ӨМІРДІ АҢЫЗҒА АЙНАЛДЫРЫП ЖҮРМІН
02.04.2026
27
0

Өлеңге неге әуес болдым?

Жазушы бола алатыныма «Марқасқа» деген әңгімем «Жетісу» газетіне жарияланған соң сене бастадым. Ол кезде Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқитынмын.
Белгілі қаламгер Оралхан Бөкей сол тұста «Лениншіл жас» газетінде еді. «Жетісудың» редакторы одан студент-жастардың өлең-әңгімелерін іріктеп беруін өтініпті. Орекең қолына түскен шығармалардың ішінен менің әлгі әңгімемді таңдапты.
Осыдан соң жазуға шындап кірісе бастадым. Біразға дейін жазған-сызғаныма көңілім толмай жүрді. Келе-келе қара сөз оңай емес екеніне, онда да өзіне тән ырғақ болатынына көзім жетті. Проза мен поэзия егіз екен. Әңгіме-повестеріме арқау болған ой-идеяларды айқындай түсу үшін ақ өлеңмен берілетін аңыз іздеу әдетіме айналды.
Ал кәдеге жарайтын аңыз оңай табылмайды. Бұрыннан бар аңыз-ертегілердегі ой-байлам – халықтыкі әрі менің шығармама үйлесе қоймайды.
Аталған талпыныс алғаш рет «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» атты повесімде жүзеге асты.
Бетпақтың, Арқа мен Шудың арасын алып жатқан зәрлі шөлдің безбүйректігін қалай аңырата айтар едің?!
Аңыз осылай басталды.

***
Қаптаған қалың жау Бетпақдаланы кесіп өтіп, Арқаға қол салмақ еді.
Ұзақ жолда ұлы шөл, айнала сағымданып, қадам басқан сайын қуырды. Шұбырған сансыз сарбаз жапандағы жалғыз құдықты сандалып тапқанда, безерген Бетпақ көміп үлгеріп еді.
Қабағынан қар жауған қаһарлы сардар бұрқ етті. «Ұл болып туған ұлып қалмас! Аршыңдар!»
Сарбаздар лап қойғанда талтүс еді. Бесінде сағыздай иленген сазын тауысты. Қиялай біткен көк тасты кешке дейін қаусатты. Таң атты. Табан астында күрең құм шықыр-шықыр сусыды. Шып-шып етіп су шықты.
Сол сәтте… О, тоба! Сұмдықты мұндай кім көрген?! Сусыған құм сау етіп, суылдай жөнелді. Шошынған, шулап қоя берген көп сарбаз құрдымға күрп-күрп жоғалды.
Шыңырау қорқ-қорқ жұтынды. Соны күткен Бетпақ сазара түсті. Елдің азан-қазан үрейі ұшты.
– Тоқтат! – деп сардар саңқ етті,
Құрбанын алған шыңырау,
Енді қайтіп жұтынбас.
Құты қашқан көп тобыр
Суын ал да, шөлің бас.
Қалжыраған қарт уәзір күрк-күрк күңкілдеді:
– Шыңырау түбі тұңғиық,
Суын қайтіп аласың?
Тұңғиыққа бойлайтын,
Қандай қауға саласың?
Сардар саспады:
– Қырық түйе жүк артқан,
Қырық арқан бар сонда.
Қырық арқан жетеді
Құдық түпсіз болса да.
Сай-сай жүк шашылып қалды. Қырық арқан көш құлаш, шыңырауға жетпеді. Сардар жұлқынды.
– Атта шылбыр қалмасын,
Бәрін-бәрін жалғасын.
Ол да қысқа болды.
Айыл-тартпа сайлаңдар,
Қиыстырып байлаңдар!
Қауға сонда да сусыз суырылды.
– Қайда белдік белдегі?
Жіп атаулы елдегі.
Бұл да аздық етті. Сардар тұйыққа тірелді. Енді дәнекер етіп жалғайтын ештеңе қалған жоқ еді.
Кәрі уәзір күңк етті.
– Күлтеленген, төгілген
Аттан күдер үзейік.
Сусыз, сірә, бола ма?!
Бәрін-бәрін күзейік.
Жылқы біткен әп-сәтте жал-құйрықтан айырылды. Ол да суға жетпеді.
Бетпақ айбарлысы жасыққа, жасығы тірі өлікке айналған қалың жауға жұтына қарап, сызданды.
– Айтар еді тіл бітсе…
Шақпай өткен өмірден,
Жыланның не құны бар?!
Шықпай іште булыққан,
Ызаңның не құны бар?!
Күн күйдірген әуеден
Қарғыс атқан әуелден.
Безеріп жатқан Бетпақтың
Өткен-кеткен байғұсты
Қойдай қырып алмаса,
Солай бір ылаң салмаса,
Тарқамайтын жыны бар!
Сардар қанын ішіне тартты.
– Бәріміз де, бәріміз,
Жер шетіне тақалдық.
Ықтыратын Бетпақты,
Қаны қатқан қаталдық.
Шіміркенсе жүрегің,
Алам отқа қуырып,
Тұтқындардың тірсегін,
Ширатыңдар cуырып.
Қатыгез Бетпақтан да қатал жау тұтқындарға тап берді. Тажал қылыш тиген жерін сыр-сыр тілді.
«О, тоба!» – деп сескенді Бетпақ.
Бұл оның көк көк болғалы, көкке бұлт қонғалы алғаш тітіркенуі еді.
Сардар саңқылдады.
Қапта! Қапта! Аяма!
Аялдайсың несіне?!
Өлгендердің өмірі,
Тірілерге несібе!
Аптап жел сап тиылды. Жанұшырған үрейлі үн ұлы шөлді ұлытты.
Тұтқын атаулының қынадай қырылатынына көк бет көктің де, бетегесіз белдің де, шөлден өлер елдің де көзі жеткен-ді.
Сардар бөлек ұстап, бөлек айдап келе жатқан қырық қыз суырылып шықты ортаға.
Қырық қыздың көркі болған Қырмызы қыз жарқ етті.
– Хан қызы едім кеше мен,
Бүгін сенің құлыңмын.
Сауға сұрап әкелдім,
Қырық қыздың бұрымын.
Қырық бұрым қырқылған,
Қырық қыздың көркі еді.
Қырық қызды тұтқынның,
Қайғы-дерті өртеді.

Сорлылардың өмірін,
Сал да, Сардар, сауғаға,
Қырық қыздың бұрымын,
Байла ана қауғаға.

Қырық бұрым қырқылған,
Қырық өрім етем мен.
Қырық құлаш су сонда,
Көтерілер тереңнен.
Сардар тоқырады. Ай бұрын бейғам жатқан елді түре шауып, хан ордасын қасқырша талағанда, он екіде бір гүлі ашылмаған аруды айран-асыр олжалаған. Көрсе – көздің нұры, көрмесе көңілдің мұңы еді.
Ал мынасы несі екен? Қырмызы қыз қылпылдаған кездікті кесе ұстап тұр.
Сардар тұйықтан зорға тіл қатты.
– Қос бұрымның жанында,
Алтын-күміс садаға.
Хан қызы едің, хан қызы,
Қарайламас қараға.
Қырмызы қыз тапжылмады.
– Қырық бұрым қырқылса,
Сұрамаймын төлемін.
Тұтқын түгел қырылса,
Мен де бірге өлемін!
Сардарда амал қалмады.
– Қырық қызды күзеген,
Бетсіз осы демей ме?!
Қыздан көрік тонаған,
Ессіз осы демей ме?!
Қыз райынан қайтпады. Кездік күн көзіне жарқ-жұрқ шағылысты.
Бетпақ шөл, шөл болғалы тұңғыш рет толғанды.
– Кетпеу үшін қатыгездік,
Жауыздықтың құлы ғып.
Жаралған ба шапағаттан,
Күндей күліп сұлулық?!

– Көндіре алмай тұрушы ед,
Жер мен Көктің тәңірі
Сол тәңірден уытты екен,
Сұлу қыздың әмірі.
Қырмызы қыз тұйғындай түйілді.
Қызылы едім алманың,
Дәмі едім өріктің.
Қорлау үшін жаралған
Керегі не көріктің?!
Өткір кездік қос бұрымды лып етіп кесіп түсті.
– Аһ! – деді зеңгір көк.
– О, тоба! – деді Бетпақ.

***
Алғашқы аңызым өлеңмен осылай өріліп еді. Келесі аңыз «Күзде тасыған өзен» повесін жазып жатқанда туған болатын.
Аталған шығарма тың өлкесінде көпшілікке айналғандардың үстемдігіне қарсылық еді. Оны ылғи сезініп жүретінбіз. Повестің соңында тосыннан күзде тасыған өзен тыңға желігіп жеткендер сайрандап жатқанда жайпап өтеді. Аңыз осы апаттың мәнін аша түсу үшін қажет-ті.

***
Қара қытай Ғұн елінің бір бейғам тайпасын қырып салады. Аман қалған жалғыз бала да құтыла алмайды. Жыртқыштанып алғандар жан-жақтан тап-тап береді.
«Шабамын» деді біреу,
«Жайратамын» деді екіншісі,
«Ат құйрығына байла», – деп өзеуреді өзгесі.
Әскербасы:
– Есуастар деп күркілдеді,
Керек пе, жаза табамын,
Кесіңдер тілін баланың!
Ел қырылды, айта алмас,
Ыза-кегін қайтармас.
Булығар, мұңын шаға алмас,
Сезінер жан таба алмас.
Таң да керең ататын,
Түн де керең бататын,
Айта бар десе, жел керең,
Тауып барса, ел керең,
Секілденіп көрінер,
Тірідей солай көмілер.
Кеудеден дүлей үн шығып,
Қайғыға өлер тұншығып.
Тілі кесілген бала шалажансар сенделді. Таудан күркіреп аққан сарқыраманың жағасына жеткенше егілді. Асау өзен аласұрып жатыр. Күркіреген көп толқын бүлік іздеп тас-талқан.
Бала өмірден күдер үзді. Қия тасқа аңырап шығып, көбік шашқан тұңғиыққа қарғыды. Мұздай суға шым батып, тынысы демде тарылды. Бір сәт әлдебір жойқын күш иірімдене үйіріп, жағаға лақтырып тастады.
– Мені енді ажал да алмайды! – деп еңіреді бала.
Тау етегінде қалың жау бейберекет шулайды. Әлде суықтан, әлде ызадан тұла бойы қалтырады. Орнынан тепсіне тұрып, аспандағы айға жалбарынды.
– Түнде көкті билеген,
Күнге басын имеген,
Ай-Тәңірім, жалынам,
Бәрінен еңсең асқан-ды,
Есірген жаудың үстіне,
Жіберші тастап аспанды!
Ай бозарып тұра берді. Бала түнерген түнде қарауытқан тауға жүгінді.
– Қара жерді таптаған,
Жалғанда тең таппаған,
Тауым, асқар заңғарым,
Жетіміңді жұбатшы!
Қалың жаудың үстіне,
Шың-құзыңды құлатшы!
Тау түксие түсті. Тіл қатпады. Бала сарқырамаға бұрылды:
Айбаттанған, тулаған,
Қаһарланған, шулаған,
Су киесі, құдірет!
Қойдай қырған елімді,
Қан сасытқан жерімді,
Қалың жаудың үстіне,
Қаптатсаңшы селіңді!
Сарқырама жағаға шапшыды. Жолына еміне төнген жартасты ақжал толқындар сарт-сұрт сабалады.
Баланың көкірегі қарс айырылды.
– Мені ай да, тау да, сарқырама да тыңдамады, – деп қамықты.
Ал асау өзен бұрқ-сарқ қайнап, тау ішін жаңғырықтырып бара жатты. Өктем де өжет үн ай астын кезіп кетті.
– Сорлы жетім, сен мені,
Қатыгез деп санама!
Ел қырылып жатқанда,
Барлығы да садаға!
Толқынды толқын қуды. Айдаһардай жиырылып жазылғанда Үркер ауа көшіп, ай тоқымдай бұлтты тасалады. Адуын өзен етекке қарай жөңкілді. Ал қалың жау бәз-баяғы у да шу. Баланың көкірегін шоқ қарыды.
– Асау-асау толқындар,
Айбаттылар толайым,
Жауды жайпап өтсеңші,
Құрбандығың болайын! – деп егілді.
Өзен долдана күркіреп, жағаны жүндей түтті.
– Әлде менің, әлде оның,
Білмей қойдым соры ма?
Қара жартас қырсығып,
Жатып алды жолыма.
Сол кезде түксиген тау дүр сілкінді. Шың-құз күтір-күтір шытынап, терең шатқал ішін тартты.
– Тентек өзен кектенсе,
Мен де өнерді бастайын.
Қара жартас қырсықса,
Қағайын да тастайын.
Түннің тынысы тарылды. Жер теңселіп, аспан қуықтай қуырылды. Тау іші азан-қазан. Бірінің үстіне бірі төніп, аласұрған толқындар етекке лап қойды. Түйедей тастар тарс-тұрс жөңкіліп барады.
Бала құстай ұшты. Бөктер жанұшырып шулаған сайын барын салды.
Сарқырама жаһанды жаңғырықтырып, бәрін билеп-төстеп алған.
– Уа, қаныпезер! Мен тілсіз емеспін! – деп жар салды бала.
Сарқырама оны әуелете іліп әкетті.
– Жансыз деме, дұшпаннан,
Су-Ана да жериді!
Қайғысына елінің,
Қара тас та ериді!
Таудай толқындар толассыз тулап жатыр. Жау алапат тасқынның астында қалды. Балаға дүлей жаза кескен қаныпезер қырылған қалың ел түйіле төніп келе жатқандай түршікті. Зілдей тас жаншып өте шықты.

***
Қара сөзді өлеңмен көркейту және ширату «Тамұқтан келген адам» романымда жалғасты.
Кеше ғана жайқалған ел ашығып, қураған қу сүйекке айналғанда, диуана Әлмағамбет бақсы сарынға салып еді.
Ақби байдың ауылын жазалаушы отряд жайпап кеткенде Әлмағамбет қайтіп оңалмастай түршікті. Шашылып жатқан мүрделерді кезек-кезек құшақтап безек қақты.
– Көк жүзінде күн талақ,
Қанға аунатып алған соң!
Жер жүзінде тау талақ,
Ел қырылып қалған соң!
Аттан! Аттан!
Жалп етіп жер сабалады!
– Таң атады қан сұрап,
Кеш батады қансырап!
Аулақ! Аулақ!
Сау қалған бірен-саран кемпір-шал егіле алмай бейшара. Ал диуана ессізденіп бара жатты.
– Хан шарабы қан болар,
Қан ұрттаған хан болар!
Аруақ! Аруақ!
Бұл сойқан ол кезігетін тозақтың бергі жағы екен. Мал атаулыны айдап әкеткен соң, жұрт ашықты. Шамасы жоқтар ауылдан ауыл жағалап қырылды. Шамасы болғандар Ақмола, Қарағандыға шұбырып, шалғайда тарыдай шашылды.
Сары далада жалғыз күңіренген Әлмағамбет өң жоқ, түс жоқ безектеді.
– Мола тоқ, дала – аш,
Сүйегіңді ала қаш!
Тозақ! Тозақ!
Құлағына аруақ сыбырлай ма, әлде сары сайтан сайқалдана ма, өзінің де, жұтаған даланың да құтын қашырды.
– Қырда қалды қақ сүйек,
Тыпырлама, жат, сүйек.
Сай табаны сар сүйек,
Ой табаны ақ сүйек.
Боздақ! Боздақ!
Омырауын төмпештеп, маңдайын соққылады.
– Былтыр көрген бала жын,
Биыл көрген шала жын,
Ойнақ салған ала жын,
Имандыға нала жын.
Туа арам қара жын
Жуықтамай тара, жын!
Сірә, жер мен көкті жын жайлаған секілді көрінген шығар. Айнала үрейлене қарап тұра қашты. Диуаланып сарнап барады.
– Ала табан, ақ табан,
Аптап қайғы қақтаған.
Өлімді өлім таптаған,
Кіл өлексе қаптаған
Көрде тыныш жатпаған!
Енді сайын дала қосыла аңырады.
– Албастымен жарасқан
Қарғыс атқан қара аспан
Адам азды екен деп
Тәңір неге адасқан?!
Бұл қайғы-уайым сәт сайын қалыңдай беретіндей. Диуана жанары жалқынданып аһылады.

– Өзегі талып өлген тау,
Өзін-өзі көмген тау,
Көміп жатса көнген тау,
Тасың тырдай жалаңаш,
Жотаң арық, жоның аш,
Тыр жалаңаш жаныңды
Тыр жалаңаш ала қаш!

***
Романдағы бас кейіпкер, Ақби бидің ағасы Смайыл осы кезде оралып еді. Жиілеген қызылдардан жылыстап кеткен болатын. Әр жерден қарауыл қарап жүріп жеткенде, Әлмағамбет кезікті. Бәрінен, әйел-баладан, ағайын мен ел-жұрттан айырылған ол диуананы ертіп, Саңғыру тауын паналады. Бір күні қойнаудағы ойдым-ойдым орманнан аң-құс аулап жүріп, Аюшат үңгірінен асығыс көмілген сандықшаны көрді. Іші толған алтын ақша, сақина-білезік. Соңынан қалмайтын Әлмағамбет саусағына жүзік кигізіп мәз болды, Арада үш-төрт күн өткізіп қайта келсе, орнында жоқ. Бұған диуанадан басқа кім кінәлі дейсің?!
– Қайда? – деді ықтырып.
Әлмағамбет жалт қарады. Жанары жансызданған. Іле санын сабалап, ішек-сілесі қатты. Мақамдап, баптап сызылта бастады.
– Алтын беріп албастыдан,
Сатып алдым жаһанды.
Алтынымды сол албасты,
Толғай алмай қақалды.

Күміс бердім жалын күнге,
Күлім қағып жүрсін деп.
Тамұқ көктің түндігін,
Күнде келіп тұрсын деп.

Шолпыны алып Шолпан қыздың,
Жанарына жалаттым.
Сақинаны жұлдыздарға,
Жүзіп жүріп тараттым.

Алқаны алды алақайлап,
Аяр екен ана ай,
Ертеңіне кетті бірақ,
Барып едім қарамай.

Жүзігімді хор қызының
Саусағына кигіздім.
Гауһарымды алаулатып,
Таң нұрына сүйгіздім.

Болат кездік тарғыл тасқа,
Қайта-қайта қайрадым.
Қайрап алып заңғар шыңның,
Белдігіне байладым.

Алтын теңге арқаладым,
Таудың түнек түнінде
Жалт-жұлт етіп жатыр енді,
Терең шатқал түбінде.

Күміс сырға сыйға тарттым,
Сай жайлаған қайыңға,
Сұлу қайың сыр шертеді
Сұлу терек жайында.

Білезікті бедеу жылан,
Сұрап алды қиылып.
Сұсты сапы тағып алдым,
Жаратқанға сиынып.

Бәлкім, мен де кәрі жындай,
Қажыдым да алжастым.
Сары алтынмен кәрлі тауда,
Мен осылай арбастым!
Сандықтағы алтын-күміс Саңғырудың қай шатқалы мен жықпылында шашылып жатқанын енді диуана ғана біледі.
Смайыл ақырында бұл жерден кетпек болды. Қарағандыда үлкен ұлы Арыстан тұратын. Соны сағалап көрмек.
Арыстан болса, бұл кезде абақтыда еді. Шахтадан шығарылған көмірді қыста шанамен, жазда арбамен таситын мекемені басқаратын. Қалаға жан-жақтан шұбырып жеткен аш-арықтарға жегіндегі аттың біреуін сойып таратқаннан бері басқан ізін аңдитын болды. Қарамағындағы біреулер қызыл жағалыларға жеткізген ғой…
Ұсталатын түн еді. Терезеден сыртқа қарап отыра берді. Ой, Алла-ай! Қалың ел көшеде шұбырып барады. Бастарын қолтықтарына қысып алған. Оны мүшелік жарна етіп өткізіп, өмір сүру құқына ие болмақ.
Қарсы беттен сол құқыққа қолдары жеткендер сап түзеп келеді.
– Бас көтертіп қойған залым заман жойылсын!
– Бастан азат еткен ұлы бассыз жасасын! – деп ұрандайды.
Сұмдық-ай! – деп күрсінді. Бассыздар бассыз қоғам құрмақ па?!
***
Смайыл енді мұнда аялдай алмайды.
– Ертең Қарағандыға кетеміз, – деді Әлмағамбетке.
Диуана соны ести сала бұзылды. Қойнаудағы қалың ағашқа қарай тұра жүгірді. Содан бесінге дейін көрінбеген.
– Ойпыр-ай, мынасы несі?
Қойнаудан түтін көтерілді. Асыға жетсе, диуана жалын орап алған қайың-терекке қарап тұр. Мұны көре сала:
– Алаулаңдар! Лаулаңдар! – деп айқай салды.
– Мынау тағы да бұзылды-ау! – дегенше болған жоқ, бақсы сарынға сала жөнелді.
– Жұмақ жайлы әңгімені жауып қой,
Өртеніңдер, өмір деген жалын ғой!
Өрт тұрғанда енді неден қысылам,
Өрт құдайы – күнге осылай қосылам!
Жалынға қойып кетіп, түтіндеп шықты.
– Алқам-салқам ел қаңқа,
Арса-арса жер қаңқа.
Өртке бөлеп тастайын
Саудырламай кел, қаңқа!
Зәрлі тозаққа айналған қу жалған Әлмағамбет болып алжасып, Әлмағамбет болып аласұрып жүргендей.
– Суалып қалған бұлағы,
Қуарып қалған құрағы,
Шешілмей жанды қинайды,
Құдайдың қиын сұрағы!
Әлгінде отқа сүңгіп шыққанда сақал-шашы күйген. Смайыл оның бұл дүниеден біржола безгенін сезді. Жақындай беріп еді, өртке қарай қарғып түсті.
– Жалын барда жай оғындай жосылмай,
Неге тұрмын осылай?!
– деп отқа қойып кетті. Әп-сәтте ғайып болды.
***
Ашаршылық азабын сорлы елмен бірге кеше жүріп, әулие диуанаға қалай айналып кеткенімді сезбей қалып едім.
Жазушы не ақын болғың келсе, өзгенің өмірімен өмір сүре біл. Осы уақытқа дейін мен арғы-бергі заманға кімдердің көзімен қарамады дейсің?!
«Тайга» повесінде сонау Петр біріншінің тұсында ну орманға сіңіп кеткен орыс деревнясының тұрғынына айналғаным есімде. Сол бір бұйығы мекендегі бейкүнә әйелдермен бірге сырлы әнге салғанымды қалай ұмытайын?!
– О, Тайга, қасиетті орман-ана!
Тұңғиық терең ойға шомған дана!
Баяндап арманымның айтсам жайын,
Әуелде әулие екен ару қайың.
Таласқан зәулім көкпен бәйтерек те,
Аруақты абыз болған ертеректе.
Қарт емен батыр екен елден ерек,
Сұстанып, заңғарланып тұрса керек.
Ал шырша хор қызы еді жұмақтағы,
Батырға келіп жүріп тұрақтады.
Талшыбық биші еді бұраңдаған,
Көргенде жігіт-желең тұра алмаған.
Күнә атаулыдан ада деревняның әйел­дері кешкілік жиналып алып, осылай сызылтушы еді. Әсем әуен көкжиегі көрінбейтін ну орманның көкірегін шайдай ашып, көсегесін көгертетін.
– Жалған-ай, дейтін шал-суан,
Қайран-ай, дейтін қара орман.
Ән құлпыра түсетін.
– Сұлу сыр сүйіп айтқан сүмбіл терек,
Ер екен жаратылған сөзге зерек.
Жанының жазылмаған жарақаты
Ғашықтың жанары екен қарақаты.
Бұлаққа күн сәулесін сүйдіргенде
Шуағы қонған дейді бүлдіргенге.
Көкорай жайқалғанда жайнап гүл-гүл,
Жұмақтан жеткен екен сайрап бұлбұл.
Зеңгір көк көкорай боп көгереді,
Үміті гүлге қонған көбелегі.
Ақиқат мұның бәрі байқасаңыз,
Біз де ертең жапырақ боп жайқаламыз!
Түрлі ой мен сезімге толы өлең қара сөзге осылай жарасушы еді. Бірде аңыз, бірде ақиқат болған шумақтар мені бірте-бірте баурап алды. Құмарта келе, онсыз көңіл шіркін, көншімейтін болды. Ақыры өлең шіркінді драмалық поэмаға ұластырдым. «Тәңір соты» атты бұл шығарма кезегін тосып жатыр.

***
Уақыт ұшқыр. Сексенге де жеттік. Қиялдан аңыз сауып алуды доғарғандаймын. Сірә, өз өмірім аңызға айналып бара жатқан шығар…

Алдан СМАЙЫЛ,

жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір