Бітімгершілік мәдениеті – татулық негізі
24.11.2025
102
0

Астана қаласының Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Әлеуметтік және этносаралық қақтығыстарды реттеудегі медиацияның рөлі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Достық үйінде өткен конференция әлеуметтік және этносаралық қақтығыстардың алдын алу мен шешудің тиімді тетіктерін анықтауды, медиация институты негізінде диалог мәдениетін дамытуды әрі қоғамдық келісімді нығайтуды басты мақсат тұтты.

«Достық үйінде құрамына этномәдени бірлестіктердің кәсіби және қоғам­дық медиаторлары кіретін Этномедиация орталығы жұмыс істейді. Қазақс­тан халқы Ассамблеясының медиаторлары қоғамда тұрақты сенім мен өзара түсіністік ахуалын қалыптас­тыруға ықпал ете отырып, этносаралық келісімді нығайту, әлеу­меттік шие­леністердің алдын алу жолында жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізуде», – деді елордалық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы этномедиация орталығының үйлестірушісі Роза Бекішева бірқатар жүзеге асқан шаруалармен таныстырып.
Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария және басқа елдер­дің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, сараптамалық қоғамдастық пен ғылыми институттардың өкілдері қатысты.
Конференцияны Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Құсайынова Ләззат Сейіт­қазықызы ашып берді. Ол өз сөзінде қаладағы этносаралық тұрақтылықты сақтау, медиацияны дамыту және қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқ­талып, Ассамблеяның қоғамдағы диа­лог пен өзара түсіністік мәдениетін қалып­тастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Спикерлер медиация институтының дамуы, әлеуметтік шиеленістерді бейбіт жолмен шешу тәжірибесі және елдер арасындағы ынтымақтастық мә­селе­лерін талқылады. Конференция халы­қаралық деңгейде тәжірибе алмасу алаңы ретінде жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі медиацияның өзектілігін көрсетті.
ҚХА республикалық этномедиа­ция кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов өз баяндамасында медиация құқықтық, мәдени және психологиялық тәсілдерді біріктіретінін және әлеуметтік шиеленіс­ті болдырмауға көмектесетінін жеткізді. «Бүгінде біз медиацияны маңызды бағыттардың бірі ретінде дамытып жатырмыз. Медиация адамдар арасындағы өзара түсіністікті дамы­тып, келісімге келуге, жанжалдар­ды шешуге қатысты дүниелерді үйлес­тіреді. Негізгі мақсат – медиация және татуластыру рәсімдері институтын дамыту. Татуластыру тәжірибесінің өзі біздің қоғам үшін жаңалық емес еке­нін атап өткім келеді. Біздің тарихымызда аға ұрпақ әрқашан бейбіт жолмен шешудің әдістерін қолданды, көршілер, отбасылар немесе қоғамдастық арасында келіспеушіліктер туындаған кезде, бәрі құрметті адамдардың, ақсақалдардың қатысуымен шешілді. Мұндай конференцияларды өткізу біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды дәлелдейді. Мұндай дөңгелек үстелдер тәжірибе алмасуға, жаңа тәсілдерді табуға және қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді», – деді ол.


Ауқымды жиында Қазақстанның этносаралық келісім үлгісі халық­аралық деңгейде ерекше атап өтілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының моделі толеранттылық пен инклюзивті диалог қағидаттарына негізделген, бейбіт өмір сүру мен жанжалдарды болдырмаудың тиімді құралы ретінде бағаланды.
Конференция қорытындысы бойын­ша мемлекеттік және қоғамдық деңгейлерде әлеуметтік және этносаралық жанжалдардың алдын алудың және шешудің негізгі құралы ретінде медиация институтын ны­ғайту; Жоғары оқу орындарында медиа­тор­лар­­ды даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу; Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, медиация және бітімгершілік саласындағы тәжірибелер мен ғылыми зерттеулермен алмасу үшін тұғырнама құру; Қоғамдық медиа­торлардың мәртебесін нығайту және олардың жанжалдардың алдын алуға қатысуын кеңейту мақсатында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру; Онлайн-медиация және қақтығыс тәуекелдеріне ерте мониторинг жүргізу үшін цифрлық және инновациялық құралдарды ілгерілету; Диалог пен зорлық-зомбылықсыз қа­рым-қатынас мәдениетін қалыптас­тыру жөніндегі ақпараттық-ағарту жұмы­сын күшейту; Жастар мен отбасы институт­тарын қоғамдық келісімді нығай­ту және бейбітшілік құндылықтарын ілгерілету процестеріне тартуға жәр­демдесу сынды ұсыныстар қабылданды.
Конференция қатысушыларының пікірінше, Қазақстан тәжірибесі бітімгершілік пен медиацияның жаңа жаһандық тәсілдерін қалыптастыруға негіз бола алады.

Әзірлеген
М.РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір