Аймақ басшысы қаламгерлермен кездесті
21.11.2023
154
0

 Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жергілікті ақын-жазушылармен кездесіп, өңірде мәдениет саласында қолға алынатын жұмыстар жайлы әңгімелесті.

Басқосуда облыс әкімі өңірімізде бес жылдан бері өткізіліп келе жатқан республикалық «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумы еліміздің әдебиетіне жаңа бір леп әкелгенін, жыл сайын жергілікті қаламгерлердің еңбегі еленіп, оқырмандар тарапынан ыстық ықыласқа ие болуы олардың шығармашылығына шабыт сыйлайтынын жеткізді.
Сіздердің облысымыздағы мәдениет, оның ішінде әдебиет саласына қосып жатқан үлестеріңіз орасан. Мәдениет пен әдебиет — ұлт айнасы. Биыл бұл бағытта өңірімізде көптеген маңызды істер атқарылды. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстар да жетерлік. Атап айтсақ, келер жылы еліміздің біртуар тұлғалары Қаныш Сәтбаев, Құдайберген Жұбанов, Рабиға Сыздықова сынды ғалымдарымыздың мерейтойларын, 2025 жылы батыр апамыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын кең көлемде атап өту жоспарлануда. Қоғамның жаршысы болып келе жатқан облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығын да атап өтеміз. Мұның барлығы – ұлт мәдениетінің өсіп-өркендеуіне, қазақ әдебиетінің қарыштап дамуына бағытталған жұмыстардың бір бөлшегі ғана. Сондықтан бүгінгі басқосуға келген баршаңызға өз ризашылығымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, шығармашылық шабыт, отбасыларыңызға береке-бақыт тілеймін. Еліміздің рухын көтеретін тың шығармаларыңыз көп болсын! — деді А.Шахаров.
Өз сөзінде облыс басшысы алдағы жылдары өңірімізде драма театрға, облыстық кітапхана мен архивке жаңа ғимарат салу мәселесі қолға алынатынын, жаңа ғимараттан қаламгерлерге де арнайы кабинеттер бөлінетінін жеткізді.
Бұдан кейін жиында белгілі ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы қаламгерлер атынан сөз сөйледі.
Ақтөбелік қаламгерлер бүгінде қолдан келгенше еңбек етіп, әрқайсысы әдебиетке үлес қосып, халықтың санасына, қоғамға мүмкіндігінше жақсылық жасап, қиын кез болып жатса, алға шығып, көпті дұрыс жолға бастап келеді. Менің ойымша, біздің облыста әдебиет саласында аса қиын, күрделі мәселе жоқ. Біз, қаламгерлер, қашанда өңірдің дамуына, жетістіктеріне қуанып, жақсы жаңалығына сүйсініп отырамыз. Сондықтан бүгінгі басқосуда осы отырған әдебиетшілер қауымы атынан облыс басшылығына алғысымызды айтып, еңбектеріңізге табыс, береке-бірлік тілеймін, — деді ол.
Басқосуда Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жаңа төрағасы Бауыржан Құрманқұлов ұйымның жоспарын жеткізіп, жергілікті ақын-жазушылардың басын қосатын орын, қаржылай қолдау қажет екенін айтты. Осыдан бірер күн бұрын филиалдың бұрынғы төрағасы Ертай Ашықбаев өз өтініші бойынша қызметін тапсырған болатын. Алматыдан арнайы келген Жазушылар одағының өкілдері филиал төрағалығына Бауыржан Құрманқұловты бекітті.
Кездесуде сондай-ақ Ертай Ашықбаев, Зияш Телеуова, Гүлімай Қуанышевалар жылы лебіздерін білдіріп, облыста мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

Данагүл ҚАЗИХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір