Келсек орталық алаңқайда бүкіл село тұрғындарына үш поп жиын өткізіп жатыр екен. Екі поптың ортасында үлкен бір поп сөйлеп тұр:
– Жерлестер, туғандар! Ұлы Германияның азаттық армиясы жақындап қалды. Олар бір-екі күнде бізге де жетеді. Совет әскерін талқандап, әлі-ақ жеңеді. Сондықтан біз оларды қолдап, азаттық армиясы деп қарсы алуымыз керек. Олар коммунистер айырған дінімізді, бостандығымызды қайтарады. Бәріміз азаттық армиясына қолдан келген көмегімізді көрсетейік… – деп соғып тұр екен. Біздер қаруларымызды қойнымызға тығып, жұрттың арасында тұрғанбыз. Шыдамай кеттім:
– Әй, найсап, – деп, ақырып ортаға шықтым: – Тоқтат, сандырағыңды. Қайдағы азаттық армиясы? Олар басып алған елді мекендерді талқандап, өртеп, қырып жойып келе жатқан жоқ па?! Жарамды дегендерді вагондарға тиеп Германия қара жұмысқа әкетіп жатыр. Бала-шаға, қарт, әйел демей айуандықпен өлтіріп, қан кешіп келеді… Мен мына ормандағы партизан отрядының командирімін. Мына сұмырайлардың сөзіне сенбеңдер. Біз сендермен біргеміз. Қандай жағдайда да көмекке келеміз. Бүгін осында жиын өтеді деген соң шағын отрядпен кеп тұрмыз. (Жігіттерім менің қасыма қаруларын кезене тұра қалысты.) Совет үкіметі сендерді ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да. Жауды бәрібір жеңіп, шын азат өмірге жеткізеді. Соған бірге қимылдайық. Мына сатқындардың сандырағына сенбеңдер. Басқыншы неміс-фашистерін жақтап, теріс үгіт-насихат жүргізгендері үшін бұларды «Халық кекшілдері» атынан өлім жазасына бұйырамын, – деп сол жерде үшеуді дарға асқыздым. Халық оларға араша болмады. Қайта олардың дінді жамылып, сатқындық жолына түскендеріне зығырдандары қайнап жүрсе керек. Міне, партизан қозғалысында осындай қаталдыққа баруға да тура келген. Неге екенін білмеймін, содан кейін поп атаулыға сенімім жоқ, – деп Қасым аға қатайған үнін бәсеңдетіп, әңгімесін аяқтады.

Күткен сыйлық

2002 жылы Қасым ағаның «Естеліктер мен жазбалар» атты публицистикалық кітабы жарық көріп, ол кітап туралы жақсы пікірлер айтыла бастады. Тіпті 2004 жылдың басында Жазушылар Одағы бұл кітапты Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кітаптар тізіміне қосып та жіберді. Жыл аяқталайын дегенде Астанада ресми орында қызмет істейтін дос жігіт маған телефон шалып:
– Ақсақалдың кітабы сыйлыққа ілінбеді. Жалғыз ол кісі емес, біраз авторлар өтпей қалды. Сыйлықты тек Ә.Сараев қана алатын болды. Ертең газетке шығады. Қасым аға ренжімесін. Алдағы жазда Президент сыйлығын алып қалар. Иә, солай.., – деп телефон турбкасын қоя салды.
Қасым аға бірде: «Мен кейінгі кез­де ақшақұмар болып бара жатқан сияқтымын. Егер біреулер сыйлық беріп жатса алғым келіп тұрады», – деп, осы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда айтып қалған еді. Апырмай, сол күткен сыйлығын алмаса жабырқап қалатын болды-ау. Бірақ мына достың «Президент сыйлығын алады» дегені көңілге демеу екен деп, келесі күні газеттен Ә.Сараевтың Мемлекеттік сыйлықты алған хабарын оқыған соң телефон шалдым. Трубканы Асыл апа көтерді.
– Ағаң ұйықтап жатыр. Не айта­йын деп едің, – деген соң, мен естіген жаңалығымды жеткіздім. Асыл апа: – Ойбай, бұл туралы айтпа. Ол қазір ести сала жарты Алматыға жария етеді. Кейін оны да ала алмаса ұятқа қалады. Айтпа, «беріп жатса, сонда бірақ білер», – деп қатты тапсырды.
Екі-үш күннен кейін мен Қасым ағаның бөлмесінде бір шаруалармен барып қалған соң екеуміз әрнені бір әңгімелеп отырмыз. Байқаймын, Қасым ағаның көңіл күйі онша емес. Сыйлықтың жағдайын естіп алған секілді. Айтарымыз таусылып қалған бір сәтте: – Иә, тағы да не жаңалық бар? – деп сұрады. Мен Асыл апаның ескертуіне қарамастан, ағаның көңілін көтеріп қойғым келіп, досымның әңгімесін айттым. Жүзінде ешқандай өзгеріс байқалмады, тек: – Мен оған сенбеймін. Ол өтірікші, – деді жайбарақат қана.
– Неге өтірікші? Ол «Мемлекеттік сыйлықты жалғыз Сараев алады» деді. Ертеңінде газетке шықты. Президент сыйлығын, бұйырса Сіз де алып қаларсыз. Өзі телефон шалып, сенімді айтты ғой.
– Жо-оқ, мен оған сенбеймін. Ол талай рет өтірік айт­қан. Мен оны білемін, – деп жантая берді… Сосын мен кетер кез­де Асыл апаның ескертпесі есіме түсіп: – Аға, жарайды, ендеше, бұл туралы ешкімге тіс жармаңыз. Газетке шыққанда бірақ көрейік, – дедім.
– Әй, Еркін, сенде жалпақ скотч бар ма? – деді.
– Жоқ. Оны қайтесіз? – деймін таңырқай сұрап.
– Бар болса, мына менің аузыма жапсырып кетпесең, мен «ешкімге тіс жармаймын» деп уәде бере алмаймын, – дейді қулана жымиып.
Қасым аға бұл «жаңалықты» біреулерге айтты ма, айтпады ма оны білмеймін. Бірақ сол Президенттік сыйлықты да ала алмады…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір