Бітімгершілік мәдениеті – татулық негізі

Астана қаласында Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Әлеуметтік және этносаралық қақтығыстарды реттеудегі медиацияның рөлі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына орай Достық үйінде өткен конференция әлеуметтік және этносаралық қақтығыстардың алдын алу мен шешудің тиімді тетіктерін анықтауды, медиация институты негізінде диалог мәдениетін дамытуды әрі қоғамдық келісімді нығайтуды басты мақсат тұтты.
«Достық үйінде құрамына этномәдени бірлестіктердің кәсіби және қоғамдық медиаторлары кіретін Этномедиация орталығы жұмыс істейді. Қазақстан халқы ассамблеясының медиаторлары қоғамда тұрақты сенім мен өзара түсіністік ахуалын қалыптастыруға ықпал ете отырып, этносаралық келісімді нығайту, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу жолында жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізуде», – деді елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы этномедиация орталығының үйлестірушісі Роза Бекішева бірқатар жүзеге асқан шаруалармен таныстырып.
Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария және басқа елдердің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, сараптамалық қоғамдастық пен ғылыми институттардың өкілдері қатысты.
Конференцияны Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова ашып берді. Ол өз сөзінде қаладағы этносаралық тұрақтылықты сақтау, медиацияны дамыту және қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Ассамблеяның қоғамдағы диалог пен өзара түсіністік мәдениетін қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Спикерлер медиация институтының дамуы, әлеуметтік шиеленістерді бейбіт жолмен шешу тәжірибесі және елдер арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Конференция халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу алаңы ретінде жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі медиацияның өзектілігін көрсетті.
ҚХА республикалық этномедиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов өз баяндамасында медиация құқықтық, мәдени және психологиялық тәсілдерді біріктіретінін және әлеуметтік шиеленісті болдырмауға көмектесетінін жеткізді. «Бүгінде біз медиацияны маңызды бағыттардың бірі ретінде дамытып жатырмыз. Медиация – адамдар арасындағы өзара түсіністікті дамытып, келісімге келуге, жанжалдарды шешуге қатысты дүниелерді үйлестіреді. Негізгі мақсат – медиация және татуластыру рәсімдері институтын дамыту. Татуластыру тәжірибесінің өзі біздің қоғам үшін жаңалық емес екенін атап өткім келеді. Біздің тарихымызда аға ұрпақ әрқашан бейбіт жолмен шешудің әдістерін қолданды, көршілер, отбасылар немесе қоғамдастық арасында келіспеушіліктер туындаған кезде, бәрі құрметті адамдардың, ақсақалдардың қатысуымен шешілді. Мұндай конференцияларды өткізу біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды дәлелдейді. Мұндай дөңгелек үстелдер тәжірибе алмасуға, жаңа тәсілдерді табуға және қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Ауқымды жиында Қазақстанның этносаралық келісім үлгісі халықаралық деңгейде ерекше атап өтілді. Қазақстан халқы ассамблеясының моделі толеранттылық пен инклюзивті диалог қағидаттарына негізделген, бейбіт өмір сүру мен жанжалдарды болдырмаудың тиімді құралы ретінде бағаланды.
Конференция қорытындысы бойынша мемлекеттік және қоғамдық деңгейлерде әлеуметтік және этносаралық жанжалдардың алдын алудың және шешудің негізгі құралы ретінде медиация институтын нығайту; жоғары оқу орындарында медиаторларды даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу; халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, медиация және бітімгершілік саласындағы тәжірибелер және ғылыми зерттеулермен алмасу үшін тұғырнама құру; қоғамдық медиаторлардың мәртебесін нығайту және олардың жанжалдардың алдын алуға қатысуын кеңейту мақсатында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру; онлайн-медиация және қақтығыс тәуекелдеріне ерте мониторинг жүргізу үшін цифрлық және инновациялық құралдарды ілгерілету; диалог пен зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру жөніндегі ақпараттық-ағарту жұмысын күшейту; жастар мен отбасы институттарын қоғамдық келісімді нығайту және бейбітшілік құндылықтарын ілгерілету процестеріне тартуға жәрдемдесу сынды ұсынымдар қабылданды.
Конференция қатысушыларының пікірінше, Қазақстан тәжірибесі бітімгершілік пен медиацияның жаңа жаһандық тәсілдерін қалыптастыруға негіз бола алады.