ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТКЕН КӨТЕРІЛІС
01.07.2016
1824
0

Биылғы, 2016 жылғы, ең үлкен, әрі маңызды мерейтойымыз – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тойы. Осы Тәуелсіздікке, азат­тық­қа қол жеткізген 1986 жылғы Жел­тоқсан көтерілісінің 30 жылдық тойы. Қазақ халқы азат­тық үшін
ХХ ғасырдың аяғын­да ғана күресіп қойған жоқ. Өмір бойы күресіп келді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісіне шықты. Оған биыл – 100 жыл толады.

«Июнь жарлығы» бойынша 19 бен 31 жас ара­лы­ғындағы қазақ жастарын майданның қара жұмы­с­ына алу көзделген еді. Нәтижесінде, майданға бала бермеуге бекінген қазақ халқы көтеріліске шықты. Кө­терілістің ең ірісі – Амангелді Иманов бастаған «Тор­ғай көтерілісі» еді. Мұндай бас көтерулер қазақ да­ласының әр жерінде тұтанып, Жетісу, Сырдария, Ақ­мола, Семей, т.б. әкімшілік губернияларда халық тол­қыды. Мысалы, Жетісудағы көтерілістің бірі – «Қар­қара көтерілісі» болды. Бұл көтеріліске Ұзақ ба­тыр мен Жәменке би басшылық етті. Көтерілісті ба­сып-жаншыған соң Ұзақ батырды сотсыз, тергеусіз атып тастады. Ал Жәменке биді у беріп өлтірді. Же­тісудағы екінші көтеріліс, қазіргі Алматы об­лы­сының Қарасай батыр мен Жамбыл ауданының аумағында болды. Оны басқарған Бекболат Әше­ке­ұлы мен белгілі революционер Тоқаш Бокин еді. Бұл көтеріліс те басып-жаншылған соң Бекболат Әше­кеұлын Алматыда дарға асты. Тоқаш Бокинді Кеңес өкі­метінің алғашқы жылдарында өшіккен жаулары тірі­дей өртеп жіберді. Ал көтерілісшілердің қолға түс­кендерін жазалаушы отряд, көтерілісшілер қи­ратқан әр телеграф бағанасының түбіне әкеліп, екі қазақтан бауыздады. Тірі қалғандары Қытайға ауып кетуге мәжбүр болды. 1916 жылғы патшалы Ре­сейдің астамшылық, отарлау, озбырлық саясатына қарсы көтеріліс бұрынғы Семей губерниясы, қа­зіргі Шығыс Қазақстан аумағында да болды. Мы­салы, Өскемен уезі «Тойынты тарғын» болысындағы кө­терілісті Күркебай батыр мен оның баласы Базар бас­қарды. Екеуі де «құралайды көзге атқан» мерген бол­ған. Көтеріліс жеңілген соң бұлар Алтай тауына барып бекініп, ары қарай Тарбағатай тауы арқылы Қы­тай асып, соңында Құлжа аймағына өтіп кетеді. Осы Семей губерниясына қарасты Ақсуат жерінде Мүр­сәлім Бектенұлы бастаған көтеріліс бұрқ ете қал­ды. Жазалаушы отрядпен бірнеше рет бетпе-бет ке­ліп, нашар қаруланған көтерілісшілер жеңіске же­те алмайтындарын білген соң, соғыса отырып Қы­тай асып кетті. Ақсуат жерінде «Майданға бала бер­мейміз» деп қарсылық көрсеткен адамның бірі – Тоғас Нұғыман болыс болды. Нұғыман болыс жағ­дай­ды жан-жақты саралай келе қарулы қақтығысқа бар­мауға бекінеді. Себебі, бұларда 2-3 аңшы мыл­ты­ғы ғана бар. Қалғандары шоқпар, айыр, күрек сияқ­ты қару болмақ. Бұндай қарумен басынан бақайшығына дейін отты қарумен қаруланған жазалаушы отрядқа төтеп беру мүмкін емес. Босқа қырылады. Ойластыра келе, майданға бала да бермей, қарулы қақтығысқа түсіп қан төгуді қажет ет­пей, елін бастап барлық тізім-құжаттарын жиып алып Қытайдың Шәуешек қаласы маңына асып ке­теді. Сөйтіп, елін қырылудан аман алып қалады. То­ғас елінің болысы Нұғыман Жұбанышұлы Кеңес өкі­меті орнаған соң: «Біз патшаға қарсы шықтық. Ком­мунистер патшаны құлатты. Мақсатымыз бір бол­ды» деп Ақсуатқа, туған жерлеріне қайтып келеді. Бірақ коммунистер Нұғыман болысты «сен орыс­қа қарсы шықтың» деп атып тастайды. Бұны көр­ген, естіген, енді еліне қайтайық деп отырған То­ғас руластары Қытайдан қайтпай қалады. Бұлар­дың ұрпақтарының алды 1954-1962 жылдары, соңы енді «оралман» аталып келіп жатыр.

Әрине, қолдарында бірлі-екілі аңшы мылтығы, қал­ғандары сойыл мен шоқпардан басқа қаруы жоқ кішігірім көтерілістер тез басылып жаншылды. Бас­шы­лары ұсталып, атылды-асылды, тірі қалғандары жан-жаққа бытырап кетті. Тек қана Амангелді Има­нов бастаған көтеріліс алдымен «Ақпан төңкерісіне», одан кейін «Қазан төңкерісіне» ұласты. Патшалы Ре­сей капиталистік даму формациясынан социа­лизм­­ге өтті. Ресейдің қол астындағы басқа елдер де социалистік құрылымды қабылдауға мәжбүр бол­ды. Сөйтіп, КСРО мемлекеті құрылды. Өкінішке қа­рай, КСРО құрылып, билік ауысқанмен, үстемшіл пи­ғыл өзгермеді. Кеңес кезінде қазақ халқы талай әді­летсіздік көрді. Атылды, шабылды, ашаршылыққа да ұшырап, саны 4 миллионға азайды. 1986 жылы өзім­білемге салып, жергілікті халықпен санаспай, рес­публика басшысы Д.Қонаевты орнынан алып тас­тауы қазақ халқының намысына тиді. Бұл кездегі қа­зақ халқының көтерілісі ұлттық сана-сезімнің пі­сіп-жетілуімен қатар, халықтың ендігі жерде оны қор­лауға жол бермейтіндігін көрсеткен үлкен кө­те­ріліс болды. Биыл Желтоқсан көтерілісіне де 30 жыл толады.

1916 жылғы көтерілісте де талай адам құрбан бол­ды. Басшыларынан басқа, қатардағы сарбаз бол­ғандардың көбі шейіт болып кетті. Амангелді Има­нов пен Жетісудағы көтерілістер туралы біраз кі­тап­тар жазылып, кинолар түсірілді. Қалған кө­терілістер қай жерде болды, кім басқарды, оларды еске алып, насихаттап жатқан ешкім жоқ. Бұның се­бебі, әлі күнге дейін 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­терілісі жайлы Кеңестік идеология шеңберінен шы­ға алмай «жалпы орысқа қарсы реакциялық теріс кө­теріліс» деген пікірден арылмай келе жат­қа­ны­мыз­да болса керек. Сондықтан да бұл көтеріліс ту­ралы тарихи әділ баға берілмей келеді. Өйткені, оны дәл көрсететін, атап өтуге себеп болатын нақты күні жоқ деп сылтауратамыз. Әрине, қазақ дала­сын­дағы бұл көтеріліс әр жерде, әр уақытта басталды. Де­генмен, олардың бәріне ортақ бір датасы бар. Ол – қазақ халқының көтеріліске шығуына себеп бол­ған 1916 жылғы 25 маусымдағы патшаның «Июнь жар­лығы». Ендеше «25 маусым – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс күні» деп белгілеуге әбден болады. 17 желтоқсан сияқты, 25 маусымда 1916 жылғы кө­терілісте шейіт болғандарды еске алып, жиналыс­тар, конференциялар, т.б. шаралар өткізіп, осы күні құран оқылып, ас берілсе дұрыс болар еді. Бұл күнді «ҚР мемлекеттік мерекелер» күніне қоспаса да, «ҚР кә­сіптік және өзге де мерекелер» күніне қосу керек. Биыл­ғы, 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығында бұл шаралар іске асуы міндетті.

КСРО-ның құрылуы мен құруы әлемді өзгерткені бар­шаға аян. Ал КСРО-ның құрылуының да, құруы­ның да бастауында қазақтардың көтерілісі тұр. Бұны ашып айтуға әлі күнге дейін жасқанамыз, жал­­­тақтаймыз.

Назрахмет ҚАЛИ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір