ОҚЫРМАНҒА ОЙ САЛАР ОЙМАҚТАЙ ТУЫНДЫЛАР

«Шал мен шаһар» деген кітаптың аты бірден Эрнест Хэмингуэйдің әлемге әйгілі «Шал мен теңіз» романын есіңізге салары сөзсіз. Бірақ бұл – өзіміздің бүгінгі күнгі замандас әріптесіміз ақтаулық журналист-жазушы, ақын Темір Мыңжастың өткен 2025 жылы ғана Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген су жаңа кітабы. Автор теңіз жағасында тұрса да, кітап атын сәл басқашалау қойыпты, иә, таза теңізші болмаған соң, бар ғұмыры құрлықтағы үлкенді-кішілі шаһарларда өткен қаламгердің шаһар деп атағанын құп көрдік те, зейін сала оқуға кірістік.
Кітаптың беташары осы аттас ғұмырнамалық хикаятпен басталады екен. Бас-аяғы қырық беттей ғана хикаятта Үстірт өлкесі мен Түркіменстан өңірінің бір ғасырға жуық тарихы қамтылады десек, артық айтқанымыз болмас. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қуғын-сүргін, ел ішін жайлай бастаған ашаршылық көз алдыңнан кино таспасындай елес береді. Сол үркіншілікте көршілес Түркіменстан жерінен пана тапқан қазақ елі. Сол көптің бірі болған Мыңжас әулеті. Сол әулеттің сол өңірде 1952 жылы дүниеге келіп, ес біліп, етек жапқан көкірек көзі ашық зерделі ұлы Темір, яғни осы кітаптың авторы.
Бір көңіл тұшынтары жер ауған отбасының бастан кешкен қиыншылықтары мен тартқан тағдыр тауқыметтері еш бояма-қоспасыз, әсірелеусіз, нақты, сана ағымына (поток сознаниеге) салыну атымен жоқ. Қысқа да нұсқа. Айтар ой, баяндалар жайт тап-тұйнақтай. Бас кейіпкеріміз алғашқы сауатын түркімен тіліндегі мектептен бастап ашады. Одан кейін барып, қазақ мектебіне ауысады. Тіл білгеннің артықтығы жоқ екеніне кейін газет қызметкері болып жүрген кезінде көзі әбден жеткен. Красноводск аудандық «Жұмысшы» газеті қазақ тілінде шығатын болғанмен, араласатын еңбеккерлерінің басым көпшілігі жергілікті түркімен ұлтының өкілдері болатын.
Айтпақшы, оған дейін Түркімен Республикасы Красноводск теміржол дистансасында жол монтері болып тәжірибе жинақтаған ол, бұл газетке 1972 жылдан бастап келген. Дәл осы жылдан бастап алғашқы өлеңдері де мерзімді басылым беттерінде жариялана бастаған. Күнделікті күйбең тіршілігі бітпейтін газет жұмысына төселе жүріп, шығармашылықпен айналысуға да уақыт табуды естен шығармаған жігіт ағасы өлеңмен бірге шағын әңгімелер жазып, арасында аударма жасаумен де айналысады. Ара-тұра балаларға арнап қалам тартатыны да бар және ол жағынан да табыссыз емес. 2009 жылы балаларға арналған шығармалар үшін жарияланған Халықаралық «Дарабоз» конкурсына қатысып, «Сүлеймен – Саржапалақ, мен және кастол лом» атты әңгмесі жүлделі үшінші орынға ие болған. Осылайша, әдеби ортадан шалғайда жатып-ақ өзін-өзі шыңдап, қаламы мен талабын ұштай түскен Темір – бұл күнде он бесшақты кітаптың авторы, Қазқстан Жазушылар одағының мүшесі. 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» атты республикалық конкурстың жеңімпазы. Қысқасы қай салаға қалам тартса да, Жаратқан иесінің бойына дарытқан Нығметіне кіршіксіз адал талант иесі.
Кезінде түрлі мелекеттік қызметтерді де абыройлы атқарған іскер қаламгер «Ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл – әділеттің ақ жолымен өз иесін тапқан марапат. Олай дейтініміз, Темір Мыңжас атақ-абырой қуып, тілемсектенетін жаннан емес. Қанмен бірге туабіткен болмысы сол. Жарамсақтанып, жалған жақсы атану оған мүлде жат. Ең жексұрын қылық. Тіпті шығармашылық жолында да ол біреулерге өлеңін ұсынып, ән жазуын өтініп көрмеген ақын. Сазгерлер мен композиторлар оны өзі іздеп табады. Бұл сөзімізге дәлел – осы кітаптағы «Жүректен шықса, жүрекке жетеді» (97-бет) сынды т.б. туындылары. Бір қызығы мерзімді баспасөз басылымынан оқып, көңіл пернесін дөп басқан :
«Аяулым-ау, екеуміз қосылғалы
Бақытыма айналдың басымдағы, –
деп басталып,
Өлді десе сенерсің, сенбе бірақ
Саған деген махаббат солғанына», – деп аяқталатын өз өлеңін арнайы көлікпен үйіне алдырып, домбырамен әндетіп орындап берген композиторға қалай риза болмассыз. Дәл осындай оқиға композитор Жалғас Кеңесов, Айтгүл Әбдіразақова тарапынан да болған екен. Айтгүл 1988 жылы «Жалын» журналының брінші санында жарық көрген Темірдің «Шағала» атты өлеңіне әуен шығарып, оны нақышына келтіре орындаған танымал әнші Махбуза Шоманова көпшілік тыңдарманға жеткізіп, әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленеді. Бірде, бір мерекеге орай «Мұнайшы» мәдениет үйінің алдындағы алаңда концерт болып жатқанда, ауылдастары композитор Жалғаспен таныстырады. Ол:
– Ассалаумағалейкум, Тәке! – деп қолын ұсынады да: – Мен сізді сыртыңыздан жақсы білемін, бір жағынан маған жезде екенсіз. Есболат айтқан, танысқаныма өте қуаныштымын. Сіздің «Апа, сен қартаймайсың» атты өлеңіңіз әнге сұранып-ақ тұр екен, содан ән туып кетті, қарсы болмайсыз ғой? –деді.
– Өлеңім кәдеге асып жатса, неге қарсы болайын, – деп күлдім дейді автор.
– Ендеше, қазір сахнада «Заман» тобының сүйемелдеуімен Аманқос деген әнші жігіт орындайды.
Әнді тыңдап риза болған автордың көңіл құсы шығанға шарықтайды.
Автордың жазу мәнеріндегі бізді тәнті қылатын бір шеберлік – аз сөзбен көп ой түйе білу. Қысқа да нұсқа кестелі сөзбен шымыр ой айта білу. Бұл ретте ол әріден тартсақ, Антон Чеховтың, берідегі шағын жанрдың шебері атанған классик жазушымыз Сайын Мұратбековтың жазу стилінен көп үйренгенін аңғарамыз. Сөз арасында кестелі сөздер деп қалған соң, мысал келтіре кетейік. «Күздің күрең аспаны қатулана қабақ түйгендей түнеріп, тұтасқан бұйра бұлт көкжиекпен астасып кеткен». (64-бет). Деген сынды табиғат суретін бейнелейтін тұщымды сөйлемдер кітапта жетіп артылады. Осы орайда кітаптағы хикаят пен әңгіме, эсселерді деректі әрі көркем дүние деп қабылдауға да болады. Деректі болатыны мұндағы кейіпкерлер мен суреттелетін жайттың бәрі – нақты, өмірде болған оқиғалар. Көркем болатыны тілі жатық, бейнелі, «тілге жеңіл жүрекке жылы тиетін» сөйлемдерге бай. Сондықтан да еш қиындықсыз тез оқылады. Нағыз бүгінгі күннің оқырмандары үшін жазылған дүниелер дерсің. Қай жанрға жатқызсаңыз да, Қазақстанның Құрметті жазушысы Темір Мыңжастың «Шал мен шаһар» кітабы – өз оқырманын табатын танымдық, тәлімдік ғибраты мол туынды. Автор өзі еңбек еткен шаһарлар мен аудандағы қарапайым мамандық иелерінен бастап, белгілі өнер саңлақтарының өмір жолдары мен шығармашылықтары жайлы да көп мағлұмат беруге құштар. Олар жайлы тебірене толғанып, оқырманын сүйсіндіре отырып жазады. Солардың бірі – белглі ақын Есенғали Бөкенбаевтың өмірі мен шығармашлығы жайында жан-жақты жазылған естелік эссенің жас әдебиетшілер мен өлкетанушылар үшін ғибраттық мәні зор. Әсіресе осындағы «Тоғыз қайық» эссесін толғаныс, тебіреніссіз оқу мүмкін емес. Теңіз төріндегі табиғат апатымен ашық айқасқа түскен балықшылар тағдыры, оны көркем поэзияға айналдырып, марқұм жерлестеріне дастанмен өшпес ескерткіш тұрғызған шайыр талантына қалай тәнті болмассыз.
Қорыта түйіндейтін болсақ, қолыңыздағы бұл кітап – Маңғыстау өлкесінің кішігірім энциклопедиясы іспетті дүние. Оқырманына салар ойы да, берер танымдық ғибраты да баршылық кітап.
Арасанбай ЕСТЕН,
Халықаралық «Алаш»,
республикалық Кемел Тоқаев,
Сайын Мұратбеков атындағы
әдеби сыйлықтардың лауреаты,
«Құрмет» орденінің иегері