ТОҚАШТЫҢ МҰРАЛАРЫ ҚОЛДЫ БОЛҒАН
16.09.2025
159
0

Бір кезде ақынмен көңіл қосқан көкшетаулық ару, тоқсан жастағы Үміт апамызбен 2015 жылы Тоқаш ақынның тойында танысқан едік. Содан бері ол кісімен телефон арқылы тілдесіп, хал-жағдай сұрасып тұрамыз. Осы жақында апамызға тағы телефон шалып, ағамыздың биыл 100 жылдығы екенін еске салдық. Түркістан облысы біртуар ақынның тойын атап өту үшін дайындалып жатқанын құлағдар еттік. Осыған орай «Тосын Тоқаш» аталатын естелік кітап дайындап жатқанымды айттым. «Мүмкіндік болса естелікпен бөліссеңіз» дедім. Сондағы оның қысқаша айтқаны мынау болды.

–Мен көкемаралдай керілген кербез Көкшетау өңірінің қызымын. Сондағы Шортанды қаласының маңындағы Көрнекті деген ауылда 1934 жылы дүниеге келіппін. Әке-шешем қарапайым кісілер болған. Әкем ағаштан ою оятын, етік тігетін, шешем кілем, кесте тоқитын. Менің артымнан ерген үш сіңлім ашаршылықты көтере алмай ертеректе қайтыс болып, мен жалғыз тірі қалыппын.
Шортандыдағы мектеп-интернатты үздік бағаға бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ-де оқыдым. Математика пәнінің маманымын. 1961 жылы Ұлттық ғылым академиясының төрағасы болған академик Шапық Шокиннің арнайы шақыртуымен сол академияға қарасты Математика институтына қызметке келгенімде, атақты ғалым ағамыз, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин (бұл кісі Абай атындағы ҚазПИ-дің ректоры болатын) мені өзіне шақыртып математика емес, тіл білімі саласы бойынша жұмысқа барғаның жөн деп кеңес берді. Мен келістім. Сөйтіп, мұнда он екі жыл қызмет істедім. Кейіннен ҚазПТИ-ға (қазіргі Қ.Сәтбаев атындығы ҚазҰТУ) ауысып, сондағы Бас ақпараттық-есептеу орталығында жұмыс істедім.
Ал Тоқашты 1955 жылдан білемін. Ол алғашқы жұбайым, ғалым Дәкен Шалабековтің жақын досы еді. Дәкен Қарағандының жігіті болатын. Филология ғылымдарының кандидаты. 1958 жылы докторлық диссертациясын аяқтап, енді қорғайын деп жүргенде кенеттен қайтыс болды. Одан Гүлмира атты қызым бар. Сол кезде Бүркіт Ысқақов, Қабыкен Мұқышев, Саттар Сейітқазин, Әуесхан Көшімов сынды қаламгерлермен тығыз араластық, олар біздің шаңырағымызға жиі келетін. Араларында жіптіктей болып Тоқаш ақын да жүретін. Бүркіт сталиндік саясатқа қарсы өлең жазамын деп жазаға ілікті, түрмеге де отырып келді. Осы керемет жігіттердің бәрі біздің бір бөлмелі пәтерімізге жиналып алып, күні-түні қызу әңгіме құратын. Сурет салатын. Жарыса өлең оқитын. Ән де салатын. Әрине, мұндай көңілді отырыстар ішімдіксіз өтпейді. Кей-кейде өзара жағаласып, жанжалдасып та қалатын кездеріне куә болдым. Бұлардан өзге Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Жаппар Өмірбеков, Сафуан Шаймерденов, Уалихан Қалижан, Мәдеш Ниязбеков, Аманхан Әлімов сынды замандас ақын-жазушылар да үйіміздің қонақтары еді. Шәкең-Шәмші Қалдаяқов өте көңілді кісі болды. Ол уақыт қимас досы, белгілі ақын, марқұм Төлеген Айбергеновтің жан жары Үрнисамен көңіл жарастырып жүрген кезі. Маған: «Жеңеше-ау, асүйге қайта-қайта шапқылай бермеңізші. Бізге керек бір-ақ нәрсені ғана әкелсеңіз жетіп жатыр ғой», – деп әзілдейтін жарықтық. Кейін Көкшетау жайлы ән шығарды. Сазгердің Жұмекен ақын екеуі жазған «Менің Қазақстаным» әні бүгінде еліміздің бас Әнұранына айналды. Ол әннің қалай туып, халыққа қалай тараған тарихы менің жадымда. Іштерінде Мұқағали момындау жігіт еді. Артық-ауыз дауыс көтермейтін. Бірде біздің үйде әжептеуір қызып қалып, зайыбы Лашын Әзімжановаға телефон соққаны бар. «Мен қызып қалдым, келіп әкетші», – деді. Дауысы зор еді ғой, жарықтықтың. Бірақ зайыбы келмеді. Кейін қарап отырсам, Мұқағалидың жан жарын шақырғандағы ойы – Тоқаш досының үйін көрсін дегені екен ғой. Бірде Лашын «Мұқағалиға ішкізеді» деп Тоқашты үйіне кіргізбей қойған көрінеді. Бірақ оған ренжіген Тоқаш жоқ, досын бәрібір іздеп тауып алатын. Мұқаң өте балажан еді, кіші қызымызды көтеріп алып, аулада серуендетіп әкелетін. Эльмира оған: «Пузатый дядя» деп ат қойғаны бар.
Бірде жазушы Қалтай Мұхамеджанов Тоқаштан: «Осы сенің үй-жайың, отбасың бар ма? Бар болса, көрсетпейсің бе?» – деп сұраған ғой. Сонда ол әлгі кісіні қасына ерткен бойда балабақшаға барып, ұйықтап жатқан Эльмираны оятып алып үйге әкеліпті. Бәрі отырып шай ішкен. «Жұба­йымды таныстырамын», – деп мені күткен. Телефон арқылы менімен хабарласып: «Үйге үлкен кісі келіп отыр. Жұмыстан сұранып келші», – деді. Бірақ мен жұмыстан шыға алмадым. Кешке үйге келсем, Қалағаң кетіп қалыпты. Иә, ресми некеге тұрмағанымыз болмаса, біз Тоқаң екеуміз бір пәтерде, бір шаңырақтың астында бірге жасадық. Тоқаш «Жазушылар одағынан үй аламын» деп тіркеуге де тұрмады. Алайда Одақтан үй тимеді. Тоқаңның менен 1967 жылы туған Эльмира Торқысбекқызы Бердиярова атты қызы бар. Келбеті Тоқаштың өзінен аумайды. Орта мектепті Алматыда бітірді, бұған қоса музыкалық мектепте оқыды. Алматы Мемлекеттік медицина институтын тамамдады. Студент болып жүргенде 1986 жылғы атақты Желтоқсан көтерілісіне қатысып, таяқ та жеген.
Осы орайда бір қызық әңгіме. Қай жылы екені есімде жоқ, Тоқаңның «Оқ пен гүл» поэмасы Алматыдағы Жасөспірімдер театрында сахналанды. Соның қалам­ақысына қызына «Элегия» пианиносын сатып әперген. Ақын қайтыс болатын күні, яғни 1988 жылы 29 шілдеде таңертең студенттік құрылыс отрядының құрамында Польшаға аттанғалы тұрған қызын теміржол вокзалынан өзі шығарып салған екен. Жазушылар одағында өткен әкесінің қаралы жиынына қатыса алмағанына Эльмира әлі күнге дейін қатты өкінеді. Жоғары оқу орнын тамамдағаннан кейін жас маманды Ресейдің Тверь облысына жіберді. Кейінірек Мәскеуде стоматолог болып істеді. Алматыға оралып, итальяндық фирмада жұмыс істеп жүргенде өмірлік жары Лесли Польмен танысты. Олар 1995 жылы үйленіп, қайтадан Мәскеуге көшті. Үйлі-жайлы болды. Біраз уақыттан кейін отбасымен бірге Италияға, күйеуінің еліне қоныс аударды.
Эльмира кейін кәсібін өзгертіп, мейрамхана ісі мамандығын меңгеріп шықты, сонымен бірге – сомолье, шарап ісінің білгірі. Қазақстаннан шыққан тұңғыш кәсіби сомолье. ТМД елдерінің арасынан Италия сомолье федерациясының мүшелігіне ең алғаш болып қабылданған. Оның есімі Қазақстан рекордтар кітабына енген. Қазақ тілінен басқа орыс, итальян, ағылшын, француз тілдерінде емін-еркін сөйлейді. Сурет салумен әуестенді. Әкесі де сурет салып, мүсін жасайтын өнері бар еді ғой, шамасы қан жібермеген болу керек. Ақын әкесін мақтаныш тұтады. Оның туындылары ағылшын, француз, итальян тілдеріне аударылса екен деп армандайды. Күйеубалам Лесли Поль – қаржы саласының маманы. Алматы мен Мәскеуде қызмет істеді. Жиен немереміздің аты – Жаком Ескендір, әкесінің ізін қуып бизнес саласында жүр. Музыкамен де шұғылданады.
Өкінетін жағдай, Тоқаш екеуміз ұзақ тұра алмадық. Әуелгі Тоқаш пен кейінгі кездегі Тоқаш мүлде басқа жан болып шықты. Оның мінезі тым күрделі еді. Ойламаған жерден шырт ете қалады. Жайшылықта одан момақан адам жоқ, көп сөйлемейді, тұйық, бір қарасаң құ­йымыр құйындай құтырып шыға келеді. Танымай қаласың. Мен жұмыс істейтін Ғылым академиясына масаң күйде келіп, қорғаннан секіріп өткен кезі де болған. Тағы бірде теледидарды үшінші қабаттан көшеге лақтырып жіберді. Жиі ішетін болды. Қорқайын дедім. Сосын, бір күні: «Айналайын, бала-шағасы жоқ әйел тауып алшы. Тіпті оған жағалы пальто сыйлайын», – деп жалындым. Содан кейін ол үйге келуді қойды. Бір күні төрт баласы бар әйел тауып алыпты деп естідім. Кейін мені қонаққа шақырды, аты Клара екен. Жағдайын білейінші деп тағы бір соққанымда, ол әйелін де үйден қуып шығыпты.
Жасыратын не бар, біз Тоқаш тұрған үйге иелік ете аламдық. Оның сан түрлі себептері бар. Сол арада қолжазбалары қолды болды. Тоқаштың өзі көзі тірісінде мәшинкеге бастырып, баспаға өткізуге әзірлеп қойған екі кітап көлеміндегі қолжазбаларын алған Фатима есімді келіншектен еш қайыр болмады. Ауыл жақта Тоқаңның інісі Аралбайда сақталған дүниелерін уақытша деп сұрап алған Жанат Медетова деген қыздан да мүлде хабар-ошар жоқ. Айта берсек әңгіме көп. Ендігі тілейтінім, келешекте осындай олқылықтардың бәрі артта қалып, Тоқаштың туындылары мен ақын туралы жазылған естеліктер мен зерттеулер кітап болып жарық көрсе деген тілегіміз бар. Тоқаш сияқты ақындар жүз жылда бір туады деп ойлаймын. Сондықтан осы айтылғандардың бәрі Жазушылар одағын басқарып отырғандар бар, түрлі деңгейдегі шенді-шекпенділерді ойландырса құба-құп. Тоқаштың іздеушісі болып жүрген өзіңе алғыстан басқа айтарым жоқ, қайда жүрсең де жолың ашық болсын, айналайын!

Әңгімені жазып алған
Болат Шарахымбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір