ӘДЕБИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ және СЫН САЛАСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ҚОЛДАНУ: МҮМКІНДІКТЕР мен ҚАТЕРЛЕР
Қазіргі уақытта әлемде жасанды интеллектіні (ЖИ) қолданбайтын сала кем де кем. Оның ішінде жоғары білім беру орындарында бакалавр студентінен бастап, магистрант, докторант, профессорларға дейін ғылыми жұмыстарын нәтижелі орындау үшін ЖИ-ді кең қолданысқа енгізді. ЖИ ұсынған коллаж мәтіндерді толықтай көшіріп алып қолдана беретіндер үшін әрине «нәтижелі орындау» деген тіркесті тырнақша ішінде қолдануға болады және, гаджет тілімен айтқанда, мұндай «copy-past» жазу әлемінде ешкімді де жаңалық табалдырығынан аттатпайтыны анық.
Сондай-ақ ЖИ қазіргі біздің өмір сүру салтымызға, күнделікті тәжірибеміз бен мінез-құлқымызға орасан әсер етіп жатыр. Былтыр елімізде Жасанды интеллект және даму министрлігі құрылғаны белгілі әрі биылғы жыл «Жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Мемлекет тарапынан «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы» стратегиясы қолға алынды. Мұның бәрі жақын уақыттың өзінде жасанды интеллект сынды нейрондық платформа әлемде белсенді салтанат құратынын және бұған еліміз тең дәрежеде қатысу қажеттігін білдіреді. Көлемді цифрлы дерекқорларды пайдалану арқылы әр салада ЖИ қолданысы тиімді іске асып жатқанда бұл платформаны әдеби шығармашылық саласына енгізу үдерісі қалай іске асатыны қаламгер атаулыны терең ойландыратыны әрі қызықтыра түсетіні шындық.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын авторларымыздың бірі «робот түс көрмесе, сезіне алмаса, қалай жаңа шығарма тудырады?» деп әдеби мұраның болашағына алаңдаған еді. Тіпті, роботтар басты кейіпкері болып келетін балалар жазушысы Ділдар Мамырбаева «Бала. Робот. Вирус», «Робот. Вирус. Сезім», «Роботтар отбасы», Манарбек Қарекенов «Киберқасқыр» атты детектив әңгімелері қамтылған кітабын және жас қаламгер Досхан Жылқыбай «Робот түс көре ме?» атты қысқа ертегі-әңгімесін жариялап та үлгерді. Бұдан басқа да әлем әдебиетінде толықтай ЖИ жазды делінетін роман мен қазақ әдебиетінің өзінде сюжеттері мен кейіпкерлері ақылды машина функциясымен астасып жататын туындылар жарық көрді. Бұл үрдіс қазақ қаламгерлері уақыт көшінен қалмай, технологиялық тәсіл мен тілдік эстетиканы синтездеп, ұлттық әдебиеттегі кейіпкерлер әлемі мен сюжеттер шоғырын жаңа қырынан толықтыра түскені анық. Ал енді кейіпкерлер емес, ЖИ-дің өзі шынайы автормен бірге әдеби мәтін жазуға тікелей қатысатын уақытқа жеттік. Шын мәнінде қазіргі шығармашыл тұлғалар, оның ішінде жазушылар мен ақындар, әсіресе, жас авторлар буыны ЖИ платформасының қызметіне жүгінбейді деу қиын. Сонда да кейде ЖИ-дің артықшылығынан бейхабар болғандықтан немесе авторлық құқықты дөрекі түрде бұзады деп есептейтіндіктен қаламгерлеріміздің бір бөлігі ЖИ қызметіне сенімсіздік танытатыны да рас. Әрине, бұдан тыс, бұл платформаның әдеби шығармашылыққа көлеңке түсіретін тұстары жетерлік. Ал ЖИ-ді әдеби шығармашылықты дамытуда тиімді қолдану жолдарын қаламгерлер тереңірек меңгерер болса, бұл алгоритм кез келген қалам иесінің шығармашылық потенциалын құлаштап ашатынына сеніміміз кәміл.
Төменде шығармашылық саласына ЖИ-ді қолданудың мүмкіндіктері мен қатерлері жайлы зерттеулер мен мамандар пікіріне және өзіміз ЖИ-ге сұрақ қойып, ол жазып берген әдеби мәтінді талдауға негізделген анализ тұжырымдары мен көзқарастарды ұсынамыз.
1. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері
Әдеби шығармаға идеялар ұсыну. ЖИ қаламгерлерге шығарма сұлбасын дамыта түсу үшін жаңа идеялар мен көзқарастар ұсыну, сюжеттер тудыру мен кейіпкерлер жүйесін бедерлеу кезеңінде айтарлықтай қолғабыс ететін құрал. Шығарма атауынан бастап соңғы нүктесін қойғанға дейін кез келген тұста сюжеттік желілер, кейіпкерлер бейнесі және оқиға өрбитін уақыт пен мекен бойынша көптеген нұсқа ұсыну арқылы ЖИ автордың көмекшісіне немесе кеңесшісіне айнала алады. Мұндай нұсқалар автордың қиялына қозғау салып, шығармашылық елестету қабілетін қарқынды ете түсетіні сөзсіз.
Мысалмен түсіндірер болсақ, егер жазушы ЖИ-ге дұрыс бағыт берсе, ЖИ секундтар ішінде әртүрлі сюжеттік нұсқа ұсынады. Мысалы, «отыз жылдан кейін Алматының климаты қалай өзгеретіні туралы футуристік әңгіменің төрт нұсқасын жазып бер» деп сұрақ қойғанда «Жасыл ренессанс» (Экологиялық жеңіс)» деген атаумен қала билігі мен тұрғындарының жаппай күш салуының арқасында Алматы «орман-қалаға» айналғаны; «Түнгі қала» деген тақырыппен күндізгі аптаптың кесірінен Алматының түнгі өмірі жандана түскені; «Мұздықтардан айырылу» деген атпен 2050-жылдардан кейінгі Іле Алатауында мұздық атаулы еріп кетіп, таулар жазда сұр түске еніп, шөлейтке айналғаны немесе «Мәңгілік күз» деген атпен климат күрт өзгеріп, Алматы тропикалық белдеуге жақын ылғалды аймаққа айналып, яғни қар мүлдем жаумай, жылдың он айында жылы жаңбыр себелеп тұратыны жайлы нұсқаларды жазып берді. Бұл ЖИ-дің бір пәрмен бойынша көрсеткен версиялары болса, келесіде жауаптар басқаша берілуі мүмкін. Яғни, жауаптардың қызықты және қисынды ұсынылуы ЖИ-ге қалай бағыт бергенімізге байланысты. Сонымен қатар, ұлы тұлғаларымыздың ескі бейнесін тірілткіміз келіп, ЖИ-ден солардың стилінде мәтін жазып беруін немесе қазіргі заманғы трендтерге қатысты көзқарасын сұрар болсақ, қиялымызға қозғау салатын қызықты шығармалар мен көзқарастарын оқуымыз мүмкін. Мысалы, «Абай ЖИ-ді әдебиетті жетілдіруге қатысты қолдар ма еді?..» деген сұрағымызға ЖИ: «Абайдың философиясында толық адам болу үшін тек ақыл (логика/алгоритм) жеткіліксіз. Оған міндетті түрде жүрек (эмоция, рух) керек. Абай ЖИ жазған өлеңдерден «жүрексіздікті» бірден байқар еді. «Жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейді» дейтін ақын үшін машинаның құрғақ ұйқасы «іші өлген, сырты сау» туынды болып көрінуі мүмкін. Сондай-ақ, ЖИ-де адамның басынан кешкен мұңы, зары және нағыз махаббаты жоқ. Абай үшін әдебиет – бұл жанның айғайы, ал машинада «жан» жоқ екені оның басты сыны болар еді. Абай ЖИ-ді әдебиеттегі техникалық көмекші (сөздіктер, аударма, ақпарат жинау) ретінде қолдар еді, бірақ шығармашылықтың иесі (автор) ретінде ешқашан мойындамас еді» деген жауап ұсынды. Осылайша, ЖИ ойға келмейтін, күтпеген креативті шешімдерді көрсетеді. Автор ЖИ қосқан идеялардың ішінен ең асылын таңдап алып, өз жанымен/қаламымен ары қарай жетілдіріп өңдер болса, әдебиет кеңістігіне тамаша туындыларды әкелуі әбден мүмкін. Түйіндеп айтқанда, ЖИ интернет алаңдарында өмір сүріп жатқан бұрыннан бар идеяларды үлкен дерекқоры арқылы түрлендіріп, жазушының шабытын оятады.
Жоғарыда ЖИ-дің үздік идеяларды ұсынуы автордың бағыт беруіне байланысты деп атап өттік. Бағыт дегеніміз, нейрондық желі тілімен айтқанда, «промпт» (рrompt) – жасанды интеллектіге берілетін нақты тапсырма, пәрмен, нұсқау, бұйрық немесе сұрақ. ЖИ-дің қаламгерге немесе кез келген адамға қаншалықты сапалы жауап беретіні промпттың қалай жазылғанына тікелей байланысты. Мысалы, «маған роман жазып бер» деген нашар промпт құрастырылса, ЖИ жалпылама, ортақол, мәнсіз, қызықсыз мәтін ұсынуы мүмкін. Ал «Маған Мұхтар Әуезовтің стиліне негіздеп, психологизм формаларын белсендіре қатыстыру арқылы ХІХ ғасырдағы қазақ халқының өмірін суреттейтін 200 беттік роман жазып бер» деген сұрақты айтуға болады. Промпт қаншалықты нақты, егжей-тегжейлі жазылса, ЖИ Әуезовтің стиліне еліктеу мен оның сөздік қорына контенттік анализ жасау арқылы әдеби сапасы жоғары роман жазып беруі мүмкін.
Ал әлем әдебиетінде поэзияға ЖИ-ді технологиялық әдіс ретінде қолдану үдерісі пандемия кезеңінде басталды. ЖИ-дің қазіргідей жетілмеген нұсқасымен соавтор ретінде ақын Сэм Ривиердің «Conflicted Copy» атты жаңа поэзия жинағы жарық көрген. ЖИ-мен кезектесіп өлең жазған бұл ақын ЖИ-дің өлең жазып жатып орта тұсқа келгенде логикасы бұзылып, ойы жан-жаққа шашырап, жауаптарды қайталай беріп, тұйық шеңберге тап болғанына куә болады. Осылайша Ривиер адам-автор жазған өлең мен авангардтық жазу тәсілі ретінде ЖИ өндірген жұмыстың аражігін сынап көреді. Ағылшынша жазатын Ривиер ЖИ-ді бірегей жазу серігі ретінде қабылдап, өлең шығаруда «екі қаламның» комбинациялық жолын таңдайды. Нәтижесінде «Conflicted Copy» атты ЖИ-мен соавторлықта инновациялық поэзия жинағы жарық көреді.
ЖИ арқылы іздеу нәтижесі әдеби шығармашылық саласында көркем проза жазу үшін ЖИ-дің Sudowrite NovelIAI, Novelcrafter, Claude платформалары сюжеттік желілердің жалғасын ойлап табуда, мәтіндегі қайшылықтарды көрсетуде көмекші құрал саналатынын келтірді. Сондай-ақ Canva Magic Write, Deep Verse платформалары ұйқас пен метафораларға негізделген поэзия құрастыруға септеседі. Ал қазақ тілінде көркем әдебиет жазатын арнайы ЖИ платформасы қолға алынғаны жайлы ақпарат кездеспесе де, ChatGPT-4 және Claude жобалары қазақ тілінде жазатынын айтуға болады.
Іргелі зерттеулер мен деректерді өңдеу. ЖИ адам мүмкіндігі жетпейтін үлкен көлемдегі ақпаратты санаулы секундтарда талдап, жүйелеп беретін қабілеті бар екенін мамандар жиі келтіреді. Мысалы, жазушыға Алтын Орда кезеңі туралы тарихи роман жазу үшін сол дәуірдің егжей-тегжейлі деректері қажет болды делік. ЖИ-ге «Маған Алтын Орда дәуіріндегі жыл мезгілдерінің ерекшелігін, жағрафиялық көрінісін, халықтың тұрмыс-жағдайын, салт-дәстүрін бейнелеп бер» деген тапсырма бойынша ЖИ мыңдаған жазбаны сүзіп шығып, дайын әдеби мәтін жазып береді.
Сондай-ақ ЖИ әдеби мәтінді зерттейтін ғалымдарға да деректерді өңдеуде стилистикалық және лингвистикалық талдау жасай алады. ЖИ автордың бүкіл шығармаларын немесе томдықтарын секундтар ішінде оқып шығып, оның ең көп қолданатын сөздерін, сөйлем құру ерекшелігін, қай метафораны немесе сөз таптарын жиі қолданатынын есептеп береді. Бұл әдебиетшілер мен тілтанушыларға автордың стилін ғылыми тұрғыдан нақтылауға көмектеседі. Мысалы, бұрын лингвистеріміз жазушының жиілік сөздігін есептеп шығару үшін едәуір уақыт жұмсап, ғылыми нәтижесі ретінде кандидаттық, докторлық жұмыстар қорғағаны мәлім. Әрине, ЖИ-дің бұған қатысты жұмысы мұқият бақылауды қажет ететіні сөзсіз. Өйткені қазақ тілінің өзіне тән спецификалық әріптері мен тілдік бірліктерін есептеу ЖИ-ге қиындық тудыруы мүмкін. ЖИ осылайша жазушының жұмыс өнімділігін бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік жасайды.
ЖИ мен шынайы автордың тілдік-стильдік синтезі: Әдеби процесте ЖИ-дің бұрынғы әдеби тұлғалардың қолтаңбасын, стилін немесе көне, жоғалып бара жатқан мәтіндерді қайта жаңғырту мен әртүрлі жазу мәнерін біріктіре алатын қабілеті бар. Әдеби сында әдебиеттің өткен мен болашағы арасында мәдени және ғылыми көпір орнату дәстүрі маңызды екені сөзсіз және бұған ЖИ кең ауқымда үлес қосады. ЖИ-ге «Абайдың стилінде немесе Мұқағалидың стилінде өлең жазып бер» деп тапсырма беруге болады. Яғни, төменде көрсетілгендей Абайдың немесе Мұқағалидың жазу мәнерін үйренген алгоритм эксперимент ретінде солардың мәнерімен жаңа туындылар жаза алады.
Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» (1885) өлеңінің стилімен ЖИ жазған нұсқа:
Технология туралы толғау
Кезінде білім қумай, кеш қалған ба,
Ақылды темірлерге тосқан ба?
Жасанды интеллектің жалт еткенде,
Адамзат таңырқаумен бас салған ба?
Тіліңді машиналар сайрап тұр-ау,
Ойыңды сәтінде-ақ байлап тұр-ау.
Қаламды қолыңа алмай қамсыз
жатсаң,
Зейініңді жалқаулық жайлап тұр-ау.
Құрғақ сөз – жансыз темір,
нұры болмас,
Жүректен шықпаған соң жыры
болмас.
Роботтың мың кітабын оқысаң да,
Адамның сезіміне сыры қонбас.
Ғылымды құрал қыл да, құлы болма,
Машинаның соңында желіп оңба.
Өзіңнің өздігіңді сақтап қалсаң,
Түспейсің тұйықталған теріс жолға.
Мұнда Абай мен ЖИ мәтінінің арасында толықтай болмаса да стильдік сәйкестік бар екенін байқау қиын емес. ЖИ Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңінің құрылымын (он бір буынды, қара өлең ұйқасы: а-а-б-а) және басқа өлеңдеріндегі ғылым мен білімді насихаттау стилі мен философиялық сарынын сақтай отырып бүгінгі ЖИ тренд болған заман туралы толғау ұсынған. Әрі мұнда Абайдың өкініш пен ғибратқа толы үнін сақтап, қазіргі буынның ЖИ-ге тәуелді болып бара жатқаны, адамның шынайы сезімі мен зейіні ешқандай техникамен алмаспайтыны туралы идея айтылады. Сондай-ақ «ғылым қумай», «кеш қалған ба», «жалқаулық жайлап» сияқты тіркестер Абайдың тілдік тұлғасына жақын келеді.
Бұл шумақтардан ЖИ Абайдың өкініш пен насихат аралас келетін өлеңдерінің сыртқы формасы мен әуеніне еліктегенін байқауға болады. Дегенмен, ЖИ мәтініне Абай өлеңіндегі терең философиялық қабаттар мен астар, тың тіркестер мен образдар жетіспейді.
Мұқағали стилімен ЖИ өндірген мәтін:
Роботтар рахаты ма?
Уа, жүрек!
Мұздамашы, тоңбашы,
Темірлердің болмашы сен жолдасы.
Ақылдының бәрін де жасап алдық,
Адамдықтың қалмады-ау оңбасы.
Цифрлар шырмап алды маңайды,
Экрандардан суық жарық тарайды.
Жасанды ой жаныңды түсінер ме,
Жаутаңдап тұрғанда көзің арайлы?
Машина жазар…
Мүмкін, ол ақын болар,
Сөздері оның селдетіп, жақын болар.
Бірақ та соққан сонда жүрек бар ма?
Әлде бір суық қана тоқ па ағар?
Ақ қағаз, қара сиям – жан серігім,
Өзімде қалсын менің бар ерігім.
Жасанды бақыт іздеп керегі не,
Тірі адамның сезген соң тербелуін?!
Ей, Өмір!
Сенен артық не бар дейсің?
Темірден сезім іздеп неге әуресің?
Жасанды ми жалықпай жаза берсін,
Ал менің мұңым – Тірі, сен соны
білгейсің!
Мұнда ЖИ Мұқағалиға тән еркін рух, асқақ пафос және эмоционалды реңктері басым тіркестер арқылы ЖИ дәуіріне арналған толғау ұсынған.
Мұнда Мұқағали поэзиясына тән экспрессивтік қаратпа сөздерді қолдану арқылы («Уа, жүрек!», «Ей, Өмір!») еркін ырғақ пен оқырманмен тікелей диалог құру тәсілі сақталған.
ЖИ-дің артықшылығы ретінде Мұқағали шумақтарының түпнұсқасындағы музыкалық ырғағы мен эмоционалды бояуын бере алғанын атап өтуге болады. Дегенмен, Мұқағалиға тән экзистенциялық мұң, оқырманмен сырласу, ішкі мұң, бейнелі астар жетіспейді.
Сонымен қатар, Абай мен Мұқағали стиліне еліктеген ЖИ мәтінінде екі ақынның лексикасымен қабыспайтын технология тіліне тән сөздер мен тіркестер берілген және технологияның зиянына қатысты дидактикалық сарын көрініс тапқан.
Редакциялау/түзету: Грамматикалық, стилистикалық, пунктуациялық қателерді түзету мен мәтін құрылымын жетілдіруде ЖИ жоғары жылдамдық қызметін атқарады. Сондай-ақ сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін қазақ тілінің заңдылықтарына сай түзету жұмыстарын іске асырады. Адам кітапты түзетуге белгілі бір мөлшерде көп уақыт жұмсаса, ЖИ оны бірнеше секундта-ақ орындау арқылы баспа саласына жылдамдық жағынан орасан пайда келтіруі мүмкін.
Әдеби сынды автоматтандыру: Жоғарыда ЖИ ауқымды деректерге жылдам контенттік және статистикалық анализ жасайтындықтан, әдеби шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, автордың сөздік қорын және стилін аз уақыт ішінде анықтай алады. ЖИ мәтіндегі сөздердің жиілігін, эмоционалдық бояуын және құрылымдық қателіктерін дәлірек есептейді. ЖИ дәстүрлі немесе шынайы сыншыға қарағанда мыңдаған жылдар бойы жинақталған әдеби тәжірибені бір сәтте салыстырып шығып, әр кезеңнің мәдени-әдеби бейнесін таныта алатын бірегей платформа. Ол белгілі бір дәуірге тән мәдени үрдістер мен тілдік қолданыстарды және тақырыптар трансформациясын арифметикалық тәсілдер арқылы контенттік анализ жасап көрсетеді.
Аударма саласы: ЖИ сондай-ақ әлемдік әдебиет үлгілерін сапалы және жылдам аудару арқылы жаһандық мәдени алмасуды жеделдетеді. Қазақ тіліндегі шығарманы ағылшын, қытай, орыс, француз, т.б. тілдеріне жылдам әрі сапалы аударып, әлем оқырманына ұсыну мүмкіндігін кеңейтеді. Қазірдің өзінде қазақ тіліндегі әдеби мәтіндерді ЖИ жоғары деңгейде халықаралық тілдерге және шет тілдерінен қазақ тіліне сауатты аудара бастағанын байқауға болады.

2. Негізгі қатерлер мен кедергілер
Технологияның дамуы әдебиеттің әдеби-эстетикалық, рухани, когнитивтік және рецепциялық негіздері мен авторлық құқықтың сақталуына қауіп төндіруі мүмкін.
Авторлық құқық мәселесі: ЖИ ауқымды деректерді өңдеген кезде сан мыңдаған автордың еңбектерін рұқсатсыз қолданатындықтан авторлық плагиат мәселесін тудырады. Авторлық туындының ЖИ-ді қолдану салдарынан туындайтын плагиаттан қауіптеніп, оқырманнан, жалпы оқылатын, талқылайтын сыртқы әлемнен қол үзуі қиын. Оның үстіне жарық көрген шығармалар қазір интернет кеңістігіне орналастырылмаса да, ерте ме, кеш пе онлайн кеңістікке шығатыны анық. Авторлық туындылардың әрбір қырын: ұсақ деталінен бастап ауқымды сюжеттері мен басты қаһарманына дейін ЖИ модельдерінен тікелей қорғайтын әдеби жобалар жасалуы қажет деп есептейміз. Ал шығарма жазуға шынайы автормен бірге ЖИ де қатысатын болса, олардың мәтін жазудағы үлесі нақты көрсетіліп, белгі таңбасы қойылуы тиіс екені сөзсіз.
Жансыз мәтіндер немесе табиғи эмоцияның болмауы. Ақылды платформалар барынша жетілгенімен, ол жазған әдеби мәтін адамға тән табиғи жан күйзелісін, сағыныш, реніш, өкініш сезімдерін, адамның ішкі әлемінің қатпарларын және шынайы өмірлік тәжірибені бере алмайтынын зерттеушілер де, осы баяндамада мысал ретінде алынған Абай мен Мұқағали стилінде ЖИ-ге жаздырып ұсынған әдеби мәтіндер де көрсетті. ЖИ жазған мәтіндердің едәуір бөлігі жансыз болып келетін себебі ол мәтін сөздерін статистикалық ықтималдықпен тізіп құрастырады, яғни онда кейіпкерге тән шынайы эмоция, интуиция, терең метафоралық мағыналар мен өмірдің шынайы бейнесін көрсететін табиғи сезімдер жоғалып кетеді. Сондықтан ЖИ-мен жазылған шығарма оқырман терең қозғау сала алмайды. Яғни, коллаж/құрама мәтін автордың қоршаған ортаға қойған «тірі» диагнозына, құбылыстарға жасаған анализіне, махаббаттың немесе қасіреттің азабын тартқан адамдардың прототипіне, әртүрлі сюжеттік шоғырларды ойша қарқынды елестету сынды когнитивтік қабілеттеріне негізделмейтіні түсінікті. ЖИ-дің бұл қырын әдебиетке тигізетін үлкен қауіп десек те болады. Әдебиет мыңдаған жылдар бойы оқырмандар мен қаламгерлер, кітаптардың арасында мәдени-рухани диалог орнатып келсе, ЖИ жазған әдеби мәтіндер бұл рухани байланысты әлсіретіп жіберуі мүмкін.
Авторлық бірегейліктің жоғалуы немесе стандартты алгоритмдік эстетиканың салтанат құруы. ЖИ адам-автор сияқты өз бетінше жаңа, табиғи туынды жазып шықпай, интернет алаңында көп таралған статистикалық деректерге сүйенетіндіктен, әдеби мұраны терең метафоралар мен астарлы ишаралар көрініс таппайтын бір-біріне ұқсас, мәнсіз, стандарт деңгейдегі туындылармен толықтыруы мүмкін. ЖИ дайындап беретін мәтіндерді сол күйінде тұтынатын қаламгерлер шоғыры артса, ұлттық әдебиетте ортақол шығармалар қаптауы ықтимал. Әдебиеттің миссиясы – қалыптан шығып жаңа ой айту, стандартты сөз саптауды бұзу арқылы әдеби шығармашылықты қайта тудыру болса, ЖИ керісінше мәтін қорындағы қарапайым тілдік бірліктерді тұтыну арқылы нормаланған, рухсыз, бірсарынды мәтін құрастырады.
Әдеби туынды автордың индивидуалды бірегейлігі мен өз халқының ұлттық жадын қалыптастыруға үлес қосатыны сөзсіз. Ал қазіргі уақытта ЖИ бұзып жатқан жеке адамның дене бітімі мен құжаттық негіздегі бірегейлігінің негізі бұдан да тереңде жататыны, әдеби шығармалардың қабаттарында өмір сүретіні анық. Шығарма авторды ерекшелейтін бірден бір күрделі таңба – индивидуалды бірегейлік. Шығармашылық әлеміндегі қаламгердің бірегейлігі стилі, әдеби жаңалығы, мәдени тәжірибесі, ізденісі арқылы айқындалады. Қаламгер бірегейлік арқылы, яғни поэзиясы әлде прозасы, ондағы кейіпкерлері арқылы автор мына әлемге өз үнін жеткізеді. ЖИ әдебиет қатпарларындағы авторлық және ұлттық бірегейлікті де бұзып жатыр. Бұл үлкен қауіп екені сөзсіз. Болашақта түпнұсқа туындылардың орнын фальш шығармалар басып, онлайн кеңістікте жалған нұсқасы кеңірек тарап кетуі мүмкін.
Әдеби эстетиканың құнарсыздануы. Ғылыми, ақпарат және әдеби әлемде қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне мүмкіндік тудыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе екені мәлім. ЖИ көбіне сөздердің тура мағынасын немесе тілдің ең қарапайым тілдік қабаттарын қолданатындықтан, қазақ тілінің бейнелі, метафораға бай, астарлы тіл ретіндегі әлеуетін шектеп тастауы ықтимал. Бұған қоса, ЖИ ұсынған дайын өнім қаламгерлердің идея жарату, үлкен миссия арқалаған немесе өмірдің мәнін басқа қырынан – қаламгер көзқарасымен түсіндіру функциясы жүктелген қаһармандардың сұлбасын бедерлеу, қиыннан қиыстырып, үйлесімді сөз, ұшқыр қиялдың арқасында өткір, қызықты сюжеттерді ұйымдастыруда ойлау, елестету қабілеттері осал болып қалуы мүмкін. ЖИ болашақта оқырманның әдебиетке, адамзаттың қолынан сөз өнері арқылы туатын шығармашылыққа деген сенімін кетіріп, тіпті әдебиет пен оқырман арасындағы байланысты едәуір деңгейде әлсірете ме деген қауіп тудырып отыр. Бұл халықтардың әдебиет арқылы қалыптасатын құндылығының бір бөлігін жоғалту дегенді білдіреді. Сондықтан, ЖИ-ді әдеби үдеріске қолдануда ЖИ мен шынайы/сапалы әдебиет шекарасын бекітіп, әдебиет тудыруға, оның табиғилығы мен түпнұсқасына қатысты және болашақта әдебиет қандай болуы қажеттігі жайында әдеби ортаның нақты көзқарастарын айқындап, қажет болса шараларды қолға алған жөн.
Плагиат қаупі: Әдеби шығарма жазуда автор ЖИ қызметін ішінара қолданса немесе ЖИ мәтіннің едәуір бөлігін әлде толықтай жазып шықса еңбектің авторлық құқығы кімге тиесілі болады деген мәселенің қозғалып келе жатқаны мәлім. Ғылым саласында қазіргі уақытта ғылыми мақала немесе диссертация жазғанда зерттеудің қай тұсында зерттеуші ЖИ-ді қолданғанын көрсету туралы этикалық ереже бар. Алайда кез келген қаламгер немесе ғалымның осылай көрсетіп қоятынына ешқандай кепілдік жоқ немесе әрбір адам шығармашылық алдында ар-ұятты биік қоя бермейтіні де шындық. Сондықтан ЖИ арқылы жасалған мәтіндер мен басқа да артефактілер арнайы авторлық құқықпен және ЖИ басқа мәтіндерді рұқсатсыз пайдаланбауы үшін әрбір әдеби шығарма технологиялық жобалар арқылы қорғалуы тиіс. Осыған қатысты мынадай бір жағдайда тағы да еске түсіруге тура келеді. Бір жыл бұрын Риэ Кудан есімді жапон жазушысы Акутагава атындағы беделді сыйлыққа ие болғанда жазушы сахнада күміс статуэтканы ұстап тұрып сыйлық алған романының 5% (кейбір деректерде 11% деп көрсетілген) нейрондық желімен жазғанын мойындайды. Сол сәтте оқырмандар бірден наразылық танытып, кітапты сатып алғандары кері қайтарып бергісі келеді. Сыншылар қауымы әділдік үшін сыйлықты қайтарып алуды талап етеді. Бірақ осыдан кейін жюрилердің шешімі қалай болғаны белгісіз, ал ол роман қазір Amazon-да сатылып жатқанын байқауға болады.
Сынның субъективті табиғатының көмескіленуі: Болашақта жаңа жарық көрген әдеби шығармаға рецензияны ЖИ платформалары жазатын болса, әдеби туындының қоғамдық санаға тигізетін әсері мен рецепциялық артықшылығын, динамикалық қырын таразылау жағы ескерусіз қалуы ықтимал. Әдеби туындының құндылық деңгейін бағалау деңгейі сыншыдан терең әдеби пайымдау қабілетімен бірге, табиғи, түпнұсқа өнімнің рецепциялық әсеріне негізделетін эстетикалық талғамды қажет ететіні сөзсіз, ал ЖИ жұмысы жинақталған фактілерге негізделетіндіктен, онда сыншыға тән мұндай «тірі» тәжірибе жоқ. Сын саласында ЖИ мәтіннің техникалық кемшіліктері мен логикалық алшақтықтарын және плагиат белгілерін табуға септесетін тамаша құрал бола алатынын артықшылығы ретінде санауға болады.
Қорыта айтқанда, әдеби шығармашылық пен сын саласында ЖИ-ді қолдану үрдісі келесідей қорытынды жасауға мүмкіндік береді: техникалық шеберлік жағынан алғанда ЖИ дарынды ақындардың стилін, сөздік қорын және ұйқас өлшемдерін жоғары пайыздық көрсеткішпен алғанның өзінде дәлме-дәл қайталай алатыны байқалды. Бұл ЖИ-дің әдебиеттегі редакторлық немесе стильге еліктеу қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар ЖИ жазған өлеңдерде табиғи сезім мен эмоция жоғалады. Адам-автордың қаламынан туған әр сөздің тасасында адамның шынайы тағдыры, мұңы, реніші, махаббат сезімдері жататыны анық. Жоғарыда келтірілген Абай мен Мұқағали стилінде ЖИ жазған шумақтарда ЖИ-дің әдеби стильге еліктеу күші жоғары, алайда демиургтік (жаратушылық) қыры әлсіз екені байқалды.
Түйіндеп айтқанда, ЖИ әдебиетке бәсекелес немесе қаламгер мен сыншының орнын алмастыратын құрал емес, керісінше ұлттық әдеби үдеріске жаңа серпін беретін, жандандыратын, көкжиегін кеңейтетін интеллектуалды платформа ретінде септесуі қажет. Әдебиеттің басты предметі қашанда адам жаны екені даусыз. Технологияны оңтайлы пайдалану қаламгер мен сыншы әдеби жұмыстарды жеңілдете алғанымен, шығармашылыққа қажетті жауапкершілік пен оның эстетикалық құндылығы әр уақытта адам-автордың жауапкершігі саналады. Технология цифрлық-эстетикалық тәсіл ретінде қаламгерлердің жазу арнасын өзгертуі мүмкін, бірақ әдеби туынды әр уақытта оқырманға – адам болмысы мен үнін әлемге жеткізу үшін жазылатынын қаперде ұстаған жөн. Қазақ әдебиетінің болашақ қаламгерлері ЖИ-мен бәсекелесе алатын әрі ЖИ-ді бірегей авторлық идеяларын жүзеге асыру үшін шебер қолдана білетін, бірақ шығармада өз қолтаңбасын ойып қалдыратын азат рухты тұлғалар болады деп үміттенеміз.
Айнұр АХМЕТОВА,
әдебиеттанушы, PhD, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер нститутының жетекші ғылыми қызметкері