ҚАЗІРГІ ПРОЗАҒА ТЕК ФОРМА ЖАҢАЛЫҒЫ ЖЕТКІЛІКСІЗ
28.07.2025
63
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің 23 мамыр 2025 жылғы №20 санында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­стан университетінің қауымдастырылған профессоры Р.Сұлтанғалиева мен газет­тің бөлім меңгерушісі М.Райымбекованың «Әдебиетке автордың танымы жан бітіреді» деген сұхбаты жарияланды. Ең алдымен, сұхбат тақырыбы көңілге қонымды. Шындығында, әдебиет­тегі жаңалық немен өлшенеді? Ең әуелі автордың суреткерлік дүниетанымымен, өмір құбылысын жаңаша танып, жаңаша баға беруімен өлшенеді. Түптің түбінде ол – идея, бүгінгі өмірдің өзінен туындаған өзекті мәселе, автордың жан дүниесіне ұялап, айтпаса болмайтын шындығы. Сол идеяны автор көркем әдіптеп жеткізеді. Жеткізу жолы, әрине, форма. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, өзіне оңтайлы қалыпты шығармашылыққа пайдаланады. Әйтсе де, қандай да бір шығарманың жаңалығы ұлт­тық идея мен құндылықтан, ұлт­тық болмыс пен мінезден, ұлт­тық проблема мен ұлтқа төнген қауіп-қатерден бастау алып жатуы керек деп білеміз. Қазақ әдебиетінің басты мұраты – қазақ болмысын жырлау, оның қазіргі қоғам шындығымен бетпе-бет келгендегі жан дүниесіндегі қарама-қайшылықты, адамдық құндылықтарды сақтап қалу жолындағы күресі мен мәселесін сурет­теу. Қазіргі проза қазіргі қазақ қоғамы қайнарынан бастау алып жатуы заңды құбылыс.
Р.Сұлтанғалиевамен сұхбат­та қазіргі прозадағы көркемдік ізденістер, тенденциялар мен бағыт­тар қарастырылған. Шындығына келгенде, постмодерндік бағыт­та жазылған туындылардың белгілері, мазмұндық және құрылымдық ерекшеліктері қазақ әдебиет­тануы ғылымында бірлі-жарым зерт­теулер болмаса, әлі терең, жан-жақты қарастырылмаған. Сондықтан автордың ғылыми ізденісін бағалаймыз. Қалай дегенде, қазіргі прозаның даму бағдарын сөз еткенде, постмодерндік сипат­тағы туындылар назардан тыс қалмайды. Бұл жөніндегі автор ойы дәлелді. «Қазақ әдебиетіндегі… постмодерндік сипат­тар 1990-жылдардан бастап белсенді көріне бастады. Бұл кезең – кеңестік идеологиядан арылған, әдебиет еркін тыныс алып, формалық және мазмұндық ізденістерге бет бұрған дәуір. Тәуелсіздікпен бірге ұлт­тық болмысты қайта қарастыру, кеңестік кезеңде тұмшаланған мәселелерді ашық айту әдебиет­те жаңа тақырыптар мен формаларға деген сұранысты күшейт­ті.
Бұл көркемдік бағыт­тың келуімен авторлар классикалық баяндау тәсілінен гөрі, фрагментарлық құрылымға, ирония мен сарказмге, тарихи тұлғаларды көркем интерпретациялауға бет бұра бастады. Шындық пен қиял, миф пен дерек қатар қолданылып, оқырманды ойландыруға мәжбүрлейтін туындылар туды. Алдыңғы буын классик жазушыларымыздың шығармаларында да постмодерндік элемент­тер кез­десіп отырды. Бірақ бұл бағыт­ты шын мәнінде дамытқан буын – ке­йінгі толқын, әсіресе 2000-жылдардан ке­йінгі уақыт­та орта буын мен жас қаламгерлер елеулі үлес қосты. Бұл шығармаларда ұлт­тық сана, философиялық рефлекция, ирония, символизм және посткеңестік қоғамдық сана күйзелісі шебер сурет­теледі», – дейді зерт­теуші. Сонымен бірге постмодернизмнің поп-арт, сонористика, алеаторика, т.б. басты көркемдік әдістерінің ерекшеліктеріне тоқталып өтеді.
Дегенмен постмодерндік сипат­тағы туындылар әдебиетке қаншалықты жаңалық, тың сипат әкелді? Бұл әлі анық емес дүние. Қазіргі прозадағы постмодерн белгілерін тану оншалықты қиын бола қоймас, ал ұлт­тық әдебиетке қаншалықты идеялық-рухтық жаңалық, тың бағыт, соны серпін әкелді – әлі де тереңірек зерт­телуі тиіс сұрақ деп білеміз.
Жазушы А.Кемелбаеваның прозадағы жаңашыл ізденісі қуантады. Мәселен, оның «Қоңырқаз», «Тырнақ» әңгімелеріндегі реализм мен мифтің, мистика мен детективтің, символизмнің тығыз бірлікте, қанат­таса қолданылуы оқырманды идеялық-эстетикалық әсерге бөлейді. Тың сюжет, тосын болмыс, әңгіменің баяндалу сипатының ерекшелігі, әрине, шығарманың тартымдылық қуатына әсер ететін факторлар, бірақ бұл әңгімелердің құндылығы алдымен идеялық соны өрісінде деп білеміз. Қос қанат біткен қыздың адамдардың ортасынан алыстап, қаздарға ілесіп, аспанға ұша жөнелуінің сыры неде? Жер бетінде қия­нат, әділетсіздік көп. Қанат­ты қыздың аңсары – аққулы көл, сұлулық әлемі. Жазушының жан дүниесі де сұлулықты, тазалықты аңсайды. «Қоңырқаз» әңгімесі автордың алғашқы туындыларының бірі болғанмен, формалық ерекшелігімен қатар, осындай парасат­ты идеясымен дараланады. «Тырнақ» әңгімесі де бау­рап алады. Мұнда таптаурын мазмұн жоқ. Жоғарыда айт­қанымыздай, реализм мен мистика, детективтік сарын астасып кеткен. Ең бастысы, әңгіменің құндылығы – идеясының өзектілігінде. Автор бүгінгі қоғам дамуының бағыт-бағдарына алаңдаушылық білдіреді. Қазіргі ұрпақ халықтың ғасырлар бойы өмір тәжірибесімен жинақталған түп дүниетанымынан қол үзіп бара жатқан жоқ па? Түпсанадан қол үзіп, әлдебір жайдақ, жапсырма бағыт­тарға еліктеу ұлт болашағына қауіпті құбылыс емес пе? Сөйтіп халықтық ырым-тыйымның бекер айтылған уәж емес, онда көп сыр жатуы мүмкін екенін, оны қазіргі ұрпақ білуі, ескеруі қажет­тігін айтады. Әңгіменің ағартушылық сипаты да мазмұн байлығын арт­тырған.
Жазушының бұл туындылары, әрине, постмодерндік сипат­тағы шығармалар. Өрелі идея әдемі формалық ізденістермен үйлесім тапқан. Автордың «Шашты», «Көкқия» әңгімелері де тартымды. Жақында ғана «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Рәғид» әңгімесі (21 наурыз 2025 ж.) атауымен-ақ үйіріп әкетеді. Жалпы, А.Кемелбаева – шығармашылығына аса жауапты қарайтын, әрдайым тың ізденістерге баратын жазушы. Қазіргі қазақ прозасының тың өрісі мен көркемдік ерекшеліктерін тануда жазушы шығармашылығы арнайы зерт­теуді қажет ететін болар.
Жаңашылдыққа бейім, постмодерндік бағыт­та жазылған орта буын қаламгерлердің шығармаларын кейде оқи алмай жатамыз. Шарт­тылыққа құрылған, шарт­тылығы басым туындыларды оқи алмаса, оқырманның эстетикалық қабылдауы төмен екен дегенмен, мұнда белгілі дәрежеде автордың да кінәсі бар болар. Апыр-ай дейсің, шығарма алғашқы сөйлемімен-ақ, алғашқы эпизодымен-ақ оқырманын тұтқындап тастауы керек емес пе? «Абай жолы» роман-эпопеясы бірінші кітабының басталуын еске алыңызшы. Қандай панорама, кеңістік, одан соң бір-біріне ұқсамайтын жарқын тұлғалар көз алдыңа келеді. Ал орта жастағы жазушының романында алдымен кейіпкер өзін-өзі таныстырады, одан ке­йін ортасы, серігі сурет­теледі, бір кез­де сырт­тан дырылдаған мопед дауысы естіледі, оған көрші пәтердің иесі балконнан айқайлайды, бір сәт­те сағат шырылдайды, ол сағат­ты бұл жауып қойған, қалайша ол өзінен-өзі шырылдайды? Шығарманың басталуындағы осындай сүреңсіздік оқырманын жалықтырып жібереді.
Қазіргі прозадағы әдемі ізденістің бірі – Р.Мұқанованың «Бағира-Шер» әңгімесі. Мұны да постмодерндік үлгідегі шығарма деуге болады. Автордың үлкен жетістігі – идея мен форманың жарасымды үйлесім табуы. Табиғат­тың заңдылығына қарсы шығу – қиянат, тіпті қылмыс. Осы көркем идеяны автор формасын тауып құлпыртып бейнелей білген.
Біз неге әр шығармадан идеялық тың өріс іздеп отырмыз? Жасыратыны жоқ, жастардың постмодерндік сипат­та жазылды дейтін шығармаларының идеясы бұлыңғыр, екіұшты болып келеді. Бұл, біздіңше, көңілге қонымды құбылыс емес.
Жастар прозасы жөніндегі жазушы Қ.Түменбайдың пікірінде шындық бар. «Қазіргі проза өкілдері Батысқа көп еліктейді. Жарайды, Батысқа еліктеп жаз, бірақ өзіңнің дәстүріңді ұмытпа. Шығармаңнан қазақ болмысы аңқып тұрсын!
Мен Жазушылар одағы проза кеңесінің төрағасымын, неше түрлі қолжазба оқимын. Байқағаным, әркім қалай да өзінше жазғысы келетін сияқты. Ол әдебиет теориясын көзге ілмеу сияқты көрінеді. Әдебиет теориясы – қаншама ғасырлық тәжірибелер негізінде жасалған ғылым. Ол әр жанрдың ерекшелігін әбден айқындап көрсетеді, көркемдік шартын ұғындырады. Сондықтан әңгімең – әңгіме, повесің – повесть, романың – роман болуы шарт. Қазір проза кеңесіне келген кей шығармаларды оқысаң, әңгіме дегені сюжет, тартысы жоқ жай сурет­теме болып шығады. Сосын жұрт­тың көбі эссешіл болып кет­ті, бірақ эссе деп жүргендері жай мақаланың деңге­йіндегі бірдеңе екенін ойламайды. Эссе деген – көркем шығарманың негізі, бастауы. Эсседе көркемдік, эпикалық сарын болуға тиіс. Біз «Абай жолынан» бастап, қазақ жазушыларының көркемдігі жоғары туындыларының бәрін оқып өстік қой. Ал қазіргі жазушы болғысы келіп, түрлі «измдерді» шарлап жүрген жастардың, басқаны былай қойғанда, «Абай жолын» бір рет оқып шықпағаны көрініп тұрады. Олар Сартр, Хемингуэй, Мо Ян секілді шетелдік жазушыларды оқыған шығар, әйтсе де қазақ жазушыларын оқымаған адам қалай қазаққа жазушы болады? Әңгімесіне «Бильярд», «Подъезд», «Лифт» деп техникалық мәнде ат қоя салатын жазушы көркемдікті, ұлт­тық әдебиет­ті терең түсінеді деп айта аламыз ба?»
Қазіргі прозаның негізгі арнасы, сөз жоқ, реалистік дәстүрде жазылған жаңа көзқарастағы шыншыл шығармалар. Бүгінгі авторлар бұрынғыдай емес, көлем қуудан арылған. Қоғамның өткір мәселелері күрделі де қайшылықты адам тағдырымен байланыстырыла сурет­теледі. Тарихи тұлғаларға тың көзқарас, халық басынан өткен тарихтың «ақтаңдақ бет­терін» жаңаша пайымдау реалистік прозаның бүгінде өрісін кеңейтіп отыр. Осы рет­те бірер туындыға тоқталып өтелік.
Жазушы Д.Рамазанның Абай өмірінің соңғы кезеңінен жазылған «Құса» повесі қысқалығымен, сюжет­ті бір ситуацияның айналасына түюімен ерекшеленеді. Ұлы ақын өмірінің соңғы кезі қиын жағдайда болды. Бұл, бір жағынан, Құдайдың басқа салған ауыртпалығы десек, екіншіден, патша өкіметінің қазақ халқын шоқындыру, шоқындыруға көнбегендерді жою жөніндегі зілді бұйрық көшірмесінің Абай қолына тиюімен байланысты дамытылады. Патша өкіметінің қайырымсыз саясатын ашық сезінуі мен дәрменсіздік, іштей ашына қарсылық танытуы – Абай образын жаңа қырынан ашқан. Мағауияның қырқы өтісімен ауылын жайлауға көшуге асықтырып, жолай әкесі Құнанбай бейітінің басына барып, іштей бақұлдасып, жазғытұрымғы туған жердің көркіне көзі тоят­тап, ке­йінгі ұрпақ осындай киелі мекенді қолында ұстап тұра алар ма екен деп қапаланатыны бар. Билік қолдан шығып кет­ті ғой деп қайғыға батады. Ұлы ақынның отаршылдықтың зардабын терең сезініп, күйзеліске түсуі – шығарманың тың концепциясы.
Осындай тың мазмұнды көзқарастағы туынды қатарына Д.Қонаев өмірінің бір эпизодына құрылған Қ.Түменбайдың «Көк кептердің көргені» хикаятын жатқызуға болады. Туындыдағы мазмұндық-құрылымдық жаңашылдықты бұрын қазақ әдебиетінде болмаған көрініс деуге болмас. Алайда ұлы тұлғаға ота жасайтын қазақтың талант­ты дәрігерінің қарапайым тірлігін, тәспиқ тартып, оңашада ойға батуын көк кептердің көзімен сурет­теуі, ке­йін сол аяулы адамды көк кептердің мүлде таппай жоғалтып алуы повеске әдемі өң беріп қана қоймай, авторлық астарлы идеяны көркем жеткізу тәсіліне айналған. Шығармада Дінмұхаммед Ахметұлының мұсылмандық танымға беріктігі, адамдық-тұлғалық болмысы шынайы ашылған. Әрине, мұнан өзге де көптеген реалистік үлгідегі туындыларды айтуға болады. Кейінгі кез­дері оқыған Н.Қуантайұлының «Бейуақ» романын, Қ.Тілеуханның реалистік әңгімелерін бүгінгі прозаның тұшымды шығармалары деп білеміз.
Түйіндей айт­қанда, бүгінгі прозаның бағыт-бағдарын дәстүрлі реалистік және постмодерндік сипат­тағы шығармалар деп қарастыруға болар. Ал олардың тақырыптық-идеялық, көркемдік-стильдік ізденістерін тану – әдебиет­тану ғылымының алдағы міндет­терінің бірі.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
әдебиет­танушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір